Соңғы жылдары Қазақстанда рұқсат етілмеген жиындар ұзаққа созылмайтын. Көбіне полиция қызметкерлері наразыларды плакаттарын іліп, ұрандатуына мұрша бермей, кейде олармен бірге сол маңнан өтіп бара жатқан кездейсоқ азаматтарды да қоса ұстап, автобустарға тиеп алып кететін.
Мамырдың 1-і күні Қазақстанның екі ірі қаласында өткен наразылық үш сағаттан артық уақытқа жалғасты. Алғашында полиция ұсталғандарды алып кететін автобус дайын тұрғанына қарамастан, наразылар әрекетіне араласпай, сырттай үнсіз бақылап тұрды. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы акцияға қатысушылар үкіметті ашық сынап, президент сайлауына бойкот жариялауға шақырды. Олар ел астанасының атауын ауыстыруға наразылық білдіріп, "Нұр-Сұлтан менің қалам емес, Тоқаев менің президентім емес, Дариға [Назарбаева] маған сенат спикері емес!", "Үкімет кетсін!", "Шал, кет!" деген саяси ұрандар көтерді және саяси тұтқындарды (билік елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады – ред.) босатуды талап етті.
Жергілікті билік өкілдері наразылармен келіссөз жүргізуге тырысты. Ел астанасында жоғары шенді полиция қызметкері акцияға қатысушылар тараса, ұсталғандарды босатуға уәде берді. Халықтың талабы бойынша ол наразылық кезінде ұсталып, автобусқа қамалған ондаған адамды босатты. Алматы мен Нұр-Сұлтандағы акциялар әдеттегідей жиналған азаматтарды жаппай ұстаумен аяқталды. Бірақ бұл жолы демонстранттар наразылық акциясын доғару туралы бірнеше рет ескерту жасалғаннан кейін ғана ұсталды.
Азаттық сөйлескен сарапшылар мамырдың 1-і күнгі билік әрекетін "жалтақтық" немесе "жылымық" деп қабылдамайды. Оны бірқатар саяси себептермен байланыстырған сарапшылар халық наразылығы қоғамның өзгеріс болғанын қалайтынын көрсетті деп санайды.
ХАЛЫҚҚА ТАЛАБЫН АЙТУҒА НЕЛІКТЕН МҰРСАТ БЕРДІ?
Саясаттанушы Айдос Сарымның сөзінше, биліктің "жалтақтық танытқан" боп көрінуінің себебі билік транзиті мәселесімен байланысты болуы мүмкін (өткен айда Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен кетіп, орнына сенат төрағасы болып келген Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Биліктегі партия алдағы кезектен тыс президент сайлауына ұйым атынан Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды).
- Кез келген билік ауысқан кезде екіұдай жағдайда болады. Оның үстіне билік сайлаудың әділ, ашық әрі жариялы түрде өтетінін мәлімдеді. Биліктің "жалтақтығын" осымен түсіндіруге болатын шығар. Бұл биліктің әлсіздігін емес, оның шектен шықпауға тырысуын көрсетеді, - дейді Айдос Сарым.
Сарапшы билік транзиті кезінде шешім қабылдау қиындайтынын айтып, Нұр-Сұлтанның мұндай қылығы сонымен де байланысты болуы мүмкін деп топшылайды.
- Шешім қабылдайтын орталық саны көбейді. Сірә, ешкім "бәріне кінәлі" я "ең оңбаған" болғысы келмейді. Полиция мен әкімдіктің іс-әрекеті осымен байланысты болуы мүмкін, - дейді ол.
Алматы мен Нұр-Сұлтандағы наразылықтан Азаттық тікелей эфирі:
Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис мамырдың 1-і күні полицияның бұрынғымен салыстырғанда либералистік сипатта әрекет етуін саралап, ел билігі имиджге нұқсан келмеуі үшін диссиденттерді шетелдіктер жүретін орындарда ұстамайтын советтік дәстүрді жалғастырып отыр деген қорытынды жасайды.
- Қазір Нұр-Сұлтанда хоккейден бірінші дивизионның әлем чемпионаты өтіп жатыр. Қалаға бірнеше шетелдік команда мен жанкүйерлері жиналған. Олардың қатарында Словения, Оңтүстік Корея және басқа елдерден келген қонақтар бар. Мамырдың 1-і күні Қазақстан-Литва құрамалары арасында матч өтті (Екі есепке алынбаған шайбамен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті). Осы спорттық шарамен қатар жанкүйерлер қыдырып жүруі мүмкін қала орталығында өз пікірін айтып тұрған адамдарды ұстап әкету шетелдік қонақтарға тұрпайы көрінуі мүмкін еді, - дейді Евгений Жовтис.
Жовтистің пікірінше, биліктегі кейбір адамдар "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін түрмеге жабу, Конституция бабын жазып ілгені үшін жазалау және қарсыласқандарға күш көрсету "асыра сілтеу" екенін түсінген. Наразылыққа қатысушылар арасында Қазақстан билігін сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің шақыруымен келген адамдар болғанына қарамастан, күш құрылымдары жиналғандарға қарсы белсенді іс-қимылға бармау туралы тапсырма алған болуы мүмкін.
"Либерти" қоғамдық қоры президенті, саясаттанушы Ғалым Ағелеуов те биліктің күш қолданбауына шетелдіктер факторы әсер еткен деген пікірге қосылады.
- Қазақстанға сайлау процесіне мониторинг жүргізуге шетелдік бақылаушылар келеді. Билік шетелдіктерге елде азаматтардың құқығы мен еркіндігі қорғалатынын көрсеткісі келді. Бірақ соңынан бәрібір күш қолдануға көшті, - дейді Ғалым Агелеуов.
Орталық Азиядағы демократияны дамыту қорының директоры, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева мемлекет басындағыларға халықаралық қауымдастықтың пікірі маңызды екенін, сондықтан бұл жағдайда билік олармен қарым-қатынасын ушықтырып алмауды көздегенін айтады.
- Менің ойымша, билік халықтың наразылығын өршітіп, қоғамдық белсенділікке май құйғысы келген жоқ. Саяси элита алматылық белсенділерді жекелеген наразылығы ("Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін әкімшілік жаза алған жастарды меңзеп отыр – ред. ) үшін қатаң жазалап, қоғам қарсылығына тап болды. Билік бұл жағдай саяси қарсыластарына тиімді екенін байқаған соң, саны көп адамдарға қарсы күш көрсетіп, жаппай ұстаса наразылар қатары көбеюі мүмкін екенін түсінді. Сондықтан сайлау алдында негативті көңіл-күйді күшейтпеу, елдегі тұрақтылықты бұзбау маңызды болды, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.
НАРАЗЫЛЫҚ НЕНІ БАЙҚАТТЫ?
Саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев мамырдың 1-і күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда болған оқиғалар биліктің қиын жағдайда екенін көрсетті деп есептейді. Оның пікірінше, ел билігі ары қарай да репрессивті формада әрекет ету өз абыройы мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне кері әсер ететінін, қоғамда наразылықтың жаңа толқынын туғызып, мұндай жағдай Ақорданың шетелдегі қарсыластарының пайдасына шешілетінін түсінді.
- Қоғам екіжүзділік пен жеке басқа табынушылықтан шаршады. Халық ресми БАҚ-тағы әдемі суреттерді емес, жақсы өзгерістерді көргісі келеді. Мемлекетке демократияландыру мен қоғамның атқарушы билікті шынайы бақылауына әкелетін түбегейлі саяси реформалар қажет. Халық өзін жай ғана көпшілік емес, ұлт ретінде сезіне бастады, - дейді саясаттанушы Сұлтанғалиев. - Ондаған, жүздеген белсендіні түрмеге жабуға болады, бірақ осы арқылы мыңдаған азаматтың наразылығы оянады. Уақыт өзгерді. Мемлекеттегі барлық мәселенің шешімін митингіден іздейтін хаос пен репрессия жағдайына жетпес үшін бірінші кезекте билік болып жатқан оқиғаларға лайықты баға беріп, дағдарысты шешу жолдарын қарастыруы керек.
Толғанай Үмбетәлиеваның сөзінше, азаматтар құқықтарының бұзылуына "ересек адамша" жауап беріп, рөлдерін бағалай бастаған. Саясаттанушы наразы халықпен сөйлесуге аудан деңгейіндегі шенеуніктер емес, шешім қабылдау құзыретіне ие саяси тұлғалар келуі керек еді деп есептейді.
- Қоғам үшін бұл ойын болған жоқ. Наразы халық өз әрекетінің дұрыстығына сенімді болды. Осы кезде биліктің басқа амалы қалмады. Олар негізінен зиян келтірмеу, ушықтырып алмау принциптерін ұстанды. Өйткені ертең наразылыққа бұдан да көп адам шықса, полиция оларды тоқтата алмауы мүмкін еді. Оның үстіне, бүгін халық күш құрылымдарын өз жағына шығаруға тырысты. Бүгін болмаса, ертең бұл шындыққа айналуы мүмкін, - дейді Толғанай Үмбетәлиева.
Оның айтуынша, мамырдың 1-і күнгі наразылық жылдар бойы қордаланған мәселелерді тек күшпен шешу мүмкін емесін, тиісті саяси шешімдер мен соған сай іс-әрекет керегін көрсетті.
Айдос Сарым сәрсенбідегі оқиғадан кейін Қауіпсіздік кеңесі бастаған күш құрылымдары "бақылау жоғалып барады, жағдайды қолға алу керек" деген байламға келсе, демократияландыру туралы ұмытуға болады" деп ескертеді.
Мамырдың 1-і күнгі наразылық қатысушыларды жаппай тұтқындаумен аяқталды. Күн соңына қарай ішкі істер министрлігі 80 азаматтың ұсталғанын хабарлады. Сот процестері түн мезгілінде де жалғасқанына қарамастан, бұл күні барлық адамның ісін қарау мүмкін болмады.
Бұл жолғы акциялар 2016 жылғы жер реформасына қарсы шерулерден кейінгі ең ауқымды наразылық шарасына айналды. Ол кезде мыңдаған қазақстандық бірнеше қалада ауылшаруашылық жерін сатуға және шетелдіктерге ұзақ уақытқа жалға беруге қарсылық білдірген. Халық наразылығынан кейін билік жер заңынан даулы түзетулерді алып тастауға мәжбүр болды.
ПІКІРЛЕР