22 наурыз күні Астанада Наурыз мерекесі кезінде ондаған адамды полицейлер ұстап көлікке салып алып кетті. Осы оқиғадан репортаж жүргізген Азаттық тілшілерінің жұмысына да белгісіз топ кедергі жасады. Олар журналист Өркен Жоямерген мен оператор Тимур Айтмұханбеттің алдын бөгеп, үстілерінен тартқылап отырды. Осы топ полицейлердің адамдардың ұстау әрекетін камераға түсірткізбеуге тырысты. Топ журналистерді жүргізбей, камераның бетін газетпен көлегейледі.
Олардың кейбірі студент екенін айтса, тағы бірі өздерін "Астананың белсенді жастары" ретінде таныстырған. Полицейлер адамдары ұстаған сәтте олар шулап, ән айтып, ұрандауға тырысты. Топтағы кейбір адамдар шапан, қамзол жамылғанымен, толықтай ұлттық киім кимеген. Негізінен топ құрамын еркін киімдегі жастар құраған.
Олардың арасында журналистерге "Сіздерге түсіруге болмайды!" деп көлденең тұрып алғандар болды. Азаттық микрофон ұсынғанда, жастардың кейбірі құттықтау айтып, өлең оқып, тілшілерден "негативті" көрсетпеуді сұрады. Тілшілер оларға журналист жұмысына кедергі жасағанын да ескерткен. Жиналғандардың бірі өздеріне әкімдік тапсырма бергенін де айтып қалған.
Жастардың кейбірі қолдарына домбыра ұстап алған. Азаттық тілшілері олардан аты-жөнін сұрағанда, кейбіреулері тек атын ғана айтса, тағы бірі атын атаудан бас тартып, мәселені "анонимділікпен" түсіндірген. Топтың маңында басқа да адамдар болған.
Оқиға болған тұста мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл та жүрді. Ол Азаттыққа полицияның адамдарды ұстауын "заңға сай" деп бағалайтынын айтқан. Депутаттың айтуынша, "кейбір адамдар мерекені пайдаланып, өзіне ұпай жинауға тырысып жатыр".
Ал тілшілер полицейлерге журналист жұмысына кедергі жасалғаны жайында шағынғанда, олар елеп ескермеді. Полицейлер оқиға кезінде "Настоящее время" арнасының тілшісі Светлана Глушкованы да ұстап алып кетті. Оқиға орнында болған Астана қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Малыбаев тілшіні ұстауға арыз себеп болды деді. Азаттыққа берген жауабында ол арыз берушінің "ұрды" деп шағым түсіргенін айтқан.
Азаттық тілшілері оқиға кезінде тікелей эфирге шығып, репортаж жасады. Астанадағы оқиға "Шапағат" сауда орталығының жанында болған. Мұның алдында Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстан демократиялық таңдау" қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов 22 наурызда осы жерде акция ұйымдастыруға шақырған.
Алматыда да сондай орындардың бірі Панфилов көшесінде ондаған адамды полицей ұстап, көше бойында тұрған автобусқа отырғызып алып кетті. Журналист Асылхан Мамашұлы мен оператор Ринат Фазылбаевтың жұмысына кедергі жасаушылар Алматыда да байқалды. Олар Астанадағыдай камераның бетіне газет тұтып, көріністі көлегейлемек болған. Астана мен Алматыдағы белгісіз адамдар әсіресе, полицейлердің адамдары ұстауы кезінде белсенді әрекет етуге ұмтылды.
Шымкентте де Наурыз мерекесі кезінде адамдар ұсталды. Бәйдібек би көшесіндегі Дендрасаябақтың алдында "күдік тудырдыңдар" деген полицейлер төрт адамды жеке басын анықтаймыз деп Қаратау аудандық полиция бөліміне алып кеткені белгілі болды.
Қазақстанның басқа да қалаларында Наурыз мерекесі күшейтілген тәртіп аясында өткізілді.
Мұның алдында да, 21 наурыз күні Астана әкімдігінің алдына жиналған 20-ға жуық адамды да полиция ұстағаны хабарланған. Ұсталғандар арасында қала атауын "Нұрсұлтан" деп өзгертуге қарсы шыққандар да болған.
20 наурызда парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында Қазақстан халқына ант беріп, президент қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет астанасына тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруді ұсынды. Ол өз ұсынысында "Облыс орталықтарындағы негізгі көшелерге де Назарбаев атын беру керек" деген. Сол күні парламент Астана атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдаған. Президент Тоқаевтың ұсынысын Астана қалалық мәслихаты да қолдаған.
ПІКІРЛЕР