Accessibility links

"Жерге жығып, дубинкамен сабаған". Қаңтарда Анафияевты азаптап өлтірді деп айыпталған полицейлер сотталды


Алматы қаласының тұрғыны 47 жастағы Жасұлан Анафияев Қаңтар оқиғасынан кейін полиция мекемесінде қаза тапты. Сот-медициналық сараптама оның ажалына қамауда болған кезде алған жарақаты себеп болғанын анықтады. (Жасұлан Анафияевтың отбасы архивіндегі фотосы.)
Алматы қаласының тұрғыны 47 жастағы Жасұлан Анафияев Қаңтар оқиғасынан кейін полиция мекемесінде қаза тапты. Сот-медициналық сараптама оның ажалына қамауда болған кезде алған жарақаты себеп болғанын анықтады. (Жасұлан Анафияевтың отбасы архивіндегі фотосы.)

Алматыда сот Қаңтар оқиғасы кезінде қала тұрғыны Жасұлан Анафияевты уақытша ұстау изоляторында азаптап өлтірді деп айыпталған жеті полицейге бес жылдан 10 жылға дейін түрме жазасын кесті. Бұл – Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау оқиғалары бойынша полицейлерге берілген ең ауыр жазаның бірі. Қоғам назары ауған сот процесі қалай аяқталды?

"ДЕНЕСІНДЕ ДУБИНКА ІЗДЕРІ АНЫҚ КӨРІНЕДІ"

"Изоляторда отырған Жасұлан камерадан өз аяғымен шыққан. Шыққан бойда оны полицей Аян Елубеков жерге жығып, дубинкамен соққының астына алған. Әзімбеков пен Торыбаев Анафияевты тепкілеген. Қаза болған түні изоляторға шақырылған жедел жәрдем дәрігерлері Анафияевқа бас сүйегіне зақым келген деген диагноз қоймақ болған. Алайда Елубеков ол жарақаттарды Жасұлан митинг кезінде алған деп бой бермей, құжат толтыруға қарсылық көрсеткен. Анафияевтың қолы кісендеулі болған, бұл жайт уақытша ұстау изоляторы кезекшісінің хабарламасынан белгілі болды. Сондай-ақ медициналық сараптама кезінде түсірілген фотосуреттерде марқұмның денесіндегі дубинка іздері анық көрінеді. Ал қалған қызметкерлер қылмыс жасалғанын біле тұра, ешқандай әрекет етпеген".

Бұл – істі қараған судья Есен Үстелбаевтың Алматы қаласының тұрғыны Жасұлан Анафияевтың түрмеде қалай азапталып, қаза тапқаны жайлы тергеу қорытындысына сүйеніп айтқан сөзі. Ол "азаптау" бабының 4-тармағы ("денсаулығына зиян келтіріп, абайсызда өлтіріп алу") бойынша айыпталған жеті полицейдің екеуін – Аян Елубеков пен Махамбет Шынжырбаевтың әрқайсысын 10 жылға, Закир Ибрагимовті тоғыз, Нұрлан Торыбаев, Ардақ Әзімбеков пен Бейбіт Жақыпбаевты сегіз, Арнат Мирадиловті бес жылға соттады.

Айыпталушылар сот процесі кезінде өздеріне тағылған айыпты мойындаған жоқ, ал 7 маусымда өткен сотта судья жеті полицейдің "кінәсі толық дәлелденді" деп мәлімдеді.

– Олар өз кінәсін мойындамағанына қарамастан, тергеудегі, сот өндірісі кезінде жиналған құжаттардың дәлел табуы айыптау үкіміне негіз болды. Бұл дәлелдер – куәгерлердің берген жауаптары, құжаттар, іс бойынша жүргізілген сот сараптамалары. 20-ға жуық сот сараптамасы жүргізілді. Осы сараптамалардың қорытындысына куәлердің жауаптары сәйкес келеді, – деді судья Үстелбаев.

Прокурор айыпталушыларға алты жылдан 10 жылға дейін түрме жазасын беруді сұраған еді.

Сот айыпталушыларға Анафияевтың қарындасы мен жарына 20 миллион теңге моральдық шығынды бірігіп төлеуді міндеттеді. Сотталушылар процесс шығындарын да төлеуі керек. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, екі тарап 15 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіре алады.

Анафияевты азаптап өлтірді деген жеті полицейдің соты аяқталуға жақын
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

"САРАПТАМА 13 ҚАБЫРҒАСЫ СЫНҒАНЫН КӨРСЕТКЕН"

Жасұлан Анафияев 2022 жылғы 5 қаңтарда көппен бірге Алматыда алаңдағы наразылыққа шыққан. Әйелі Гүлзия Омарбаеваның айтуынша, ол алаңда ешқандай заң бұзбаған.

Ал 9 қаңтарда кешкісін полицейлер Жасұланды Алатау ауданы полиция бөліміне әкетіп, 11 қаңтарда Алматы қаласы полиция департаментіне апарған. Сол түні Жасұлан уақытша ұстау изоляторында қаза тапқан.

Жақындары марқұмды бір аптадан соң ғана, 18 қаңтарда мәйітханадан тапқан. "Мәйітханадан алғанда денесінің сау жері болмады" деген еді туыстары. Ал әйелінің сөзінше, сараптама Анафияевтың 13 қабырғасы мен мұрны сынғанын анықтаған.

Анафияевтың өліміне қатысты сот процесі 17 қаңтарда басталған. Істі бақылаған құқық қорғаушы Ринат Рифхаттың сөзінше, 34 отырыс кезінде 80-нен аса куәгер сұралған және аудио-, фото-, видеосараптамалар жасалған. Сотта жауап бергендер арасында құпия куәгерлер де болды. Істі Астана қаласынан келген жедел тергеу тобы жүргізген.

"ӨЛІМ ҮСТІНДЕ ЖАТҚАН АДАМҒА ТЕМЕКІ КҮЛІН ТАСТАЙТЫН ЖАУЫЗ ЕМЕСПІН"

Анафияевты өлтірді деп айыпталған полицейлер соттағы соңғы сөзінде айыпты мойындамайтынын, асырауында кәмелетке толмаған және науқас балалары барын айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады.

Махамбет Шынжырбаев, Арнат Мирадилов пен Закир Ибрагимов Анафияев "қаза болған түні ұйықтап жатқанбыз" деді. Үшеуі "ештеңе көрмегенін", "ұрып-соғуға араласпағанын", "заңға қайшы келетін әрекетке бармағанын" айтты.

Нұрлан Торыбаев тергеу барысында сұралған құпия куәгердің сөзіне күмән келтірді.

– Құпия куә мені "Анафияевты жерге жықты, басқаларды қосып, күш қолданды" деп айтқан. Бұл құпия куә ол жерде болған фактіні көзбен көрмеген. Мұны құпия куәнің болжамы деп есептеймін, – деді Торыбаев соңғы сөзінде.

Аға сержант Бейбіт Жақыпбаев әріптесінің бұл айтқанын қоштады. Тергеу барысында Жақыпбаевқа "қатты зардап шеккен Анафияевтың денесіне темекі күлін тастап, қорлады" деген айып тағылған еді. Жақыпбаев ондайды тек "шытырман кинодан көргенін" айтты.

– Өз басыма түспейінше мұндай нәрсе болады дегенге сенбейтінмін. Ешқандай кінәсі жоқ адамды заңсыз жауапкершілікке тартып, соттайтын жағдай Америка киносында ғана болады деп ойлайтынмын. Мен сот басталғалы тек ақиқатты айтып келемін. Құпия куә айтқандай, мен өмір мен өлім арасында жатқан адамның үстіне жауыздықпен темекі күлін тастайтындай тасбауыр, Құдай атқан адам емеспін. Ата-әженің тәрбиесін көрген қазақтың қара домалақ баласымын, – деді Жақыпбаев.

Аға лейтенант Аян Елубеков Жасұланның өлімі туралы түнде әріптестерінен естігенін айта келе, өзінің кезекшілігі кезінде мұндай оқиға болғаны үшін Анафияевтың жақындарынан кешірім сұрады.

Полиция тірі әкетіп, өлі қайтарды (19 қаңтар 2022 жыл)

Полиция тірі әкетіп, өлі қайтарды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:01 0:00

СОТ АЙЫПТЫ "АЗАПТАУДАН" "АДАМ ӨЛТІРУГЕ" АУЫСТЫРМАДЫ

Тергеу барысында Жасұлан Анафияевтың жақындары күдіктілерге тағылған айып тым жеңіл екенін айтқан еді. Жарыссөз кезінде жәбірленуші тараптың адвокаты Айман Құрманбаева судьяға айыпты Қылмыстық кодекстің "азаптау" бабынан "адам өлтіру" бабына ауыстыруды сұраған, бірақ судья оның өтінішін орындамады.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, полицияда қамауда қаза тапқан Жасұлан Анафияев. Отбасы архивіндегі фото.
Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, полицияда қамауда қаза тапқан Жасұлан Анафияев. Отбасы архивіндегі фото.

– Бұл жерде адамды аса қатыгездікпен өлтірген. Оның сараптамалары бар. Уақытша ұстау изоляторының бейнебақылау камералары өшірілген. Куәлердің жауаптары бар, қан-қан еденді сүрткен, жуғызған, – дейді істі бақылаған құқық қорғаушы Ринат Рифхат.

Марқұмның қарындасы Ләззат Анафияева да полицейлер ағасын аса қатыгездікпен өлтіргенін айтып, іс "адам өлтіру" бабы бойынша тергелгенін қалаған.

– Куәгерлер тәртіп сақшылары Жасұланды орындыққа байлап, жабылып ұрғанын көрсетті. Әбден қиналған марқұм соңғы демі шыққанша "Аруақ! Қарабеттер!" деп айқайлаған, – дейді ол.

Жасұланның артында әйелі мен алты баласы қалды. Кенжесі екі жастан енді асқан. Келіншегі Гүлзия Омарбаеваның айтуынша, ұл-қыздары әкесін қатты сағынып жүр. Үлкендері оның оралмайтынына іштей көнгендей, тек төрт жасар Мәулуда ғана әкесін жұмыста деп ойлап жүр.

– Ол әкем жұмыста, жақында келеді, көп ақша алып келеді. Сендерді папама айтып беремін деп жылайды, – дейді Гүлзия.

Жасұланның қазасынан кейін қоғамдық ұйымдар мен халық жылу жинап, бұл отбасыға үш бөлмелі пәтер алып берген еді. Қазір бәрі сонда тұрып жатыр. Гүлзия еш жерде жұмыс істемейді, себебі балаларға қарайтын адам керек. Отбасына асыраушысынан айырылғаны үшін өтемақы тағайындалған, мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек те алады.

Жасұлан Анафияевтың жесірі Гүлзия Омарбаева.
Жасұлан Анафияевтың жесірі Гүлзия Омарбаева.

– Жасұлан саясатқа араласпаған адам еді. Үнемі "патшаға қарсы шыққанға Алланың қаһары түседі" деп жүретін. Қасым-Жомарт Тоқаев президент болған кезде қатты қуанды. Енді бәрі жақсы болады, алтын ғасырға өтесіңдер дейтін. Алаңнан "ештеңе бүлдірген жоқпыз, бейбіт талабымызды айттық" деп оралды. Жас сарбаздарға көмектесіп, жедел жәрдемге салысқанын, полицейлердің киімін ауыстыруға, таяқтан қашып кетуге жәрдемдескенін айтқан. Жасұланның полиция қолынан құрбан болғанына қатты өкінемін, – дейді Гүлзия.

2022 жылы қаңтарда болған дүрбелеңнен соң ұсталған адамдар қамау орындарында азапталғанын айтқан. Қамалғандар полицейлер ыстық үтік басқанын, резеңке таяқпен ұрып-соққанын, бастан тепкілегенін айтқан. Ресми билік Қаңтар оқиғасынан соң азаптау фактілері болғанын мойындап, қамау орындарында алты адам күш құрылымдары көрсеткен азаптан қаза тапқанын мәлімдеген.

Ал Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптау оқиғаларын зерттеп жүрген құқық қорғаушылар дүрбелеңнен кейін бұдан да көп адам азапталғанын, бірақ көп іс сотқа жетпей қалғанын айтады.

"13 қабырғасы сынған". Қаңтарда азапталғандар әлі әділдік іздеп жүр (28 қыркүйек, 2022 жыл)

"13 қабырғасы сынған". Қаңтарда азапталғандар әлі әділдік іздеп жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:25 0:00

АЗАПТАУ ОҚИҒАЛАРЫНЫҢ КҮМӘНДІ ТЕРГЕЛУІ

Азаптауға қарсы коалицияға 2022 жылғы қаңтардан бастап азаптау туралы бас-аяғы 190 хабарлама түскен. Бұл оқиғалар бойынша шағымдардың көбі сотқа жетпеген.

– Азаптағаннан өлген адамдардың ісін тергеу әбден заңға сай жүргізілмейінше, "азаптау" бабымен қозғалған істердің саны жайында нақты айту мүмкін емес. Тергеу дұрыс жүргізілмеген соң, адам қалай қаза тапқанын түсіну қиын. Осы мәселе ретке келмейінше, бұл қылмыстардың санына күмәндана қарауға мәжбүрміз. Шын мәнінде бәрі қалай болды, қанша адам және олар қалай қаза тапты дегенді анықтауға билік мүдделі болуы керек еді. Себебі қаза болған адамдардың туыстары бұл сұрақтарға жауапты білуге құқылы, – деді құқық қорғаушы, Азаптауға қарсы коалиция өкілі Анна Солодова Азаттыққа.

Биыл наурыздың ортасына қарай Бас прокуратура азап көрдім деген азаматтардың арызы бойынша 243 іс қозғалғанын хабарлаған. Ал шілдеде ішкі істер министрі Марат Ахметжанов "ҚазАқпарат" агенттігіне берген сұхбатында азаптау туралы шағымдар бойынша істерді жүргізетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 137 істі тоқтатқанын айтқан.

"Арыз берушілердің көбі (96,3 пайызы) нақты адамдарды көрсетпейді... Жалпы алғанда, полицияның күш көрсетуі туралы шағымдар өз дәлелін таппайды" деген министр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG