Ұйым өз есебінде 155 елдегі адам құқықтарының 2023 жылдағы ахуалына шолу жасаған. Баяндаманың Қазақстанға арналған бөлімінде былтыр сотқа жеткен Қаңтар оқиғасы бойынша істер, саяси себеппен қудаланған белсенділер және азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарының жай-күйі талданған.
"ҚАҢТАРДАҒЫ АЗАПТАУ БОЙЫНША КӨПТЕГЕН ІС ҚЫСҚАРТЫЛДЫ"
Баяндамада 2022 жылдың басында кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы кезінде заңсыз қару қолданғаны үшін күштік құрылым қызметкерлерінің үстінен қозғалған небәрі үш іс қана былтыр сотқа жеткені жазылған. Бұлардың қатарында Қаңтар оқиғасы кезінде көлікте кетіп бара жатқанда оққа ұшқан төрт жасар Айкөркем Мелдеханның қазасына байланысты айыпталған әскери қызметкер Арман Жұманның ісі де бар. Оған "билікті асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылды. Былтыр қарашада Алматы гарнизоны әскери соты айыпталушының "іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ" деп Жұманды ақтаған.
Биыл наурызда Астана қаласының әскери соты бірінші инстанцияда шыққан ақтау үкімінің күшін жойып, Жұманды 7 жылға бостандығынан айырды.
Amnesty International Қаңтар оқиғасынан кейін азаптауға байланысты қозғалған көптеген қылмыстық іс "дәлел жоқ" деген себеппен қысқарғанына назар аударған. Кейбір істер "билік өкілетін асыра пайдалану" тәрізді жеңіл баптарға ауыстырылды, енді бірі күдіктілердің айыбын мойындап, жәбірленушілермен келісімге келуіне байланысты тоқтатылды.
2023 жылдың аяғындағы мәлімет бойынша, ресми түрде адамдар азаптаудан қаза тапты деп танылған алты істің бесеуі сотқа жетті. Қаңтар оқиғасы кезінде азаптаудан көз жұмған Семей қаласының тұрғыны Жандос Жотабаевтың өлімі бойынша айыпталған екі полицейге төрт жылға бостандығын шектеу жазасы кесілді. Бұл іс бойынша "қызметін дұрыс атқармады" деп айыпталған уақытша қамау изоляторы фельдшерінің бостандығы бір жылға шектелді.
Баяндамада азаптауға байланысты басқа істер бойынша сот процесінде көптеген процессуалды заңбұзушылықтар болғаны айтылған.
"БЕЙБІТ ЖИЫН ӨТКІЗУ ҚҰҚЫҒЫ ШЕКТЕЛДІ"
Ұйым өз баяндамасында Қазақстанда азаматтардың бейбіт жиын өткізу құқығы шектелгеніне назар аударды. Тіпті жалғыз адам пикет өткізу үшін алдын ала рұқсат сұрау керек болды, ал "заңсыз" пикет не митингіні жоспарлағандар мен өткізгендер 15 күнге әкімшілік қамауға алынды.
Қазақстан 2020 жылдың мамырында "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" жаңа заң қабылдаған. Оған сәйкес, бейбіт жиынды не пикетті ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы билікке жиын өтетінін кемі бес жұмыс күн бұрын жазбаша хабарлауы керек. Құқық қорғаушылар бұл заңды іс жүзінде бейбіт жиын өткізуге жергілікті әкімдіктің рұқсатын алу керек деген бұрынғы талап сол күйі қалды деп сынаған.
Билік өзінен келісім алмай митингіге шыққандарды "заңсыз жиынға қатысып, құқық бұзды" деген айып тағып, 12 ай ішінде жауапқа тарта алады, Amnesty International биліктің белсенділерді заңсыз митингіге шықтың деген уәжбен ұзақ уақыттан кейін, көбіне оларды келесі наразылық акциясына қатыстырмас үшін митинг алдында әкімшілік жауапқа тартатынына назар аударған. Былтыр 25 қазан – Республика күніне жоспарланған бейбіт акцияның алдында тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясын жақтайтын 13 адамды ұстап, бұған дейін өткен "заңсыз" митингіге қатысқаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алған еді.
Бейбіт жиындарды арнайы белгіленген орында (бір қалада 3-4 орын ғана болуы мүмкін) ғана өткізуге рұқсат етіледі, басқа жерде өткізгені үшін ұйымдастырушылар мен қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылады.
Былтыр 8 наурызда феминистер Алматыда шеру өткізе алмады, себебі жергілікті билік шеру өткізетін орын ретінде белгілеген жалғыз көшеде іс-шара өткізуге басқа топ өтініш берді деген уәж айтты. Ақырында феминистер митингісі рұқсат етілген тар алаңда өтті, ал әлгі екінші топтың шеруі сол күйі өтпеді.
ПІКІР БІЛДІРУ МЕН БІРІГУ ЕРКІНДІГІ
Қазақстандық құқық қорғаушылар былтыр 23 адам саяси астары бар істер бойынша жауапқа тартылып, бостандығынан айырылғанын жазған. Жазаланғандар арасында белсенділер, құқық қорғаушылар, блогерлер мен журналистер бар.
Былтыр шілдеде "Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама" жайлы заң күшіне енді. Онда онлайн-платформа мен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқандарды әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған. Amnesty International бұл жолғы есебінде былтыр қарашада Алматы қаласының әкімшілік соты Азаттық радиосына орыс тіліндегі жаңалықта Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысты "Ресей жетекшілік ететін" деген сөз тіркесін қолданғаны үшін әкімшілік кодекстің "жалған ақпарат орналастыру, тарату" бабы бойынша шара қолданып, 103 500 теңге айыппұл салғанын жазған.
Ұйым елде бірігу еркіндігі бұрынғыдай шектелген дейді. Былтыр он адам Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік" деп танылған және қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялы таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдағаны үшін айыпты деп танылып, қамауға алынды. 2023 жылдың қарашасында белгілі марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан!" партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев "экстремистік ұйымның ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жылға сотталды.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалар жүргізетінін мәлімдеп, елде заң жүзінде саяси партия құрып, тіркеу процесі бұрынғыдан жеңілдеді. Партия құру жөніндегі бастамашыл топқа қажет адам саны 1000-нан 700-ге, партия мүшелігіне қажет адам саны 20 мыңнан 7 мыңға төмендетілген. Осыдан кейін әділет министрлігі екі жаңа саяси ұйымды – "Байтақ" жасылдар партиясы мен Respublica партиясын тіркеген.
Алайда Amnesty International есебінде елде опоозициялық партияны тіркеу әлі де мүмкін емес, ал тіркеусіз жұмыс істегендер қудалауға ұшырауы мүмкін деп жазды. Әділет министрлігі тіркеуден бас тартқан "Қазақстан демократиялық партиясының" жетекшісі Жанболат Мамай былтыр сәуірде "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны үшін айыпты" деп танылып, сот оған алты жыл шартты жаза кесті. Үкімге сай, оған осы уақыт аралығында журналистік және қоғамдық саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынған.
МЕКТЕПТЕГІ "ОРАМАЛ ДАУЫ" МЕН ӘЙЕЛДЕР ҚҰҚЫҒЫ
Amnesty International Қазақстанда діни конфессия ретінде ресми тіркелгеннен басқа дінді ұстануға тыйым салынғанын жазған. Кез келген миссионерлік қызметке мемлекет аккредитациясын алу керек, ал оған тек тіркелген діни ұйымдардың мүшелері ғана қол жеткізе алады. Жергілікті діни ұйымды тіркеу үшін оған кемі 50 адам мүше болуы керек, аймақтық діни ұйым құруға кемі 500 адам, республикалық мәртебеге ие болу үшін діни ұйым қатарында кемі 5 мың адам болуы шарт.
Amnesty International былтыр тамызда оқу-ағарту министрлігі мектеп формасында діни символиканы қолдануға тыйым салғаны пікірталасқа ұласқанын еске салды. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мектепте хиджаб киюге де тыйым салынғандықтан, қыркүйек пен қараша аралағында екі мыңға жуық оқушы қыз бала ата-анасының талабымен мектепке баруды тоқтатқан.
Ұйым әйелдер мен қыздар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтынын, былтыр қаңтар мен тамыз аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза тапқан 64 адамның көбі (бәлкім, бәрі) – әйел дейді. Ұйым тұрмыстық жағдайда жеңіл зақым келтіргені үшін жеңіл жаза қарастырылғанын, ондайда полиция көбіне құқық бұзған адамға ескерту жасаумен шектелгенін жазды.
2017 жылы "ұрып-соғу", "денсаулығына қасақана жеңіл зақым келтіру" баптары қылмыстық кодекстен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ауыстырылған, осыдан кейін құқық бұзғандарға негізінен айыппұл салатын болған.
Биыл 15 сәуір күні президент Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың барлық түріне жазаны қатаңдатуды көздейтін заңға қол қойды. Оған сәйкес, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру қылмыстық әрекетке жатқызылып, бұрынғыдан қатаң жаза қарастырылған. Осы заң азаматтық некедегі әйелі – 31 жастағы Салтанат Нүкенованы "қатыгездікпен өлтірді" деген айып тағылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың үстінен қозғалған іс сотта қаралып жатқан тұста қабылданды.
КЕРІ КЕТКЕН ӘЛЕМ
155 елдегі адам құқының жай-күйін талдаған Amnesty International ұйымы 2023 жылы адам құқықтары күллі әлемде аяқасты етілді, "күші басым билік адамзатты заң үстемдігінен айырған дәуірге апарып тіреді" дейді. "Әлем конфликтілердің шиеленісі мен халықаралық құқықтың құрдымға кету салдарын тартып отыр" деген тұжырым жасаған.
Amnesty International Иран, Қытай, Ауғанстан, Сауд Арабиясы мен Ресейді ғана емес, Израиль мен Батыс елдерін де адам құқықтарын бұзған деп сынады.
Ұйым Израиль Газа секторында халықаралық адам құқықтарын өрескел бұзып жатқанын, ал оның одақтастары қантөгісті тоқтатуға қауқарсыз болып отырғанын жазады. Құқық қорғаушылар бұл одақтастардың көпшілігі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құқық жүйесінің негізін қалаушы болғанын еске салады. Баяндамада АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Газадағы атысты тоқтату туралы өте қажет қарар жобасын қабылдауға бірнеше ай бойы кедергі келтіргені, вето қою құқығын қолданғаны, ал дәл сол уақытта Израильге қару-жарақ жеткізіп келгені айтылған.
Баяндама авторлары АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған ХАМАС қарулы тобының 7 қазанда Израиль жеріне басып кіріп, жүздеген адамды өлтіріп, адамдарды кепілге алып, зымыранмен атқылауын халықаралық гуманитарлы құқыққа қайшы, әскери қылмысқа парапар әрекет деп атаған.
Ресейдің Украинада жалғасып жатқан агрессиясы, Судан, Эфиопия, Мьянма және басқа да қарулы қақтығыс аймағында адам құқықтарын өрескел бұзу бейбітшілік ережелеріне сүйенген әлемдік тәртіпке қауіп төнгенін көрсетеді дейді ұйым.
Билік, әскерилер мен корпоративті субъектілер адам ізін аңдитын жаңа технологияларды, тыңшы бағдарламалар мен құралдарды пайдаланып отыр, бұл қақтығыстар мен басқа жерлердегі дискриминация, заңсыздық пен жазасыз қалуға жол ашты, билік тыңшы құралдар мен бағдарламаларды азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарына қол сұғу үшін қолданады дейді құқық қорғаушы ұйым.
"Әлемде көңіл көншітпейтін ахуалды ескерсек, адамзатты қорғайтын халықаралық институттарды жаңарту жұмысын жедел қолға алу керек. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері азаматтарды қорғауға жол бермеу және геосаяси альянстарды күшейту үшін вето қою құқығын еркін пайдалана алмауы үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалауды қолға алу қажет", – дейді Amnesty International.
ПІКІРЛЕР