Accessibility links

Армениядағы парламент сайлауында Пашинян блогы жеңді


Арменияның премьер-министр міндетін атқарушы Никол Пашинян сайлаушылар алдында сөйлеп тұр. Армения, 3 желтоқсан, 2018 жыл
Арменияның премьер-министр міндетін атқарушы Никол Пашинян сайлаушылар алдында сөйлеп тұр. Армения, 3 желтоқсан, 2018 жыл

Арменияда жексенбі күні өткен парламент сайлауында премьер-министр міндетін атқарушы Никол Пашинянның "Менің қадамым" блогы жеңді. Оған сайлаушылардың 70,4 пайызы дауыс берген.

Бизнесмен Гаджик Царукиянның "Көркейген Армения" партиясы - 8,27 пайыз, батысшыл "Мәдениетті Армения" партиясы - 6,4 пайыз дауыс алған. Бұрын билік партиясы болған Арменияның республикалық партиясына сайлаушылардың 4,7 пайызы дауыс берген.

Осылайша "Менің қадамым" блогы және "Көркейген Армения", "Мәдениетті Армения" партиялары парламентке өту үшін қажетті ұпай жинай алды.

"Уақыт жағынан алғанда ешқандай ереже бұзылмады. Барлық функциялар уақытында атқарылды" деді орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тигран Мукучян желтоқсанның 10-ы күні.

Арменияның премьер-министр қызметін атқарушы Никол Пашинян да жексенбі күні сайлаудың демократия талаптарына сай ашық өткенін айтып, "ел азаматтары революцияшыл көпшілік үшін дауыс берді және мұны тыныш жолмен жасады" деп мәлімдеді.

Видео: Армениядағы парламент сайлауы (9.12.2018)

Парламент сайлауында Пашинян блогы жеңді
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:34 0:00

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, жексенбілік сайлауға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 48,6 пайызы (1 миллион 260 мыңнан астам адам) қатысқан. Бұл 2017 жылғы парламенттік сайлау көрсеткішінен 12 пайызға кем.

Facebook-тағы парақшасында Никол Пашинян "2017 жылғы сайлауда (ол кезде Арменияның республикалық партиясы билікте болған ) және одан өзге сайлауларда адамдарды тізіммен сайлау учаскелеріне апарып, біз бен сіз жақсы білетін механизм бойынша күштеп дауыс беруге мәжбүрледі" деп жазды.

"Бұл жолы мұндай механизмдер қолданылмады және қолданылуы да мүмкін емес" деп жазды Пашинян.

Сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары 2,8 миллион тұрғыны бар Арменияда әркімнің сайлауға келіп, дауыс беруіне жағдай жасалғанын хабарлады.

Тәуелсіз бақылаушылар оң бағалаған парламент сайлауы сәуір айындағы жүздеген мың адам қатысқан халық толқуынан тоғыз ай өткен соң болып отыр. Тұрғындар наразылығына бұрын қатарынан екі мерзім ел президенті болған Серж Саргсянның сәуір айында премьер-министр болып сайлануы себеп болған. Бірнеше аптаға созылған наразылықтан соң ел үкіметі бейбіт түрде ауысты. Жемқорлық тақырыбына жазатын бұрынғы журналист Никол Пашинян бастаған демонстрациялар ақырында елді ұзақ уақыт басқарған Серж Саргсянның отставкаға кетуіне себеп болды.

Парламентте Арменияның республикалық партиясы көпшілік болып отырғанына қарамастан мамыр айында Пашинян премьер-министр болып сайланды.

"Сайлаудан кейін Армения демократиясының дамуына күш саламыз және экономикалық революцияны жүзеге асырамыз. Қазірдің өзінде негізгі мақсатымызға жеттік - ашық, демократиялық сайлау өткізе алдық. Алдағы уақытта Армениядағы демократия деңгейін институт ретінде қалыптастыруға күш саламыз" деді Никол Пашинян.

ВИДЕО: Cерж Саргсян отставкаға кеткеннен кейінгі Ереван. 23 сәуір, 2018 жыл.

​Қазан айында Никол Пашинян елде парламент сайлауын өткізу қажеттігін айтып, қызметінен кетті. Бірақ жаңа премьер-министр тағайындалғанша бұл қызметін уақытша атқаратынын айтты.

Парламент сайлауына барлығы 9 партия, екі блок қатысты. Олар ұлттық ассамблеяның 101 орны үшін таласты.

Арменияның республикалық партиясының жетекшісі, бұрынғы қорғаныс министрі Виген Саргсян жексенбі күні "Күн соңына қарай қоғамымыз бұдан гөрі ынтымақты болатын шығар" деп айтқан.

"Мен бүгін ақ пен қараға бөлінбейтін Армения үшін дауыс бердім. Себебі, бөліну ішкі жаулардың пайда болуына жетелейді. Ең қорқынышты нәрсе - қамал ішінде арамызда жаудың отыруы" деген.

Фамилиясы ұқсас болғанмен Виген Саргсянның елді он жыл басқарған, кейін премьер-министр болып сайланғысы келген Серж Саргсянға қатысы жоқ. Серж Саргсян бұл жолғы сайлауға мүлде қатысқан жоқ.

1-4 желтоқсан аралығында жүргізілген сауалнама нәтижесі де Пашинян блогының жеңетінін болжаған.

САЙЛАУШЫЛАР ПІКІРІ

Сайлаушылардың бірі Парзик Аветизиан AFP агенттігіне "Революция арқасында әділ сайлау өткізе алдық. Никол Пашинян уәде берген оң өзгерістер үшін дауыс бердім" деп айтқан.

52 жастағы суретші Гарник Аракелиан да "Ұзақ жылдар бойы пара алып, адамдардың обалына қалған шенеуніктердің жазаланғанын қалар едім" деп айтқан.

37 жастағы видео инженер Саак Мхитариян Associated Press агенттігіне Пашинянның жікшіл риторикасына алаңдайтынын жеткізген.

"Ол ішкі жаулардың пайда болуына жағдай жасап, өзінің пікірімен келіспейтін адамдарды жек көреді" деп айтқан.

Никол Пашинян сайлау кампаниясы барысында үкіметтегі жемқорлықпен күресетінін айтып, ел экономикасын жақсартуға уәде берген. Ол сонымен бірге Ресеймен де әдеттегідей тығыз қарым-қатынастан қол үзбейміз деген. Пашинян АҚШ және Еуропа одағымен қарым-қатынасты дамытуды қолдайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG