Accessibility links

Қолшатырлы адамдардың тілшілерге кедергісін министрлер "байқамаған"


Азаттық тілшілеріне кедергі келтіргендер. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.
Азаттық тілшілеріне кедергі келтіргендер. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2019 жыл.

"Арыз жазыңыздар". Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда Азаттық радиосының тілшілеріне кедергі келтіргендердің үстінен шағымдануға кеңес берді. Астана күні қалада полицияның адамдарды жаппай ұстап жатқан сәтін видеоға түсірмек болған Азаттық тілшілеріне маска киген, қолшатыр ұстаған адамдар бөгет болған.

Шілденің 9-ы күні Үкімет отырысынан шыққан Тұрғымбаев пен Абаевты тілшілер сұрақтың астынан алды. ІІМ Астана күнгі билікке қарсы наразылық шарасында қанша адамның ұсталғаны жайлы ақпаратты екі күн бойы бермеді. Министрлік барлық деректі саралап, демалыстан кейін (8 шілде Қазақстанда Астана күніне байланысты демалыс болды – ред.) беретінін айтқан.

Журналистер министрлерден ұсталғандармен қатар сол күні тілшілерге жасалған кедергі жайлы да сұрады. Шілденің 6-сы күні Нұр-Сұлтанда полиция адамдарды жаппай ұстап жатқан сәтті тікелей эфирде көрсетпек болған Азаттықтың түсірілім тобына қара киім мен маска киген белгісіз адамдар қолшатырмен камераны жауып, кедергі келтірген. Олар тілшілерге қоқаң-лоқы жасап, камераның штативі мен жарығын сындырған. Сол маңда жүрген полиция журналистерге жасалған кедергіні көре тұра шара қолданбады.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев та журналистердің айтқанына құлақ аспай, маскадағыларды көрмегендей болған. Кейін белгісіз біреулер Азаттық тілшісі Өркен Жоямерген мен операторы Ержан Әмірхановқа газ шашып, қашып кеткен.

Видео: "Тілшілерге кедергіні көрмейтін" полицей. Малыбаев феномені

"Тілшілерге кедергіні көрмейтін" полицей. Малыбаев феномені
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:17 0:00

Ал ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Азаттық тілшісінің сұрағын ести сала, "полицияға арыз жазуға" кеңес берді.

"Арыз жазыңыздар. Сіздер үшін арызды мен жазып берейін бе? Арыз жазсаңыз, істі аяғына дейін жеткіземіз" деді министр Абаев.

Тілшілер Абаевқа журналистер жұмысына кедергі келтіру кезекті рет қайталанып жатқанын айтқанда, министр "бұрын ондай болып па еді?" деп сұрады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтан "қара киімді адамдар" туралы сұрағанда ол "ондай оқиға қайда болды?" деді. Кейін журналистер министрге болған оқиға жайлы толық айтуға тырысты:

Журналистер: Қара киім мен маска киген бірнеше адам қолшатырмен кедергі келтірді. Сіздің қызметкерлеріңіз оларды алып кеткенімен, кейін олар қайтып келді. Бұл туралы не дейсіз?

Ерлан Тұрғымбаев: Көп адамды ұстадық, профилактикалық әңгіме жүргіздік, кейін үйлеріне қайтардық. Егер сіздерде видео (журналистерге кедергі келтіргені жайлы - ред.) болса, бізге беріңіздер, тексереміз.

Журналистер: Қолында газ баллон ұстаған адамдар да болды...

Ерлан Тұрғымбаев: Егер қандай да бір шараға қатысқыларыңыз келсе алдын ала келіп, бізге айтыңыздар, барлықтарыңызға хабар таратуға рұқсат береміз. Шілденің 6-сы күні аккредитациясы болғандарға хабар таратуға рұқсат еттік.

Журналистер: Қолшатыр ұстаған адамдар Малыбаев мырзаны (Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары-ред.) басынан ұра жаздады? Ол қолшатырлы адамдарға мән берген жоқ, көрмегендей жүре берді.

Ерлан Тұрғымбаев: Малыбаев мырза бізге арызданған жоқ... Арыз жазыңыздар.

"Тілшілер үшін мен арыз жазайын ба?". Министрлер журналистерге кедергі жайлы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Нұр-Сұлтанда журналистерге қызмет барысында қолшатырмен кедергі жасау оқиғасы бірінші рет болып отырған жоқ. Алайда газ шашып, жұмысқа бөгет жасау алғаш рет кездесіп отыр.

Бұдан алдын, биыл 9 маусымда Нұр-Сұлтанда наразылық шарасынан хабар таратуға барған Азаттық тілшісі Тимур Айтмұхаметовке де белгісіз біреу қолшатырмен кедергі келтірген. Қолшатыр ұстаған адам Азаттық операторының камерасын жапқан.

10 маусымда Шымкентте белгісіз адам Азаттық тілшісі Дилара Исаның камерасын қара қолшатырмен көлегейлеп, кедергі келтірді. Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі жасаған адам бетіне медициналық маска мен көзілдірік киген. Сол маңда жүрген полиция ол адамның әрекетін көрсе де, ешқандай шара қолданбады.

Ал мамырдың 1-і күні Нұр-Сұлтандағы шарадан хабар тарату кезінде белгісіз адамдар Азаттық тілшісі Сәния Тойкеннің қолын қайырып, смартфонын тартып алған. Сол күні таңертең белгісіз адамдар Азаттық операторы Ержан Әмірхановтың көлігінің терезесін шағып кетсе, Тимур Айтмұханбетовтің тұрақта тұрған көлігігінің алдына әлдекімдер автокөлік қойып, жолын жауып тастаған.

22 наурызда да Қазақстан астанасындағы наразылықты түсіруге барған Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Тимур Айтмұханбетовке сол маңда жүрген, өздерін "студентпіз" деп таныстырған бір топ жас жұмыс істеуге кедергі келтірді. Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру сол күні Алматыда болған наразылық кезінде де байқалды. Бұған ұқсас оқиғалар Шымкентте де байқалған.

Әлеуметтік желі қолданушылары Азаттық тілшілеріне кедергі келтіргендердің әрекетін қызу талқылап жатыр.

Бірі "қара киімдерді іздестіріп жатса", енді бірі "кедергі келтіргендерге ұқсайтындардың" суретін жариялады. Кейбіреулер оларды "титушка" деп атады. Бұл сөз Украинадағы Еуромайдан кезінде пайда болған. Украинада митинг өткізуге кедергі келтіріп, арандатушыларды "титушка" деп атайды.

Суретші Мұрат Ділманов та "қара киімділердің" кедергісі жайлы бірнеше сурет салды.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы бұған дейін осы компанияның журналистеріне жасалған кедергіні сынаған. Медиакорпорация тілшілерге жасалған кедергіні "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп бағалаған.​

Ғалия Әженова: "Журналистердің өміріне қауіп төндіретін әрекеттер басталды"

"Журналистердің өміріне қауіп төндіретін әрекеттер басталды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG