Accessibility links

Шошынған жас аналардың Арысқа қайтқысы жоқ


Әскери қоймадағы жарылыстан кейін қаладан кетуге мәжбүр болған Арыс тұрғындарының үйлеріне оралған сәті. Шымкент, 28 маусым 2019 жыл.
Әскери қоймадағы жарылыстан кейін қаладан кетуге мәжбүр болған Арыс тұрғындарының үйлеріне оралған сәті. Шымкент, 28 маусым 2019 жыл.

Бір ай бұрын Арыста әскери қойма жарылған кезде бас сауғалағандардың ішінде қалалық перзентханадан қашқан әйелдер де бар. Бас дәрігер жаңа босанған аналар мен пациенттердің қалаға қайтуға қорқатынын айтады.

Мақпал Маханбетова – маусымның 24-і күні әскери қару-жарақ қоймасы жарылғанда Арыс аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінен жаяу қашқан әйелдердің бірі. Күйеуі Ерғали Мыңбаевпен төрт күндік құндақтаулы қызын бауырына басып, «жаңбырша жауған» снарядтың астында жүрген. Көмекке келген жүк көлігімен Арыстан шығып, кеш батқанда бірінші болып Шымкенттегі перзентханаға жеткен. Қазір Шымкентте отбасымен бірге тұрады. Тырс еткен дыбыстан қорқады.

«ТОЛҒАТЫП ЖҮРГЕН БІР КЕЛІНШЕК БОЛДЫ»

- Жарылысты ұмыта алмаймын. Сол күні дәрігерлер «жер сілкінді, шығыңдар» деген соң күйеуіме хабарластым. Жолда екен. Балам екеуміз қашқан жұртпен кеттік. Бір сағаттан соң күйеуім артымыздан жетті, - дейді Мақпал.

Ерғали Мыңбаев әйелімен және нәресте қызымен қауышқанда қатты қуанған. Перзентханадан шыққан әйелдердің қатты әбіржіген түрін көрген. Қашып бара жатқанда жанына үш рет снаряд түскен.

- Шамамен 5-6 шақырым жол жүрдік. Мақпал екі рет талып, есін жинады. Күн ыстық. Аузы кеуіп кетті. Әлсіз. Көп әйелден қан кетті. Бізбен бірге толғатып жүрген бір келіншек болды. Аты Кенже екенін артынан білдік. Оның жағдайын көріп «өлетін шығар» дедік. Аман шығатынымызға күмәндандық, - дейді ол.

Арыс тұрғындары Ерғали Мыңбаев пен Мақпал Маханбетова жаңадан туылған нәрестесімен бірге. Шымкент, 22 шілде 2019 жыл.
Арыс тұрғындары Ерғали Мыңбаев пен Мақпал Маханбетова жаңадан туылған нәрестесімен бірге. Шымкент, 22 шілде 2019 жыл.

Күйеуінің сөзін жалғаған Мақпал Маханбетова бар ойы сәбиін сақтау болғанын айтып бір айлық қызын бауырына қысып қояды. Ол жарылыс күні қаладан аулақтап, қырға шығып, тамақ бермек болғанда қимылсыз ұйықтап жатқан бөпесін көріп жаман ойлап шошығанын, көзін ашқанда бауырына басып, жылағанын айтады.

- Перзентханадан шыққан әйелдерге белгісіз үш жас жігіт көп көмек берді. Көтерді, демеді. Қырға шыққан соң олар кетті. Біз жүк көлігімен кеттік. Жарылыстан кейін үш күн тоқтамай жыладық. Жүкті әйелдер мен балаларды неге жедел жәрдем көлігі алып кетпеді деген ой қалды. Мақпал әлі де әлсіз. Арысқа баруға қорқады. Бармаймыз, - дейді Ерғали Мыңбаев.

«ҚАЗІР ҮЙРЕНДІК ҚОЙ»

Жарылыс кезінде толғағы қысып, қалалық аурухананың перзентхана бөлімінің жеке босану палатасына түскен Кенже Бекасыл Арысқа оралған. Баласының да, өзінің де денсаулығы қалыпты. 15 күннен кейін қалаға қайтарда қорқыңқыраған.

Арыс қаласындағы бұзылып жатқан үйлердің бірі. Түркістан облысы Арыс қаласы. 18 шілде 2019 жыл.
Арыс қаласындағы бұзылып жатқан үйлердің бірі. Түркістан облысы Арыс қаласы. 18 шілде 2019 жыл.

- Қазір үйрендік қой. Сол күні жарылыс деген соң сыртқа шықтық. Бір де бір көлік жоқ. Жанымда акушер Нағима Зорымбаева бар. Сайға жаяу жеткен соң әскерилер көлікпен алып кетті. Бес сағат толғатып, түсте Ақтас ауылындағы бір үйде босандым. Шүкір, қазір бәрі жақсы, - деді ол.

Акушер Нағима Зорымбаева да Арысқа қайтқан. Қазір жарылыстан зақымданған үйін жөндету үшін құжаттарын реттеп жүр. Ол Кенже Бекасылды босандырып, қызын қолына берген соң өз балаларын іздеп Шымкентке кеткен.

- Кенже жеке босану бөлмесінде еді. Жарылыс болған соң бөлім меңгерушісі әйелді сыртқа шығаруды маған тапсырып, өзі басқа науқастарға кетті. Ең керекті дәрілер мен баланың кіндігін кесетін қайшыны алдық та, қашқан жұртпен кете бердік. Көретін жарығы бар екен, ана мен бала аман қалды, - дейді ол.

Қарай отырыңыз: "Жеті баламмен жаяу қаштым" (Маусым айы, 2019 жыл).

"Жеті баламмен жаяу қаштым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

«ӘПШЕ, СОҒЫС БОЛЫП ЖАТЫР МА?»

Жарылыс болған күні жүктілігіне алты айдан асқан перзентхана бөлімінің медбикесі Айгүл Құдиярова екі сағат бұрын ота жасалып, жан сақтау бөлімінде жатқан Әйгерім Әбдіәлиеваға қараған.

- Бізді құтқаратын шығар деп отыра бердік. Қарасақ, ешкім жоқ. Санитардың да аяғы ауыр. Жарық сөнген. Лифт істемей қалған. Наркоздан енді оянған әйелді көрпеше жапқышқа орап, мүгедектер арбасына салып, баспалдақпен көтеріп екінші қабаттан түсірдік. Сыртта жарылыс. «Әпше, соғыс болып жатыр ма?» деді. «Есіңді жи, әйтпесе екеуміз де өлеміз» дедім де жүре бердім, - дейді медбике.

Арыс қалалық ауруханасы. Түркістан облысы Арыс қаласы. 18 шілде 2019 жыл.
Арыс қалалық ауруханасы. Түркістан облысы Арыс қаласы. 18 шілде 2019 жыл.

Айгүл Құдиярова Әйгерім Әбдіәлиеваны әуелі үйіне алып барған. Үйінде ешкім болмаған соң жол-жөнекей кетіп бара жатқан адамдардың көмегімен көлікке отырғызып қалаға жіберген. Өзі қырға жеткенде балалар мен жүре алмайтын шал-кемпірлерді көрген. Оларды келген көліктерге салып, өзі қалаға түсткен кейін бір-ақ шыққан.

- Төрт балам бар. Олардың қайда қалғанын, өлі-тірісін [сол күні] біле алмадым. Екеуі балабақшада еді. Кешке бала-шағамның аман екенін естіген соң сағат 22.00-де Шымкентке жеттік. Бірден жұмысқа хабарласып, Әйгерімнің жағдайын сұрадым. Аман екенін білген соң қуандым, - дейді ол.

Жеті айлық баласы ішінде шетінеп кеткен соң маусымның 24-інде Арыс қалалық ауруханасындағы дәрігерлер таңғы сағат алтыда ота жасаған Әйгерім Әбдіәлиева үшін есін жиған соң бастан кешкені қорқынышты түс сияқты. Айгүл Құдиярова үйіне алып барған соң, жолда кездескен екі ер адамның бірі өзін, екіншісі мүгедектер арбасын көтеріп қырға шығарған. Жарылыстар кино көріністері сияқты көз алдынан өтіп жатқан. Қырдан күйеуі күтіп алып, Шымкенттегі перзентханаға түстен кейін жеткізген.

- Баламның денесін бес күннен кейін алып, жерледі. Шымкентте емделіп шыққан соң, Арыста қайта тексерілдім. Әлі толық жазылмаған деп, қайта ауруханаға жатқызды. Қазір емделіп жатырмын, - дейді ол.

Ал медбике Айгүл Құдиярованың Шымкентке келген соң бойынан қан кеткен. Ертеңінде денесінің көгергенін байқаған. Артынан аяғының тамыры шығып кеткен. Ем қабылдаған соң декреттік демалысқа шыққан. Арыстағы үйіне снаряд түсіп, жөнделіп жатқандықтан қазір отбасымен жалдамалы пәтерде тұрады.

«ОЛАРҒА ЖАППАЙ ПСИХОЛОГ КЕРЕК»

Арыс қалалық ауруханасына барған Азаттық тілшісі ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көрді. Аурухананың шатыры алынған, жиһаздар сыртқа шығарылған. Шашылған заттар арасында баланың темір кереуеті де жатты.

Арыс қалалық ауруханасының алдында жатқан бала кереуеті. Түркістан облысы Арыс қаласы, 18 шілде 2019 жыл. .
Арыс қалалық ауруханасының алдында жатқан бала кереуеті. Түркістан облысы Арыс қаласы, 18 шілде 2019 жыл. .

Әйнегі сынып, қисайған терезелер бір шетке жиналған. Аурухана жанындағы жалғыз аяқты жолға снаряд түскен. Снаряд алынғаннан соң орнын топырақпен жауып қойған.

Аурухананың бас дәрігері Ерғали Әлімбаев мекеменің көпсалалы аурухана санатына жататынын айтады. Мұнда ересектер мен балалар емделеді. Сонымен бірге екінші қабатта перзентхана бөлімі орналасқан. Қазір науқастар қалалық емхананың бірінші қабатына жатқызылған. Емхананың бір ғимаратын снаряд тесіп өткен. Ол да жөнделіп жатыр. Ал жүкті әйелдерді қалалық аурухана Шымкенттегі перзентханаларға жіберуге мәжбүр.

Ерғали Әлімбаевтың сөзінше, эвакуация кезінде ауруханадан 134 адам шығарылған. Жарылыс басталған соң он минуттың ішінде жан сақтау бөлімінен бөлек жердегі адамдардың негізгі бөлігі шығып кеткен. Көлігі бар адамдар көлікпен, жүре алатындар жаяу қашқан.

- Жарылыс күні ауруханаға жатқан науқастарды қолымыздан келгенше қауіпсіз жерге көшірдік. Бірінші кезекте балаларды шығардық. Бұл – дүлей техногенді апат болды. Әр жерде снаряд жарылып жатты. Олардың дыбыстарының өзі үрей туғызды. Халық мұндай төтенше жағдайға дайын болмады, - дейді бас дәрігер.

Ерғали Әлімбаев өз бетінше жүре алатын жүкті және жаңадан босанған бір топ әйелдің жаяу кеткенін растады. Оның сөзінше, жан сақтау бөлімінде жатқан науқастардың барлығын дерлік жедел жәрдем көлігі алып кеткен. Бас дәрігердің пікірінше, Арыстағы жарылыста қашып шыққан, қансыраған және жараланған адамдарды көрген, төтенше жағдай кезінде бір-біріне сүйеу болған тұрғындардың өзіне енді психологиялық көмек керек.

- [Маусымның 24-інде] эвакуацияны аяқтап, бала-шағамды алып кетуге үйге бардым. Шығып, көлікке отырғанымыз сол үйге снаряд түсіп, жарылды. 2-3 минут кешіккенімде отбасымнан айырылатын едім. Есеңгіреп қалдым. «Арыстықтар ана жерге барып (Шымкентте ереуілге шыққанын айтады – ред.) шуылдады» дейді. Тас түскен жеріне ауыр. Олар бүлікшілер емес. Оларға жаппай психолог керек болды. Қазірдің өзінде медбикелер демалыс беруді сұрайды. Олар кетсе, ауруларға кім қарайды. Бере алмай отырмыз. Шымкентте және Түркістан облысының аудандарындағы перзентханаларда босанған әйелдер Арысқа қайтуға жүрексінетіні де содан, - дейді бас дәрігер.

Арыс қаласы әкімдігінің дерегінше, қалалық емхананы жөндеу тамыз айының ортасына дейін аяқталады.

2019 жылғы маусымның 24-інде Арыс маңындағы әскери қару-жарақ қоймасында өрт шығып, оқ-дәрі жарылып, ресми дерек бойынша үш адам қаза тапқан. Оның екеуі – әскери қызметкер, біреуі – бейбіт тұрғын. Бұған қоса оқиға кезінде 77 адам жараланған. Олардың бесеуі – әскери.

Билік Арыста бірнеше күндік төтенше жағдай жариялаған. Маусымның 27-сінде Шымкентте шеруге шыққан жүздеген арыстық соңғы он жыл ішінде төртінші рет жарылыс болған Арыс қаласына қайтып бармайтындарын айтып, биліктен өздерін басқа жаққа көшіруді талап еткен. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктері арыстықтарды үйлеріне қайтуға шақырып, оларға үлкен қаладан баспана берілмейтінін мәлімдеген.

Бұл оқиғадан кейін тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушылары қорғаныс министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің атына көп сын айтқан. Бірнеше аптадан соң ғана Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG