Accessibility links

"Екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра!" Назарбаев сөзінің қисыны қандай?


"Екі сиыр сатып ал да өзіңді асыра!" Назарбаев сөзінің қисыны қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:41:44 0:00

Қазақстанның бұрынғы президенті, "Нұр-Отан" партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның кеңейтілген отырысындағы сөзін AzattyqLIVE тікелей эфирінде Қазақстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, саясаткер Балташ Тұрсымбаевпен талқылады.

Биліктегі "Нұр-Отан" партиясының жетекшісі, Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 21-і күні Нұр-Сұлтанда өткен партияның саяси кеңесінің жиынында биліктен көмек сұраған отбасыларды, "Нұр Отан" туын жыққандарды сөкті.

"Мемлекет саяси тұрақтылық пен қоғамдағы келісім арқылы дамиды. Дағдарыс кезеңінде жүйені шайқалтпай, қайта нығайту керек. Ол үшін бізге қоғамды дамытатын, жұрттың айтқанына құлақ түретін мықты көшбасшылар мен мықты партия керек... Біреулер келіп, біреулер кетіп жатса не болатынын айналамыздан, постсоветтік кеңістіктен көріп отырмыз" деді ол.

Назарбаев нақты қай елдерді меңзегені белгісіз. Ол "Қазақстан сияқты жас елге америкалық қалпақты киюге келмейді" деп тағы Батыс пен Қазақстан демократиясын салыстырды.

"Кейбіреулер айғайлап айтып жүрген Еуропадағы демократияға келу үшін уақыт керек. Алдымен – экономика" деді ол.

Назарбаев "Нұр Отан" жиынында биліктен көмек сұрап жүрген көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды мінеді.

"...Қазір сол отыз жыл бұрынғы ұранды көтеріп, "маған бер, менің балам көп, айлығым аз" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой" деді ол. "Микрокредит ал да, екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра" деген кеңес те берді экс-президент.

Назарбаев биыл сайлау алдында, керісінше бірнеше рет көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету жайлы айтқан. Ол президент болып тұрғанда, яғни ақпанда үкіметті "тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетпеді" деп таратып жіберген. Кейін наурызда өзі жаңадан тағайындаған үкімет мүшелерін қабылдағанда Назарбаев "мемлекет көмекке мұқтаж отбасыларға әрқашан көмек көрсетеді. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар қашанда мемлекеттің қолдауын сезінуі тиіс" деп мәлімдеген.

Тамыздың 21-і күнгі "Нұр Отан" жиынында Назарбаев "мемлекеттен көмек сұрайтын" оралмандарды да сынап, үкіметке шетелден келетін қазақтарға түсіндіру жұмысын жүргізу керегін айтты.

"1 миллион [шетел қазағын] шақырдық. Бұлай бірде-бір ел жасамады. Оларға балаларың үйленсін, өссін десек, [оралмандар] маған бер деп ақша сұрайды. Жұмыс істеңдер! Жұмыс істемесе ештеңе болмайды" деді ол.

Назарбаев елдегі университеттерде студенттер сессияны жабу үшін, жатақханадан орын алу үшін пара беретінін де жеткізді. Нұр-Сұлтандағы өзінің атындағы Назарбаев университетінде парақорлық жоғын айтып, мысал келтірді. Ол қауіпсіздік кеңес төрағасы ретінде құзырлы органдарға Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарын тексеруді тапсырды.

Ел билігі парақорлықпен күресу мақсатында көптеген бағдарлама ұсынса да, Қазақстан әлемдік жемқорлық индексінде "парақорлық жайлаған елдердің" қатарында тұр. Елдің жемқорлыққа қарсы агенттігі аптасына билік тармақтарында жұмыс істейтін шенеуніктердің жемқорлықпен ұсталғанын хабарлайды. Үкіметте жұмыс істеген ондаған шенеунік пара алды деп айыпталып, жазаланған.

Назарбаев партия саяси кеңесінің жиынында Шымкентте "Нұр Отан" туын құлатқандарды да сынға алды.

"Бізде 800 мың партия мүшесі бар. Кім белсенділік танытты? Шымкентте партияның туын жұлып алғанда, бәрі үнсіз қалды. Партия қайда қарап отырды? Кейін туды қайта тікті. Үндемей қорқып отырамыз, бірдеңе деуге жасқанамыз" деді ол.

Назарбаевтың мәлімдемелері қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікір туғызып жатыр. "Нұр-Отан" партиясы басшысының бұл сөздері қаншалықты қисынды? Қандай негізге сүйенген. Көктемде көп балалыларға көмек мәселесін өзі көтеріп, қазір енді "өзіңді асыра" деген уәж неліктен айтылып отыр?

AzattyqLIVE тікелей эфирінде бұл мәселелерді Қазақстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, саясаткер Балташ Тұрсымбаевпен талқылады.

  • 16x9 Image

    Қасым АМАНЖОЛ

    Қасым Аманжол – Азаттық радиосының тв-продюсері. 1977 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевидение факультетін аяқтаған. 20 жылдан астам Қазақстанның телевизия саласында істеп келеді. Авторлық бағдарламалардың, деректі фильмдердің авторы. «Шынның жүзі» сұхбаттар циклын, «Анық Абай» деректі сериалын, саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы жайлы фильмдерді, 2014 жылы Шығыс Украинадағы соғыс пен Қырым туралы фильмдер түсірген. 2015 жылдан бері Азаттықта тікелей эфирлер жүргізіп, тележобалар жасайды. Телетоптың жұмысына продюсерлік істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG