Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақпанның 21-і күні кешке жасаған мәлімдемесінде "ел үкіметі отставкаға кетуі тиіс" деді. Арада бірер сағат өткенде Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқаратын үкіметті таратып, Асқар Маминді уақытша премьер-министр етіп тағайындады. Президенттің мәлімдемесі мен үкіметті тарату туралы жарлығы Ақорда сайтында жарияланды.
Назарбаев мәлімдемесінде үкімет жұмысын сынаған.
"Көптеген заңдар мен үкіметтің шешімдері қабылданса да, экономикада оң өзгеріс болмады, мақсаттар орындалмады. Ішкі жалпы өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен ұлттық банк экономиканың өсуіне жағдай жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалғанымен негізгі бағыттар бойынша нақты нәтижеге қол жетпеді. Жұмыс орындары аз құрылып жатыр. Әсіресе, ауылдарда жұмыс орындары аз. Шағын және орта бизнес өскен жоқ. Шағын және орта бизнесті дамыту әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болған еді" деді президент.
Назарбаев "әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын" айтқан.
Қазақстан президенті халықтың табысы өспегенін, азық-түлікке кететін шығынның көбейгенін айта келе "Бұл үкіметтің, министрлер мен әкімдердің халықпен жұмыс істей алмайтынын, халықтың мәселесін тыңдай алмайтынын көрсетеді. Менің ойымша, үкімет отставкаға кетуі керек. Жаңа үкімет халықтың жағдайын көтеріп, экономиканы дамытуы үшін нақты қадамдар жасауы тиіс" деді.
Президенттің үкіметті оставкаға жіберу туралы жарлығынан кейін премьер-министр болған Бақытжан Сағынтаев видео мәлімдеме жасап, Назарбаевқа алғыс айтты.
"Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалап, бүгінгі биіктерге жеткізген Елбасы халқының өсіп-өркендеуін әрқашан ең басты қағида ретінде ұстанып, әрбір шешімін мемлекет пен халықтың мүддесі тұрғысынан қабылдап келеді" деді Сағынтаев.
30 қаңтарда Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті сынап, "қорқаққа" теңеген. Жиында үкіметтің жұмыс қорытындысы туралы баяндаманы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев емес, оның орынбасары Ерболат Досаев жасады. Былтыр мұндай баяндаманы Сағынтаевтың өзі жасаған. Сонда президент премьерді "өзіндік сыны жоқ" деп айыптаған. Бірақ жиын соңында үкімет жұмысын жалғастыра беретінін айтқан.
Қарай отырыңыз: Президент үкіметті "қорқақ" деп атады (30 қаңтар 2019 жыл).
Қазақстан үкіметін 2016 жылдың қыркүйегінен бері Бақытжан Сағынтаев басқарып келген. Қазақстан Конституциясына сай, үкіметті президент жасақтайды.
Алматы студиясында AzattyqLIVE тікелей эфиріне саясаттанушы Әміржан Қосанов қатысты.
ПІКІРЛЕР