Accessibility links

"Ақша жасауға ыңғайлы жоба". "Назарбаев стартының" болашағы бар ма?


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақт) және Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеу көрмесінде кездесуі. Кездесуде Путин "Бәйтерек" бірлескен ғарыш кешенін Назарбаев атымен атауды ұсынды. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақт) және Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеу көрмесінде кездесуі. Кездесуде Путин "Бәйтерек" бірлескен ғарыш кешенін Назарбаев атымен атауды ұсынды. Мәскеу, 7 қыркүйек 2019 жыл.

Қазақстан мен Ресейдің Байқоңыр ғарыш кешеніндегі бірлескен жобасы жайлы айтылғанын он бес жыл болса да, әзірге жүзеге асатын түрі көрінбейді. Өткен айда Қазақстанның бұрынғы президентінің құрметіне "Назарбаев старты" деп аталған бұл жобаның болашағына сарапшылар күмәнмен қарайды.

Ресей жалға алып отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан Қазақстан мен Ресейдің бірлескен зымыран кешенін салу жөнінде жоспары әлі күнге жүзеге аспай келеді. Біресе зымыран тасығыш өзгереді, біресе бюджеті қайта қаралады, әйтеуір түрлі уәжбен кейінге шегеріле береді.

Биыл қыркүйекке дейін "Бәйтерек" деп аталып келген жоба атауы таяуда Ресей президентінің бастамасымен "Назарбаев старты" деп өзгерді. Оған Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де келісім берді. Міне, қағазда бар, өмірде жоқ осы жобаның хикаясы басталғанына 15 жыл болды.

– Ғарыш саласы бойынша Ресейдің Қазақстанмен әріптестік орната қоямыз дегені қаншалықты шынайы? Маған бұл - Қазақстанды Ресейден алшақтатпаудың бір амалы сияқты көрінеді. Анда-санда еліктіріп, ғарыш саласындағы үлкен жобадан үміттендіріп қоятынға ұқсайды, – дейді Азаттық тілшісімен сөйлескен Ресейдің ғарыш бойынша сарапшысы Вадим Лукашевич.

Бастапқыда бұл кешен Ресейдің "Ангара" деп аталатын зымыран тасығышына есептелген еді. Оттегі-керосин қозғалтқышымен ұшатын "Ангара" (Совет одағы ыдырағаннан кейін Ресей өзі жасап шығарған алғашқы ауыр зымыран) улы гептил отынымен ұшатын "Протон" зымыран тасығышының орнын басуы тиіс болатын.

Әуелгі келісім бойынша, Қазақстан старт алаңын жаңарту үшін жобаға 245 миллион доллар, ал Ресей зымыран жасау үшін 500 миллион доллар салуы керек болатын. 2014 жылы Ресейдің Плесецк ғарыш айлағында сынап көргеннен кейін "Ангараны" қайта жетілдіру жайлы шешімге келді.

Ресей осы жобамен бір мезгілде "Ангараға" арнап, Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағында старт алаңын салуға кірісіп кетті. Екі тарап ақыр соңында бірлескен жобаны Украинада жасалатын "Зенит" зымыран тасығышы базасында жалғастыруға уағдаласып еді. Алайда, 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялап, Украинаның батысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткен соң "Зенитке" қолы жетпейтіні белгілі болды. Сөйтіп Ресей қайтадан "Ангараны" ұсынды да, кейін "Сұңқар" зымыранын алға тартып, одан соң "Союз-5" кемесін алға шығарды.

Жоба жарияланғанына 15 жыл болса да Қазақстан кешен құрылысына кіріскен жоқ, ал Ресей әлі күнге салынбаған ғарыш айлағына лайықтап зымыран тасығыш жасаған сияқтанып жатыр.

Украинада жасалған "Зенит" ракетасының Байқоңырдан ұшқан сәті. 2011 жыл.
Украинада жасалған "Зенит" ракетасының Байқоңырдан ұшқан сәті. 2011 жыл.

Вадим Лукашевичтің айтуынша, "бұл жоба – шын мәнінде, әйтеуір жариялау үшін ғана жарияланған жобаға ұқсайды, өйткені екі жақтан да шынайы ықылас байқалмайды".

– Екі жақтың жұмысшы тобы кездеседі, әлденені талқылайды, бірдеңені бекіткен болады, сосын жобаны жүзеге асыратын уақытты шегереді. Жұмыс қайнап жатқан сияқты көрінеді. Ұйымдастыру жұмыстары қағазда ғана жүріп жатыр, істе жоқ. Бұл процесс екі жаққа да тиімді сияқты, өйткені ақша жасауға ыңғайлы. Әркім өз бюджетінен "үлес" алып тыныш отырады, – деп санайды Вадим Лукашевич.

"ҚҰНЫ МИЛЛИОННАН МИЛЛИАРДҚА ӨСКЕН ЖОБА"

Қазақстан мен Ресей жобаны жүзеге асыру үшін "Бәйтерек" деп аталатын бірлескен кәсіпорын құрды. Қазақстан жағы сол жылы кәсіпорынға бюджеттен бес жылға 0,5 пайызбен 223 миллион доллар жеңілдетілген кредит берді. Сол кезде инвестиция және даму министрлігіне қарасты аэроғарыш комитетін басқарған Талғат Мұсабаев бұл ақшаның шамамен 80 миллион доллары жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен өзге де құжаттарына жұмсалғанын хабарлады. Оған дейін, яғни 2012 жылы Талғат Мұсабаев жоба бюджеті 1,64 миллард долларға өскенін айтқан болатын.

Қазақстан осы жоба бойынша, 2018 жылы Байқоңырдағы "Зенит" зымыран кешенін Ресейге жалға беруді тоқтатты. Сөйтіп оны ұстап тұру үшін бюджеттен 1,2 миллиард теңге (қазіргі курс бойынша 3 млн доллардан астам) жұмсады.

Байқоңырға "Союз-ФГ" кемесін әкелген сәт. 23 қыркүйек 2019 жыл.
Байқоңырға "Союз-ФГ" кемесін әкелген сәт. 23 қыркүйек 2019 жыл.

"Бәйтерек" кәсіпорнының бас директоры Қанат Мұстафиновтің Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, ғарыш айлағындағы инфрақұрылымды жаңартуға Қазақстан жағы барлығы 283 миллион доллар жұмсауды жоспарлап отыр.

Оның сөзінше, "Бәйтерек" биыл қыркүйектің соңында жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін аяқтаған. Салалық, экологиялық және ведомстводан тыс кешенді сараптамалардан өтіп, "жөн" деген баға алған. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме материалдары да сараптамадан өтіп жатыр.

ҰША МА, ҰШПАЙ МА?

"Назарбаев стартынан" 2023 жылы алғашқы зымыран тасығыш ұшуы тиіс. Бұрын 2022 жыл деп білгіленген еді. Алайда сарапшылар бұған сеніңкіремейді.

– Қазақстанның осы жоба бойынша әлі жасалмаған "Союз-5" зымыран тасығышына арнап старт кешенін қайта құруына тура келеді, ал ол кешенді бұрын "Зенитке" арнап жасаған. Қазақстан, нақтысын айтар болсақ, шығынының шегі көрінбейтін әрі тым ұзаққа созылатын жобалардан гөрі дайын нәрсемен жұмыс істеуді үйренгені жөн. Жасалып тұрған нәрсемен жұмыс істеп, ұшып жүрген зымыранды пайдалануы керек,-дейді Қазақстанда шығатын "Космические исследования и технологии" журналының бас редакторы Нұрлан Әселхан.

Ал ресейлік сарапшы Лукашевичтің айтуынша, "Нұр-Сұлтанның Мәскеуге байланып қалуы дұрыс емес".

Вадим Лукашевич.
Вадим Лукашевич.

– Ресей ерте ме, кеш пе Байқоңырдан кетеді. Сондықтан ғарыш айлағын дамыту немесе жаңа жоба жасау үшін негізгі стратегиялық серіктес ретінде тек Ресейге байланып қалғаны дұрыс болмайды. Ресейге балама жоқ емес, мәселен Ресей де серіктес ретінде қатысатын халықаралық жобалар бар. Егер "жұмыртқаның бәрін Ресейдің кәрзеңкесіне" сала берсе, Қазақстан Байқоңырдан да, "Назарбаев стартынан" да түк шығара алмайды. Жобаның 15 жылға созылған хикаясы соны көрсетіп отыр, – дейді Вадим Лукашевич.

Нұрлан Әселханның айтуынша, "Ресеймен бірлескен жұмыс істесе де, істемесе де Байқоңырдың кейінгі тағдыры үлкен сұрақ үстінде тұр. Өйткені Ресей оның негізгі бөлігін пайдаланып отырған жоқ, инфрақұрылым ескіріп барады, ал Ресейге жалға беру туралы шартта ғарыш айлағына шетелдік инвестиция тарту мәселесі қарастырылмаған".

Нұрлан Әселхан.
Нұрлан Әселхан.

– Егер Қазақстан Байқоңырды құтқаруға кіріспесе, 2050 жылы (жалға беру мерзімінің соңы) ол жерде үйінді ғана қалады. Сондықтан қазір Байқоңырдың базасында халықаралық ғарыш портын жасау мәселесі талқыланып жатыр. Ол жерден Ресейге де, бәлкім БҰҰ аясында басқа елдерге де орын табылатын шығар. Жалға беруді қою керек, өйткені бүгінгі формат бойынша халықаралық әріптестік орнату немесе инвестор тарту мүмкін емес. Қазір Қазақстан, тіпті ғарыш айлағының иесі бола тұра ол жерде немесе Байқоңырдың өзінде Ресейдің келісімінсіз ештеңе сала алмайды. Байқоңырдың жаңа форматына серіктес болғысы келетіндер бар. Мұны Ресейге қарсы келу деп емес, жаңа мазмұнмен толықтырылған бірлескен әріптестік деп түсінген жөн,– дейді Нұрлан Әселхан.

Ал Қазақстан мен Ресейдің бірлескен "Бәйтерек" кәсіпорының оптимизмі зор.

"Жүзеге асырылатын жоба Байқоңыр ғарыш айлағының екінші тынысын ашуға, Байқоңыр қаласының тұрғындарына арнап жоғары технология саласында жұмыс орындарын ашуға, ғарыш аппараттарын ұшыру қызметін ұсына отырып Қазақстанды ғарыш саласындағы коммерциялық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді" деді осы кәсіпорынның бас директоры Азаттыққа жазған жауап хатында.

"ҚҰЛАП БАРА ЖАТҚАНДАҒЫ ЖАНТАЛАС"

Сарапшылардың "Назарбаев старты" жайлы күмәнін Ресейдің ғарыш саласының қазіргі күрделі жағдайы да одан әрі қоюлата түскен. Коммерциялық ұшырылым саны бойынша ондаған жыл алғашқы орында табандап тұрып келген Ресей 2018 жылы Пекин мен Вашингтонға жол беруге мәжбүр болды. Қытай 38 рет (екі старт сәтсіз болды), АҚШ 31, Ресей 17 рет коммерциялық зымыран ұшырған. Байқоңырдан зымыран сәтсіз ұшырылды. "Союз МС-10" кемесімен қосақталған зымыран апатқа ұшырады. Қайта, Роскосмос ғарышкері Алексей Овчинин мен NASA астронавты Ник Хейг тірі қалды.

Биыл тоғыз айда Қытай ғарышқа – 20 зымыран (екеуі сәтсіз), Ресей – 16, АҚШ бес зымыран ұшырды.

Өткен жылы Роскосмос мемлекеттік корпорациясының жетекшісі Дмитрий Рогозин америкалық жекеменшік SpaceX компаниясының иесі Илон Маскті "Ресейді ғарыш саласындағы коммерциялық нарықтан ығыстыру үшін демпинг жасады" деп айыптады. Масктің компаниясы Falcon зымыран тасығышын бірнеше рет пайдалануға болатындай етіп жасап, ғарышқа ұшатын шығынды айтарлықтай арзандатып жіберген еді. Осы арқылы SpaceX компаниясы пайдаға кенелді. Оның үстіне бұл компания Ай мен Марсқа турист ұшырып, тіпті, қала салу салу жөнінде жоспар жасап жатыр.

Ресейдің бұл салада мүмкіндігі зор екенін мәлімдеген Рогозин "біз қайтадан бірінші орынға шығамыз" деп уәде беріп тастады. Вадим Лукашевич мұны орындалмайтын уәде деп санайды.

– Ресейдің ғарыш саласын "жүйелі дағдарыста тұр" дегеннен гөрі "құлдилап бара жатқандағы жанталас" деп сипаттаған дәлірек болады. Егер "жаңа зымыран", "жаңа ғарыш кемесі", таяуда жарияға жар салған "Ай туралы бағдарлама" жайлы лепірме сөздерді алып тастап қарайтын болсақ, онда шынайы өмірде жағдайдың мүшкіл екенін көреміз. "Ангара" осыдан төрт-бес жыл бұрын бір-ақ рет ұшты, оны ұшыратын Восточный ғарыш айлағын енді ғана сала бастады, қашан аяқтайтыны белгісіз. Яғни, бұл мәселеде уәдеге қарқ қылғанымен, жаңадан көрсетіп жатқан ештеңесі жоқ. Бірінен кейін бірі пайда болатын жобалар мен оның сансыз қағаздары - сырт қарағанда Ресейде ғарыш саласы қайнап жатқандай әсер қалдырады, – дейді Лукашевич.

2018 жылы америкалық Jamestown Foundation зерттеу институтының сайтына шыққан мақалаға қарағанда, ғарыш саласындағы орнынан айырыла бастаған Ресей қалай болғанда да Байқоңырды пайдалануды азайтып, өзінің ғарыш бағдарламасын біртіндеп Архангельск облысы мен Қиыр Шығыстағы ғарыш айлақтарына ауыстыра бастайды. Мұндай жағдайда "Назарбаев старты" жұмыс істей ме, жоқ па, үлкен мәселе болып қалады.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG