Accessibility links

Мирзияевтің әбжілдігі. Орталық Азияның коронавируспен оңаша күресі


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Душанбеге ресми сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті қарсы алған сәті. 9 наурыз 2018 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Душанбеге ресми сапармен келген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевті қарсы алған сәті. 9 наурыз 2018 жыл.

Коронавирус пандемиясы Орталық Азия елдеріне бұрын-соңды болмаған ерекше сынақ болды. Әрқайсысы өз проблемасын өзінше шешуге кірісті. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев көрші ел басшыларымен хабарласуды көбейтті.

Екі жыл бұрын Қазақстан астанасында өткен тарихи кездесуде Орталық Азия басшылары ынтымақтастықты арттыруға уағдаласты.

Бұл – аймақ елдері президенттерінің 20 жылға жуық уақыт ішіндегі алғашқы тарихи басқосуы еді. 2019 жылғы қарашада Ташкентте өткен келесі жиында аймақ басшылары тағы сондай уәде беріп тарқасқан. Бірақ одан бері көп нәрсе өзгере қойған жоқ.

Өткен айда коронавирус пандемиясы келіп, Орталық Азия елдерінің басына бұрын-соңды болмаған ерекше сынақ түсті.

Шынтуайтына келсек, тек Орталық Азия елдерінде ғана емес, әлемнің ешбір аймағында COVID-19 дағдарысын еңсеруге байланысты бірауыздылық болмай тұр.

Әр ел проблеманың ауқымын өз бетінше анықтап, мүмкіндіктерін өзінше саралауда және коронавирустың таралуын тоқтату бойынша жеке-дара шешім қабылдауда.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған алғашқы оқиға тіркелген наурыздың 13-інен бері Орталық Азия елдері тағы бір ерекшелігіне қарай екіге жарылды. Бірінші топ – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан инфекция жұқтырғандардың есебін жариялап, оның таралуын тоқтатуға бел шеше кіріссе, келесі топ – Тәжікстан мен Түркіменстан ештеңе істеп жатқан жоқ десе болады.

Қазақстан мен Өзбекстанда өткен саммиттерде берілген уәде сол күйі қалып, аймақ елдері ынтымақтасу жолында көп қадам жасамаса да, аз-маз өзгеріс бар. Мәселен, наурыздың соңында Өзбекстан көрші қырғыз еліне бетперде, вирустан қорғайтын киім және сынама құралдарын берді.

МИРЗИЯЕВ ТІЗГІНДІ ҚОЛҒА АЛДЫ

Орталық Азия елдерінің әрекеттерін үйлестіруге талпынып жүрген бір адам болса, ол – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Өзбекстанда Қазақстаннан екі күн өтіп барып, 15 наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

Наурыздың 18-інде Мирзияев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен телефон арқылы сөйлесіп, вирусты тоқтату мақсатында екі ел қолға алып жатқан шараларды талқылады. Ал наурыздың 20-сында Мирзияев Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қоңырау шалып, басқа мәселелермен бірге коронавируспен күрес жайын пысықтаған.

Инфекция жұқтырған ең көп адам Қазақстанда тіркелген. Сәуірдің 2-сіндегі мәлімет бойынша, мұнда 435 адамнан коронавирус індеті табылған, үш адам осы дерттен қайтыс болған.

Орталық Азияның халқы ең көп елі – Өзбекстан инфекция жұқтырған 205 адаммен екінші орында тұр. Бұл елде індеттен екі кісі көз жұмған. Ал Қырғызстанда вирус табылғандар саны - 116, қаза болғандар жоқ.

Мирзияевтың Twitter аккаунтындағы ақпаратқа сенсек, ол жақында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен де екі рет сөйлескен: бірінші рет – наурыздың 18-і, екіншісі – наурыздың 27-сі. Президенттер “пандемиямен күрестегі тиімді байланыс” және “коронавирус инфекциясы таралуының алдын алудағы басты шараларды” талқыға салған.

Демек, Бердімұхамедов түрікмен халқының алдында “коронавирус” сөзін айтпағанымен, басқа басшылармен әңгімелескенде ол сөзді қолданатын сияқты.

Мұнымен қоса, Мирзияев 27 наурызда Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен сөйлесіп, “эпидемиологиялық ахуалды” талқылаған.

Содан бір күн бұрын Мирзияев ауған президенті Ашраф Ғаниға хабарласып, “пандемиямен күрестегі көзқарастарын” ортаға салған.

Өзбекстан Орталық Азияның барлық елімен және Ауғанстанмен шектесетіндіктен бұл дағдарыс кезінде көршілерімен байланыста болғаны дұрыс. Мирзияев осыған дейін-ақ аймақ елдерімен ынтымақтастықты арттыруда көп жетістікке жетті, алдыңғы президент Ислам Каримовтың кезінде мұны елестетудің өзі қиын еді.

Мирзияев әлі сөйлеспеген бір ел қалған сияқты, бірақ біз бұл мәселеге кейін қайта ораламыз.

Біріншіден, Қазақстан мен Қырғызстан бұрыннан бар шекара мәселелерін шешуде басқалардан гөрі жақсы ынтымақтасып жатса керек. Қордаланған мәселе кесірінен шекараның қырғыз жақ шетінде жүк көліктері бірнеше километрге созылған кезекке тұрып қалған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Бішкек, 13 маусым, 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Бішкек, 13 маусым, 2019 жыл.

Қырғызстанның Қазақстан арқылы тауар экспорттау және импорттауға деген қажеттілігі дәл қазіргідей маңызды болмапты.

Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин наурыздың 15-інде қырғызстандық әріптесімен телефон арқылы сөйлесіп, шекарадан өтіп жатқан үлкен жүк мәшинелерінің ұзақ-сонар кезегін азайту мәселесін және коронавирус таралуының алдын алу жайын пысықтаған.

Ол кезде Қырғызстанда COVID-19 індеті тіркелмеген еді.

Наурыздың 18-і Қырғызстанда індет жұққан алғашқы адам тіркелді, ертесінде Жээнбеков пен Тоқаев “коронавируспен күрес бойынша бірлескен шараларды” талқыға салды.

Ал наурыздың 25-і қырғыз және қазақ премьерлері тағы сөйлесіп, вирустың таралуына тосқауыл қоюда бірлесе әрекет ету жайын ақылдасты.

РАХМОН СЫРТТА ҚАЛДЫ

Аймаққа коронавирус келгелі Мирзияев сөйлеспеген жалғыз басшы – Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон.

Наурыздың 28-і Жээнбеков қоңырау шалғанға дейін Тәжікстан басшысымен аймақтағы ешбір елдің президенті сөйлеспеген.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Душанбе, 9 наурыз 2018 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев. Душанбе, 9 наурыз 2018 жыл.

Тәжікстанның “Ховар” ақпарат агенттігінің хабарлауынша, екі президент “инфекциялық аурудың шекара арқылы әрі қарай таралуына тосқауыл қою және аймақтық деңгейде бұрынғыдан да жақсы ынтымақтасудың маңызы” туралы сөйлескен.

“Инфекциялық аурудың шекара арқылы таралуы” туралы тұсы ерекше назар аударады, себебі осы күнге дейін Тәжікстанда COVID-19 жұқтырған адам тіркелмеген.

Түркіменстанда да ауырды деген адам жоқ, сондықтан екі ел де үлкен жиын-той өткізуге рұқсат беріп келеді.

Мәселен, Наурыз мерекесі де жоспар бойынша атап өтілді, екі елде де мешіттер бұрынғысынша ашық тұр.

ҚАУІПТІ АЙМАҚ – ФЕРҒАНА АЛҚАБЫ

Бұл – шекараларын жауып, жаппай карантин жариялап жатқан Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстандағыдан мүлде өзгеше көрініс. Бұл үш елде жұрттың көбі үйлерінен шықпай отыр.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов

Түркіменстан басшылығы біраз шараны қолға алды. Халықаралық ұшақтарды шығыстағы Түркіменабат қаласының маңындағы екінші әуежайға бағыттап, онда карантинге арналған шатырлар тікті және ел ішінде жүріп-тұруға қатаң тыйым салды.

Осыған қарамастан, үкімет “коронавирус” сөзін жұрт алдында айтуға мүлде құлықсыз. Азаттықтың Түркімен қызметі ел астанасы – Ашғабатта пандемияны талқылаған адамдардың қамауға алынғанын хабарлады.

Тәжікстан мұндай алдын алу шараларын мүлде жасаған жоқ, қарапайым халықтың күнделікті өмірі өзгермеді десе болады. Халық емін-еркін ел аралап, әдеттегідей дүкен, базарда сауда жасап жүр.

Мұндай қамсыздық коронавирустың тез жайылуына алып келуі мүмкін, бұл жағдай Тәжікстанның көршілерін алаңдатып отырса керек.

Рахмонмен тек Жээнбековтың бертінде ғана сөйлесуінің себебі мынада сияқты:

Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы Ферғана алқабы – Орталық Азиядағы халқы ең тығыз қоныстанған өңір, яғни мұнда тек тауар ғана емес, коронавирус та оңай таралады.

Өзбекстанның жері де Тәжікстанмен Ферғана алқабында түйіседі. Мирзияевтің осы күнге дейін Рахмонға хабарласпауының бір себебі – тәжік басшысының вирустың таралуын тоқтатуға тым салғырт қарағанына ренжігенінен болса керек.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG