Қазақстан үкіметі коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді індетті жұқтыру қаупіне қарай "аса жоғары", "жоғары" және "орташа" деп үш категорияға бөліп, оларға үстемақы тағайындаған. Жедел жәрдем дәрігерлері екінші категорияға, жүргізушілері үшінші категорияға кірген. Бірақ үстемақы тек коронавируспен күресіп жүрген жедел жәрдем қызметкерлеріне төленеді. Бұл ережеге Ақтөбе мен Қарағандыдағы жедел жәрдем фельдшерлері қарсы. Олар "коронавирус бригадасына енбесек те, әрбір шақырту кезінде вирус жұқтыру қаупіне тап келеміз, бізге де үстемақы төленсін" деп талап қойды.
НАРАЗЫЛЫҚТАН КЕЙІНГІ 100 МЫҢ ТЕҢГЕЛІК ТӨЛЕМ
Сәуірдің 10-ына Ақтөбеде бір топ фельдшер мен жедел жәрдем жүргізушісі қалалық жедел жәрдем бекетіне жиналып, үстемақы алмағанына наразылық білдірді.
- Наурыздағы жалақыға бір тиын да қосылмады. Мен "Коронавирус бригадасы" құрамында емеспін. Бірақ бұл вирус қаупі жоқ деген сөз емес. Мысалы, телефонмен жедел жәрдем шақырған тұрғын диспетчерге дене қызуы қалыпты екенін айтады. Үйіне барсаң, қызуы көтеріліп отырады. Бұл – біздің жұмысымыз қауіп-қатерге толы екенін көрсететін бір ғана мысал. Сондықтан үстемақы COVID-19 вирусына қарсы жасақталған бригадаларға ғана төленсін деген шешіммен мүлдем келіспеймін, - деді өзін Мақсат деп таныстырған ақтөбелік фельдшер.
Ақтөбелік жедел жәрдем қызметкерлерінің наразылығы (10 сәуір 2020 ж.)
Үстемақы талап еткендердің арасында Ақтөбедегі медицина университетінің жоғарғы курс студенттері де бар. Солардың бірі Мөлдір Матаюпова "Елде төтенше жағдай жарияланған кезде жедел жәрдем бекетінің басшылығы "бәріңе қосымша ақы төленеді" деді. Біздің оған еш күмәніміз болмады. Өйткені әр күніміз қауіп-қатерге толы. Кәсіби міндетіміз болғандықтан әрі қосымша ақы төленеді деген соң күн сайын тәуекелге барып жүрміз. 10 сәуірде наурыз айының жалақысын алдық. Қосымша ақы төленбепті. Біз осыған наразымыз" деді.
Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Қайрат Сабыр фельдшерлер наразылығы жалпыға жария болып кеткеніне қынжылады. Оның сөзінше, "бұл өз орталарында шешілуі керек шаруа еді" әрі "наразы фельдшерлер ұйымға шағым айтып келмеген".
- Біз дәрігерміз. Ант бердік. Бүкіл ел қиыншылық көріп отырған кезде жастардың (жедел жәрдем фельдшерлерін айтады – ред.) үстемақы сұрап, шу шығарғаны жөн болмады. Күн сайын "Біз біргеміз" деп ұрандатып жатырмыз. Өз талаптарын айта келген жағдайда біз оларды далаға тастамас едік қой, - дейді Қайрат Сабыр.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы коронавируспен күрес бригадасына кірмеген жедел жәрдем қызметкерлеріне үстемақы төленбейтінін әу баста айтқан. Бірақ наразылықтан соң, 12 сәуірде жедел жәрдем фельдшерлеріне облыс бюджетінен қаржы бөлініп, бір реттік 100 мың теңге төленетінін мәлімдеді.
"БІЗГЕ ДЕ ВИРУС ЖҰҒУЫ МҮМКІН"
Қарағандыда да жедел жәрдем қызметкерлері "үстемақы төлеуде қарама-қайшылық бар" деп шағымданды. Фельдшерлер мен жүргізушілердің наразылығынан соң денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыс берушілер жиналыс өткізіп, жағдайды түсіндіруге тырысты. Шенеуніктер үстемақы тек коронавируспен тікелей күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне берілетінін айтқанымен, бұл жауапқа жедел жәрдем қызметкерлерінің көңілі толмады.
- Жауапқа ешкімнің көңілі толған жоқ. Егер кейін жедел жәрдемді шақырған науқастан коронавирус табылса, бұл шақыртуға қанша уақыт жұмсағаныңызды есептеп, үстемақы төлейміз деді. Егер вирус қауіпті болса, "саған төленеді, ал саған төленбейді" деген әңгіме болмауы керек. Онсызда жалақымыз аз, қазір бәріміз алғы шепте жүрміз. Бізге де вирус жұғуы мүмкін. Онда коронавируспен күрес бригадасын бізден бөлек жерге орналастырсын. Олар біздің жанымызда жүр ғой, бізден бірге тамақ ішеді. Біз өз жақындарымызға вирус жұқтырсақ ше? Вирустың инкубация уақыты 14 күн, кімнен жұқтырғаныңды да білмей қалуың мүмкін. Адамдар да жедел жәрдем шақырғанда симптомдары жайлы нақты айтпайды. Кредиті бар, аз жалақы алатын біз үстемақы үшін кез келген шақыртуға баруға дайынбыз. Өз басым мұндай арнайы бригадаға қосылғым келмейді, бірақ қажет болса баруға дайынмын, - деді жиналысқа қатысқан жедел жәрдем жүргізушісі Береке Жұмәділов.
Жедел жәрдем фельдшері Марина (толық аты-жөнін айтудан бас тартты) "коронавируспен күрес бригадасына" енбегендерге де қауіп зор дейді. Ол қызметкерлердің бәріне үстемақы төленуі тиіс деп санайды.
- Наурызда коронавирус жұқтырғандар анықтала бастағанда бәріміз жұмыста болып, қызу көтерілгендерге бардық. Мен де ыстығы көтеріліп отырғандарға, пневмониямен ауырғандарға бардым. 4 сәуірден бастап арнайы бригадалар шықты. Арнайы бригадаға төлегеніне қуаныштымын. Бірақ бізге де қауіп төнеді. Бұған қоса, қазір шақыртудың көбіне біз шығып жүрміз. Бізге де белгілі бір мөлшерде үстемақы төлеуі керек ғой, - дейді ол.
Осы наразылықтан соң жергілікті билік коронавирус күдігі бар науқастарға баратын жедел жәрдем бригадаларының кезегін түзген.
- Жедел жәрдем қызметкерлерінің басым бөлігі "коронавируспен күрес бригадасына" кіргісі келеді. Осыдан соң оларды арнайы бригадаға жұмыс кестесіне кезекпен қосу туралы шешім қабылдады. Оларға үстемақы Денсаулық сақтау министрінің 4 сәуірдегі бұйрығына сай төленеді, - деді Қарағанды облысы жедел жәрдем станциясының директоры Зүлфикар Әбілқасымова.
Алматыда ең ірі клиникалық аурухана карантинге жабылды
"ЕШКІМДІ БӨЛІП-ЖАРУҒА БОЛМАЙДЫ"
Ақтөбелік ардагер дәрігер Нұрлыбай Қошаманұлы Қазақстанның кейбір өңіріндегі медицина қызметкерлерінің наразылығы орынды деп санайды. Оның сөзінше, өз денсаулығына төнген қауіп-қатерге қарамастан дәрігерлер жанкештілікпен жұмыс істеп жүр. Сондықтан оларды карантин кезінде бөліп-жаруға болмайды.
- Қазақстан бойынша 200-ден астам дәрігер вирус жұқтырған. Әлеуметтік желіден медицина мекемелерінде қыл аяғы маска мен қорғаныш костюмдері тапшы екенін көріп отырмыз. Бұған қарапайым дәрігерлер емес, коронавирусқа қарсы күресті дұрыс ұйымдастыра алмай отырған Қазақстан денсаулық министрлігі мен оның аймақтардағы басқармалары кінәлі. Меніңше, карантин кезінде дәрігерлерге үстемақы төлеу ережелері қайта қаралуы керек. Індет ошағында жүрген медицина қызметкерлерінің психологиялық, моральдық күйзелісі де ескерілсін. Бөліп-жаруға жол берілмесін. Теңсіздік әлеуметтік наразылық тудырады, - дейді Нұрлыбай Қошаманұлы.
30 наурызда Қазақстан үкіметі вируспен күресіп жатқан дәрігерлерге қосымша өтемақы тағайындалған. Соған сай, "қауіптілігі аса жоғары топ" - реанимация бөлімдерін қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің жалақысына 850 мың теңге көлемінде үстемақы қосылады. "Қауіптілігі жоғары топ" - провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлерінің жалақысына айына 425 мың теңге қосылады. "Қауіптілігі орташа топ" - карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысына айына 212 мың теңге қосылады.
Кейінгі бір айда Қазақстанда коронавирус жұқтырған 1091 адам анықталды. 138 науқас дерттен айықты. 12 адам қайтыс болды.
13 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі елде вирус жұқтырғандардың 20 пайызы, яғни 211 адам – медицина қызметкері екенін мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР