Accessibility links

"Табыссыз қалдық". Коронавирус туризм саласын шығынға батырды


Афинадағы жағажайда жаттығу жасап жүрген ер адам. Грекия, 28 сәуір 2020 жыл.
Афинадағы жағажайда жаттығу жасап жүрген ер адам. Грекия, 28 сәуір 2020 жыл.

Коронавирус пандемиясы Қазақстанда туризм саласында істейтін мыңдаған адамды табысынан айырып, қиын жағдайда қалдырды. Сарапшылар індет кезінде әлем елдері шекарасын жауып, шектеу енгізгендіктен шығынға батқан туризм саласының қайтадан аяққа тұруына жарты жыл не одан көп уақыт керегін айтады.

"САТАТЫН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ"

Жылда көктемнің аяғында қазақстандық туристік компанияларға клиент көп келетін. Әдетте бұл уақытта менеджерлер клиентке танымал деген демалыс аймақтарынан орын іздеп, интернетте жұртты теңізді, әлемдегі көрікті жерлерді көруге, жергілікті немесе шетелдік шипажайда емделуге шақырған жарнама көбейетін. Бірақ биыл бәрі басқаша. Коронавирус пандемиясы туристер мен туроператорлардың жоспарын күл-пәрше қылды.

Қазақстанның әлі де карантин режимінде отырған ең ірі қаласы – Алматының туристік фирмалары мамырдың 18-іне жұмысын қайта жалғастырды. Туристік компания қызметкерлерінің көбі екі айдан аса уақыт үйде отырған.

Vivid travel турагенттігінің менеджері Әйгерім Мұстафина карантин кезінде компанияның барлық қызметкері жалақысыз қалғанын айтады. Әйгерімнің кей әріптесі мемлекеттен төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42 500 теңге (шамамен 100 доллар) көлемінде жәрдемақы алған.

Vivid travel турагенттігінің менеджері Әйгерім Мұстафина.
Vivid travel турагенттігінің менеджері Әйгерім Мұстафина.

- Қазір жұмыс жоқ, жағдайдың қашан өзгеретінін ешкім білмейді. Сататын ештеңе жоқ. Шетелге шығатын туризм жайлы айтып отырмын. Ішкі туризмнен көп табыс түспейді. Қазақстан шипажайларына тур ұйымдастырумен айналысатын агенттіктер бұрын да көп табыс таппайтын, ал қазір олар мүлде жұмыссыз қалды. Менеджерлер табысынан қағылды. Турагенттік иелері кеңсе жалдап, салық төлеп, шығынға батып отыр, - дейді Әйгерім Мұстафина.

Енді бір жарым аптадан соң туристік фирмалар үшін ең табысты саналатын жаз маусымы басталады, бірақ қазір одан да үміт аз. Шет мемлекеттер шекарасын ашуға асығар емес, тапсырыс беретін турист байқалмайды. Әуе рейстері тоқтаған, қонақ үйлердің көбі жұмыс басталған күннің өзінде қонақтарды қалай қабылдау керегін білмейді.

"БОСҚА ҮМІТТЕНБЕЙМІЗ"

HOT TOUR компаниялар тобының бас директоры Дмитрий Фирсенко пандемия кесірінен бүкіл туризм саласының жұмысы тоқтағанын айтады.

HOT TOUR компаниялар тобының бас директоры Дмитрий Фирсенко.
HOT TOUR компаниялар тобының бас директоры Дмитрий Фирсенко.

- Егер бүкіл шектеуді бір сәтте алып тастаса, жаз маусымын құр жіберіп алмауға болар еді. Бірақ, әрине, олай болмайды. Өйткені таразының басында адам өміріне төнген қауіп пен экономикалық шығын тұр. Туризм саласындағы қиын жағдайда қалған компаниялар нарықтан кетті. Ал озық агенттіктер мен турфирмалар дұрыс шешім қабылдап, барлық қызметкерін ақысыз еңбек демалысына жіберді. Міне осы компаниялар аман қалды. Көп компания кеңседен көшіп кетті. Қызметкерлердің жартысы қашықтан жұмыс істеп жатыр, - дейді Дмитрий Фирсенко.

Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Рашида Шайкенова нарық күні ертең қалпына келеді деп босқа үміттенбейтінін, бірақ сала дағдарысты еңсеруге тырысып жатқанын айтады.

- Бұл – жылдар бойы қаншама қаржы мен адам ресурсынан құрылған бизнес. Әрине, бизнес жабылып қалмай, ары қарай қызмет көрсетіп, табыс табу үшін күресіп жатыр. Туризм саласына бұрын-соңды мұндай соққы тигенін көрмеппін. Экономиканың басқа салалары дағдарыс кезінде амалдап жұмыс істеуге тырысты, ал біздің салада ондай мүмкіндік болған жоқ. Дағдарыстың алғашқы белгісі Қытайдың Ухань қаласынан коронавирус шыққаны туралы ақпарат тараған 2019 жылғы желтоқсанның соңында, Қытайдан келетін туристердің азайып кеткенінен байқалды. Қаңтар мен ақпанда жағдай ушыға бастады. Туристік қызметтің барлық түріне сұраныс азайды. Қазір пандемияның туризм саласына келтірген шығынын есептеу қиын. Бұл сұрақтың жауабы уақыт өте белгілі болады. Бірақ қазірдің өзінде туристік қызмет саласындағы шағын және орта бизнестің қандай қиын жағдайда отырғанын білеміз, - дейді Рашида Шайкенова.

Испания үкіметі елдің бірнеше аймағында карантин шарасын босаңсытқаннан кейін жағажайда күнге қыздырынып жатқан адамдар. Валенсия, 18 мамыр 2020 жыл.
Испания үкіметі елдің бірнеше аймағында карантин шарасын босаңсытқаннан кейін жағажайда күнге қыздырынып жатқан адамдар. Валенсия, 18 мамыр 2020 жыл.

ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК БАР МА?

Туризм саласындағы сарапшылар бизнеске халықтың төлем қабілетінің кемуі де әсер ететінін айтады. Жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып отырған өндірістік, сауда мен қызмет көрсету саласындағы компаниялар карантин кезінде бірнеше аптаға жабылып, қызметкерлерін ақысыз еңбек демалысына жіберді. Біраз компанияның жұмысы тоқтады. Мұнайдың арзандауынан теңгенің доллар мен еуроға (шетелдік турлар төленетін валюта) шаққандағы бағамы құлдырады.

Кей сарапшылар қазіргі жағдайды ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік деп қарастырады. Олар әдетте шетелде демалғанды жөн көретін қазақстандықтардың назарын Қазақстанның өз ішіндегі саяхатқа аудару керек деп есептейді.

QazaqGeography экспедициясын ұйымдастырушы, саяхатшы, тревел-блогер Нұржан Алғашов.
QazaqGeography экспедициясын ұйымдастырушы, саяхатшы, тревел-блогер Нұржан Алғашов.

- Шілденің бірінен бастап пойыз жүріп, әуе рейстері іске қосылып, блокпосттар алынып, Қазақстанның барлық көрнекі жері ашылса, турфирмалардың көбі ішкі туризмге көңіл бөлсе болады. Ішкі туризмнен көп табыс түспейтіні белгілі. Бұл турфирмалардың шетелден келетін қонақтар мен басқа елдерге саяхаттайтын қазақстандықтардың есебінен тауып келген ақшасына жетпейді. Бірақ бұл жағдай ішкі туризмді нығайтады. Шетелдік қонақтарды күтіп алуға жұмыс істеп келген компаниялар бүкіл білімі мен технологиясын ішкі туризмді дамытуға жұмсаса, бұдан қазақстандық туристер көп ұтар еді, - дейді саяхатшы, тревел-блогер, QazaqGeography экспедициясын ұйымдастырушы Нұржан Алғашов.

Қазақстан үкіметі ішкі туризмді дамытуға басымдық беретінін бірнеше жылдан бері айтып келеді. Елде туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, мәдениет және спорт министрлігінің жанынан Kazakh Tourism компаниясы құрылған. Компанияға туризм саласына инвестиция тарту тапсырылған. Бірақ пандемияға дейін миллиондаған қазақстандық елдегі инфрақұрылымның нашарлығы, қызмет көрсету сапасының төмендігі мен демалыс бағасының қымбаттығын алға тартып, Қазақстанға қарағанда шетелде демалуды жөн көріп келген.

Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Рашида Шайкенова.
Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Рашида Шайкенова.

Қазақстан туристік ассоциациясының президенті Рашида Шайкенованың пікірінше, екі айға жалғасқан карантиннен кейін, жазғы демалыс басталғанда халық суға шомылатын жерлерге барғысы келеді. Сарапшы биыл Алакөл, Балқаш көлі мен Каспий теңізіне сұраныс артуы мүмкін деп топшылайды. Шайкенова ішкі туризмге келгенде қазақстандықтардың көбі туристік компаниялар арқылы барғаннан гөрі, өз бетімен баруды жөн санайтынын айтады.

- Доллар бағамының өсуі ішкі туризмге әсер етері анық. Қазір биліктің уәдесіне қарамастан, бағаның қалай өсіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Біз әзірге бұрынғы бағаны өзгерткен жоқпыз. Бірақ ертең бәрібір бағаны көтеруге тура келеді. Өйткені қазақстандықтарға сапалы демалыс ұйымдастыру үшін азық-түлік пен заттар сатып алу керек. Осының бәрі қызмет бағасына әсер етеді. Мұны бәрі түсініп отыр деп ойлаймын, - дейді сарапшы.

Рашида Шайкенова қазір туризм саласы тек ішкі нарыққа ғана сенім артып отыр деп есептейді.

HOT TOUR компаниялар тобының бас директоры Дмитрий Фирсенконың пікірінше, "ішкі туризм сыртқы туризмнің орнын баса алмайды".

- Адамдар әртүрлі дүниені қалайды. Біреуге - тау, екіншісіне - орман ұнайды, үшінші клиент шетелге барып, жақсы қонақүйде тұрып, теңізде шомылғысы келеді. Сондықтан бәрі әлемдік экономиканың жандануына келіп тіреледі. Әуе рейстері ашылса, ары қарай не болатынын айта аламыз. Бірақ бұл 2020 жылдың күзінен ерте болмайтын сияқты. Туризм нарығындағы жағдай 2021 жылдың мамыр айында тұрақталатын шығар, - дейді Дмитрий Фирсенко.

Турист көп келетін Батуми қаласы карантин кезінде. Грузия, 17 сәуір 2020 жыл.
Турист көп келетін Батуми қаласы карантин кезінде. Грузия, 17 сәуір 2020 жыл.

ТАРИХТАҒЫ ЕҢ АУЫР ДАҒДАРЫС

COVID-19 пандемиясы кесірінен 2020 жылдың бірінші тоқсанында шетелге саяхаттайтын туристер саны 22 пайызға азайған. Қазіргі жағдайды тарихтағы ең қиын дағдарыс деп атаған Халықаралық туризм ұйымының есебінше, биыл халықаралық туристер саны былтырғы көрсеткіштен 60-80 пайызға кемуі мүмкін.

Ұйым болжамына сәйкес, шекаралар ашылып, шектеулердің күші жойылғанша қанша уақыт күтуге тура келетініне қарай туризм нарығы биыл 910 миллиард - 1,2 триллион доллар аралығында шығынға батады. 100-120 миллион адам жұмыс орнынан айырылуы мүмкін. Шектеулер оптимистік есеп бойынша, шілде айында, ал пессимистік болжамға сәйкес, желтоқсанның басында алынады.

Коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі Италиядағы туризм саласының өкілдері ел үкіметінен шекараны ашуды сұрады. Италияның жалпы ішкі өнімінің 14 пайызын туризм саласынан түсетін табыс құрайды. Экономикасы туризмге тәуелді Грузия мен Грекия да шілденің 1-інен бастап шетелдік туристерді қабылдауға ықылас білдірді.

Афинадағы ежелгі Парфенон храмының алдында тұрған туристер. Грекия, 18 мамыр 2020 жыл.
Афинадағы ежелгі Парфенон храмының алдында тұрған туристер. Грекия, 18 мамыр 2020 жыл.

Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, әлемде 436 миллион кәсіпорын әртүрлі қиындыққа тап болған. Олардың қатарында қонақ үй және мейрамхана бизнесі саласында істейтін 51 миллион компания бар.

Мамырдың 18-індегі дерекке сәйкес, әлемде 4,7 миллионнан астам адамға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылып, 315 мың адам COVID-19 вирусынан көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG