Accessibility links

"Бақылаудан шығарып алды". Қазақстанда COVID-19 өршіп барады


Коронавирусқа тест алатын орталықтағы дезинфекциялық өткелден өтіп бара жатқан медицина қызметкері. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.
Коронавирусқа тест алатын орталықтағы дезинфекциялық өткелден өтіп бара жатқан медицина қызметкері. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанда кейінгі аптада коронавирус жұқтырғандар күрт көбейіп, бірнеше аймақта карантин шаралары қайта күшейді. Елде кейінгі кезде тәулігіне кем дегенде үш-төрт адам вирустан қайтыс болып жатыр. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов вирус жұқтырған соң үкімет жұмысы уақытша тоқтады. Азаттық сөйлескен сарапшы "Қазақстанда инфекцияның бірінші толқыны әлі аяқталған жоқ" дейді.

ЕЛДЕГІ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда COVID-19 пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай (16 наурыз - 11 мамыр) аяқталып, карантин шаралары жеңілдей бастаған тұста елде вирус жұқтырғандар саны күрт өсті. Билік "жағдайды бақылауда ұстап отырмыз" деп, вирус жұқтырғандардың көбеюін тест сынамаларының көптігімен байланыстырып келген.

Кейінгі күндері Алматы мен Нұр-Сұлтанда тест тапсыратын орталықтарда кезек көбейе түсті. "Симптом бар" деп жедел жәрдемге хабарласатындардың да саны артқан. Алматыдағы тест тапсыратын орталықтарда ұзын-сонар кезек пайда болған.

Коронавирусқа тест тапсыратын орталықта кезек көбейді. 12 маусым 2020 ж.

Коронавирусқа тест тапсыратын орталықта кезек көбейді. Неге?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00


Жеке меншік зертханалар да жұртты алдын ала жазылу арқылы қабылдап жатыр. Елде вирус жұқтырғандар көбейген тұста денсаулық сақтау министрлігі дертке шалдыққандарды есептеу және оларды ауруханаға шақыру алгоритмін өзгертті. Мәселен, 6 маусымда ведомство коронавирус жұқтырғандардың есептеуге өзгеріс енгізіп, симптомы байқалмайтындарды ресми статистикаға қоспайтын болды.

Сәуір-мамыр айының басында елде тәулігіне ең көп дегенде 400 адамнан вирус табылса, "симптомы барлар" мен "симптомы жоқтарды" екі бөлек есептей бастаған тұста бір күнде мыңға жуық адамнан коронавирус анықтала бастады.

16 маусымдағы дерекке сай, Қазақстанда 13 наурыздан бері жиынтығы 20684 (15192 симптомы бар + 5492 симптомсыз) адамнан коронавирус табылды. 9647 адам дерттен айықты. 8 маусымнан бері елде күнделікті анықталып жатқан вирус жұқтырғандар саны 500-ден төмен түспей тұр. 12 маусымда 944 адамнан, 13 маусымда - 878, 14 маусымда - 803, ал 15 маусымда 983 адамнан (антирекорд) вирус анықталған (биліктің есебінше, көбі – симптомсыз).

COVID-19 дертінен көз жұмғандар саны да артып, 81 адамға жетті. Билік қайтыс болғандар арасында коронавирус жұқтырғаны анықталған ондаған адамды "өліміне басқа дерт себеп болды" деп ресми статистикаға қоспай отыр. Маусымның басында министр Біртанов "вирус жұқтырған 37 адамның ресми статистикаға енбегенін, олардың өліміне басқа ауру себеп болған" деп мәлімдеді. Одан кейін министрлік тарапынан ресми статистикаға енбеген марқұмдар саны жайлы ақпарат болмады.

Наурыз-сәуір айларында вирус жұқтырды дегендердің бәрін ауруханаға жатқызып келген министрлік вирус жұқтырғандарды ауруханаға жатқызу, науқасқа жедел жәрдем жіберу тактикасын өзгертті. Министрлік өкілдері коронавирус жұқтырған, бірақ симптомы жоқ я симптомы аз адамдарға жедел жәрдем шақырмай, үйінде болып, өз-өзін бақылауға кеңес беріп жатыр. Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың қаулысына сай, тек дене қызуы түспесе, демалуы қиындап, жөтелі өршісе ғана науқас инфекциялық ауруханаға жеткізіледі. Ауруханаға жатқызыларда науқастың басқа да созылмалы аурулары бар-жоғы, жасы ескеріледі.

Елдің кейбір аймағында ауруханаларда жоспарланған басқа операцияларды кейінге қалдырып жатыр.

13 маусымда министр Біртанов Facebook желісіндегі парақшасында: "Елде коронавирустың екінші толқыны басталды", - деп мәлімдеді. Министрдің сөзінше, карантин шаралары әлсірегеннен кейін вирус жұқтырғандар саны бірден көбейген. Келесі күні Біртановтың өзіне де коронавирус жұққаны анықталды. Премьер-министр Асқар Мамин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың оқшауланғаны хабарланды.

Билік маусымның ортасынан бастап елдегі сауда орталықтары, діни орындар, кинотеатр, театрларды біртіндеп аша бастауды жоспарлаған еді. Бірақ бұл жоспардың бәрі кейінге шегерілді. Керісінше, елдің басым бөлігінде карантин шаралары қайта күшейтілді.

Алматы қаласында 15 маусымнан бастап барлық базар, сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын онлайн форматқа көшірді. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, банктер өз қызметкерлерінің 50 пайызын қашықтан жұмыс істеуге ауыстыруы тиіс. Компьютер орталықтары, боулинг, букмекер кеңселері, банкет орындары, бильярд залдары, караоке орталықтар жабық болады.

Алматының "Көк базарында" 21 адамнан вирус табылғаннан кейін сауда орнының жұмысы тоқтады. Оның іргесіндегі "Рахат" кондитер фабрикасындағы қызметкерлердің үштен екісі COVID-19 жұқтырғаны анықталып, ол да уақытша жабылды.

Алматының бас санитарлық дәрігері Жанарбек Бекшин қалада тыйымға қарамастан той жасап жатқандардың барын айтады.

Көкшетау қаласында блокпостар қайта қойылды. Қарағанды облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан облысы, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сауда орындары, базарлар, тамақтану орындары мен қоғамдық көліктің жұмыс уақыты қысқарды. Елдің қалыпты өмірге қашан оралатыны әзірге белгісіз.

"ЕЛДЕГІ ИНФЕКЦИЯНЫҢ НАҚТЫ КАРТИНАСЫН КӨРЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ"

Азаттық тілшісі сөйлескен дәрігер, белсенді Қайырғали Көнеев коронавирус инфекциясының өршуі елдегі эпидемияға қарсы шаралардың пайдасы жоқ екенін көрсетті деп санайды.

- Қазір зертханалар нәтижені уақытында бермей жатыр. Бұл қаншама қаржы бөлінсе де (Тоқаев ресейлік ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мемлекеттің пандемиямен күреске 13 миллиард доллар бөлгенін айтқан – ред.), коронавирус бойынша көмек көрсету дұрыс жолға қойылмағанын көрсетеді.

- Министр Біртанов елде вирустың екінші толқыны басталды деді. Жалпы бұл екінші толқын ба?

Мынаны есептемейміз, мынаны қоспаймыз деу – цифрмен ойнау. Соның кесірінен елдегі коронавирус инфекциясының нақты картинасын көре алмай отырмыз.

- [Қазақстанда] бірінші толқын аяқталған жоқ. Инфекция толқыны деп ауру тарауы әуелі күшейіп, кейін тұрақталып, сосын барып төмендегенді айтады. Бірақ кейін қайта өршісе, оны екінші толқын деуге болады. Ал Қазақстанда наурыздан бастап вирус жұқтырғандар көбейіп барады. Мұны екінші толқын деп айтуға келмейді. Математика статистикасына сүйенсек те Қазақстанда инфекцияның әлі бірінші толқыны жүріп жатыр. Елде коронавирус инфекциясы бәсеңдеген жоқ.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мамырда "вирус тарауы толық бақылауда" деп мәлімдеген. Қазіргі жағдайда вирус жұқтырғандар өсіп кетті. Билік вирустың таралуын бақылауда ұстап отыр ма?

- Бақылаудан шығарып алды деп ойлаймын. Мынадай өсімнен кейін медицина мекемелері, зертханалар пациенттерді қабылдап үлгере алмай жатқанын көріп отырмыз. Медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстары әлсіз болды. Наурызда вирус қатты тарағанда Қазақстан ауруханаларында орын жетпей қалатын еді. Кейін билік аурухана салып, төсек жетеді дегенімен, қазір орын жетпей жатқаны байқалады.

- Вирустың таралуын тоқтату үшін не істеу керек?

- Еуропада "Ақылды карантин" деген бар. Соны қолдану керек. Елді толық жапса, экономика тұралайды. Мысалы, Чехияда "Ақылды карантинмен" жұмыс істеді ("Ақылды карантин" – вирус жұқтырған адаммен байланыста болғандарды карантинге алу. Вирус жұқтырған адамның рұқсатымен оның ұялы телефоны мен банк картасының деректері бойынша оның жүріп өткен жерінің картасын анықтап, ұзақ байланыста болған адамдардан тест алады я карантинге жатқызады).

- Биліктің вирус жұқтырғандарды "симптомды" және "симптомсыз" деп бөлуі қаншалықты дұрыс?

- Бұл дұрыс емес. Статистикамен манипуляция жасау. Кез келген инфекциялық аурудың статистикасын жүргізгенде тасымалдаушыны да, ауырып жатқандарды да тізімге қосады. Мынаны есептемейміз, мынаны қоспаймыз деу – цифрмен ойнау. Соның кесірінен елдегі коронавирус инфекциясының нақты картинасын көре алмай отырмыз. Денсаулық сақтау министрлігінде есепті нақты жүргізетін ғылыми мамандар жетіспейді.

(Мақаланы жазуға Нұртай Лаханұлы атсалысты.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG