Accessibility links

Қазақстанда карантин қалай жалғаспақ? 700 сөзбен түсіндіреміз


Алматыдағы сауда орындарының бірінде жүрген жұрт. 2020 жылыдң сәуірі.
Алматыдағы сауда орындарының бірінде жүрген жұрт. 2020 жылыдң сәуірі.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт көбейген тұста әр аймақта карантин шаралары қайта күшейді. Билік 11 мамырда елдегі төтенше жағдайды аяқтап, егер әр аймақта вирус тарау көрсеткіші 5 пайыздан төмен болса, 25 мамырда карантин шектеулерінің бір бөлігін алуды жоспарлаған. Бірақ біраз облыста вирус жұқтырғандар саны артып, санитарлық дәрігерлер карантин шараларын күшейтуге мәжбүр болды. Әр аймақта карантин қалай өзгереді?

*

Алматы қаласы санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысымен, 25 мамырдан бастап жазғы кафелер, ресторандар, қонақ үйлер, азық-түлік сататын базарлар, ХҚКО, сауда орталықтарындағы бутиктер, сұлулық салондары, химиялық тазалау ашылды. Тамаақтану орындары іште 30, сыртта 50 адам қабылдай алады. Той, банкет өткізуге тыйым салынады. Караоке, бильярд, кальян, spa, бассейн, жаттығу залдары, ашылмайды. Киім-кешек, зат сататын базарлар 1 маусымда ашылуы тиіс. Көшеде маска тағу міндет.

Алматы көшесінде отырған тұрғын. 1 мамыр 2020 жыл.
Алматы көшесінде отырған тұрғын. 1 мамыр 2020 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласы бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысына сай, тұрғындар сыртқа шыққанда, қоғамдық көлікте маска тағып, қолғап киюі тиіс. Аулаға, паркке, алаңдарға, жағалауларға барғанда бір отбасының мүшесі болмаса, үш адамнан артық жиналуға болмайды. Саяжайларға шығуға рұқсат. Той, еске алу, қоғамдық шаралар өткізуге тыйым салынады. Жеке және қызметтік көлікті жүргізгенде маска, қолғап кию қажет. Қалада кафе, мейрамханалар 50 адам қабылдай алады. Сауда орталықтары да ашылған. Діни орындарда бір уақытта елу адамға дейін құлшылық ете алады. Банкет залдары, түнгі клубтар, фитнес залдар, spa-орталықтар, массаж кабинеттері, косметикалық қызметтер, білім орталықтары, компьютер клубаты, спорт үйірмелері жабық күйінде қала бермек.

БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың шешімімен, аймақта карантин 15 маусымға дейін ұзарды. Облыс орталығы Оралда тек азық-түлік дүкені мен базарлар, бизнес орталықтары ашық. Қоғамдық көлік жүріп жатыр. Сауда орындары, кинотеатрлар, мейрамханалар жабық. Оралдағы барлық балабақша мен оқу орталықтары 18 мамырдан бастап ашылған еді. Бірақ білім бөлімінің екі маманынан, балабақшаның екі қызметкерінен вирус табылған соң барлық балабақша мен оқу орталықтары 25 мамырдан бастап қайта жұмысын тоқтатты. Оралдағы алты емхананың төртеуінде карантин. Аймақтағы Қарашығанақ кен орнында 5 маусымға дейін карантин жарияланды. Кен орнына көлік кіруіне тыйым салынды. Вахта орындарында кешкі жетіден таңғы жетіге дейін жүруге болмайды.

Нұр-Сұлтандағы сауда орнында келушінің қызуын өлшеп жатыр. 4 мамыр 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы сауда орнында келушінің қызуын өлшеп жатыр. 4 мамыр 2020 жыл.

Шымкент бас санитарлық дәрігері Әбдіманап Түлебаевтың шешімімен, қалада карантин 8 маусымға дейін ұзарды. Аулаға, парктерге, жағалауларға баруға болады. Бірақ бір отбасының мүшесі болмаса, үш адамнан артық жиналуға болмайды. Қала сыртындағы саяжайларға баруға рұқсат. Қалада маска тағу міндетті. Той, еске алу шараларына тыйым салынады. Бизнес орындары таңғы 10-нан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. 25 мамырдан бастап қалада діни орындар, кафе, мейрамханалар ашылуы тиіс еді. Бірақ қалада вирус жұқтырғандар өскен соң, бұл жоспар да кейінге шегерілді. Шымкент қаласына да кіруге тыйым салынды. Сауда орталықтарындағы бутиктер жұмысын бастады.

Атырау облысында вирус жұқтырғандар мөлшері 7 пайыздан асып кеткен соң, облыстың бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев аймақтағы карантин 8 маусымға дейін созды. Атыраудағы блокпостан кіруге рұқсат жоқ. Жұрт маскамен сыртқа шығуына болмады. Жеке көлігімен не қоғамдық көлікпен жұмысқа, азық-түлік, дәрі алуға бара алады. 25 мамырдан бастап парк, сквер, жағалауларға баруға болады. Гипермаркет, супермаркет, азық-түлік дүкендері де жұмысын бастады. Бұдан бөлек, кафе, мейрамхана, барлар іште 30 адам, сыртта 50 адам қабылдай алады.

Маңғыстау облысында карантин 25 мамырдан бастап аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды. Аймақтағы блокпостар сақталады. Кафе, мейрамханалар 10.00-19.00-ге дейін 30 адамға дейін қонақ қабылдайды. Сауда орындары ашылғанымен фуд-корт, кинотеатр, мұз айдын, ойын алаңдары жабық болады. Спорт залдар, фитнес, йога залдар 30 пайыз ғана адам қабылдап, жұмысын бастайды. Бассейндер жабық болады. Мал базарлар таңғы 10-нан кешкі 5-ке дейін жұмыс істейді. ХҚКО алдын ала жазылу арқылы келушілерді қабылдайды.

ШҚО-да карантин 1 маусымға дейін ұзарды. Аудандар мен қала арасындағы блокпостар сақталады. Блокпостан арнайы рұқсатпен және денсаулық жағдайына байланысты ғана өтуге болады. Сауда орталықтары, азық-түліктен өзге тауарлар сататын сауда орындары, кинотеатрлар, демалыс орындары, монша-сауна, спорт залдар, бассейндер, түнгі клубтар жабық болады. Кафе-ресторандар тек 30 адам қабылдауы тиіс.

Облыста вирус жұқтырғандардың басым бөлігі Семей қаласында болғандықтан қатаң карантин шаралары әлі сақталады. Жеке көлікпен тек арнайы рұқсат қағазымен жүруге болады. Жұрт қызмет орнынан алған анықтама арқылы жұмысқа бара алады. Тұрғындар рұқсат қағазымен аптасына үш рет азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға шыға алады. Жасыл қағаз ұстағандар жұп күні, ақ қағаз ұстағандар тақ күні шығады.

Қызылорда облысы, Ақтөбе облысы, СҚО, Қостанай облысы, Алматы облысы, Ақмола облысы, Жамбыл облысы, Павлодар облысы, Түркістан облысында бұған дейін карантин эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін ұзарған. Бұл аймақтарда азық-түлік дүкендері, дәріханалар ашық. Сауда орталықтары жабық. Жұрттың көп жиналуына, той, еске алу шараларына тыйым салынған. Ел ішінде автобуспен жолаушы тасуға әлі рұқсат етілген жоқ. 1 маусымнан бастап жолаушылар пойызы біртіндеп жүре бастайды. Ел аумағына ұшақпен қатынауға рұқсат берілген.

Денсаулық сақтау министрлігінің 25 мамырдағы мәліметіне сай, Қазақстанда 8531 адамнан коронавирус табылды. 4400 адам дертінен айықты. 35 адам қайтыс болды. Қазақстан билігі коронавирус жұқтырып, көз жұмған кейбір науқастың өліміне басқа дерті себеп деп, бұл тізімге қоспай отыр.

Дәрігерлер карантин шаралары жеңілдесе де, жұртты арақашықтықты сақтап, маска киіп, қолды жиі жуып жүруге шақырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG