Accessibility links

Жағымсыз иіс, лас еден, тіз қатар тесік. Қазақстандағы ең нашар әжетханалар


Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №41 мектептің әжетханасы. Peremena.media фотосы
Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №41 мектептің әжетханасы. Peremena.media фотосы

Қазақстан мектептеріндегі әжетхана мәселесі төтенше жағдай болғанда ғана көтеріледі. Көп жұрт оны "ыңғайсыз тақырып" деп қозғамайды. Ал мыңдаған оқушы сол баяғы суық та лас, сасық әжетханаларға барып жүр. Toile жобасын жасаған Айжан мен Дия "сөз еркіндігі мектеп әжетханасынан басталады" дейді.

Дия Батенова мен Айжан Мадихожаева – Қазақстандағы мектеп әжетханаларының ахуалын көрсететін Toile жобасының авторлары. Олар әлеуметтік желіде мектеп ауласы мен мектеп ішінде орналасқан ең нашар әжетханалардың фотосуреттерін жинақтап, 31 мектеп әжетханасы арасында "конкурс" жариялаған. Ең нашар әжетханалар дауыс беру арқылы анықталған.

"Жеңімпаздардың" суреттеріне қараудың өзі жиіркенішті. 770 дауыс алып, "ең нашар әжетхана" деп танылған Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен Әзірбаев атындағы №41 мектептің далада орналасқан әжетханасы. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс, нәжіс сіңген лас орындар мен әжетіңді өтеуге арналған тесіктер... Бұл – "конкурста" жеңген, ең нашар мектеп дәретханаларының ортақ сипаттамасы. "Жеңімпаздардың" барлығында көрініс ұқсас. Тек тесіктерінің формасы ғана әртүрлі. "Антитрейтингте" Жетісу облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының, Үшарал, Сарқан қалаларының, Жамбыл облысы Шу қаласының, Түркістан облысы Ордабасы ауданы Бадам ауылының, Арыс қаласының мектептері бар.

Peremena.media-ның Toile жобасы ұйымдастырған ең нашар әжетханалар рейтингі. Peremena.media сайтынан алынған скриншот
Peremena.media-ның Toile жобасы ұйымдастырған ең нашар әжетханалар рейтингі. Peremena.media сайтынан алынған скриншот

"МЕКТЕПТІ БІТІРСЕК ТЕ, ӘЖЕТХАНА СОЛ ҚАЛПЫ"

Premena.media жобасының бас редакторы Айжан Мадихожаева
Premena.media жобасының бас редакторы Айжан Мадихожаева

Айжан Мадихожаева мен Дия Батенова 2022 жылы қарашада Қазақстандағы білім және тәрбие жөніндегі мамандандырылған БАҚ ретінде жұмыс істейтін Рeremena.media ұйымын құрған. Олар басқа жобалардан бөлек, мектеп әжетханаларындағы былықты Toile жобасы аясында әшкерелеп жүр. Жобаның мақсаты – Қазақстандағы білім беру ұйымдарындағы дәретханалардың қолжетімді, ыңғайлы әрі қауіпсіз болуын және барлық санитарлық-гигиеналық нормаларға сай болуын қамтамасыз ету.

– Қоғам назарын мектептегі дәретхана мәселесіне аудара отырып, жағдайды жақсарту жолдарын ұсынғымыз келеді, – дейді Дия Батенова.

Жоба идеясы авторлардың басынан өткен оқиғаларға негізделген. Айжан осыдан бес жыл бұрын Астананың іргесіндегі ауылдық мектепке түсірілімге барғанда, оқушылар әжетханасына кіріп, шошынғанын айтады. Бұл мәселені жазуға тағы бір себеп – баласы білім алатын мектептегі әжетхананың жағдайы. Мектеп мұғалімдері білікті болғанына қарамастан, әжетханаға бола баласын басқа мектепке ауыстырыпты. Ал Дия дәртеханасында жабық кабинасы жоқ қала мектебінде оқыған.

Жетісу облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылдық мектебінің әжетханасы. Peremena.media фотосы
Жетісу облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылдық мектебінің әжетханасы. Peremena.media фотосы
Premena.media жобасының даму жөніндегі директоры Дия Батенова
Premena.media жобасының даму жөніндегі директоры Дия Батенова

– Алғашқы мектеп әжетханасы алғашқы махаббатың секілді, ешқашан ұмытылмайды. Қазір сол кездегі мектеп әжетханасы есіме түссе, жүрегім айниды. Мектепті бітіріп кетсек те, әжетхананың күйі өзгеріссіз сол қалпында қалыпты. Қазір осындай дәретханаға әр кірген сайын оқушы ұялу, үрейлену және қорсыну сезімін бастан кешеді. Демек біздің елде балалардың таза, қауіпсіз, ыңғайлы жерде физиологиялық қажетін өтеу құқығы бұзылып жатыр. Осындай ыңғайсыз да лас тақырыпқа үлкен медиажоба арнауға мәжбүр етті, – дейді Дия.

"БАЛА САСЫҚ ӘЖЕТХАНАНЫ НОРМА ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ"

Жоба авторлары алдымен желіде акция бастаған. Түркістан облысының журналистерімен бірлесіп мектептерге рейд жүргізген олар түсірілген фото, видеоларды жинақтап, "ең нашар әжетханаға дауыс бер” деген ұран тастаған. Әр мектептің аты көрсетіліп, 32 дәретхананың суреті жарияланған.

Бірнеше айдың ішінде лас әжетхана саны 50-ге жеткен. Суреттерді жинақтауға апалы-сіңлілі Мәдина мен Фатима Майсардың да көмегі тиген. Оқушы қыздар жазғы демалысында оңтүстік аймақтарға барып, Toile жобасы үшін алғашқы кадрларды түсіріпті. Жалпы фотосуреттерді жинауға еріктілер, мектеп оқушылары мен ата-аналар белсене атсалысқан. Мектеп оқушылары фото жіберуге жасқанған кездер де болыпты.

– "Суреттерді жіберсем бағаларыма әсер ете ме?" деп қорыққан оқушылар болды. Бірақ біз фотолар аноним түрде жарияланатынын үнемі ескертіп, мектеп әжетханасының жағдайына мектеп пен оның әкімшілігі тікелей жауапты екенін айтып отырдық, – дейді Дия.

Қазір Toile-нің "лас әжетханалар" фотоқорында батыс, оңтүстік, солтүстік, орталық аймақтардың, тіпті Астананың мектептерінен түсірілген суреттер бар. Аймақтардағылар негізінен жердегі тесіктен тұрса, Астанадағылары ғимарат ішінде, таза жерде болғанымен кабиналарында есік жоқ.

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базартөбе ауылындағы мектептің әжетханасы. 2022 жылдың соңында түсірілген сурет. Peremena.media-ға фото түсірген дереккөздің айтуынша, осы кезде мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқан.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базартөбе ауылындағы мектептің әжетханасы. 2022 жылдың соңында түсірілген сурет. Peremena.media-ға фото түсірген дереккөздің айтуынша, осы кезде мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқан.

Авторлардың айтуынша, көп жағдайда мектептегі әжетхана сапасы аймаққа да байланысты емес. Алматы, Шымкент, Астанада да нашар әжетханалар бар, есесіне Түркістан облысы Арыс қаласында өте жақсы дәретхана кезіккен. Яғни дәретхананың дұрыс болуы мектеп басшылығының оған деген көзқарасына, басқару қабілетіне байланысты дейді олар.

Фотоқордың арқасында Toile Қазақстан мектептерінің "орташа нұсқасын" жасап шығады. "Орташа әжетханада" қаз-қатар унитаз тізіліп тұрады, кейде арасын бөліп тұрған қабырға бар, ал кабинада есік те, құлып та, қағаз да жоқ. Әдетте унитаздың айналасы су, отырғыш сынық, алқа-салқа болады, раковина бар, бірақ айна, қол кептіргіш болмайды.

"Сананы тұрмыс билейді. Бала жастайынан не қағаз, не сабын жоқ, өзі қорқынышты да сасық әжетханаға барса, ол мұны норма деп қабылдайды. Содан соң ол осы норманы барған жерінің бәріне алып барады" дейді Айжан Мадихожаева.

Көпқабатты тұрғын үй ауласындағы әжетханалар. Қызылорда, 4 сәуір, 2018 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Көпқабатты тұрғын үй ауласындағы әжетханалар. Қызылорда, 4 сәуір, 2018 жыл. Азаттық архивіндегі фото

"ӘЖЕТХАНА ҚҰҚЫҒЫ" ҮШІН КҮРЕС

Жоба авторларының айтуынша, тіпті әжетхана құқығы тақырыбында да мектеп басшылары, лауазымды тұлғалар сөз еркіндігін тұншықтырып, балаларға, Toile-ге қысым жасауға тырысады.

Әдетте жоба жетекшілері суреті шыққан мектеп басшыларына хабарласып, шешім шығаруын күтеді. Әсіресе әжетханасы нашар мектептердің басшылары да сылбыр жауап қатады не тіпті ақпаратты жоққа шығаруға тырысады. Ондайда мектептегі аноним ақпарат берушілердің көмегімен талапшыл болуға тура келеді дейді олар.

Авторлар осындай бір оқиғаны "Дәретхана детективі" деген атпен Instagram-да жариялады. Былтыр қарашада Түркістан облысы Жетісай қаласындағы №1 мектептің даладағы нашар әжетханасының видеосы шығады. Бір аптадан соң ғимарат ішіндегі жабық тұрған әжетхана ашылып, бір аптадан соң қайта жабылады. Балалар қаңтардың аязында даладағы лас әжетханаға қайта бара бастайды. Ал мектеп басшылығы "әжетхананы су алып кеткенін", оған "күрделі жөндеу қажет екенін" айтады. "Айлап (жылдап) жөндеуге келмейтін неткен қиын жұмыс? Дәретхананы жөндеу сияқты қарапайым жұмысқа мектеп бюджетінде неге ақша жоқ?" деген сұрақ қояды Toile авторлары.

Бірақ жобаның нәтижесі де жоқ емес. Мәселен биыл 9 наурызда жоба жетекшілері Жетісу облысы мектептеріндегі нысандардың санитарлық нормалары жайлы онлайн-кеңеске қатыстырылған. Әкім орынбасары жергілікті мекемелерге "әжетханалардағы барлық олқылықтарды жоюды" тапсырып, 1 тамызға дейін уақыт берген. Орындалмаған жағдайда "тиісті шара қолданылатыны" айтылған.

Шымкенттегі №2 мектептің әжетханасы. Peremena.media фотосы
Шымкенттегі №2 мектептің әжетханасы. Peremena.media фотосы

Түркістан облысында мектеп ауласында орналасқан мектеп әжетханалары үшін жауапты болған 29 лауазымды тұлғаға айыппұл салынған. Алайда мектеп әжетханаларындағы жағдай әлі де өзгермеді дейді Дия мен Айжан.

АРМАНДАҒЫ ӘЖЕТХАНА

Лас, қауіпті әрі қадір-қасиетіңді түсіретін әжетхана – дамушы елдердің көбінің мәселесі. Бұл мәселеге назар аудару үшін Біріккен ұлттар ұйымы 19 қарашаны дүниежүзілік әжетхана күні деп жариялаған.

Дия Батенова мен Айжан Мадихожаеваның айтуынша, таза әжетхана Қазақстан балаларының көбіне арман болып отыр.

– Біз қалайтын әжетхана нормалары: ол ғимарат ішінде болуы керек, онда таза унитаз, арнайы кабиналар, ыстық, салқын су, дәретхана қағазы мен сабын болуға тиіс әрі ол әрқашан ашық тұруы маңызды, – дейді Дия.

Тек негативті жинамау үшін олар желі қолданушылардан осы стандартқа сай келетін мектептердің де видеосын жіберуді сұрайды. Ондай айғақ әзірге аз келеді. Оның өзіне таңқалып, сенбей жатқандар бар.

Соның бірі – Алматыдағы №95 мектептің қыздар әжетханасы. Жобаның Tiktok-тағы парақшасына жарияланған оның видеосы 655 мың рет қаралып, 1800-ден астам пікір жазылған. Бір қызығы көп оқушы видеодағы әжетханаға таңқалып, мұндай нәрсе "арман" екенін жазған. Тіпті кейбірі бұл мектеп әжетханасы екеніне сенбеген.

Дина Айтбекова - Сүлейман Демирель университетінің студенті, Азаттықтың Алматыдағы бюросында өндірістік тәжірибеден өтіп жүр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG