Толық атауын есте сақтай алмайтын күрделі диагнозына қарамастан, Аня орта мектепті бітіріп, колледжге оқуға түскен. Мамандық таңдау мүмкіндігі болмай, Оралдағы мүмкіндігі шектеулі жастарды қабылдайтын колледжге оқуға тапсырған. Болашақ мамандығы – дербес компьютер операторы. Аня меңгеріп жүрген кәсібін «ЭЕМ операторы» деп атайды.
– Бұрыннан педагог-психолог болғым келетін, бұл – менің арманым. Бала күнімде қуыршақтарды отырғызып, сабақ үйрететінмін. Бірақ таңдау мүмкіндігі болмады. Бір колледж, бір мамандық қана болды. Тобымызда тек мүмкіндігі шектеулі студенттер оқиды, бірақ мені тіпті ол орта да жақсы көрмейді, – дейді Аня.
Біз Орал қаласындағы саяжайлардың бірінде орналасқан шағын үйдің бір бөлмесінде отырып әңгімелестік. Аняның отбасы тұратын «Бирюса» саяжайы облыс әкімі мен Қазақстан президентінің резиденцияларына жақын орналасқанымен, бұл жерге халық аз қоныстанған. Мұнда жол нашар, телефон байланысы орнатылмаған, жақын маңда не дүкен, не дәріхана жоқ.
– Біздің үйге жету қиын. Өзіңіз де көрдіңіз ғой. Қаншама бұрылыс бар, жөн сілтейтін белгілер қойылмаған. Мүгедектерге арналған такси шақырғанда, біз жаққа бірінші рет келіп тұрған жүргізуші болса, жарты сағат бойы телефонды қолымнан тастамай, әр бұрылысты түсіндіруге тура келеді. Осыған қанша уақытым кетеді. Такси келген соң, жүргізуші бізді күтіп тұрады. Киінуіміздің өзіне біраз уақыт керек, – дейді Аняның анасы Наталья.
«Бирюса» бау-бақша қоғамы саяжай массивінің түкпірінде, Шаған өзенінің жағалауында орналасқан. Бұл жердің ауасы таза, ал тұрғындары жоқтың-қасы. Автобус аялдамасынан Фроловтардың үйіне дейін бірде асфальт, бірде қара топырақ жермен екі километрдей жүру керек. Қаланың бұл бөлігіне бір ғана қоғамдық көлік – №10 автобус жүреді. Автобустар бір жарым сағат аралықпен қатынайды.
Натальяның айтуынша, саяжай маусымы аяқталғанда автобустар аз қатынап, қыста мүлде жүрмеуі мүмкін. Аня анасымен бірге қалаға шыққанда автобусқа көп отыра бермейді. Соған қарамастан, қоғамдық көлік мәселе Фроловтар отбасы үшін де маңызды.
– Кейде азық-түлікке, кейде жеке шаруамызбен қалаға барамыз. Қоғамдық көліктің осылай жүретіні қиын. Көбіне, мүгедектерге арналған такси шақырамыз, оны бізге мемлекет тарапынан тегін береді. Бірақ кейде тез жиналу керек болады немесе көлікке алдын ала тапсырыс беруді ұмытып кетемін. Ондайда қала таксилерін шақыруға тура келеді, бірақ бұл өте қиын. Жүргізушілер біз жаққа келгісі келмейді, өйткені қала орталығынан алыс, жол нашар. Такси бізге қымбатқа түседі, би үйірмесі өтетін Мәдениет үйіне дейін такси 750-800 теңге алады. Бұл – жүргізуші Аняның арбасын тиегені үшін қосымша ақы алмаған кездегі баға. Кейде қоларбаны жүк ретінде есептеп, бағаны 1000-1200 теңгеге дейін өсіретіндер де бар, – дейді Наталья.
Жазда саяжайдағы өмір жеңілдейді. Көлігімен келген көршілер кейде Наталья мен Аняны қалаға алып кетеді. Қыста жағдай қиын: қалың қардан Фроловтардың үйіне апаратын жол жабылады. Осының кесірінен өткен қыста Аня бір апта бойы сабаққа бара алмаған.
– Бір жақсысы, Аняға суық тие бермейді. Сондықтан сабақтан қалмайды. Бірақ қыста қардың қалың болғаны соншалық, көршім екеуміз тазалап үлгермедік. Таңертеңнен бастап жолды тазалап қоямыз. Бірақ бірде балаларымызды оқуға таситын автобус қарға тығылып, жүре алмай қалды. Қарды қазып, итеріп көрдік. Ештеңе шықпаған соң, трактор шақырдық. Автобус барлық баланы жинап, кейін ең соңында Аняны алып кететін. Сондықтан қар қалың жауған күндері басқа балалар сабағынан қалып қоймасын деп, Аняны оқуға жібермедік, – дейді Наталья.
Күнде таңертең колледждің автобусы Аня мен оның тобындағы басқа студенттерді оқуға апарады. Анасы үй шаруасымен жүргенде, Аня сабаққа өзі барып келеді. Түсте Аня сабақтан келген соң, анасы екеуі би жаттығуына жиналады.
«БОЙЫМДЫ ҚОРҚЫНЫШ БИЛЕДІ»
Аня – белсенді жан. Бала күнінен анасы оны әртүрлі үйірмелер мен дәрістерге апарған. Аняның араласатын ортасы да мүмкіндігі шектеулі балалар болған.
– Біздегі «Үміт» қоғамында (Оралдағы мүгедектер қоғамы – ред.) әртүрлі балалар көп болды. Мен екі баламен дос болдым. Үнемі бірге жүретінбіз, тіпті суретке де қатар тұрып түсетінбіз: олар арбада отырады, мен орталарында тұрамын, – дейді Аня.
Бес жасында Аня аяғын басып, біраз уақыт тіреуішке сүйеніп, өздігінен тұра алатын еді. Натальяның айтуынша, қызы бесінші сыныпта оқып жүргенде, олар кезекті ем қабылдауға Алматыға барған. Дәрігерлер бұлшықетті босататын препараттың артық мөлшерін салып қойып, Аня жүруден қалған.
– Білесіз бе, бұрын тойымды, күйеу жігітімді елестетіп, көп армандайтынмын. Әжемнің үйіндегі екі орындықтың ортасында тұрып, өзімнің ақ көйлекте әдемі болып тұрғанымды, айналамда мереке өтіп жатқанын, бақытты екенімді елестетінмін. Сүйікті орнымда тұрып, армандау сүйікті ісім болатын. Кейін маған салған инеден кейін енді жүре алмайтынымды білгенде бойымды қорқыныш биледі. Қазір өзімді осы күйде қабылдап, жағдайға салмақты қарай бастадым. Бала күнімде үрейге бой алдырып, сағым сынатын кездер болатын, – деген Аняның сенімді сөздерінен оның 17 жасында өзін осы күйінде қабылдап, қазіргі сәтпен өмір сүруді үйренгенін түсіндім.
Аня сол күйі аяққа тұра алмаған. Ол қазір үйінде тізерлеп жүреді. Қалған уақытта арбамен қозғалады. Аняға ыңғайлы болсын деп, ата-анасы үлкен бөлме, кең жуынатын орын мен дәретхана салып жатыр. Бірақ құрылыс әлі аяқталмаған. Әзірге анасы Аняны балаларды шомылдыратын ваннада жуындырады.
– Бірінші үстін, кейін аяқ жағын бөліп жуамыз. Жазда далада душ бар, тек қыста осылай амалдаймыз. Бұрын шешем қалада тұрғанда, пәтеріне жуынуға баратынбыз. Бірақ шешем екі жыл бұрын көшіп кетті. Содан бері осылай күнелтіп жүрміз, – дейді Наталья.
Наталья өміріне көп шағымдана бермейді. Тек кейінгі кездері арқасы мен аяғы ауырып жүргенін айтады. Наталья мұның себебін ұзақ уақыт, қызын мектепте барған кездің өзінде қолына көтеріп жүргенінен көреді.
– Көшедегі адамдар қалай қарағанын білсеңіз ғой! «Үлкен қыз болып, шешесінің қолына мініп алғаны несі?» деп, жазғырған көзқараспен қарайтын. Ал мен оларға назар аудармастан, көтеріп кете беретінмін. Бәріне түсіндіре алмайсың. Енді міне соның бәрі денсаулығыма әсер етіп отыр, – дейді Наталья.
– Анам мені кеш босанған. Үлкен әпкеммен арамыз – 15 жас, – деді би жаттығуларының алдында түскі ас ішіп отырған Аня.
Біз шағын бөлмедегі үстел басындамыз. Аня қарақұмық пен котлет жеп, мен шәй ішіп отырмын. Қазір біз түскі ас ішіп отырған үстел басында Аня басқа уақытта сабақ оқып, қолөнермен айналысады.
– Қазір алыста, Мордовияда жүрсе де, үлкен әпкем Сашаға жақынмын. Біз – доспыз. Ол маған көп нәрсе үйретеді: ішіңдегіні үнемі анаңа айта бермейсің ғой. Оның үстіне анам екеуміз бір-бірімізден шаршаймыз. Ойлап қарасаңыз, анам екеуміз 24 сағат бойы аптаның жеті күнінде бірге жүреміз, – дейді түскі ас кезінде «бір-бірімізден кішкене демалайық» деп анасын басқа бөлмеге жіберген Аня.
Қазір Аняның араласатын адамы жоқтың-қасы. Бұл жас қыздың көңілін жабырқатады. «Таныстарым көп, бірақ достарым жоқ» дейді ол. Желіде танысып, кейін ағасындай болып кеткен жалғыз жақынымен Аня әлеуметтік желіде бес жыл бұрын танысқан. Бұл таныстық қазір тәуліктің кез келген уақытында күнделікті хабар алысуға ұласқан.
– Еш себепсіз хабарласа аламын. Жай сөйлесіп, қандай да бір мәселені талқылап, қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Бір-бірімізді жақсы білгеніміз соншалық, алыс болсақ та, көңіл-күйімізді сезіп отырамыз. Ол елдің басқа бұрышында тұрады, – деген Аня желідегі досымен шынайы өмірде кездескісі келеді. Бірақ бұл әзірге екеуіне де қиынға соғып тұр.
Біз сөйлесіп отырғанда, көрші бөлмеде Наталья мүгедектерге арналған таксидің жүргізушісіне үйіне дейінгі жолды түсіндіріп жатыр. Аняға жаттығуға бару керек. Ол ақырын орындықтан түсіп, үйдің жаңа, үлкен бөлігінде тұрған арбасына қарай «жүрді». Үйдің бұл бөлігінде ешкім тұрмайды, өйткені жылу жоқ. Ескі пештің күші екі бөлмені жылытуға ғана жетеді. Аняның ата-анасы жаңа салынған бөлмелерге жылуды үйге газ келгенде қосамыз деп отыр.
– Үйге газ кіргізуді жоспарлап отырмыз. Көшемізде газ құбыры бар. Үйге дейін тарту ғана қалды. Бірақ қазір оған ақша жоқ. Қымбат тұрады, жарты миллион теңгедей қаржы керек, – дейді Наталья.
Бұл кезде арбасына отырып үлгерген Аняға анасы пальтосы мен бас киімін кигізіп, мойынорағышын байлауға көмектесті. Наталья қызы отырған арбаны ескі пандустан түсіріп, үйінің есігін құлыптап, заттарын түгендеді.
Мүгедектерге арналған такси дегені үлкен «ГАЗель» емес, қарапайым «Лада Грант» көлігі боп шықты. Натальяның айтуынша, Оралда мүгедектер көп, ал арнаулы көлік екеу ғана. Сондықтан көбіне шақыртуға әдеттегі автокөліктерді жібереді. Сыртына жапсырылған қағазға қарағанда, көлік қалалық такси қызметіне қарайтын сияқты.
Аня арбадан көлікке өзі ауысып отырды. Қырық жас шамасындағы жүргізуші көмектесуге тырысқанымен, Аня «өзім отырамын» деп, қолын қайтарды.
Наталья жанында үндемей күтіп тұр. Ол Аня өз алдына әрекет еткісі келетінін, күнделікті тірлікті біреудің көмегінсіз істеуге дағдыланып жүргенін айтады. Анасы жинаған қоларбаны жүргізуші көліктің артына салғаннан кейін, біз би жаттығуларына жол тарттық.
Аня бимен екі жылдан бері айналыса бастаған. Алғашында мемлекет тарапынан қаржыландырылатын, облыстық спорт басқармасына қарайтын спорттық билер клубына барып жүрген. Кейіннен жаттықтырушысы Рая Берішбаеваны жұмыстан шығарып жіберген соң, Аня онымен бірге клубтан кетуге бел буған. Жаттықтырушысы Анямен тегін жұмыс істейді. Рая Берішбаева жергілікті мәдениет үйлерінің бірінен тегін залға қол жеткізіп, әкімдіктен биге арналған екі арба сұрап алған.
– Бір арба 800 мың теңге тұрады. Ең арзанының бағасы – осы. Жақсы арбаны миллионға сатып алуға болады. Бізде ондай ақша қайдан болсын?! Екі арба – барлығына ортақ, — дейді жаттықтырушы Рая Берішбаева.
Қазір Рая Ивановна бес адамды жаттықтырады. Олардың бәрі – арбада отыратын мүмкіндігі шектеулі жандар. Бірақ Германияда өтетін жарысқа Аня ғана барады. Бұл сапардың шығындарын жартылай Германияның Қазақстандағы елшілігі өтейді. Қалған ақшаны өздері табуы керек. Сапар үшін биге қатысатын жастар мен Рая Берішбаева демеуші іздеп жүр. Жаттықтырушы өздеріне зейнеткерлер мен студенттер де көмектесетінін айтады.
– Бұл туралы айтқанда көзіме еріксіз жас үйіріледі. Студенттер 500 немесе 200 теңгеден әкеліп береді. Осылай көмектескісі келеді, – дейді Рая Берішбаева.
Жақында Аня жаттықтырушысымен бірге ел астанасына барып, Германияға дайындаған бағдарламасын таныстырады. Қазылар алқасы мақұлдаса, Аня міндетті бағдарламадан бөлек, шетелге еркін стильдегі биін де алып барады. Бұл биді Аняның өзі ойлап тапқан. Айтуынша, ұйқы мен арман туралы би арқылы қорғаушы періштесіне өмірі мен мақсаты туралы баяндағысы келген.
Натальяның айтуынша, Аня сияқты арбада отырған мүгедектерге мемлекет дәрі-дәрмек бермейді. Тек бірнеше жылда бір рет арба береді. Оның өзі үлкен, ыңғайсыз және талапқа сай жасалмаған.
– Жақында Аня 18 жасқа толады. Бізге жаңа арба беруі керек. Жақында мобильді, жеңіл, қолайлы арбалар барын білдім. Енді сол түрін сұраймын. Аяқтарына жығылсам да, әкімнің қабылдауына жазылсам да, сондай арба алуға тырысамын. Қазіргісі тым ескі әрі ыңғайсыз, – дейді Наталья.
Аня әр екі жыл сайын мүгедектігін ұзарту үшін бірнеше дәрігердің қарауынан өтіп, әлі дертінен айықпағанын растап отыруы керек. «Қызым бір күні аяққа тұрып, жүріп кететін сияқты» дейді Наталья.
Аня шын мәнінде аяққа тұруы үшін жақсы ем керек. «Ондай жақсы ем бар да шығар, бірақ бәрі ақылы және қымбат» дейді Наталья. Аняға мүгедектігі, Натальяға «мүмкіндігі шектеулі балаға қарағаны үшін» берілетін жүз мың теңге қымбат массаж сеанстары мен емдік жаттығуға жетпейді.
Анямен қимай қоштастық.
– Көп адамға ашыла бермеймін. Ал сіз маған ұнап қалдыңыз. Қоғамда бар екенімізді байқап, біз үшін қандай да бір іс жасала бастағанына қуаныштымын, – дейді ол.
ПІКІРЛЕР