Accessibility links

Студенттің қашықтан оқуы. Пошта арқылы дәріс пен жылдамдығы баяу интернет


Түркістан облысы Үлгілі ауылында тұратын студент Бақберген Сапаш коронавирус індетіне байланысты онлайн режимде білім алады. Ол ауылда интернет сапасының нашарлығы оқуына бөгет екенін айтады. Бақберген Сапаш жіберген сурет.
Түркістан облысы Үлгілі ауылында тұратын студент Бақберген Сапаш коронавирус індетіне байланысты онлайн режимде білім алады. Ол ауылда интернет сапасының нашарлығы оқуына бөгет екенін айтады. Бақберген Сапаш жіберген сурет.

Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері наурыздан бастап коронавирус пандемиясына байланысты қашықтан білім алуға көшкен. Бұл әсіресе шалғай ауылда тұратындарға қиын. Азаттық тілшісі онлайн оқуға тырысып жүрген студенттермен сөйлесіп көрді.

ЖАРЫҚ ТА, ИНТЕРНЕТ ТЕ ЖОҚ

20 жастағы Бақберген Сапаш Сүлеймен Демирел атындағы университеттің үшінші курсында журналистика мамандығы бойынша білім алып жүр. Оқуына жыл сайын 800 мың теңге төлейді. Бақберген онлайн оқу кезінде университет бағдарламасынан қалып қоймау үшін несиеге ноутбук алған. Алматыда өмір сүру қымбат болғандықтан Түркістаннан 40 километр жердегі туған жері – Үлгілі ауылына оралған.

Үлгілі ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан 40 километр жерде орналасқан.
Үлгілі ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан 40 километр жерде орналасқан.

Бақберген 130 үйден тұратын ауылына интернет келгенін Алматыда жүргенде естіген. Бірақ іс жүзінде ауылдағы интернеттің жылдамдығы жарытып білім алуға мүмкіндік бермейтінін түсінген.

– [Онлайн] сабақ кезінде интернет жиі кідіретіндіктен оқу бағдарламасынан қалып бара жатырмын. Интернет жылдамдығы тіпті алдын-ала жазылған сабақты көруге де жетпейді. Кейде [жылдамдық] секундына бір мегабит болады. Интернет дұрыс істемегендіктен, [оқу жылы] басынан бері төрт рет тариф ауыстырдым. Бұған он мың теңгеге жуық ақшам кетті, – дейді студент.

Бақберген Сапаш.
Бақберген Сапаш.

Ауылды жерде қарапайым жарық жоқ кезде білім беру процесіне жоғары технологиялар енгізу туралы айтудың өзі артық. Бақбергеннің ауылында электр жарығы жиі өшеді. Секундына бір мегабит жылдамдық интернетпен қалай дәріс тыңдауға болатыны тағы түсініксіз. Салыстырар болсақ, Қазақстанда интернеттен дерек жүктеудің орташа жылдамдығы – секундына 18,85 мегабит.

– Былтыр да дәл осылай болды. Сессиямды тапсыра алмадым. Қазір [жарық] бұрынғыдай жиі өшпейді. Осыған дейін аптасына үш-төрт рет жарық болмай қалатын. Сондықтан оқытушыларыма алдын-ала ескертіп отырамын. [Орындаған] тапсырманы жіберген кезде де қазір жарық сөніп қалмас па екен деп уайымдаймын, – дейді студент.

"ТАПСЫРМА ОРЫНДАУҒА ТҮН ОРТАСЫНДА КІРІСЕМІН"

Бақбергенмен бір топта оқитын Ақдидар Әбдімәулен Алматы маңындағы Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылында тұрады. Бірақ мегаполиске жақын орналасқан ауылда интернет жылдамдығы мәз емес.

Сүлеймен Демирел атындағы универститеттің үшінші курс студенті Ақдидар Әбдімәулен де ауылдағы интернет нашарлығы оқуына кедергі екенін айтады.
Сүлеймен Демирел атындағы универститеттің үшінші курс студенті Ақдидар Әбдімәулен де ауылдағы интернет нашарлығы оқуына кедергі екенін айтады.

– Мобильді интернетімнің тарифін қолдануға мәжбүрмін. Оқу басталғалы алты мың теңге жұмсадым. Әдетте бір айға мобильді интернетке екі мың теңге де жететін. Бес сағат Zoom-да отырамыз, жақсы интернет жылдамдығын қажет ететін платформаны пайдаланамыз (СДУ-дың оқу-әдістемелік материалдары жүктелетін Moodle платформасын айтады). Платформа ашылмайды, әр жолы 10-15 минут күтуге тура келеді. Түнгі сағат 12-ге дейін интернет дұрыс істемейді. Сондықтан үй тапсырмасын орындауға түн ортасынан кейін бір-ақ кірісемін, – дейді Ақдидар.

Ақдидар бұрынғы оқу форматына оралғысы келеді. Оған интернет жылдамдығының нашарлығы ғана емес, басқа да себеп бар.

– Көзім нашар көреді. Оқу жылы басталғалы аз уақыт өтсе де, компьютердің алдында ұзақ отырғаннан көру қабілетім нашарлай бастады. Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 5-ке дейін тапжылмай сабақ оқимын. Тіпті түскі ас ішуге де уақыт болмайды. Университетке барып оқығым келеді. Оқытушының алдында отырғанда бәрін түсінесің. Әзірше толымды білім алып жатырмын деуге келмейді, – дейді қашықтан оқудан алған әсерімен бөліскен Ақдидар Әбдімәулен.

ҚАЛАДАҒЫ ТУЫСТАРДЫ САҒАЛАУ

Интернеттің әуресі басқа өңірдегі студенттерге де қиындық тудырып отыр. Кейбірі қаладағы туысын сағалап жүр. Мысалы, Айболат (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) 1 қыркүйектен бастап Ақтөбедегі туысының үйінде тұрып жатыр. Ол қалаға облыс орталығынан 450 километр жердегі Ырғыз ауданына қарасты Жанысби ауылынан келген.

Ауылға күзде интернет тартамыз деп уәде берген. Интернет желісін тартуға тұрғындардан ақша да жинады. Былтыр тартамыз деп еді, болмады.

– Бұл мәжбүрліктен туған шара. Ауылда интернет болса, сол жақта жүріп, қашықтан оқыр едім. Әзірге осылай амалдап жатырмыз: қалада не аудан орталығында туысы бар студенттер соны паналайды. Ауылға күзде интернет тартамыз деп уәде берген. Интернет желісін тартуға тұрғындардан ақша да жинады. Былтыр тартамыз деп еді, болмады. Енді биыл күтіп отырмыз, – дейді Айболат.

Павлодар облысы Аққулы ауданы Жабағлы ауылында тұратын Ринат Ақтаржанов Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің жоғары колледжінде оқиды. Ол қазір пошта арқылы білім алып жүр.

– Телефоным бұзылып, жөндеуге бердім. Ол кезде бәрі жабық болды, еш жер жұмыс істемейтін. Интернет жоқ, ал үй тапсырмасын көп беретін. Дәрісті жіберіп алмауға тырысамын, өйткені кейін тақырыпқа ілесу қиын. Тапсырманы поштамен алуға болатынын естідім. Оқытушылар барлық сабақтан оқу материалын, тапсырма мен сызбаларды қағазға басып шығарып, үлкен конвертке салып, маған жіберетін. Мен үй тапсырмасын орындап, поштамен колледжге жолдайтынмын. Осының бәріне қанша уақыт кеткені қазір есімде жоқ. Бірақ өзім тапсырмаларды тез орындаған сияқтымын, – дейді Ринат Ақтаржанов.

Студенттің сөзінше, мұндай оқу форматының қиындығы хаттың ұзақ жүретінінде ғана емес.

– Бәрі карантинге жабылды, хат қашан жетеді деп күтіп отырасың. Бірақ пошта болмаса мүлде оқи алмас едім. Ал маған жақсы баға керек, өйткені шәкіртақы алғым келеді, – дейді студент.

"КОРОНАВИРУСҚА БАЙЛАНЫСТЫ ЖАТАҚХАНАНЫ АШУҒА БОЛМАЙДЫ"

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов интернеті жоқ ауылда тұратын студенттердің жоғары оқу орны жатақханасында жатып оқи алатынын айтқан. Бірақ Бақберген, Айболат пен басқа студенттердің басындағы жайттан көп жастың қалада туысының үйіне немесе пәтер жалдап тұратыны белгілі болды. Қыркүйектің басында өткен брифингте білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Азаттық тілшісінің сұрағына берген жауабында жаңа оқу жылы басталғалы колледжде оқитын 9,5 мың оқушы мен жоғары оқу орнында білім алатын 15 мың студенттің жатақханаға орналасып, қашықтан оқуға көшкенін айтқан.

Колледждер мен жоғары оқу орындарында студенттердің өмір сүріп, қашықтан оқуына барлық жағдай жасалған.

– Бұл – ұзақ процесс. Студенттер қаласа, [жоғары оқу орны жатақханасына] жайғасып, оқи алады. Колледждер мен жоғары оқу орындарында студенттердің өмір сүріп, қашықтан оқуына барлық жағдай жасалған. Барлық жатақхананы компьютермен және кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі шешілген, – деді Каринова.

Бірақ Сүлеймен Демирел атындағы университеттің әкімшілігі Азаттыққа үкіметтің коронавирус инфекциясын таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы шешіміне сәйкес, студенттерге жатақхана берілмегенін хабарлады.

СДУ әкімшілігінің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында "Әлемдік пандемияға байланысты [университет] әкімшілігі күзгі семестрде студенттердің қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау мақсатында оларды жатақханаға қабылдамау туралы шешім қабылдады. Қазір СДУ осы талапты сақтап отыр" делінген.

Қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаса, академиялық демалыс алуға болады.

СДУ-дың академиялық іс және ғылыми зерттеу жөніндегі проректоры Давронжон Гаипов студентте интернет болмаса, ешқандай платформадан пайда жоғын айтады.

– Қашықтан оқуға мүмкіндігі болмаса, академиялық демалыс алып, оқуды төтенше жағдай (карантинді айтады – ред.) аяқталғаннан кейін кампусқа келіп жалғастыруына болады, – дейді Давронжон Гаипов.

ҚАШЫҚТАН ОҚУ ОТБАСЫ БЮДЖЕТІНЕ АУЫР ТИЕДІ

Студенттердің қашықтан оқудағы қиындықтары ата-анаға да әсер еткен. Алматының түбіндегі Қаскелең кентінде тұратын Земфира Татарова – туристік фирманың иесі. Туризм – пандемия кезінде ең көп зардап шеккен салалардың бірі. Земфира қазір табыссыз қалған, ал жаңа оқу жылы басталған соң қашықтан оқитын қыздарының шығыны көбейген. Үлкен қызы Петербургте оқиды, қазір түстен кешке дейін үйде онлайн-білім алып жүр.

Қызым оқу бағдарламасынан қалып қойғанын өз бетінше оқып, үлгеруге тырысып жүр. Көшемізде жақсы интернет жоқ, соның өзінде айына 15 мың теңге төлейміз.

– Қызымның оқуын сырттай бақылап, интернеті нашарлап не мүлде істемей, қолайсыз жағдайда қалатынын байқап жүрмін. Ондайда қызым бірден мобильді интернетін қосады. Байланыс сонда да нашар болса, ноутбугын алып аулаға шығады. Әйтеуір бір жақсысы, жер үйде тұрамыз. Бірақ аулаға жүгіру мәселені шешпейді. Кейде бүкіл интернет [интернетке қосылу түрі] істемей қалады. Қызым оқу бағдарламасынан қалып қойып, жіберіп алған сабақты өз бетінше оқып, үлгеруге тырысып жүр. Көшемізде жақсы интернет жоқ, соның өзінде айына 15 мың теңге төлейміз. Осының бәрі Қаскелеңнің орталығында болып жатыр, – дейді Земфира Татарова.

Земфира туризм саласындағы дағдарыс кесірінен болашақта балаларының (кенже қызы 8-сыныпта оқиды) қашықтан оқуын қамтамасыз етуге ақшам болмай қала ма деп уайымдайды.

– Құдай сақтасын, бірақ отбасымызда біреу ауырып қалса, ештеңеге ақша жетпейді. Жағдай өте ауыр. Кәсібі, үйі мен көлігі бар менің өзім осылай айтып отырмын. Қолында ештеңесі жоқ адамдардың жағдайы қалай десеңші? – дейді Земфира Татарова.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ 883 АУЫЛЫНДА ИНТЕРНЕТ ЖОҚ

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі Бағдат Мусин байланыс операторлары 1200 елдімекенді талшықтық-оптикалық желімен қамтуға шамамен 60 миллиард теңге бөлгенін хабарлаған. Министрліктің телекоммуникация комитетінің дерегінше, Қазақстанда 6459 ауыл бар. Биліктің есебі бойынша, 2020 жылы қыркүйекте 4646 ауылда интернет болған.

Білім вице-министрі: Қазақстанда мыңнан аса ауылда интернет жоқ (9 қыркүйек 2020 ж.)

Вице-министр: Қазақстанда мыңнан аса ауылда интернет жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:07 0:00

Бағдат Мусин мыңнан астам елдімекенде сапалы интернет желісі бар деп сендіреді. 1813 ауылда мүлде интернет жоқ. Министрдің сөзінше, олардың көбі 2020 жылдың соңына дейін интернетпен қамтылмақ. Қалған ауылдарға күте тұруына тура келеді.

"СТУДЕНТТЕРДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫН ЕСКЕРІҢІЗДЕР"

Қашықтан оқу бойынша сарапшы Айнұр Сатекова (AlmaU университеті) қашықтан оқуды ұйымдастыруда техникалық шешімдерден бөлек, студенттердің эмоциялық және психологиялық жағдайына да назар аударуға кеңес береді.

Қашықтан оқу бойынша сарапшы Айнұр Сәтекова.
Қашықтан оқу бойынша сарапшы Айнұр Сәтекова.

– Студенттердің қазір стресс жағдайында, көңіл-күйі пәс болып жүргенін де ұмытпаған ләзім. Біреу жақынынан айырылды, біреу үйінде моральдық қысым көреді. Енді біреуі көп туысымен бірге шағын пәтерде тұратындықтан, оқуға мүмкіндігі жоқ та шығар. Сондықтан біз оқытушыларға онлайн-дәріс кезінде эмпатия білдіріп, сабақтың басында және соңында бес-он минут студенттермен әңгімелесіп, жағдайын сұрауға кеңес береміз. Біреу үшін бұл замандастарымен сөйлесіп, қоғаммен араласудың жалғыз мүмкіндігі болуы мүмкін. Елімізде осындай маңызды дүниеге дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Шетелдік университеттерде бұған ерекше назар аударады. Онда стресте жүрген студенттерге арналған анонимді кеңес беру қызметі де бар, – дейді Айнұр Сатекова.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 600 мың, колледждерде 400 мыңнан астам студент білім алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG