«АДАМНЫҢ ІШКІ ТӘРТІБІ МАҢЫЗДЫ»
Нұр-Сұлтан қаласында тұратын дизайнер Виталий Шевченко наурыздың 15-нен бастап қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкен. Жұмыс компьютерін үйге әкеліп, ас бөлмесінің бір бұрышын жұмыс кабинетіне айналдырды. Виталий бұған дейін де бес жыл фрилансер боп, үйден жұмыс істеген.
— Күні бойы кеңседе отырғаннан гөрі қашықтан жұмыс істеген қолайлы. Кеңседе қимыл аз, ал үйде әрі-бері жүріп, жаттығу жасап, арасында бірер сағат мызғып алуға да болады. Басқа шаруаларыңды реттеуге де уақыт бар. Еркінсің, — дейді дизайнер.
Алайда Виталий үнемі әлеуметтік ортада жүргенді қалайтын адамдарға да түсіністікпен қарайды.
— Мұндай адамдарға үйде жұмыс істеу қиындау. Қашықтан жұмыс істеу еңбек өнімділігіне әсер ете қоймайды. Бәрі адамның ішкі тәртібіне байланысты, —дейді ол.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Русина Мусина логист боп жұмыс істейді. Наурыздың 16-нан бастап ол да қашықтан жұмыс режиміне көшкен. Русина қазіргі жұмыс тәртібі ыңғайлы екенін айтады.
— Таңертең асығып, кептелісте тұрып, жұмысқа барудың қажеті жоқ. Бірақ бір қолайсызы — үйде жұмысқа толық кірісе алмайсың. Бұл әсіресе, қазір қатты байқалады. Өйткені отбасымдағылардың бәрі карантинге байланысты үйде отыр. Біреуі теледидар қосады, екіншісі музыка тыңдайды, үшіншісі телефонмен ойнайды. Осының бәрі жұмысқа кедергі, әйтеуір қолымнан келгенше тырысып жатырмын, — дейді логист.
Мусинаның пікірінше, үйде адам өзін барынша еркін сезінеді.
— Үйде жұмыс істеудің артықшылығы көп. Жұмысым логистикамен байланысты болғандықтан, қолымнан телефон түспейді. Кез келген сәтте бәріне хабарласып, өзіме жүктелген міндетті орындай аламын,— дейді Русина Мусина.
Карантин режимі жұмысына қолайсыздық туғызып жүргендер де бар. Жарас Мақсатов Нұр-Cұлтандағы мейрамхананың бірінде даяшы боп жұмыс істеген. Карантин басталғалы мейрамхана жабылып, тамақты үйге жеткізу қызметіне көшкен.
- Бастығымыз бұрынғыдан аз жалақыға мейрамханадан шықпай жұмыс істеуді ұсынды. Тапсырыс азайған соң табыс та азайғанын, сондықтан жалақымыз төмендейтінін айтты. Мейрамханада тұрғым келмей жұмыстан шығып кеттім. Қазір үйден істейтін жұмыс іздеп жүрмін. Таңдау көп емес, - дейді жас жігіт.
Ольга Трофимова – жеке кәсіпкер. Ол карантинге дейін сауда үйлерінің бірінде бутик жалдап, киім сатқан. Қазір бутик жабық. Саудасы тоқтаған Трофимова шығынға бата бастаған.
- Интернет арқылы киім сата алмаймын. Өйткені клиенттерімнің көбі – интернет арқылы тапсырыс бере алмайтын немесе онлайн саудаға сенбейтін ауыл тұрғындары. Оның үстіне «XXL» өлшеміндегі киімдер сатамын, оларды міндетті түрде киіп көру керек. Елде мен сияқты мыңдаған саудагер бар, қазір бәрі шығын шегіп отыр, - дейді жеке кәсіпкер.
Алматыдағы Vlast.kz сайтының бас директоры Вячеслав Абрамовтың айтуынша, редакция қызметкерлері үйден жұмыс істеуге көшкен.
— Мұндай форматтың артықшылығы мен кемшілігін дөп басып айта алмаймын. Қашықтан жұмысты аса ұната бермеймін. Бұл, әсіресе, редакцияда әріптестермен үнемі байланыста болып, маңызды тақырыптарды талқылап, шешім қабылдайтын адамдарға қиын, — дейді Вячеслав Абрамов.
Оның пікірінше, төтенше жағдай, карантин мен пандемия кезінде жұмыс берушілердің қызметкерлерді қашықтан жұмыс режиміне ауыстырудан басқа амалы жоқ.
— Қазіргі жағдайға тек жұмыс беруші ретінде ғана қарамау керек. Бұған еңбек өнімділігін төмендетіп, жалпы жұмысқа теріс әсер ететін шара емес, мәжбүрлі қадам деп қараған дұрыс. Сабыр сақтаған жөн. Бастысы — адам денсаулығы. Қазіргі жағдайды елемей, жұмысты кеңседе жалғастыра беру ессіздік болар еді. Қауіпсіздік шараларын сақтау керек,— дейді Абрамов.
«ӨМІРІН ОЙ ЕЛЕГІНЕН ӨТКІЗУГЕ МҮМКІНДІК»
Адвокат Мереке Ғабдуалиев Қазақстанның еңбек кодексінде жұмыс беруші мен қызметкердің қашықтан жұмыс істеу кезіндегі құқықтары мен міндеттері көрсетілген баптар барын айтады.
Ғабдуалиев қашықтан жұмыс істеу тәжірибесі туралы айтқанда, сот жүйесін мысалға келтірді.
— Біраз уақыттан бері басқа қалада отырып, сот процестеріне видео конференция арқылы қатысып жүрміз. Осылай жол шығыны қалтамызда қалады, уақыт үнемдейміз. Кездесуді қажет ететін мәселелер болмаса, қашықтан жұмыс ыңғайлы. Бастысы, интернеттің жылдамдығы жақсы болуы керек. Мәселен, көптен бері шағымды электронды сот кабинеті арқылы беріп жүрміз. Клиенттерге мессенджер арқылы кеңес беріп, әріптестерімізбен желіде сөйлесеміз,- дейді ол.
Адвокат қазір адамдар әртүрлі мекеменің есігін қағып, саңдалмауы үшін халықтың интернет сауаттылығын арттыру керек деп есептейді.
— Коммуналдық және өзге төлемдерді, азық-түлік пен киім-кешек жеткізу қызметінің ақшасын интернет арқылы төлеуге болады. Жұмыс берушіге қазіргі жағдайдың тиімділігі де бар. Арнайы жұмыс орнын жалдамай, ақшасын үнемдейді. Бірақ қашықтан жұмыс шарттарын келісіп алған дұрыс. Жұмыс күні қалай есептелетінін, интернет пен қосымша құрылғылардың ақысын кім төлейтінін келісіп алуы керек. Осының бәрі еңбек шартында көрсетіледі, — дейді Мереке Ғабдуалиев.
Психолог Райса Байдалиеваның пікірінше, халық санасы біртіндеп өзгеріп, қашықтан жұмыс істеп, онлайн білім алуға үйренеді.
— Біреудің басқаруына үйреніп қалған адамдарға қашықтан жұмыс істеу қиын. Кеңседе дұрыс жұмыс істемегендер үйде де жарытпайды. Адамның өз өмірін ой елегінен өткізуіне мүмкіндік туды. Бізге осындай мүмкіндік жетпейтін, — дейді психолог.
Райса Байдалиева қазақстандық дәстүрлі қоғам қазіргі мүмкіндікті пайдаланып, жаңа өзгерістерге бейімделуі керек деп есептейді.
— Ұжымдық сана «жақсы» деп кесіп айту қиын. Қазір индивидуалистердің уақыты. Бұл - қалыпты жағдай. Ұжымдық сана емес, жекелеген адамдардың санасы дамуға итермелейді. Осыны сезініп, бейімделу керек. Осыған дейінгі өмір салтымыз моральдық тұрғыдан ескірді, — дейді психолог.
Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг кезінде төтенше жағдайға байланысты кей жұмыс беруші қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыра алатынын айтты.
— Жекелеген кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы шектеледі, кейбірінің жұмысы мүлде тоқтайды. Мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындардың бәрі мүмкіндігінше қашықтықтан жұмыс істеуге көшуі керек, — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Біржан Нұрымбетов жұмыс берушіні «қызметкер алдында әлеуметтік жауапкершілік танытып, еңбек заңын сақтауға, еңбек құқығы бұзылғандарды шағым түсіруге шақырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстанның барлық аумағына 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізген.
Төтенше жағдай жарияланған соң Қазақстандағы білім орындары қашықтан оқу әдісіне көшкен, бірақ қашықтан оқуға бәрі дайын ба деген сұрақ туған еді. Сәуірдің 5-іне оқушылар каникулы аяқталған соң орта мектептер де қашықтан оқуы мүмкін.
Наурыздың 19-ынан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына, коронавирустың таралуына байланысты Қазақстанның тағы да басқа бірнеше қаласына карантин енгізілген. Карантинге байланысты қала тұрғындарының жүріс-тұрысы мейлінше шектеліп, көптеген кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысы тоқтатылған.
ПІКІРЛЕР