Accessibility links

"Мобильді топ жеткенше шыдай тұрсын". Тәуелсіз бақылаушылар қызметінен репортаж


Парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауы күні Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің кеңсесінде отырған байқаушылар. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл
Парламент пен жергілікті мәслихаттар сайлауы күні Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің кеңсесінде отырған байқаушылар. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл

19 наурызда Қазақстанда кезектен тыс мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті. Алматыда әдеттегідей ең төменгі көрсеткіш тіркелді: мұнда сайлаушылардың 25 пайызы ғана дауыс берген. Бұл, былтыр өңірлік сайлау комиссиясының төрағасы айтқандай, "алматылықтардың демалыс күні ұйқысын қандырып, кеш оянуына" емес, тәуелсіз бақылаушылар желісінің кең таралуына да байланысты. Бұл жолы Алматыда тәуелсіз бақылаушы көп болды. Солардың бірі – Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі. Азаттық тілшісі сайлау күні бақылаушылар жұмысын көруге барды.

Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі Алматыдағы 250 сайлау учаскесі мен өңірлердегі 50 сайлау учаскесін қамтыған. Бір ғана Алматының өзінде кемі 600 учаске жұмыс істеді.

Азаттық тілшісі Алматының әртүрлі ауданындағы 15 сайлау учаскесіне барып көрді. Бірақ олардың көбінде билікшіл партиялардың атынан келген бақылаушылар мен бірмандатты кандидаттардың сенімді өкілдері ғана отырды.

№157 сайлау учаскесінде ғана Азаттық тілшісі Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің тәуелсіз бақылаушысын жолықтырды. Ол сайлау учаскесінде заңбұзушылық болғанын, бір кандидаттан екі сенімді өкіл келгенін, бұл заңға қайшы екенін айтты. Қалған учаскелердің бәрінде бақылаушылар бірауыздан "ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ" деп жауап берді. Олар өздерін әйнектің ар жағына отырғызып, дауыс беру процесін бақылауға кедергі келтірсе де, сайлау комиссиясының әрекетіне қарсы шағым айтпады.

Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл
Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл

ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУ ҚАЛАЙ ЖҮРЕДІ?

Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің Алматыдағы кеңсесінде таңсәріден қарбалас болып жатты. Қызу тірлік сайлау учаскелері ашылмай жатып басталды.

Азаттық тілшісі кеңсеге 15.00-ге таяу барғанда ұйым өкілдері әлі түскі ас ішпегенін, бауырсақпен ғана жүрек жалғап жүргенін көрді. Жетекшілер тамақ ішуге уақыты жоғын айтты.

– Бақылау таңғы 6-да басталады. Өйткені бақылаушылар сайлау учаскелеріне барады. Жетекшілер олардың өз учаскесін табуын, еш қиындықсыз кіруін қадағалайды. Өткен сайлауларда ойдан шығарылған себептермен бақылаушыларды ішке кіргізбей қойған, – дейді Жас сайлаушылар лигасының жетекшісі Валерий Володин.

Володиннің айтуынша, лигадағы әр жетекшіге 10 бақылаушыдан бекітілген. Ол бақылаушылармен үнемі байланыста болып, сұрақтарына жауап беріп, қолдау көрсетіп отырады.

– Бірінші кезекте заң тұрғысынан көмектесуге тырысамыз. Қандай да бір жағдай болғанда, заң бойынша не істеу керегін түсіндіреміз. Бірақ кейде комиссия мүшелері заңға бағынудан бас тартып, сөзімізді тыңдамайды. Олар бақылаушының айтқаны дұрыс екенін, оның құқығын көрсететін сайлау туралы конституциялық заңды ашып оқығысы келмейді. Мұндайда бақылаушыны қорғап, өңірлік сайлау комиссиясына жүгінуге, сотқа шағым жазуға тура келеді, – дейді Валерий Володин.

Жас сайлаушылар лигасының жетекшісі Валерий Володин
Жас сайлаушылар лигасының жетекшісі Валерий Володин

Біз сұхбат құрып жатқанда, Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің жобалар жетекшісі әрі заңгері Нұргүл Мұхит телефонда өңірлік комиссия өкілдерімен сөйлесіп жатты. №509 сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылаушыға қысым жасалған: "Аманат" партиясының өкілі мен "Дауыс" ұйымының бақылаушысы Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің бақылаушысына шүйлігіп, ұйықтап жатқан әріптестерімізді суретке түсірді деп шу шығарған. Олар суретті желіден өшіруді, тәуелсіз бақылаушыны сайлау учаскесінен шығарып жіберуді талап еткен.

– Комиссия төрағасы бақылаушылар мәселесін сыртқа шығып шешіп алсын деп жатыр. Сізден осы мәселені шешуді сұраймын… Төрағадан шу шығарған бақылаушыларды сабырға шақыруды сұраңыз... Ол басқа бақылаушыны суретке түсірген. Жоқ, оның сайлау учаскесінде суретке түсіруге құқығы бар. Суретке түсіруге болмайды деп қайда жазылған? – дейді Нұргүл телефон арқылы жағдайды түсіндіруге тырысып.

Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің жобалар жетекшісі әрі заңгері Нұргүл Мұхит. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл
Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің жобалар жетекшісі әрі заңгері Нұргүл Мұхит. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл

Бірақ телефонның ар жағындағы адам түсінгісі келмей, заңсыз суретке түсірген бақылаушы жауапқа тартылуы мүмкін деп ескертті.

– Бақылаушы басқа бақылаушыларды суретке түсіре алмайды, бірақ сайлау процесін түсірсе болады дейді, – деді Нұргүл әріптестеріне.

– Оған басқа бақылаушыларды суретке түсірдің деп ұрсып жатыр ма?

– Иә, ұйықтап жатқан бақылаушыларды түсіргені үшін. Ол суретке түсіріп, маған жіберген, біз оны әлеуметтік желіге салдық. Онда ұйықтап жатқан адамның түрі көрінбейді, артқа қарап жатыр, – дейді тағы бір қызметкер Камила Еңсегенова.

– Бақылаушымызға айтыңдар, мобильді топ жеткенше шыдай тұрсын, – деді Қазақстан жастар ақпараттық қызметі қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ирина Медникова.

Қазақстан жастар ақпараттық қызметі қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ирина Медникова. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл
Қазақстан жастар ақпараттық қызметі қамқоршылар кеңесінің төрағасы Ирина Медникова. Алматы, 19 наурыз, 2023 жыл

ҮЗДІКСІЗ ҚЫСЫМ

Валерий Володиннің сөзінше, тәуелсіз бақылаушылар комиссия мүшелері мен билікке адал партиялар мен ұйымдардан келген бақылаушылардың қысымына көп ұшырайды. Сайлау учаскелері жабылғанға дейін Жас сайлаушылар лигасы 89 заңбұзушылық тіркеген.

– Заңбұзушылықтың көбі бақылаушылар құқығын жүзеге асыруға қатысты: комиссия мүшелері оларға белгіленген сызықтан әрі өтуге, заң бойынша сайлауды толық бақылауға мүмкіндік бермейді. Олар конституциялық заң мен басқа да нормаларды емес, комиссия мүшелері орнатқан ішкі ережелерді сақтауды сұрайды, – дейді Володин.

Азаттық тілшісі кеңседе болған 15.00 шамасында Жас сайлаушылар лигасының бірде-бір бақылаушысы сайлау учаскесінен шығарылмаған еді. Бірақ сайлау учаскесі жабылып, дауыс санайтын уақытта тәуелсіз бақылаушыларды ойдан құрастырылған себептер бойынша шеттете бастады.

Мысалы, бақылаушы Оразай Қыдырбаевты "дауыс беруге қанша адам келгенін сұрап, Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің жетекшісімен телефон арқылы дауыстап сөйлесті" деген себеппен №192 сайлау учаскесінен шығарып жіберген. Комиссия өкілдері полиция шақырған. №578 сайлау учаскесінде Жас сайлаушылар лигасының бақылаушысы Виктория Никитинаны видеоға түсіргені үшін қуып шыққан. Комиссия өкілдері басқа бақылаушыларға видеоға түсіруге тыйым салмаған.

Осыған дейін аталған №509 сайлау учаскесінде комиссия төрағасы дауыс хаттамасын бермей, Жас сайлаушылар лигасының бақылаушыларынан қашып кеткен. Комиссия өкілдерінің көбі дауыс хаттамасын бергісі келмейді, сондықтан ең қиын жұмыс сайлау учаскесі жабылғаннан кейін басталады.

– Сайлау учаскелері жабылған соң, хаттама үшін күрес басталады. Комиссия мүшелері әдетте хаттаманы бергісі келмейді. Өйткені көбіне осы хаттамалар олардың өз қызметін дұрыс атқармағанын көрсетіп, цифрлар сай келмей жатады. Өздері қол қойған, мөр басылған, өңірлік сайлау комиссиясына жіберілетін ресми құжатты қиналып жүріп, әзер аламыз. Заң сақталуын талап етеміз. Хаттаманы бақылаушылар есебімен салыстырып шығамыз, өйткені бақылаушылар болған учаскеде дауыс беруге келгендер саны мен сайлау қорытындысы мүлде басқа болатынын білеміз, – дейді Валерий Володин.

Володиннің айтуынша, билік бақылаушылардың учаскелік, өңірлік және Орталық сайлау комиссиясына жіберген ұсыныстары мен жүйелі қателер туралы шағымын мүлде қарамайды.

– Сайлау комиссиясының мүшелері әлі де заңды, бақылаушылар құқығы мен өз міндеттерін жақсы білмейді. Бақылаушылар қызметіне кедергі жасауға тырысады, – дейді Володин.

19 наурыз күні кешкісін Қазақстан жастар ақпараттық қызметі Алматыдағы өңірлік сайлау комиссияларына 11, Орталық сайлау комиссиясына екі шағым жіберді.

Бюллетеньді топтап салу, "карусель" және комиссиядан қуылу
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG