Accessibility links

Тоқаевтың жеңісімен Қосанов келіседі


Президентікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауына дауыс беруге келген сәт. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Президентікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауына дауыс беруге келген сәт. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

ОСК президент сайлауында "Нұр Отан" партиясы кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың 70 пайыздан артық дауыс жиғанын жариялады. Тоқаевты ресми ақпарат шықпай тұрып құттықтап үлгерген кандидат Әміржан Қосановтың қылығы жақтаушыларына жақпай қалды. Бақылаушылар сайлауда бұрмалаушылық көп тіркелгенін айтады.

САЙЛАУДЫҢ РЕСМИ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауында биліктегі "Нұр Отан" партиясының кандидаты әрі елдің қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаушылардың 70,76 пайызы қолдаған. Бұл туралы маусымның 10-ы күні Нұр-Сұлтанда президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров хабарлады.

Президенттікке кандидат Әміржан Қосанов.
Президенттікке кандидат Әміржан Қосанов.

ОСК мәліметінше, дауыс беруге қатысқан 6,5 миллион сайлаушы "Нұр Отан" партиясы кандидатына қолдау білдірген.

"Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан сайлауға түскен Әміржан Қосановқа сайлаушылардың 16,2 пайызы немесе 1,4 миллион адам дауыс берген.

Үшінші орында "Ақ жол" партиясынан қатысқан кандидат Дания Еспаева тұр. Тұңғыш әйел кандидатқа 478 мың сайлаушы (5,2 пайыз) қолдау білдірген.

Президенттікке кандидат Дания Еспаева.
Президенттікке кандидат Дания Еспаева.

​Қалған төрт кандидаттың жинаған дауысы төрт пайыздан аспайды:

  • "Ауыл" партиясы өкілі Төлеутай Рақымбеков - 294 271 дауыс немесе 3,2 пайыз;
  • Қазақстан кәсіподақтары федерациясы ұсынған Амангелді Таспихов – 190 304 дауыс немесе 2,7 пайыз;
  • Қазақстан коммунистік халық партиясы үміткері Жамбыл Ахметбеков – 167 249 дауыс немесе 1,82 пайыз;
  • "Ұлы дала қырандары" қоғамдық бірлестігі өкілі Сәді-Бек Түгел – 84 348 дауыс немесе 0,92 пайыз.

ОСК жария еткен сайлау нәтижесі жексенбіде сайлау учаскелерінде президент сайлауына дауыс беру аяқталғаннан кейін, маусымның 10-ына қараған түні жарияланған екі ресми экзит-полл қорытындысымен ұқсас боп шықты.

"Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген экзит-полл нәтижесі бойынша, Қосым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 69,94 пайызының қолдауына ие болған. Әміржан Қосановқа 14,96 пайызы дауыс берген.

Ал "Қоғамдық пікір" институты өткізген экзит-полл қорытындысына сәйкес, Тоқаев - 70,13 пайыз, Қосанов 15,39 пайыз дауыс жиған.

БӘСЕКЕЛЕСТІ ҚҰТТЫҚТАУ

Өзін "оппозициялық кандидатпын" деп атайтын саясаткер Әміржан Қосанов дүйсенбіге қараған түні экзит-полл қорытындысы шыққан соң іле-шала Тоқаевтың "қоғаммен диалог жүргізіп, өзгеше ойлайтындарға, әсіресе жастардың балама пікіріне төзіммен қарауға тағы да ниет танытып отырғанын" айтып, оны "жеңісімен" құттықтаған еді.

Бұған қоса Қосанов жексенбі күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда "сайлауға бойкот жариялағандар" өткізген рұқсат етілмеген шеру туралы мәлімдеме жасап, оны "саяси арандату" деп атады. "Жастарымыз жалған демократиялық, жалған оппозициялық идеяларға алданып жатыр" деді Қосанов.

Азаматтарды жаппай ұстаған полицияға наразылық ретінде өз қолын өзі кескен әйел полиция көлігінің қасында жатыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.
Азаматтарды жаппай ұстаған полицияға наразылық ретінде өз қолын өзі кескен әйел полиция көлігінің қасында жатыр. Алматы, 10 маусым 2019 жыл.

ОСК сайлаудың алдын ала қорытындысын жариялаған маусымның 10-ы күні Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте полиция көпшілік орынға барған ондаған азаматты ұстады. Алматыдағы Астана алаңынан полиция ұстаған бір әйел қарсылық ретінде өз қолын кесіп жіберді. Оны жедел жәрдем көлігіне салып, ауруханаға алып кетті.

Видео: Алматыда полиция ондаған адамды ұстады. 10 маусым 2019 жыл.

"Көмектесіңіздер!". Алматыда полиция ондаған адамды ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Осы сайлауда кандидат Әміржан Қосановты жақтағандардың көбі президент сайлауының ресми нәтижесі шығуын күтпей, билік партиясының кандидатын құттықтауға асыққан оның қылығын сынға алды.

Қосанов "қазақтың тәуелсіздігі мен қоғам тұрақтылығына" қауіп төндіретін іс-әрекеттерді құптамайтынын мәлімдеді.

- Мен көшеге шығуға шақырмаймын. Және ол туралы әу бастан айтып келемін. Мен заң аясында, құқық алаңында әрекет ететін саясаткермін. Радикалдарға, өзгелерге бұл ұнамайтын шығар, бірақ мен үшін тұрақтылық, қазақтың тәуелсіздігі маңызды, - деді ол маусымның 10-ы күні Нұр-Сұлтандағы брифинг кезінде.

Әміржан Қосанов өз штабы келіп түскен сайлау комиссиялары хаттамаларын зерттеп, "барлық құқықтық мүмкіндіктерді" пайдаланатын болады деп айтты.

Жексенбі күні сайлау учаскелерінде дауыс беру барысын бақылаған азаматтар заң бұрмалаушылық көп тіркелді дейді. Сайлау кезіндегі "заңбұзушылық фактілері" жайлы деректер әлеуметтік желілерде де көптеп тарап жатыр.

ОСК-ның ресми мәліметі бойынша, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына дауыс беруге сайлаушылар тізіміне енгізілген 12 миллионға жуық сайлаушының 77,4 пайызы қатысқан.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда осымен алтыншы рет президент сайлауы өтті. Сонымен бірге ел тарихында бұл төртінші кезектен тыс президент сайлауы. Бұл жолғы сайлауға Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық басқарып келген, биыл наурызда президенттік өкілетін кенеттен тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан жоқ. Ол өз орнына парламент сенатының сол кездегі төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырып кеткен еді.

Сарапшылар заң жүзінде бекітілген ерекше мәртебесі, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы бар Назарбаев президенттіктен кеткенімен, билікке ықпал ету тетіктеріне ие болып қалды деп санайды. Қазақстандағы кейбір оппозициялық күштер шынайы билік әлі Назарбаевтың қолында деп біледі. Олар билік кезектен тыс президент сайлауын қысқа уақыт аралығына белгілеп, сайлаудың шынайы бәсекемен өтуіне еш мүмкіндік қалдырған жоқ деп мәлімдеп, сайлауға бойкот жариялаған.

Жексенбіде сайлау өтіп жатқан кезде Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте қарсылық акциясына шыққан азаматтар өзге саяси ұрандармен бірге "Бойкот!" деп айғайлаған.

Қазақстан ішкі істер министрлігі маусымның 9-ы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда рұқсат етілмеген митингілерге шыққан 500-ге жуық адам ұсталғаны туралы хабарлады.

Билік ұсталғандардың кейбіріне айыппұл салып, кейбірін әкімшілік қамауға алуға шешім шығарған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG