Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні Алматының орталығындағы Астана алаңы ("Ескі алаң") маңында хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы да бірге әкетті. Азаттық тілшісінің қолында құжаттары және редакция тапсырмасы болғанына қарамастан полиция оны түскі сағат 12:30 шамасында арнайы автокөлікке отырғызы алып кеткен.
Троценко оның алдында алаң маңында полицияның ондаған азаматты ұстап жатқанын көрген. Азаттық тілшісімен бірге полиция көлігінде отырған азаматтар "Бойкот!", "Бостандық!" деп айғайлағаннан кейін билік өкілдері өздерінің қолын қайырып, алып кеткенін айтқан. Полиция оқиғаға байланысты әзірге түсініктеме бермеді.
Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауына "Ұлт тағдыры" қозғалысы атынан қатысып жатқан кандидат Әміржан Қосанов маусымның 9-ы күні Нұр-Сұлтан қаласындағы №56 сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Жеңетініңізге сенімдісіз бе?" деген сұраққа Әміржан Қосанов "Дауыс шынайы, тең есептелген жағдайда сайлаудың екінші туры болуы керек" деп мәлімдеді.
Петропавл қаласындағы тергеу абақтысында (ЕС 164/1 мекемесі) орналасқан №656 сайлау учаскесінде кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру аяқталды. Жабық сайлау учаскесіндегі дауыс беруге осы мекемеде ісі тергеліп жатқан және сот үкімін күтіп отырған 112 адам дауыс берген.
Маусымның 9-ы күні таңертең Солтүстік Қазақстан облысында барлығы 663 сайлау учаскесі ашылған, оның ішінде 93 сайлау учаскесі облыс орталығында орналасқан. Облыс бойынша 402 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Қазақстан бойынша барлығы 10 мыңға жуық сайлау учаскесі ашылған.
Алматыдағы Оқушылар сарайында орналасқан сайлау учаскесінде таңертең дауыс беруге келген азаматтардың бірі "Ұлт тағдыры" қозғалысының бақылаушысына қол жұмсаған. Бұл ақпараттты Азаттыққа құқық қорғаушы Ерлан Қалиев және бақылаушы Бақытжан Әбдірашитов хабарлады.
Олардың айтуынша, учаскеде сайлаушылар мен бақылаушылар арасындағы кикілжіңді телефонға түсіріп тұрған Әбдірашитовке белгісіз біреу қол жұмсаған.
- Телефонға түсіріп тұрғанда сондағы жігіттердің бірі "Мені неге телефонға түсіресің?" деп маған қол жұмсады. Телефонымды қағып жіберді. Бетімді қолыммен басып, ұрайын деді. Осы учаскені қарайтын полиция қызметкеріне шағымданып едім, ол ештеңе істей алмайтынын айтты, - деді Азаттыққа Бақытжан Әбдірашитов. Оның айтуынша, қол жұмсаған адам кейін қашып кеткен.
ПІКІРЛЕР