Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

13:56 9.6.2019
Жай киімдегі белгісіз адамдар көшеден адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 9 маусым 2019 жыл.
Жай киімдегі белгісіз адамдар көшеден адамдарды ұстап жатыр. Шымкент, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан жексенбі, маусымның 9-ы күні түскі сағат 12:30 шамасында Шымкенттегі Момышұлы - Тәуке хан көшелері қиылысынан полиция жиырмаға тарта азаматты әкетті. Полиция әкетпек бұрын әлгі азаматтардың бірі сол жерде Азаттық тілшісімен болған әңгімеде кезектен тыс президент сайлауына байланысты шеруге келгенін айтқан еді. Бұл азаматтар ешқандай талап айтпаса да сол маңды қоршаған полиция оларды шетінен көлікке отырғызып алып кетті.

"Мені не үшін ұстап жатырсыздар?" деп сұрағандардың кейбіріне полиция "аты-жөніңізді анықтаймыз" деп жауап берсе, енді біріне ештеңе түсіндірмеген.

Дәл осы күні Алматыдағы Астана алаңында полиция "Бойкот!", "Бостандық!" деп айғайлаған ондаған (кей ақпарат құралдары жүзден астам адам деп хабарлады) азаматты ұстап әкетті. Полиция олармен бірге Азаттық тілшісі Петр Троценконы да ұстаған. Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі Мира Ритман Алматыда AFP тілшісі Крис Риклтонның да ұсталғанын хабарлап, оның полиция көлігінің ішінде түсірілген суретін жариялады. Маусымның 9-ы күні Нұр-Сұлтан қаласында да кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдірген ондаған адамды полиция ұстап әкеткен.

13:40 9.6.2019

Алматыдағы Астана алаңында полиция жүзге жуық адамды ұстады деп хабарлады қазақстандық Holanews.kz және Vlast.kz басылымдары. Жексенбі күні түскі сағат 12:00-ге қарай алаңға жиналған жүздеген адам кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіріп, "Бойкот", "Масқара" деп айғайлаған.

Полиция Астана алаңы маңынан наразылардың бірін әкетіп барады. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция Астана алаңы маңынан наразылардың бірін әкетіп барады. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Алаңда тұрған полиция мен арнайы жасақ наразыларды шетінен ұстап әкетті.

Маусымның 7-і күні Қазақстан бас прокуратурасы маусымның 9-ы мен 10-ы күндері заңсыз митингіге шыққан азаматтардың жауапқа тартылатынын ескертіп мәлімдеме таратқан болатын. Прокуратура бұл мәлімдемесін Қазақстанда сот "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының шетелде тұратын лидері Мұхтар Әблязов жақтастарын маусымның 9-ы күні Қазақстанның барлық аймағында билікке қарсы шеруге шығуға шақырған соң жасаған.

12:57 9.6.2019
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні полиция наразыларды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні полиция наразыларды ұстап жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан күүні бірнеше қалада полиция наразы азаматтарды көшеден ұстап әкетті. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында полиция мен қарапайым киімдегі белгісіз біреулер көшеден азаматтарды күштеп көлікке отырғызып, алып кеткені туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде тарап жатыр.

Алматыда Астана алаңы маңынан полиция ұстап әкеткен азаматтардың арасында сол жерде хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценко да бар. Шымкентте белгісіз біреу Азаттық тілшісі Дилара Исаға "негатив ақпарат таратасыңдар, егер видео түсірсең телефоныңды тартып алам" деп қоқан-лоқы жасады.

12:46 9.6.2019
№254 сайлау учаскесіндегі сайлаушылар. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
№254 сайлау учаскесіндегі сайлаушылар. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 12.00-дегі жағдай бойынша, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына елде тіркелген сайлаушылардың 35,1 пайызы сайлау бюллетенін алған.

ОСК аймақтар бойынша дауыс беру көрсеткіші мынадай деп хабарлайды:

Ақмола облысы - 45,9 %

Ақтөбе облысы - 50,3 %

Алматы облысы - 47,3 %

Атырау облысы - 33,5 %

Шығыс Қазақстан облысы - 44,8 %

Жамбыл облысы - 43,7 %

Батыс Қазақстан облысы - 26,1 %

Қарағанды облысы - 29,6 %

Қызылорда облысы - 39,3 %

Қостанай облысы - 35,5 %

Маңғыстау облысы - 29,3 %

Павлодар облысы - 36 %

Солтүстік Қазақстан облысы - 33,9 %

Түркістан облысы - 30 %

Нұр-Сұлтан қаласы - 24,6 %

Алматы қаласы - 19 %

Шымкент қаласы - 24,6 %

9 маусым күні таңертеңгі сағат 7:00-де елде 9 970 сайлау учаскесі ашылып, сайлаушылар кезектен тыс президент сайлауына дауыс бере бастаған. Шет елдерде 65 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG