Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

15:23 9.6.2019
№254 сайлау учаскесінде. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
№254 сайлау учаскесінде. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 14.00-ке қарай Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына елде тіркелген сайлаушылардың 51,8 пайыздан астамы дауыс берген.

ОСК хабарлауынша, бұл көрсеткіш жағынан әзірге Ақтөбе облысы алда тұрса, Алматы сайлаушылары дауыс беруге енжар боп отыр:

Ақмола облысы - 56,7 %

Ақтөбе облысы - 69,4 %

Алматы облысы - 63 %

Атырау облысы - 45,4 %

Шығыс Қазақстан облысы - 59,8 %

Жамбыл облысы - 56,3 %

Батыс Қазақстан облысы - 40,9 %

Қарағанды облысы - 49,7 %

Қызылорда облысы - 63,1 %

Қостанай облысы - 55,8 %

Маңғыстау облысы - 52,4 %

Павлодар облысы - 45,9 %

Солтүстік Қазақстан облысы - 53,6 %

Түркістан облысы - 49,3 %

Нұр-Сұлтан қаласы - 37,6 %

Алматы қаласы - 37 %

Шымкент қаласы - 40,5 %

9 маусым күні таңертеңгі сағат 7:00-де елде 9 970 сайлау учаскесі ашылып, сайлаушылар кезектен тыс президент сайлауына дауыс бере бастаған. Шет елдерде 65 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.

Жексенбі күні Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте жаппай наразылық акциясына жиналған азаматтар әділ сайлау өткізуді талап етті. Кейбіреулер президент сайлауына бойкот жариялағандарын айтады. Аталған үш қалада да полиция азаматтарды жаппай ұстады.

Бұған дейін Қазақстан бас прокуратурасы маусымның 9-ы мен 10-ы күндері заңсыз митингіге шыққан азаматтардың жауапқа тартылатынын ескерткен. Оның алдында Қазақстанда сот "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрушылардың бірі, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын маусымның 9-ы күні Қазақстанның барлық аймағында билікке қарсы шеруге шығуға шақырған.

14:56 9.6.2019
Полицейлер наразы адамдарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.
Полицейлер наразы адамдарды ұстап жатыр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2019 жыл.

Маусымның 9-ы күні Нұр-Сұлтанда сағат 14:00 шамасында Жастар сарайы маңына наразылық білдіріп жиналған азаматтарды полиция ұстады. Билік өкілдері сол жерде хабар таратып жүрген Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді де ұстап, автобусқа отырғызған. Оларды Есіл аудандық полиция бөлімшесіне жеткізген.

Сәния Тойкеннің хабарлауынша, жексенбіде түсте Жастар сарайы маңына жиналған жүз шақты азамат "әділетсіз сайлауға" қарсылық білдірген. Олар елде атом электр станциясын салмауды, Қытаймен қарым-қатынасты шектеуді талап еткен. Полиция оларды шетінен ұстап әкеткен. Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видеолар жарияланып жатыр. Онда қалқан көтеріп, арнайы киім киген жасақтың көшеде жүгіріп бара жатқаны көрінеді.

14:34 9.6.2019
Азаттық тілшісі Петр Троценко полиция көлігінің ішінде түсірген сурет. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Азаттық тілшісі Петр Троценко полиция көлігінің ішінде түсірген сурет. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Маусымның 9-ы күні түстен кейін Алматы полициясы Азаттық тілшісі Петр Троценконы босатты. Содан бірнеше сағат бұрын полиция Астана алаңында Троценконы, сол сияқты AFP тілшісі Крис Риклтон, Vlast сайты қызметкері Катя Суворова және белсенді Димаш Әлжановты ұстап, полиция бөлімшесіне апарған. Белсенді Ирина Медникованың айтуынша, полицейлер Суворова мен Әлжановтың құрылғыларын тартып алған. Оларды қолдауға барған журналистер мен құқық қорғаушыларды полиция бөлімшесінен күштеп шығарып жіберген.

Жексенбі күні таңертең Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру басталған. Жұма күні Қазақстан бас прокуратурасы маусымның 9-ы мен 10-ы күндері заңсыз митингіге шыққан азаматтардың жауапқа тартылатынын ескерткен болатын. Оған дейін Қазақстанда сот "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрушылардың бірі, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын маусымның 9-ы күні Қазақстанның барлық аймағында билікке қарсы шеруге шығуға шақырған.

14:23 9.6.2019

Полиция азаматтарды әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Полиция азаматтарды әкетіп жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Жексенбі күні түстен кейін Алматының орталығындағы көшелердің бірін қоршаған полиция Панфилов көшесі бойында ерсілі-қарсылы жүрген азаматтарды ұстады. Азаттық тілшілері сол маңда толып жүрген полицияның бес-алты адамды қатты күш қолданып, көлікке отырғызғанына куә болды. Ұсталғандар арасында қазір сот шешімімен үйқамақта отырған көп балалы ана, белсенді Оксана Шевчуктің анасы да бар. Азаттыққа сұхбат бере салысымен оны полиция қызметкерлері алып кетті.

Полиция оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG