Жексенбі күні Нұр-Сұлтанда полиция наразылар жиналған Жастар сарайы маңында хабар әзірлеп жүрген жерінен ұстап әкеткен Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді қызметтік және жеке құжаттарын тексергеннен кейін босатты. Арасында Тойкен де бар шамамен 25 адамды Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізген. Ұсталғандардың көбін полиция ғимаратының ішіне кіргізген. Журналист ғимараттың сыртынан тікелей трансляция жүргізген. Полиция қызметкерлері оған ешқайда кетуіне болмайтынын, біраздан кейін оны да ішке кіргізетіндерін айтқан.
Сәния Тойкеннің сөзінше, полиция өкілдері одан кәсіби міндетін атқарып жүрген журналист екенін "дәлелдеуін" талап еткен. Қызметтік және жеке құжаттарын тексергеннен кейін Сәния Тойкенді босатқан. Полицияда болған кезінде Facebook әлеуметтік парақшасында тікелей трансляция жүргізген журналист полицияның бөлімшеге Жастар сарайы маңынан ұсталған ондаған адамды жеткізгеніне куә болған. Тілшіміздің хабарлауынша, Жастар сарайы маңына жиналған жүздеген адам "әділетсіз сайлауға" бойкот жариялағандарын мәлімдеген.
Жексенбі күні Нұр-Сұлтанда қолшатыр ұстаған белгісіз адамдар наразы адамдар жиналған жерде жұмыс істеп жүрген Азаттық тілшілерінің видео түсіруіне кедергі жасады.
Бұған дейін Алматыда Астана алаңы маңындағы наразылық акциясынан хабар дайындап жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы полиция ұстап әкеткен еді. Журналистің қызмет құжатын көрсетіп, редакция тапсырмасын орындап жүргенін айтқанына қарамастан билік өкілдері оны жабық көлікке салып, полиция бөлімшесіне жеткізген. Біршама уақыттан кейін полиция Петр Троценконы босатқан.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16.00-ға қарай сайлаушылардың 65,9 пайызы сайлау бюллетендерін алған.
Аймақтар бойынша ақпарат мынадай:
Ақмола облысы - 75,1 %
Ақтөбе облысы - 79,7 %
Алматы облысы - 78,9 %
Атырау облысы - 64,9 %
Шығыс Қазақстан облысы - 69,8 %
Жамбыл облысы - 71,8 %
Батыс Қазақстан облысы - 59,8 %
Қарағанды облысы - 63,1 %
Қызылорда облысы - 64,5 %
Қостанай облысы - 69,7 %
Маңғыстау облысы - 60,3 %
Павлодар облысы - 67,9 %
Солтүстік Қазақстан облысы - 68,3 %
Түркістан облысы - 70 %
Нұр-Сұлтан қаласы - 49,6 %
Алматы қаласы - 45,7 %
Шымкент қаласы - 55,6 %.
Бұл күні Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте азаматтар наразылық акциясын өткізді. Алаңға шыққан жүздеген адам: "Қазақстан!", "Бостандық!", "Бойкот!" деп айғайлады. Наразылар "президент сайлауына бойкот жариялағанын" мәлімдеді. Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразыларды жаппай ұстады. Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев екі қалада "жүз шақты адам ұсталғанын" хабарлады.
Әлемдегі интернет еркіндігін бақылайтын халықаралық NetBlocks тобы Қазақстанда маусымның 9-ы күні интернетті бұғаттау байқалғанын хабарлады. Ұлыбританияда орналасқан ұйымның атқарушы директоры Альп Токердің Азаттыққа айтуынша, жексенбі күні таңертең интернет жұмысы күрт нашарлап кетіп, тек түске қарай ішінара қалпына келген.
NetBlocks тобының хабарлауынша, жексенбі күні таңертеңгі сағат жетіден бастап Twitter әлеуметтік желісінің ағынды хабар тарату (Live streaming) қызметі толық бұғатталып қалған.
Топ жариялаған есепте маусымның 9-ы күні таңертеңнен бастап "Қазақстандағы интернет провайдерлердің онлайн стримингті бұғаттап" тастағаны айтылған. Бұған қоса "бүкіл ел көлемінде көптеген қолданушыға әсер еткен интернеттен толық ажырату жергілікті уақытпен сағат 11-ге қарай басталып, сағатқа жуық уақыт жалғасты" деп көрсетілген. Токер бұл жолы елде коммерциялық VPN қызметі (бұғатты айналып өтуге мүмкіндік беретін жеке меншік витруалды желі - ред.) де бұғатталған тәрізді деп топшылайды.
Жергілікті уақытпен түске қарай қазақстандық қолданушылар қоғамдық орындарда мобильдік байланыс нашарлап кеткеніне шағым айтты. Бұл күні кезектен тыс президент сайлауынан хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшілерімен байланыс сапасы да өте нашарлап кетті.
Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда жүз шақты адам ұсталды. Бұл туралы жексенбі күні түстен кейін Орталық сайлау комиссиясы отырысы кезінде Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев хабарлады. Оның сөзінше, Алматы мен Нұр-Сұлтанда елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының шақыруымен жүздеген адам алаңдарға жиналған.
- Ұйымның қашқын жетекшісі билікті алалау және сайлауға бойкот жариялауға шақырып үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастырды. Бірақ соған қарамастан сайлау штатты жағдайда өтіп жатыр. Әрине, мұндай жаппай насихат жұмысы "нәтижесіз" қалуы мүмкін емес, кей азаматтар соларға ерді, - деді Қожаев. Ол полицияның "тәртіп пен заңның сақталуын қамтамасыз етумен айналысатынын" айтты.
ІІМ орынбасары Азаттық пен Vlast сайтының тілшілерінің "Бүгінгі наразылықта қанша адам ұсталды?" деген сұрағынан кейін ғана "шамамен жүзге жуық" деп жауап берді. Журналистердің кәсіби міндетін атқару кезінде ұсталуы жайлы Азаттық тілшісінің сұрағына Қожаев бұл жайлы бірінші рет естіп отырғанын айтып, "мәселені зерттеуге" уәде берді.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатқан кезде Алматы мен Нұр-Сұлтанда жаппай наразылық акциялары болды. Алаңға жиналғандар президент сайлауына қарсылық білдірді.
ПІКІРЛЕР