Жексенбі күні кешке қарай Шымкенттегі №1 сайлау учаскесіне барған Азаттық тілшісі сайлау жәшігіне топталып тасталған бюллетеньдерді көрді. Тәуелсіз бақылаушы Амидулла Қабеков бұл жайтты растап, оқиғаны видеоға түсіруге тырысқанын, бірақ өзіне сайлау комиссиясы өкілдері кедергі жасағанын айтты. Сайлау комиссиясының төрағасы жәшікте анық көрініп жатқанына қарамастан бюллетеньдерді топтап тасталғанын жоққа шығарды. Азаттық тілшісі бұның алдында Шымкенттегі №215 және №152 сайлау учаскелерінде осыған сайлау жәшігіне топталып тасталған бюллетеньдерді көрген болатын.
Шымкенттегі №215 сайлау учаскесіне кезектен тыс президент сайлауына дауыс беруге келген бір топ сайлаушы сайлау тізімінен өз аты-жөнін таба алмады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Олар конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін халыққа қызмет көрсеу орталығы мамандарынан жәрдем сұраған.
Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18.00-дегі жағдай бойынша, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына елде тіркелген сайлаушылардың 72,9 пайызы сайлау бюллетенін алды деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясы.
Аймақтар бойынша дауыс беру көрсеткіші мынадай:
Ақмола облысы - 81 %
Ақтөбе облысы - 84,1 %
Алматы облысы - 86,3 %
Атырау облысы - 71,1 %
Шығыс Қазақстан облысы - 77,2 %
Жамбыл облысы - 73,8 %
Батыс Қазақстан облысы - 66,2 %
Қарағанды облысы - 72,8 %
Қызылорда облысы - 81,1 %
Қостанай облысы - 69,1 %
Маңғыстау облысы - 65,7 %
Павлодар облысы - 73,1 %
Солтүстік Қазақстан облысы - 75,7 %
Түркістан облысы - 78,8 %
Нұр-Сұлтан қаласы - 63,7 %
Алматы қаласы - 49,2 %
Шымкент қаласы - 63,6 %.
Бұған дейін журналистер кей сайлау учаскелерінде заңбұзушылық фактілері байқалғаны туралы хабарлаған. Құқық қорғаушылар Қазақстандағы сайлау учаскелеріндегі заң бұзу жайттары туралы ондаған арыз-өтініш алғанын хабарлаған.
Қазақстан кезектен тыс президент сайлау күні сайлау учаскелерінде дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20:00-да аяқталады. ОСК хабарлауынша, сайлау учаскелері дауыс беру аяқталғаннан бюллетень санауды бастап, оны 12 сағаттың ішінде бітіруі тиіс. Аумақтық сайлау комиссиялары дауыс санау қорытындысын шығарғаннан кейін маусымның 11-інен кешіктірмей Орталық сайлау комиссиясына жеткізуі керек.
Instagram әлеуметтік желісінде Қазақстандағы сайлау учаскелерінің бірінде түсірілген болуы ықтимал видео жарияланды. Видеода мектептің спорт залына ұқсайтын орындағы сайлау учаскесінде белгісіз төрт адамның сайлау жәшігіне бюллетеньдерді топтап салып жатқаны бейнеленген.
Бұл видео әлеуметтік желілерде өзге қолданушылар да таратып жатыр. Видеоның қашан, қайда түсірілгенін анықтау әзірге мүмкін болмай отыр.
ПІКІРЛЕР