Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте полиция наразы азаматтарды ұстады. Нұр-Сұлтан мен Алматыда жүзге жуық адам ұсталды деп хабарлады ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.
Нұр-Сұлтан қаласында кезектен тыс президент сайлауы туралы Азаттыққа тікелей эфирде сұхбат беруге келе жатқан белсенді Дулат Ағәділді полиция ұстап әкеткен. Белсендіні Есіл аудандық полиция бөлімінде, сол жерде қазір Азаттық тілшісі Сәния Тойкен Facebook әлеуметтік желісінде тікелей трансляция жүргізіп жатыр.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру кезіндегі заңбұзушылықтарды, соның ішінде сайлау жәшігіне "бюллетеньді топтап тастау" жайлы видеоны да зерттейтінін мәлімдеді. "Қазір бұған түсініктеме беру мүмкін емес. Фактологиялық материалды зерттеп, әр оқиға бойынша жеке шешім қабылданатын болады. Тиісті органдар міндетті түрде зерттейді" деген ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың сөзін келтіреді Tengrinews.kz сайты.
Бұған дейін интернет пен әлеуметтік желілерде мектептің сорт залындағы сайлау учаскесіне ұқсайтын жерде төрт адамның сайлау жәшігіне бюллетеньдерді топтап салып жатқаны бейнеленген видео тараған болатын.
Нұр-Сұлтанда рұқсат етілмеген жиын өткен жерде полиция азаматтарды тағы да ұстап жатыр. Наразылар кезектен тыс президент сайлауына қарсылық білдіріп жиналған болатын.
ПІКІРЛЕР