Accessibility links

Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Кезектен тыс президент сайлауы күні билікке наразы жас жігітті полиция көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Президент сайлауы күні наразыларды жаппай ұстады

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Жеті кандидат бәсекеге түскен бұл сайлауға соңғы отызға жылға жуық уақыт елді басқарып келген 78 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев қатыспады. Елдегі кей оппозициялық күштер бұл сайлауға бойкот жариялаған. Сайлау күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда наразылық білдіріп көшеге шыққан жүздеген адам ұсталды.

Маусымның 9-ы күні Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауына дауыс беру елдегі сайлау учаскелерінде жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, сағат 20.00-ге (48 учаске таңертең сағат 6.00-да ашылды) дейін жалғасты.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мәліметінше, ел аумағында 9 970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Қазақстаннан тыс жерде 51 елде 65 сайлау учаскесі ашылған.

ОСК дерегінше, Қазақстанда дауыс беруге құқығына ие 12 миллионға жуық сайлаушы бар.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін тоқтататынын кенеттен мәлімдеп, сол кезге дейін сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты орнына уақытша президент етіп қалдырған. Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева сенат төрағасы болып сайланған. Сәуірдің 9-ы күні Тоқаев Қазақстанда биыл маусымның 9-ы күні кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған.​

Қазақстанда президент сайлаулары 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы өткен. Олардың үшеуі кезектен тыс болды. Барлығында елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеңген. Батыс бақылаушылары Қазақстандағы президент сайлауларының ешқайсысын халықаралық стандартқа сәйкес өтті деп таныған жоқ.

08:01 9.6.2019

​Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосының жеті журналисіне (Чехия, Ресей, Қырғызстан) Қазақстандағы кезектен тыс президент сайлауынан ақпарат таратуға рұқсат бермеді. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров сайлауға бір күн қалғанда, маусымның 8-і күні Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшілеріне аккредитация берілмейтінін хабарлады. Министрлік рұқсат бермеуінің себебін түсіндірген жоқ.

08:04 9.6.2019

Сайлау бюллетенінде жеті кандидаттың аты-жөні көрсетілген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.
08:06 9.6.2019

Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі дауыс беру жәшігінде қатарынан бес бюллетеннің бірге бүктеліп жатқанын көрді. Бұл оқиға 9 маусымда таңертеңгі сағат 7 жарым шамасында қаладағы №152-ші сайлау учаскесінде болды. Алайда сайлау учаскесінің төрайымы Азаттық тілшісіне әуелі "бір отбасыдан салған шығар" дегенімен кейін бұл оқиғаны мүлде жоққа шығарды.

08:14 9.6.2019
№353 сайлау учаскесіндегі бақылаушы. Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кенті. 9 маусым 2019 жыл.
№353 сайлау учаскесіндегі бақылаушы. Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кенті. 9 маусым 2019 жыл.

Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы Алматыдағы Алғабас ықшам ауданындағы №528 сайлау учаскесінде бір азаматтың сайлау жәшігіне екі бюллетеньді қатар салғанына куә болды (видеосы бар).

"Сайлаушы "қызым үшін де дауыс бердім" деді. Бақылаушылардың бірі растады. "Нұр Отан" партиясының бақылаушысы "көрмедім" деп айтты. Сайлау учаскесінің төрайымы екі бюллетень бір-біріне жабысып қалған болар деп жауап берді" деді Асылхан Мамашұлы.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG