Accessibility links

Бие сауып, ат тағалаған кандидаттар. Сайлауға дейінгі үгіт-насихат қалай жүріп жатыр?


Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды плакаттары ілінген көшедегі тақтаға қарап өтіп бара жатқан адам. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды плакаттары ілінген көшедегі тақтаға қарап өтіп бара жатқан адам. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.

Қазақстанда қазір сайлауалды науқан нағыз "қызатын" шақ. Бірақ саяси алаңда ауқымды шаралар байқалмайды. Көшеде кандидаттардың үгіт-насихат құралдары сирек кездеседі, ақпарат сайттарынан сайлаудағы бәсеке жайлы материал табу қиын. Президент болуға "таласып жатқан" кандидаттардың белсенділігі неге бәсең? Азаттық сөйлескен сарапшылар президент сайлауын "алдын-ала дайындалған қойылымға" теңейді.

Дамыған демократиялы елдерде сайлауға түсіп жатқан кандидат өзін қалай ұстайды? Халыққа бағдарламасын таныстырып, елдегі жағдайды өзгертуге уәде береді, өзін жақсы жағынан көрсетуге, бәсекелестерінің әлсіз тұсын табуға тырысады, сайлаушылармен кездесіп, әр дауыс үшін жанын сала күреседі.

Екі жарым аптадан кейін ел президентін сайлайтын Қазақстандағы жағдай қалай? Кандидаттардың бірі бие сауып, екіншісі ат тағалап, үшіншісі асыл тұқымды мал өсіру станциясында ән салып жүр. Олардың бір де бірі қазіргі президентті сынаған емес.

САЙЛАУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫС

Алматының жарнама қаптаған көшесінен президент болу үшін сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың үгіт-насихат жарнамасын әзер табасыз. Көп жерге азаматтарды 20 қарашада дауыс беруге үндеген, ақ-көк түсті баннерлер ғана ілінген.

Қазақстан президенттігіне кандидаттардың сайлауалды плакаттары ілінген тақта. Алматы, 28 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидаттардың сайлауалды плакаттары ілінген тақта. Алматы, 28 қазан 2022 жыл.

"Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" президенттікке кандидат етіп ұсынған Қарақат Әбден, Жалпыхалықтың социал-демократиялық партиядан Нұрлан Әуесбаев, "Ауыл" партиясынан Жигули Дайрабаев, "Аманат" Қазақстан кәсіподақтар қауымдастығының өкілі Мейрам Қажыкен, билікшіл партиялар ("Аманат", "Ақ жол", "Қазақстан халық партиясы") мен ондаған бірлестіктен құрылған "халық коалициясы" ұсынған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев және республикалық "Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігінен Салтанат Тұрсынбекова сынды алты кандидат сайлауға қатысып жатыр. Дауыс беру бюллетенінде кандидаттардың аты-жөні осы ретпен жазылады. Одан бөлек, бюллетеньде "Бәріне қарсымын" деген жазу бар. Кандидаттардың ешқайсына көңілі толмаған сайлаушы осы жазудың тұсына белгі қоя алады.

Сайлау алдында әр кандидатқа үгіт-насихат жұмысын жүргізуге он миллион теңгеден бөлінген. Бұл қаржының қайда жұмсалғанын Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) қадағалайды. Кандидаттар бұл ақшаны басылымдарға сайлауалды бағдарламасы жайлы ақпарат жариялап, радио мен теледидардан хабар таратуға жұмсайды.

"Ауыл" партиясынан Қазақстан президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың суреті бар жарнама. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.
"Ауыл" партиясынан Қазақстан президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевтың суреті бар жарнама. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.

Сайлауалды науқанның екінші аптасында кандидаттар ақырындап үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Мысалы, 68 жастағы Жигули Дайрабаев Ақтөбе облысына сапарында ат тағалауды үйреткен. Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның жұдырығымен сүйек сындырған видеосы тараған. Кандидат сайлаушылармен бір кездесуінде отбасы мүддесін мемлекет мүддесінен жоғары қоюға уәде берген.

Қарақат Әбден сайлаушылармен бірнеше рет кездескен. Ол қоғамда көп балалы ананың жарқын бейнесін қайтадан қалпына келтіруді мақсат тұтады. "Хабар" арнасы Қарақат Әбденнің Абай облысындағы шаруа қожалығына барып, бие сауғанын көрсетті. Видеода ортаңғы саусағына көзі үлкен жүзік салып, жеңі ақ шапан киген кандидат әйелдің бие сауып отырғаны көрінеді. Әбден "Қазақ қызы екеніңді мақтан тұт!" деген кітабымен танылған. Бұл кітап қоғамда қызу талқыланып, Қарақаттың қыз тәрбиелеуге арналған "Қазақ қызы" институты сынға қалған.

Қазақстан президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекованың сайлау жарнамасы. Алматы, 28 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекованың сайлау жарнамасы. Алматы, 28 қазан 2022 жыл.

Тағы бір кандидат әйел Салтанат Тұрсынбекова сайлауға дейін салмақты қызмет атқарған. Жоғарғы сотта істеген, бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі көмекшісі болған, "Отбасындағы зорлықсыз Қазақстан" жобасын басқарған. Осы жоба аясында астанадағы қаңғыбас ит-мысықты паналататын "Періштенің жүрегі" атты орынға барып, елде қараусыз қалған жануарларға арналған мемлекеттік арнайы мекеме жоқ деп мәселе көтерген. "Мемлекет жануарларға бұлай қарамауы керек" деген Тұрсынбекова.

Мейрам Қажыкен мен Нұрлан Әуесбаев әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді жүргізіп, халықпен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырып жүр. Әуесбаев елді жемқорлық жайлағанын айтқанымен, бір де бір жемқордың атын атап, түсін түстемеген. Қажыкен өңірлерді аралап, ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының станциясында болып, жұмысшылармен қосылып ән шырқаған.

Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды жарнамасы. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды жарнамасы. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.

Қазіргі президенттік һәм президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды штабының мүшелерімен ғана жүздескен. Штаб мүшелері өңірлерде сайлаушылармен кездесіп, қызу жұмыс істеп жатыр. Тоқаев аймақтарды аралауды үгіт-насихат жұмыстары басталған 21 қазанға дейін-ақ бастап кеткен. Президент халыққа "Әділетті Қазақстан" құруға уәде берген. Оның сұр, көк, ақ түс араласқан жарнама материалдары осы ұранмен шығады. Тоқаев – үгіт-насихат парақтары мен баннерлеріне суретін қоймаған жалғыз кандидат.

НӘТИЖЕСІ БЕЛГІЛІ САЙЛАУ

Қазақстанда үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр деуге келмейді. Сарапшылардың сөзінше, Тоқаевтың "Жаңа Қазақстанындағы" сайлаудың экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев кезіндегі көпшілікке беймәлім адамдар қатысатын, кандидаттар өз бәсекелесі – билікте отырған президентке дауыс беруге шақыратын ескі сайлаулардан еш айырмашылығы жоқ.

– Осыған дейінгі сайлаулардағыдай бұл жолы да негізгі кандидат – президент, қалғанының жеңістен үміті жоқ. Олар сайлауға өз күшін сынап көру, әлеуетін ашу, 2023 жылдың бірінші жартысына белгіленген мәжіліс пен мәслихат сайлауларына дайындалу мақсатында қатысып жатқандай көрінеді, – дейді "Азаматтық сараптама" қоғамдық қорының директоры, саясаттанушы Данил Бектұрғанов. – Осы логикаға сүйенсек, кандидаттардың бәрібір жеңіске жете алмайтын науқанға неге күш салғысы келмейтінін түсінуге болады. Үй-үйді аралайтын үгіт-насихат жұмыстары мен кандидаттарды қолдауға үндейтін көлемді шаралардың, концерттер, митингілер мен агитация пикеттерінің болмауы да осымен байланысты сияқты. Кандидаттар сайлауға қатысқанын білдіру үшін көрінер-көрінбес жұмыс істеп жатыр. Тоқаевтан басқа кандидаттар көп дауыс жинамайтын сияқты.

Қазақстан президенті һәм президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды жарнамасында өзінің суреті жоқ. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенті һәм президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды жарнамасында өзінің суреті жоқ. Алматы, 22 қазан 2022 жыл.

Сарапшы "қазіргі сайлау науқанының алдағы саяси шараларға дайындық екені бірден байқалады" дейді.

Саяси шолушы, "Новая газета. Европа" басылымы бас редакторының орынбасары Вячеслав Половинко кандидаттардың үгіт-насихат науқанын күлкілі санайды.

– Халықтың көбі президенттікке үміткер адамдарды танымайды. Кандидат қандай болса, баннері де сондай. Бұл сайлау қайта сайланғысы келетін бір адамға ғана керек. Оппозициялық кандидаттарды сайлауға мүлде қатыстырмады. Сайлауалды науқан "бірдеңе шығып қалмаса екен" деген принцип бойынша жүріп жатыр, – дейді журналист. Бәрі билік күткендей болуы үшін жұртқа қызықсыз кандидаттар таңдалған. Бірінші нөмірлі кандидат ешқайда бармайды, оның сайлауалды штабы үнсіз отыр. Жақсы журналистердің көбі сайлаудан жаңалық жасауға тырысады, ал жаңалық жоқ. Бұл сайлауды әзілге құрылған қойылым деп қабылдауға болады. Сондықтан бұл жөнінде журналистер емес, театр сыншылары жазуы керек.

Сайлауға қос бірдей әйел кандидаттың қатысуы да саяси науқанның көрігін қыздыра алмады.

– Өткен сайлауда бір ғана әйел кандидат – Дания Еспаева болды. Ол қазіргі әйел кандидаттарға қарағанда әлдеқайда мықты болып көрінді. Өйткені Ақтөбеде Еспаеваның беделі жоғары болды, жергілікті халық оны жақсы танитын, – дейді журналист, "Oyan, Qazaqstan" қоғамдық қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева. – Биылғы сайлауға қыздарға арнап кітап жазып, институт құрып, басы дауға қалған Қарақат Әбден мен үйдегі зорлық-зомбылыққа қарсы екенін айтқанымен, бұл туралы бір де бір мәлімдеме жасамаған Салтанат Тұрсынбекова қатысып жатыр. Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жаңа заң жобасының даулы тұсы көп болғанымен, Тұрсынбекованың бұл тақырыпта ақпарат құралдарына пікір бергенін көрмедім. Яғни, ол бұл жерде де өзін көрсете алмады. Өткен сайлауда да кандидаттар пікір бергісі келмей, журналистерден қашып жүрген. Осы жолғы кандидаттардың қызықсыз болғаны соншалық, олардың артынан жүгірген журналист те жоқ.

Биылғы кезектен тыс президент сайлау заңды мерзімінен үш жыл бұрын өткелі отыр. Сарапшылар билік өзімен бәсекелесуге қабілетті қарсылас шығып қалуы мүмкін деп қорқып, сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп жатыр деп есептейді. Олар аз уақыт ішінде қоғам бірігіп, билікке қарсылық көрсете алмайтынын, кезектен тыс сайлау өткізудегі мақсат осы болғанын айтады.

Қазақстандағы сайлау күрделі геосаяси жағдай мен Украинадағы соғысқа тұспа-тұс келіп отыр. Соғыс пен Мәскеуге қарсы енгізілген санкциялар Қазақстандағы инфляцияға әсер етіп, экономикалық өсімге қауіп төндірді.

Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды жарнамасы. Алматы, 27 қазан 2022 жыл.
Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды жарнамасы. Алматы, 27 қазан 2022 жыл.

Конституцияға қыркүйекте енгізілген өзгерістерге сай, президент енді жеті жылдық бір ғана мерзімге сайлана алады (бұған дейін президент мерзімі бес жыл болған). 2019 жылы наурызда президент қызметіне кіріскен Тоқаевтың қазіргі мерзімі есепке алынбайды. Президент сайлауды кезектен тыс өткізуді сарапшылардың көбі Тоқаевтың Қаңтар оқиғасы кезінде ықпалы әлсіреген бұрынғы президенттен өзін алшақ ұстап, оның қолдауынсыз жаңа мандат алуға ұмтылысымен байланыстырады.

Бақылаушылар бұл жолғы президент сайлауды Назарбаевтың қатысуымен өткен бұрынғы сайлауларға ұқсатады. "Бір айырмашылығы – қазір тарих трагедия емес, сайқымазақ ойын сияқты қайталанып жатыр" дейді Вячеслав Половинко.

Сайлауға бөлінген 20 миллиард теңге қайда жұмсалады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG