Accessibility links

Виктор Ковтуновский: Тоқаевқа биліктен айрылмау қиынға соғады


"Тоқаев өзіне, саяси болашағына сенбейді. Сондықтан тездетіп кезектен тыс сайлау өткізіп жатыр" дейді сарапшы.
"Тоқаев өзіне, саяси болашағына сенбейді. Сондықтан тездетіп кезектен тыс сайлау өткізіп жатыр" дейді сарапшы.

Тоқаев неге Назарбаевтың "жауыр болған" әдістерін қолдануға әуес? Сайлаудағы негізгі кандидатқа бәсекелес болуға халық танымайтын адамдарды таңдаудың сыры неде? Қазақстандық сайлаушылардың саяси апатиясын қалай түсіндіруге болады? Азаттық саяси сарапшы Виктор Ковтуновскиймен сөйлесті.

"КОАЛИЦИЯ ТОҚАЕВТЫҢ ЖАЛПЫХАЛЫҚТЫҚ ҚОЛДАУҒА ИЕ ЕКЕНІН КӨРСЕТУ ҮШІН ЖАСАЛҒАН ЖАРНАМА"

Азаттық: Тоқаев парламенттегі үш партия мен ондаған бірлестіктен құрылған "халық коалициясынан" сайлауға түспек. Дәл осындай "халық коалициясы" 2005 жылы Нұрсұлтан Назарбаевты кандидат етіп ұсынған. Ақорда "жауыр болған" әдістерге жүгініп, ескі сценарийді қайталап отыр ма?

Қазақстандық саясаттанушы Виктор Ковтуновский.
Қазақстандық саясаттанушы Виктор Ковтуновский.

Виктор Ковтуновский: Тоқаев Назарбаевтың билікке келген алғашқы жылдарындағы көп әрекетін көшіріп алып отыр. Мысалы, Назарбаев президенттігінің басында өзін бүкіл партиядан, тіпті, президент әкімшілігі құрған саяси ұйымдардан да алшақ ұстауға тырысты. Бірақ біртіндеп билеуші партияны басқаруға көшті. Тоқаев та қазір бұрынғы президенттің әдіс-тәсілдерін қолданады. Алдағы уақытта оның саяси эволюция траекториясы Назарбаевтың жолына ұқсап кетуі бек мүмкін.

Заңда коалициядан кандидат ұсыну мәселесі қарастырылмаған. Сайлауға қоғамдық ұйымдар мен партиялар атынан ғана қатысуға болады. Сондықтан биліктің "коалиция" бастамасы деп отырғаны – Тоқаевтың жалпыхалықтық қолдауға ие екенін көрсету үшін жасалған жарнама ғана.

Бұл Назарбаевтың әдісі дей алмаймын. Әлемдегі сайлау тарихында осыған ұқсас оқиғалар болған шығар. Назарбаев саяси технологияда ноу-хау ашқан жоқ, ол да басқа біреудің әдісін қайталады.

Қазіргі сайлауды ескі бюрократиялық аппарат басқаратынын ұмытпау керек. Сондықтан бұл сайлаудан жаңа нәрсе күтпеймін.

Азаттық: 6 қазанда Тоқаевтың кандидатурасы ұсынылған жақтастар форумында мінберге шығып сөйлегендер халықты "Тоқаевтың маңайына топтасуға" шақырды. "Асудан өтерде астыңдағы атыңды ауыстырма", "әлем бейберекет болып жатқанда бізге тұрақтылық керек" деген сарындағы үндеулер айтылды. Мұндай саяси технология қаншалық тиімді?

Виктор Ковтуновский: Тоқаев үшін кез келген саяси технология сәтті болады. Өйткені Назарбаевтан кейін сайлау жүйемізде ештеңе өзгерген жоқ. Қазір Тоқаев сайлауалды шараларға қатыспай, президенттік міндетін атқаруға көңіл бөлетінін айтса да, бұл президент науқанының барысы мен нәтижесіне әсер етпейді. Назарбаев та бірнеше рет осындай әдіске жүгінген.

Азаттық: Тоқаевтың "бәсекелестеріне" келсек. Әзірге жеті кандидат ұсынылды. Бәрі – халық танымайтын, қандай да бір әрекетімен немесе мәлімдемесімен есте қалмаған адамдар. Ақордадағы технологтар осы арқылы Тоқаевты бәсекелестерімен салыстырғанда президенттікке лайық кандидат етіп көрсеткісі келе ме?

Виктор Ковтуновский: Иә, президентті сайлау науқаны қалай басталғанын талдасақ, осындай тұжырымға келеміз. Бұл сайлау шынымен "бір актердің ойыны" форматында өтетін сияқты.

Азаттық: "Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы" өзін қоғам қайраткері деп таныстыратын, президент жанындағы әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, 48 жастағы Қарақат Әбденді кандидаттыққа ұсынды. Ол – Қазақстан тарихында жоғары мемлекеттік қызметке ұсынылған екінші әйел. Мұның астарында не жатыр?

Виктор Ковтуновский: Әзірге нақты жауап беру қиын. Қарақат Әбденді тіркегенін күту керек. Өткен жолы Ақорда әйел адамның кандидаттыққа ұсынылуын гендерлік теңдік саласындағы прогресс деп көрсетті.

Азаттық: Қазақстан халық партиясының басшысы Ермұхамет Ертісбаевтың партия атынан Тоқаев ұсынылған күні айтқан "батыстың ықпалына түскен агенттер", "русофобия", "Ресей Украинада НАТО-мен соғысып жатыр" деген мәлімдемелері кімге арналды? Бұл сайлау алдында қоғамдағы әртүрлі топтардың назарын аудару ма, әлде Кремльдің көңілін табу үшін айтылған сөз бе?

Виктор Ковтуновский: Сайлаушы қай кандидатты қолдайтынын шешкенде Ермұхамет Ертісбаевтың сөзіне қарайды деп ойламаймын. Оның сөзінен өзімен пікірі ортақ серіктесі Геннадий Зюгановты қолдағанын ғана көрдім.

"ТОҚАЕВ САЯСИ БОЛАШАҒЫНА СЕНБЕЙДІ"

Азаттық: Бұл сайлау 2015 жылғы сайлауға ұқсас сценаримен өтуі мүмкін. Ол кезде Назарбаев Коммунистік халық партиясының кандидаты Тұрғын Сыздықовпен және Кәсіподақтар федерациясынан ұсынылған Әбілғазы Құсайыновпен "бәсекеге түсті". Неге Тоқаев командасы 2019 жылғы әрекетін қайталап, Әміржан Қосанов сияқты шынайы бәсекелестің рөлін сомдайтын адам табуға тырыспаған?

Виктор Ковтуновский: 2019 жылғы сайлау бірінші президенттің басшылығымен өтті. Сайлау науқаны "кітапхананың" сценариі бойынша жүрді. Назарбаев ол кезде бюрократиялық аппарат, сайлау комиссиясы өз бақылауында екенін біліп, бәсеке имитациясын жасап, оппозиционер болып көрінетін кандидаттарды шығарды. Бірақ қазір Қосановтың билікке ешқандай қауіп төндірмегенін біліп отырмыз. Бұл жай ғана саяси келісім болды.

Қазір Тоқаев өзіне, саяси болашағына сенбейді. Сондықтан тездетіп кезектен тыс сайлау өткізіп жатыр. Оның асығып жатқаны байқалады. Тоқаев сайлау нәтижесіне сенімді болмағандықтан, болмашы қауіптің өзіне жол бергісі келмейді. Қазір оны бүкіл халықтың атынан ұсынылған, баламасы жоқ кандидат ретінде көрсетуге тырысып жатыр.

Азаттық: Қазақстан халқы сайлау сияқты қойылымдарда айтар сөзі жоқ, екінші пландағы әртіс болуға үйреніп кеткендей. Қоғамды кезектен тыс сайлау да, ешкім танымайтын кандидаттар да, сайлау науқаны да қызықтырмайтын сияқты. Бұл саяси апатия ма, әлде "Бәрібір ештеңеге ықпал ете алмаймыз" деген техника ма?

Виктор Ковтуновский: Қоғамдағы саяси апатияның екі алғышарты бар. Біріншісі – Совет одағы кезінде немесе оған дейін қалыптасқан патернализм, екіншісі – ұзақ уақытқа жалғасқан саяси қуғын-сүргін. "Жүзуді үйрену үшін жүзу керек", ал біздің азаматтардың саяси мәдениетін көтеруге мүмкіндігі жоқ. Билік халықты суға жеткізбей қызыл сызық қойып қойған. Бірақ апатия – өзгермейтін нәрсе емес. Менің замандастарым Горбачев кезіндегі алғашқы еркін сайлауды, қоғамдағы үміт пен қуанышты көрді. Шынайы саяси бәсеке сайлаушылардың көңіл-күйін түбегейлі өзгертетініне сенемін.

Азаттық: Тоқаев президент өкілетін бір мерзімге (жеті жыл) дейін қысқартуды не үшін ұсынды?

Виктор Ковтуновский: Қиын сұрақ. Өйткені бұл бастаманың қазіргі мемлекеттік басқару принциптеріне сай келмейтіні көрініп тұр. Ғұмыры да ұзақ болмайтын шығар. Мұны бір жолмен ғана түсіндіре аламын. Тоқаевқа президентті сайлауды кезектен тыс өткізіп жатқанын негіздеу қажет болды. Бір аргумент іздеді. Президенттің өкілет мерзімін бір реттен асырмау туралы бастама ұсынудан басқа амал таппады. Осы арқылы бес жылдық мерзімін жеті жылға ұзартып алғанын жуып-шайғысы келген болар. Бірақ мұның нәтиже бергеніне күмәнім бар.

Азаттық: Наурызда Тоқаев саяси партияларды тіркеу процесін жеңілдетуге, тіркеу талаптарындағы мүшелер санын бес мыңға дейін азайтуға уәде берген. Бірақ заңға әлі ондай өзгертулер енгізіліп, бекітілген жоқ. Сайлауға кандидат ұсынатын жаңа партия тіркелмеді. Бірнеше партия тіркеуге өтініш берді. Партияларды тіркемеу – Тоқаевты қайта сайлау үшін саяси алаңды бақылауда ұстау әдісі ме?

Виктор Ковтуновский: Бұл жеңіл-желпі өзгертулер болатын. Олар заңды күшіне енген күннің өзінде жағдайды өзгерте алмас еді. Қазақстан заңдары бәрібір билікке ұнамайтын саяси бірлестіктерді тіркеу процесін бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Парламент сайлауына дейін жаңа партиялар тіркеледі деп ойлаймын. Бұл саяси партиялар туралы заңға енгізілген өзгертулердің тиімділігін көрсету үшін жасалады. Токаев әзірге асықпайды. Жаңа партия кандидат ұсынып, президент сайлауына қатысады деп қауіптенеді.

Азаттық: Парламент сайлауына дейін жаңа партиялар тіркеледі дедіңіз. Олардың арасында оппозициялық партиялар бола ма? Әлде оларды Ақордаға бағынышты партиялардың арасынан таңдап ала ма?

Виктор Ковтуновский: Әзірге Тоқаев шынайы либерализацияға жол ашады деуге алғышарт көріп отырған жоқпын. Президентті сынаушылар тіркеуден өте ала ма? Сеніңкірей қоймаймын. Бұл белгілі бір деңгейде азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты. Белді саясаткерлер шығып, халықтың қолдауына ие болса, Тоқаев жеңілдік жасауға мәжбүр болады.

"ТОҚАЕВ ТА НАЗАРБАЕВ СИЯҚТЫ БІР ҒАНА МАҚСАТТЫ – БИЛІКТЕН АЙРЫЛМАУДЫ КӨЗДЕЙДІ"

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейін көп сарапшы жаппай наразылықтың себебі халықты саясаттан шеттетіп, билік пен қоғам арасында байланыс орнататын институттарды жою деп түсіндірді. Қоғамның мемлекетті басқаруға қатысу құралдары әлі де көбейген жоқ. Бұл неге апарып соғуы мүмкін?

Виктор Ковтуновский: Саяси ғылым "халықтың пікірі мен мәселелерінің ескерусіз қалуы үлкен салдарға: жаппай наразылықтарға, революцияға, авторитар режимнің құлауына алып келеді" дейді. Бірақ бұл болжам ғана. Назарбаев отыз жыл ел басқарып, ірі әлеуметтік катаклизмдерді көрген жоқ. Жаңаөзен оқиғасы сияқты жергілікті наразылықтарды күшпен басып тастап отырды. Тоқаев алдағы жеті жылда дәл осындай стильде ел басқаруы мүмкін. Бірақ қоғамдағы жік тереңдеген сайын, жарылыс болу ықтималдығы да арта береді. Қазір сыртқы конъюнктура авторитарлы тәжірибені жалғастыруға қолайлы емес. Бүкіл әлем ғасырда болмаған тектоникалық тоқырауды, саяси және экономикалық өзгерістерді бастан кешірді. Жақын маңда соғыс жүріп жатыр. Сондықтан қазір кез келген нәрсе болуы мүмкін. Алдағы жеті жылда Тоқаевқа биліктен айрылмау қиынға соғады. Оған бәс ретінде соқыр тиын да тікпес едім.

Азаттық: Тоқаев Қазақстанды "назарбаевсыздандыру" арқылы ұпай жинады, ал іс жүзінде бұрынғы президенттің жақын туыстарынан бір адам ғана түрмеде отыр. Қоғам осы да жеткілікті деп санай ма? Әлде Тоқаевқа уақыт беріп отыр ма?

Виктор Ковтуновский: Бұрынғы елбасына табынушылықты жою – айсбергтің көзге көрінер бөлігі ғана. Шын мәнінде жаңа президент "Назарбаевсыздандыруды" емес, "қаржыны қайтару" сылтауымен бұрынғы президент кланының бар мүлкін тартып алуды ойлап отыр. Бұл процестің қандай жылдамдықпен жүріп жатқанын білмейміз.

Азаттық: Тоқаев Қаңтар оқиғасына жауап ретінде саяси реформа жүргізуге уәде берген. Бірақ сіз айтқандай бұл жолғы кезектен тыс сайлаудың осыған дейінгі сайлау науқандарынан еш айырмашылығы жоқ. Тоқаев неге шынайы саяси өзгерістер енгізбейді?

Виктор Ковтуновский: Саяси өзгерістер, саяси либерализация саяси өмірді жандандырып, үлкен бәсекеге, ашық саяси күреске әкеледі. Тоқаев осыдан қорқады. Ол шынайы саяси күрес бола қалса, билікте қала алатынына сенбейді. Сондықтан қазіргі басқару жүйесін сақтап қалғысы келеді. Жарылыс, революция деген сценарилер ықтимал нәрсе ғана болғанымен, саяси реформалар Тоқаевты тағынан тайдырады. Кезінде Михаил Горбачев те осы үшін биліктен айрылған. Менің түсінуімше, Тоқаев Қазақстанды қазіргі заманғы өркениетті елге айналдырғысы келмейді. Назарбаев пен Тоқаевтың мақсаты бір: билігін сақтап қалу ғана.

ВТОРИТАРИЗМНІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ"

Азаттық: Әлдеқандай жағдай болып, Тоқаев президент қызметінде өкілет мерзімінің аяғына дейін отыра алмауы мүмкін дедіңіз. Ол алдағы жеті жыл бойы билігін сақтап қалса, ары қарай не болады? Конституциядағы президент өкілетін шектейтін өзгертулер Тоқаевтың үшінші рет президент болмайтынына кепілдік бере ала ма?

Виктор Ковтуновский: Бұл заң келесі президент сайлауына дейін өзгеріссіз қалады деуге кепілдік беретін ештеңе көріп отырған жоқпын. Тоқаев референдум сияқты күдікті процедураның және өзіне бағынышты парламенттің көмегімен екі-үш айда Конституцияны еш қиындықсыз өзгертсе, үш жылдан кейін президент өкілетін өзгертпейтініне кім кепіл?

Тоқаев қыркүйектегі жолдауында күтпеген жерден президент мерзімін бір ретке дейін қысқарту керегін айтты. Ұзақ ойланып, осындай шешімге келдім деді. Ол мұны халықтың бастамасы, қоғамның сұранысы етіп көрсетуге тырысқан да жоқ. Бұл мәселені талқылап, алдын-ала пиар-науқанын жүргізіп, осындай өзгеріс керек деп қоғамды көндіруге күш салмады. Бірнеше апта ішінде президент ұсынған өзгертулерді Конституцияға енгізіп жіберді. Бұл таза волюнтаризм. Болашақта мұндай жағдай қайталанбайды дегенге кепілдік жоқ. Президент құзыретін азайту ғана кепілдік бола алады. Білуімше, Тоқаев әзірге ондай өзгерістерге баруға дайын емес.

Азаттық: Елді 30 жыл басқарған экс-президент Назарбаевтың тұсында авторитарлы жүйе орнады. Тоқаев та осы жүйені сақтап қалды. Қазақстан авторитаризмнен көз ашпайтын мемлекет болып қала ма?

Виктор Ковтуновский: Жоқ, қазіргі оқиғаларға тарихи биіктен қарау керек. Әлемге Есілдің жағалауынан емес, әлдеқайда кең көзқараспен қарасақ, Қазақстанда демократизация мен саяси модернизация басталатынын көреміз. Ақыр соңында біздің жүйе де өркениетті әлем бет алған бағытта қозғалатын болады. Елу жыл бұрын Латын Америкасы елдерін әскерилер мен жартылай әскери хунта басқарған. Қазір ондағы көп елде бәсекеге толы демократия орнаған. Кезекті сайлауда кім жеңіске жететінін дөп басып айту қиын. Саяси бәсеке Африка елдерінде де байқалады. Бұл тенденция әлемде, оның ішінде Қазақстанда авторитаризмнің болашағы жоғын көрсетеді. Авторитаризмнің әлі қанша уақыт салтанат құратынын білмеймін. Постсоветтік кеңістіктегі саяси өзгерістер Еуропадан батысқа қарай жүріп жатыр. Балтық елдерінде тұрақты демократия бар, Молдовада саяси прогресс байқалады. Украина өз тағдырын өз қолына алу үшін күресіп жатыр. Бізге әлі саяси бостандық толқыны жете қойған жоқ. Қазақстанға қиын. Айналамыздың бәрі – авторитар елдер. Бірақ мұндай ортада да демократия құруға болады. Мысалы, моңғолдар дәл осындай жағдайда отырып, парламенттік республика құрды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG