"ҚАЗАҚСТАНҒА КӨШКІСІ КЕЛЕТІНДЕР КӨП"
42 жастағы Қатипа Бүркітбай биыл сәуірдің соңында Қытайдың Үрімжі қаласына қарасты Үрімжі ауданынан Қазақстанға екі баласы, жұбайы және қайын атасымен бірге қоныс аударған. Қатипа Қазақстанға көшуді 2018 жылы жоспарлағанын, басындағы үйі мен мал-мүлкін де әлдеқашан сатып жібергенін айтады. Алайда жергілікті билік тарапынан қойылған шектеу оның жоспарын үш жылға шегерген.
– Көшерден бұрын жергілікті әкімдікке біржола кететінімізді ескерткен едік. Сол кезде аудан бастығы "Сендерге көшіп кетуге болмайды. Тек барып келуге ғана рұқсат бар. Яғни, екі немесе үш адам барып келіңдер. Болмаса атаңды кепілдікке қалдырып, төртеуің барып келіңдер" деді. Бірақ оларға кетсек қайтып келмейтінімізді ашық айттық. Бізден "Не себепті көшесіңдер?" деп сұрады. "Бірге туған ағам мен әпкем бар. Соларға барамыз, шақырып жатыр" дедім, – дейді ол.
Қатипаның Алматы облысы Жамбыл ауданында тұратын туған әпкесі Ләтипа 2019 жылы сіңлісіне Қазақстаннан көші-қон шақыртуын жіберген. Қатипаның айтуынша, бұдан кейін де оған Үрімжі аудандық полиция бөлімінің бастығы "екі жыл күт" деп шарт қойған.
Қатипа үш жыл бойы әлдекімнің үйін жалдап тұрғанын, жұмыссыз қиналғанын және "Қазақстаннан оқытамын" деп мектептен шығарып алған үлкен ұлының бір жыл оқусыз қалып қойғанын айтып, биыл ақпаннан бастап жергілікті басшылыққа қайтадан шағымдана бастаған. Жергілікті билік кейін келісім беріп, отбасы 2021 жылы 23 сәуірде Чэнду арқылы Алматыға ұшуға рұқсат алған.
Қатипа Қытайдан Қазақстанға көшкісі келетіндер өте көп екенін, бірақ жергілікті биліктің тексеруі мен қысымы, Қазақстанда тұратын туысының атынан ғана жіберілетін көші-қон шақыртуының кедергі екенін айтады.
– Көші-қон шақыртуын жақын туысың ғана жібере алады. Барлығының [Қазақстанда] тіке туысатын қандас-туысы жоқ болғандықтан амалсыз байланып отыр, – дейді ол.
Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтардан Қазақстаннан "көші-қон шақыртуын" жіберген адаммен туысатынын мұрағат құжаттары арқылы дәлелдеуді де талап етеді.
Ресми статистика бойынша, кейінгі жылдары Қытайдан келетін қазақтардың саны азайып барады. Мәселен, 2012 жылы 11 мыңға жуық Қытай қазағы Қазақстан азаматтығын алса, 2020 жылы Қытайдан атамекенге 6925 қазақ көшіп, Қазақстан төлқұжатын иеленген. Биыл бес айдың ішінде Қытайдан небәрі 661 қазақ көшіп келген, былтыр қаңтар-мамыр айында 3450 қазақ қоныс аударған.
КӨШТІҢ ТОҚЫРАУЫНА НЕ СЕБЕП?
Сарапшылар Қытайдағы қазақ көшінің тоқырауын Шыңжаңдағы қуғынмен, Қытай билігінің қатаң тыйымдарымен, коронавирус пандемиясымен және Қазақстандағы көші-қон заңының өзгеруімен байланыстырады.
Қытай қазақтарының көші-қон мәселесін көтеріп, Шыңжаңнан келгендерге көмектесіп жүрген "Атажұрт жастары" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қыдырәлі Ораз "Шыңжаңдағы солақай саясат көшті мүлдем тоқтатып тастады" деп есептейді.
– 2017-2018 жылы Қытайдағы қазақ көші мүлдем тоқтады. Қытайдың Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауы әлемге мәшһүр болып, демократиялық бағытты ұстанған елдер мен халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары осы іске аралас бастаған соң 2019 жылдың басында Қазақстанға шекара аз уақытқа ашылды. Сол тұста үлгергендері келіп алды. Үлгермегендері тағы да қалып қойды. Пандемия басталып кетіп, бұл да көшке әсер етті, – дейді ол.
БҰҰ есебінше, Қытай 2017 жылдан бастап Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды діни ұстанымы, шетелге шыққаны үшін лагерьге қамған. Қытай лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" дейді, ал Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды.
Қазақстанның ресми статистикасынан Шыңжаңда қысым басталғаннан кейінгі жылдары Қазақстан азаматтығын алған Қытай қазақтарының саны бір өсіп, бір азайып отырғанын аңғаруға болады. Мәселен, 2017 жылы Шыңжаңнан көшіп келген 8 мыңнан астам қазақ Қазақстан азаматы атанса, 2018 жылы 5675 адам азаматтық алған. Ал 2019 жылы 7761 қазақ Қазақстан төлқұжатын иеленсе, 2020 жылы 6925 адамға Қазақстан азаматтығы берілген.
Бірақ сарапшылар 2017 жылы шекарадан өтіп келетіндер азайды, ал азаматтық алғандардың көбі Қазақстанға бұрын келіп алғандар дейді. Олардың пайымдауынша, Қытайдан ертерек қоныс аударған, бірақ Қазақстан азаматтығын уақытында алмай жүргендер есебінен келушілердің ресми статистикасы сәл де болса өскен.
Мысалы, Шыңжаңнан көшіп келген қазақтардың құжатын жөндеп, азаматтық алуға көмек көрсететін "Қайырымды қандастар" ұйымының жетекшісі Баһаргүл Табыс "2017-2018 жылдары Қазақстанға қоныс аударғанына 5-10 жыл болғандардың құжатын жасаумен айналыстық. 2017-2018 жылдары жаңадан көшіп келген ешкім болмады" дейді.
Шетелдегі қазақтардың мәселесімен айналысу үшін билік құрған "Отандастар қоры" ұйымының өкілі Қалыбек Қобыландин "Шыңжаңдағы лагерь саясатынан бөлек азаматтарды аңду, түрлі шектеу қою қазақ көшінің тоқтауына себеп болды" дегенді айтты.
– 2004 жылы Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті құрылған. Сол комитеттің жанынан Қытайдағы қазақтардың елге қайту, азаматтық алу мәселесін шешу үшін тағы бір комиссия құруға болар еді. Содан кейін Қазақстанға көшкісі келетін адамдардың тізімін Қазақстан мен Қытайдың құзырлы органдары келісе отырып, шешім қабылдаса дейсің. Әрине, олардың арасында сотталған немесе қарызы бар адамдар болуы мүмкін. Оларға Қытай елден кетуге тыйым салған. Сондықтан екі жақтың бірлескен шешімі негізінде көшкісі келетіндерді алып келуге болар еді, – дейді ол.
Шыңжаң қазақтарының мәселесін көтеріп жүген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының өкілі Қайрат Байтолла Қытайдағы қазақ көшінің күрт азаюын үшке бөліп қарастырады.
– Мемлекеттік қызметте істеп жүргендер зейнетке шыққанша Қазақстанға келе алмайды. Заңды түрде тыйым салынған. Екіншісі – малшы, егіншілер. Олардың ауқатты тұратындары да Қазақстанға келгісі келмейді. Өйткені бұл жақтағы өмір жағдайын біліп отыр. Ал жағдайы төмендеріне мемлекет банктен кепілге үй мен мал-мүлік алып берген. Оларға да сыртқы шығуға жол жоқ. Тек үшінші топ – үйінде жан саны да көп, әлеуметтік жағдайы да орташа отбасылар бар. Қазақстанға келгісі келетін де, келуге мүмкіндігі бар да солар. Бірақ бұлардың барлығының құжатын жергілікті атқарушы орган жинап алған. Төрт жылдан бері қолына бермей отыр, – дейді ол.
Байтолла пандемия бәсеңдеп, шекара ашылса да Қытайдан келетін қазақ көбейеді дегенге күмәнмен қарайды. Ол "қолында құжаты жоқ қазақтардың Қазақстанға келуі қиын" дейді.
"КЕЛУШІНІҢ АЗАЮЫНА ҚАЗАҚСТАН ЗАҢЫ ДА ӘСЕР ЕТТІ"
Қазақстанға сырттан көшіп келуші қазақтардың саны тек Қытай қысымынан кейін ғана емес, 2013 жылдан бастап біртіндеп азайып отырған. Қазақстанға шетелден қоныс аударған қазақ саны:
- 2012 жылы – 39401 адам;
- 2016 жылы – 33 000;
- 2017 жылы – 18605;
- 2018 жылы – 14541;
- 2019 жылы – 17661;
- 2020 жылы – 13046.
Сарапшылар сырттан көшіп келушілердің күрт азаюына Қазақстан 2013 жылы көші-қон заңына енгізген өзгерістер де себеп болғанын айтады.
– 2013 жылғы заң өзгерісінен кейін үш жылдай уақыт Қытайдағы қазақтар келе алмай қалды. Келгені азаматтыққа қол жеткізе алмады. Өйткені заң бойынша екі мәселе талап етілді. Біріншісі – Қытайдан көшіп келген кезде тұрақты тіркеуден шығу, екіншісі – сотталмаған деген анықтама әкелу. Бірақ бұл екеуін де Қытай бермеді. Қазақстан қабылдамады. Содан кейін көшіп келген адамдардың барлығы қаңғып далада қалды, – дейді "Жебеу" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Омарәлі Әділбек.
Бұдан бөлек, 2013 жылы өзгерген заң бойынша, сырттан келген қазақтар шетелдіктермен теңестіріліп, азаматтықты төрт жылдан кейін алатын болған. Бірақ бұл да қоғамда шу болып, 2014 жылы үкімет бұл тармақты да заңнан алып тастады.
Сарапшылар осы екі талап алынған соң 2016 жылы шетелден атамекенге көшіп келетін қазақ қатары көбейіп, 33 мыңға дейін жеткенін; бірақ 2017 жылы Қытайдағы қуғын басталған соң көш қайта азайып кеткенін айтады.
Шыңжаңда не болып жатыр?
Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге немесе контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.
АҚШ пен Батыс мемлекеттері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. АҚШ – Қытайға Шыңжаңдағы іс-әрекетіне бола санкция енгізген алғашқы ел. Қытаймен экономикалық байланыс орнатқан Қазақстан билігі қоғамның қысымына қарамастан Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысымдарға ресми баға бермеді. Ресми өкілдер бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.
2019 жылы желтоқсанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев германиялық DW телеарасына берген сұхбатында "Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да ұлты қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты" деп мұны АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси ойынның бір бөлігіне балаған.
ПІКІРЛЕР