Түркіменстан мен Өзбекстанда билікке жаңа басшының келген соң бір кездері қастерлі саналған бірінші президенттің образы екінші орынға ығысты. Қазақстанда бұл сценарий қайталануы мүмкін бе? Былтыр отставкаға кеткен Нұрсұлтан Назарбаев саяси позициясын қаншалықты сақтап қалды?
Аязды күні қарсы соққан суық сүйекке жетіп, бетті қариды. Нұржол гүлзарының бір шеті "Нұрсая" тұрғын үй кешеніне, екінші шеті биліктегі "Нұр Отан" партиясының бас кеңсесіне барып тіреледі. "Нұр"-дан басталатын тіркестерге толы қалада бұл сөз теміржол вокзалы мен әуежай атауында да кездеседі. Қазір қаланың өзі де астананың, оны былай қойғанда бүкіл мемлекеттің негізін қалаған тұлға саналатын бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп аталады.
Қаланың қақ ортасында тұрған "Бәйтерек" монументі де Назарбаев президент болып тұрғанда салынған. Астана туралы нұсқаулықтарда темір мен әйнек шардан тұратын, биіктігі 105 метр "Бәйтерек" монументі Назарбаевтың қағаз майлыққа салған суреті бойынша бой көтергені айтылады.
– Бізде үнемі осындай кезек болады. Қар, жаңбыр, жел болсын, адамдар мұнда бәрібір келеді, балаларын әкеледі. Қаланың көрнекі ғимаратын бәрі көргісі келеді, – деді "Бәйтерек" монументінің кассасында істейтін әйел.
Монументті көруге келгендер лифтіге мініп, "Бәйтеректің" төбесіндегі шардың ішіне көтеріледі. Ол жерден 20 жыл бұрын Назарбаевтың бастамасымен жаңа астананың орны деп белгіленген қаланы биіктен тамашалауға болады. Бұл көрініске келушілердің бәрі бірдей қызықпаса да, шар ішіндегі кішкене үстелдің үстіндегі Назарбаевтың оң алақанының табы түскен алтын түсті үшбұрыш қалыпқа қолын тигізуге кезекке тұратындар көп. Ел ішінде осы жерге қолын қойып, тілек тілеген адамның қалағаны орындалады деген ырым бар. Мұнда келгендер үстелге бойы жетпеген балаларын көтеріп, суретке түсіп жатыр. Қарт әйел экс-президент алақанының табына қолын қоймас бұрын, көзін жұмып, ернін жыбырлатты. Содан кейін фотоаппараты бар жігітке қарап, "Балам, мені суретке түсірші" деді.
Бұрынғы Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 20 ай бұрын Қазақстан президенті қызметінен кетсе де, жұрттың көбі ол әлі де мемлекетті сахна сыртынан басқарып отыр деп есептейді. Бұл Совет одағы тұсында билікке келген басшылары Түркіменстан мен Өзбекстандағыдай о дүниелік болғанша мемлекетті басқарған немесе Қырғызстан мен Тәжікстандағыдай елдегі саяси толқу қызметінен тайдырған Орталық Азия үшін тың тәжірибе болды.
"КЕЗ КЕЛГЕН АВТОКРАТТЫҢ БАСЫНДА БОЛАТЫН ЖАЙТ"
Өзбекстанның бірінші президенті, елді 27 жыл басқарған Ислам Каримов 2016 жылы көз жұмды. "Юртбашының" (Каримовтың ел ішінде кең тараған титулы) жерлеу рәсімін премьер-министр Шавкат Мирзияев ұйымдастырды, президент билігі де соның қолына өтті. Екінші президент өзіне дейінгі авторитар басшының тұсында түрмеге жабылған саяси тұтқындарды босатып, сыртқы саясатта ашықтық қағидасын ұстанып, көрші елдермен Каримовтың кезінде суыған қарым-қатынасын қалпына келтіруге кірісті.
Өзбекстанның өңірлік саясаты бойынша сарапшы Әлішер Илхамовтың айтуынша, одан бері төрт жыл өтсе де, елде әлі де бірінші президентке құрметтің белгісі саналатын нышандар сақталып қалған. Самарқандағы Каримов зиратының үстіне үлкен кесене тұрғызылған. Ал бірінші президенттің Ташкенттегі бұрынғы резиденциясында мұражай ашылып, оның жанына үлкен ескерткіш орнатылған. Дегенмен Өзбекстанда телеарналарға эфирде бірінші президенттің атын атауға тыйым салып жатқаны туралы бейресми ақпарат бар.
– Мирзияев Каримовтың бағытынан алшақтап, ашықтық саясатын ұстанғысы келеді. Оның [Каримовты] жақтырмайтыны туралы жорамалдар бар, бірақ әзірге бұл жайлы қоғамда айтылмайды. Белсенді түрде десакрализация жүріп жатыр дей алмаймын, бірақ Мирзияевтің "Каримовтың соқпағынан" шыққысы келетіні рас, – дейді Әлішер Илхамов.
Көрші мемлекет – Түркіменстанда бірінші президент 2006 жылы дүние салған. "Түркіменбашының" орнына билікке оның жеке дәрігері Гурбангулы Бердымұхамедов келді. Жаңа басшы марқұм Ниязовтың рухани ілім туралы үлкен еңбегі – "Рухнаманы" міндетті оқытылатын пәндер қатарынан алып тастап, бірінші президент тұсында атауы өзгерген көшелер мен ғимараттарға (олардың кейбірі оның туыстарының атымен аталған) бұрынғы атауын қайтарды. Көп ұзамай Ашғабаттың орталығындағы бұрынғы президентке қойылған күнмен бірге қозғалатын үлкен алтын мүсінді алғызып, басқа жерге көшірді.
– Түркіменстанда жеке басқа табынушылық жойылған жоқ, тек табынатын тұлға ғана өзгерді. Бұрын Ниязовты мақтаса, қазір шайдың пайдасы туралы кітап жазып, өз велосипеді мен итіне ескерткіш қоятын Бердымұхамедовты мақтайды, – дейді Азаттықтың Түркімен қызметінің директоры Фаррух Юсупов.
Бердымұхамедов елді демократия жолына түсіреді деген үміт ақталмады: "Түркіменбашының" орнын "Арқадағ" ("желеп-жебеуші" деген атақ Бердымұхамедовке берілген – ред.) басты.
– Бұл кез келген автократтың басында болатын жайт: олар туралы естеліктердің бәрі қолдан жасалғандықтан ондайдың ғұмыры ұзаққа бармайды. Бұл естеліктер экономикалық не саяси даму саласындағы жетістіктен емес, билік халықтың жадында ұзақ сақталып, тарих оқулықтарында қалады деп ойлайтын үлкен саяси шаралардан тұрады, – дейді қазақстандық саясаттанушы, Тәуекелді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев.
Қазақстанда ең үлкен лауазымды тапсыру мүлде басқадай өтті. Бірінші президент тірі кезінде биліктен кетіп, орнына көп жыл оның қол астында істеген екінші президент келді.
БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТ ТҰСЫНДА БИЛІККЕ КЕЛГЕН ЕКІНШІ ПРЕЗИДЕНТ
Президент қызметінен кеткенге дейін Нұрсұлтан Назарбаев заңға бірнеше өзгерту енгізіп үлгерді: оған өзі мен отбасын қылмыстық қудалаудан құтқарып, мүлкіне қол сұғылмауына кепілдік беретін "Елбасы" немесе "Ұлт көшбасшысы" мәртебесі берілді. Бұрынғы президент ықпалды орган – Қауіпсіздік кеңесін (президент маңызды мемлекеттік қызметке тағайындау туралы шешімдерін осы ұйым жетекшісімен талқылаған соң қабылдайды) өмір бойы басқару құқығына ие болды.
Бұған қоса Назарбаев Конституциялық кеңестің өмір бойғы мүшесі, парламенттің төменгі палатасы – мәжілістегі 107 депутаттың тоғызын сайлау құқығына ие Қазақстан халқы Ассамблеясының өмір бойғы төрағасы әрі құрметті сенатор мәртебесіне ие. Назарбаев президенттіктен кеткенге дейін Конституцияға толықтыру енгізіліп, елдің унитарлығы, тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығымен қоса, "Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының бірінші президенті – Елбасы құрған республика қызметінің негізгі принциптері мен оның мәртебесі" де өзгермейтін құндылыққа айналды.
Сарапшылар мұндай жағдайда екінші президенттің қандай да бір қадам жасауға мүмкіндігі жоғын айтады. 2019 жылы 20 наурызда президент қызметіне кіріскен сенаттың бұрынғы спикері, кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев отставкаға кеткен күні оны "белді реформатор" деп атап, ант қабылдау рәсімінен кейін Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертті. Бұл жаңалық қоғам наразылығын тудырды. Қазақстанда бірінші рет Назарбаевтың қатысуынсыз өткен президент сайлауы да наразылық акцияларына ұласып, "Ұлт көшбасшысы" басқаратын "Нұр Отан" партиясы президенттікке ұсынған Тоқаев жеңіске жетті. Полиция наразылықты күшпен басып-жаншып, мыңдаған азаматты ұстады. Режим бұрынғы жағдайды сақтап қалуға тырысып, ірі қалаларда Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілген орталық көшелердегі тақтайшаларды ауыстырып, "нұрландыру" процесін жалғады. Ақын әрі публицист Ербол Жұмагұлов бұл процесті "атау ауыстыруға жасалған соңғы талпыныс" деп атайды.
– Бұл жоғарыдан берілген тапсырма бойынша жасалды. Бұрынғыдай дүкендердің өзін "Нұр" деп атайтын жаппай сипат алған жоқ. Бірақ ол бұдан 10-15 жыл бұрын болған жағдай. Ал қазір десакрализация жүріп жатыр, Назарбаевтың тұлғасы да бұрынғыдай қастерлі болып көрінбейді, өйткені ол ендігі президент емес. Иә, ол Қауіпсіздік кеңесін басқарады, бірақ қарапайым жұртқа Қауіпсіздік кеңесінің не екенін түсіндіруге көп уақыт кетеді. Олар үшін президент – мемлекеттегі бірінші тұлға. Қазір Назарбаев ондай тұлға емес, – дейді Ербол Жұмағұлов.
АРЫ ҚАРАЙ НЕ БОЛАДЫ?
Досым Сәтпаев Нұрсұлтан Назарбаев әзірге көшбасшы позициясын жоғалтқан жоқ, бірақ ол уақыт еншісіндегі нәрсе деп есептейді. 80 жастағы бұрынғы президент үшін биологиялық сағат соңына таяп келеді.
– Назарбаев саяси сахнадан кеткеннен кейін біраз уақыт қарсылық болады деп ойлаймын. Өйткені Назарбаев құрған элитаның бір бөлігі бұрынғы жүйені сақтап қалуға барын салады, бірақ ұзақ уақыт бойы ұстап қалуға қол жеткізе алмайды. Ерте ме, кеш пе, элита ішінде қайта бөліну жүріп, жаңа патшаның жанына оның атын Қазақстан тарихында қалдыру үшін әртүрлі бастама көтеретін адамдар жиналады, – дейді Сәтпаев.
Сәтпаевтың пікірінше, Назарбаев қазіргі президент Тоқаевтың тұсында дүние салса, саяси элитаның өз болашағын ойлайтын бөлігі Тоқаевтың жағына шығып үлгеруге тырысады. Ал элитаның Тоқаевтың жақтастары қатарына ілінбейтінін түсінген қалған бөлігі Назарбаев құрған жүйені сақтап қалу үшін күреседі.
– Бірақ бұл ұзаққа созылмайды. Өйткені Қазақстан қоғамының басым бөлігі елге өзгерістер – жаңа басшылар, басқа мақсаттар мен міндеттер керек деп ойлайды. Назарбаев құрған жүйені сақтап қалуды жақтағандар не қоғамнан, не элита ішінен қолдау таппайды. Өйткені элитаның өзі Тоқаевтың жақтастары мен елді Назарбаевтың моделі бойынша басқару керегін дәлелдеуге тырысқан консерваторлар болып екіге бөлінеді. Тоқаевтың өзі мұндайға барады деп ойламаймын. Ол белгілі бір тарихи мұрадан арылу керегін жақсы түсінеді, – дейді Сәтпаев.
"Бәйтерек" монументінің 300 тонналық әйнек шарының ішінде қаланың макеті бар. Онда "Нұр Астана" мешіті, Назарбаев университеті, Назарбаев орталығы деп аталатын бірінші президент кітапханасы, бірінші президент мұражайы, "Қазақ елі" монументінің (Назарбаевтың бейнесі салынған қоладан жасалған бедерлі мүсін мен астында "Бірінші президент және Қазақстан халқы" деген жазуы бар 91 метрлік стела) кішірейтілген үлгісі қойылған. Бұл скульптуралық композициядағы тағы бірнеше сурет Назарбаевқа ұқсайды. Олардың бірінде – қолында баласы бар жас ер адам, екіншісінде жас ғалым бейнеленген. Барельеф "Болашақ" деп аталады. Монументке баратын жолды қар басып қалған, сондықтан "Болашаққа" жету үшін көлшіктерден секіріп, қар кешіп жүруге тура келеді.
Астанада Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған екі мұражай бар. Екінші мұражай жақында – 2020 жылдың жазында ашылған. Ескі мұражай президенттің астананы Ақмолаға (қала атауы Астана, кейін Нұр-Сұлтан болып өзгерген) көшірген кезде отырған бірінші резиденциясында орналасқан. Жаңа мұражаймен салыстырғанда, онда бәрі қарапайым әрі дәстүрлі сипатқа ие: мультимедиялық жобалар жоқ, әр жерге Назарбаевтың портреттері, жас астананың суреттері мен картиналары, бірінші президенттің 2011 жылы Қазақстанда өткен Азиада ойындары алауы эстафетасына киген спорт костюмі ілінген.
Бәлкім бұл жерге жұмыс күні келгенімнен болар, бос залдарда менен басқа тамашалап жүрген ешкім жоқ. Мұражай қызметкері әр қадамымды сырттай бақылап, ізімнен еріп жүр. Ол бір кездері Қауіпсіздік кеңесінің жиындары өткен залды суретке түсіруге болмайтынын ескертті. Қазір бұл залға суық қару коллекциясы қойылған: әйнектің артында Назарбаевқа қазақстандық әскерилер мен басқа мемлекет басшылары сыйға тартқан, бағалы тастармен қапталған қылыш, қанжар сияқты қарулар ілінген. Назарбаевтың жұмыс кабинетін де суретке түсіруге тыйым салынған: мұнда келген адамдарды өткізбеу үшін тартылған қызыл лентаның ар жағынан президенттің жұмыс орны мен маңызды кездесулер өткен жиын үстелі көрінеді.
Экскурсиясыз мұражайды бір сағат ішінде аралап шығуға болады: айналадағы экспонаттардың бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың "жас, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесінен" хабар береді, ал залдарға шетелдік дипломаттардың бірінші президентке тартқан сый-сияпаттары, Назарбаевтың басқа мемлекет басшыларымен бірге түскен суреттері қойылған.
Айнала толған кілем, мүсіндер, картиналар мен құмыраларды тамашалап болған соң, мұражай қызметкерлеріне алғысымды айтып, жас астанадан бір адамның мүддесіне қойылған үлкен ескерткішке айналған қаладан қайтуға асықтым.
ПІКІРЛЕР