Accessibility links

"Тақтан түсірілген" Дариға Назарбаева және Тимур Құлыбаевтың мәмілесі


Дариға Назарбаева сенат отырысында. Сенат сайтынан алынған сурет.
Дариға Назарбаева сенат отырысында. Сенат сайтынан алынған сурет.

Батыс баспасөзі осы аптада Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы Дариға Назарбаеваның әлдекімдерге «жақпай қалып», маңызды мемлекеттік қызметтен босатылғаны туралы жазды. Ақпарат құралдары, сондай-ақ, Алматыдағы әуежайдың сатылуы «елдегі ең бай отбасы үшін тиімді» келісім болды деп санайды. Сонымен бірге Қазақстан – пандемиядан кейін туристер бара алатын елдердің қатарында аталды.

ДАРИҒА НАЗАРБАЕВАНЫ ӘКЕСІ ЖАЗАЛАДЫ МА?

Осы аптада француздың Le Point басылымы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның мамырдың басында парламенттің жоғары палатасының төрағасы қызметінен босатылғаны туралы жазды.

«Қазақстан: «ұлт көшбасшысының» қызы әкесіне жақпай қалды» деп аталған мақалада автор Назарбаеваның әкесінің орнына отыруға мүмкіндік беретін ең жоғары қызметтен кеткенін еске салады. Бұл оқиға аумағы Батыс Еуропаға парапар, мұнай қорына бай, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші статусына ие Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған кландағы өзгерістерден хабар береді дейді басылым.

«Орталық Азиядағы билеушілердің қыздары бірінен соң бірі әкелеріне жақпай қалып жатыр. Өзбекстанның марқұм диктаторы Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова 13 жылға сотталған соң ендігі кезек қазақ деспоты Нұрсұлтан Назарбаевтың 57 жастағы қызына келіп, ол тағынан түсірілді» деп жазады Le Point.

Нұрсұлтан Назарбаевтың өз адамы, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 мамырда алдыңғы президент қызының өкілетін жарлық арқылы тоқтатты. Бұл шешімге не түрткі болғаны жайында сарапшылар түрлі долбар жасап әуре, себебі Назарбаеваның мандатын неге қайтарып алғаны туралы ресми түсінік берілмеді, ал Дариға Назарбаева екі аптадан бері жұмыссыз отыр.

«Аппарат адамы» Тоқаев «биліктің құпияларын да, «папаның» психологиясын да жақсы біледі» деп жазған басылым Назарбаевқа қатысты «папа» деген теңеудің жиі айтылатынын еске салады.

«[Тоқаев] — өте сақ әрекет ететін адам. Элиталар арасында тепе-теңдік орнату арқылы басты орындарға ол өз жақтастарын қоя алды» дейді басылымға сұхбат берген қазақстандық саясаттанушы Данияр Қосназаров.

Тоқаев әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған, былтыр мерзімінен бұрын өткен сайлауда Тоқаевтың сайлауалды штабын басқарған Мәулен Әшімбаев Дариға Назарбаеваның орнына сенат спикері болды.

Le Point мақаласында көп шу болған Лондондағы сот процесі туралы да айтылады. Онда Дариға Назарбаева мен ұлы Нұрәли Әлиев Британияның қылмыспен күрес агенттігі бұғаттаған Лондондағы элиталық үйлерін қорғап қалған еді.

Агенттік тергеушілері мүлік «лас» ақшаға сатып алынған деген, ал сот бұл дәлел сенімсіз деп келіспеді. «Британ соты «ханшайымның» жылжымайтын мүлкіне қызығушылық танытты. Лондон ортасында орналасқан үш жылжымайтын мүліктің жалпы құны 100 миллион доллар, оның біреуінің он жатын бөлмесі, жабық бассейні және кинотеатры бар» деп жазған журнал Назарбаеваның Лондондағы үйі оның «паналайтын жері» дейді.

Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.

Мақалада Дариға Назарбаеваның тағы бір ұлы Айсұлтан туралы айтылады. Басылымның жазуынша, ол Британияда есірткіге тәуелділіктен емделіп жатыр, ара-тұра Facebook-те отбасы туралы кісі шошытар мәліметімен бөлісіп отырады. Ол желіде «анасының өзін өлтіргісі келгенін» және атасы өзінің шын әкесі екенін жазды». «Дариға имиджін қалпына келтіру үшін [ұлдарына] иек арта қоймас» деп жазады автор.

«Бұған қоса Дариға жиі қателік жібереді. Парламентке көп билік талап етеді. Президент әкімшілігінің заң шығару бастамаларына қарсы шығады. Ол өзін мемлекет басшысы сияқты сезінеді. Жауларының көмегімен [оған қатысты] егжей-тегжейлі мағлұмат аян болып жатады. Мәселен, ол қатысы бар болуы мүмкін лотерея және букмекер компаниясына ("Олимп" - Ред.) қарсы тергеу жүріп жатыр» деп жазады журнал.

Өткен жылы биліктен кетсе де, басқару тізгінін қолында ұстап отырған, журналдың айтуынша өле-өлгенше ықпалын сақтап қалатын Нұрсұлтан Назарбаевты қызының төңірегіндегі бұл оқиғалар ашуландырса керек деп жазады автор. «Сондықтан ол мұның бәрін тоқтату үшін қызы Дариғаны жазалауды ұйғарды» деп жазады автор.

Экс-президент қызының сенаттан кетуі оның саяси карьеасы аяқталды деген сөз емес делінген мақалада. Le Point-тың жазуынша, 2007 жылы Дариға Назарбаева күйеуі Рахат Әлиевтің ізімен қудаланудан аман қалған. Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісіне өз елінде түрлі айып тағып, соның ішінде төңкеріс жасамақ болды деп санап, ұзақ жылға түрме жазасына кескен. Вена Әлиевті Қазақстанға беруден бас тартып, өз тергеуін жүргізген, ал 2015 жылы Австрия түрмесінде оның өлі денесі табылған. Ресми нұсқа бойынша, Әлиев суицидтен өлген. Рахат Әлиев қайынатасының кәріне ілінгенден Дариға Назарбаева «әкесінің ықпалына көніп, күйеуінен ажырасып кетті» деп жазады журнал. Жұрт көзінен бес жылға жоғалып кеткен ол кейін «әкесінің кешірімін алып», саясатқа қайтып оралған. «Бұл жолы да ол шыдамдылығын көрсете алады» деп қорытады Le Point.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕҢ БАЙ ОТБАСЫ ҮШІН ТИІМДІ КЕЛІСІМ»

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген «Қазақстандағы ең бай адам Алматы әуежайын сатты» деп аталған мақалада Алматы әуежайының TAV Airports деп аталатын түрік холдингіне сатылғаны туралы айтылады. Енді бұл холдингтің құрамында 15 әуежай бар. Мақалаға сенсек, «Қазақстан элитасымен байланысы бар оффшор компаниясы» әуежайды 415 миллион долларға өткізген.

Алматы әуежайы Орталық Азиядағы жолаушысы ең көп әуежай саналады. 2019 жылы ол арқылы 6 миллион жолаушы ұшып, қонған. Түрік холдингі жаңа нысанды «заманауи Жібек жолындағы стратегиялық маңызды орында тұр» деп сипаттаған.

Алматы әуежайындағы FlyArystan ұшақтары. 14 мамыр 2020 жыл.
Алматы әуежайындағы FlyArystan ұшақтары. 14 мамыр 2020 жыл.

Мәміле туралы ақпарат жария болған 2019 жылдың қарашасында TAV Aiprports әуежайды инфрақұрылымын жаңартуға және жаңа терминал құрылысына 140 миллион доллар бөлеміз деп уәде берген. Баспасөз ақпаратына сенсек, Париждегі әуежайларды басқаратын француздың ADP Group компаниясы TAV Airports акцияларының 46 пайызына иелік етеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас құрлық портында жұмыс істейтін Ресейдің VPE Capital инвестициялық қоры әуежайдың миноритарлық акцияларына ие.

«Әуежайды сатқан Нидерланды орын тепкен Venus Airport Investments компаниясы - Сингапурдағы Steppe Capital холдингі арқылы Тимур Құлыбаевқа тиесілі активтердің бір бөлігі. Құлыбаев – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы. Forbes мәліметі бойынша, 2019 жылы Құлыбаев пен оның әйелінің капиталы 6,2 миллиард доллар болған» деп жазады Diplomat.

Venus әуежайды 2011 жылы Meridian Capital мен Sat Infosystems-нен 12,6 миллиард теңгеге (сол кездегі бағаммен 87 миллион доллар) сатып алған деп жазады басылым. Бермуд аралдарында тіркелген Meridian Capital туралы 2017 жылы аян болған. Оффшор туралы Paradise Papers-те шыққан мәліметке қарағанда, бұл компанияның артында Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі, қазіргі «Қазақстан теміржолы» компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев тұрған.

Sat Infosystems – Назарбаевтың маңындағы сенімді адамдардың бірі Иманғали Тасмағамбетовтың күйеубаласы Кеңес Рақышевқа тиесілі Sat компаниясының еншілес кәсіпорны. 2011 жылы Рақышев Sat компаниясы акцияларының 50,4 пайызына, ал Құлыбаев әулеті – 8,33 пайызына иелік еткен деп жазады басылым.

«Құлыбаев әулеті ALMEX деген холдингтік компаниясы арқылы 2005 жылы әуежайдың акционері атанған, көп ұзамай, сол жылғы тамызда 50 пайыздық үлесін Рақышевқа тиесілі Sat компаниясына сатқан» деп жазады Diplomat.

Басылымның жазуына қарағанда, әуежай жақсы табыс түсірген және 2010 жылы түрлі бизнес топтарының назарына іліккен. 2012 жылы Қазақастандағы аса ірі инвестициялық компаниялардың бірі, Болат Өтемұратовқа тиесілі «Верный капитал» әуежай акцияларының үлесін алуға талпынып көрген. 2012 жылдан бері Алматы әуежайы жалғыз акционері – Тимур Құлыбаевтың Venus компаниясына дивиденд ретінде 65 миллион доллар төлеген.

Бұрынғы президенттің күйеубаласы миллиардер Тимур Құлыбаев.
Бұрынғы президенттің күйеубаласы миллиардер Тимур Құлыбаев.

«Жергілікті бизнесмендер оффшор компаниялары арқылы жасыратын әдеттегі мәмілелерге қарағанда бұл келісім «шынайы шетел инвестициясының» белгісі ретінде саналып, жұрттың құптауына ие болған. Бірақ ақырында бұл ел үкіметі көп жылдан бері іске асыруға тырысып келе жатқан жекешелендіруді ынталандыру бағдарламасына үлес қосудың орнына, Қазақстандағы ең бай әулет үшін тиімді мәміле ғана болып шықты. Жаһанды пандемия жайлап, халықаралық ұшып-қону тоқтаған тұста әуежайды сатылуы 2020 жылы бизнестің құлдырайтынын болжай алмаған Құлыбаевты бас ауруынан құтқарды» деп жазады Diplomat.

ҚАЗАҚСТАН ТУРИСТ ҚАБЫЛДАУҒА ӘЗІР МЕ?

Америкалық Forbes журналының сайтында жарық көрген «Қайта саяхаттайтын кез келді ме? Биыл жазда қонақ қабылдайтын жерлер» деп аталған мақала коронавирустың таралуын тоқтату үшін әлем елдері енгізген түрлі шектеу шараларынан кейін халықаралық туризмнің қайта жандану мүмкіндігі туралы жазады.

COVID-19 пандемиясы әлі жалғасып жатыр, көп нәрсе әлі айқын емес, жұрт әлі де коронавирустың жұғу қаупі төмендеп, саяхаттауға қауіпсіз мезгіл келе ме деп дауласып жатыр. «Әлемге танымал курорттарға шетелден адам ағылған соң ондағы вирустың таралуы бақылаудан шығып кетпей ме?», «Вакцина жасалғанға саяхаттауға бола ма?» деген сұрақтарға да жауап жоқ.

«Жұқтыру азайып, адамдар жолға шыға бастаған күннің өзінде көп ел енгізген екі апталық карантин ережесін қайтпек керек?» деп сауал тастайды Forbes.

Мақалада «осы жазда баруға болады-ау деген» елдердің тізімі келтіріледі. Тізімде Грекия, Мексика, Исландия, Аруба және Қазақстан бар.

Алматы облысындағы туристік орындардың бірі - Шарын шатқалы.
Алматы облысындағы туристік орындардың бірі - Шарын шатқалы.

«Бірер қауіпті тұсы болғанымен, тосын вариант ретінде Қазақстан тәуекелге жаны құмар жаһангезді қызықтыруы мүмкін. Осы аптада төтенше жағдай аяқталды. Демек қонақтар Орталық Азияның бұл еліне келе алады, бірақ қазір COVID-19-ға тест тапсырып, оның нәтижесі келгенше екі күн карантинде отыру міндетті саналады. Нәтижесі оң болып шыққан адамды ауруханаға жатқызады» деп жазады журнал. Сонымен бірге Forbes коронавирус инфекциясының таралуы кесірінен визасыз кіру режимінің де тоқтатылғанын еске салады. «14 күн карантинге қарағанда 2 күн деген жақсы ғой» деп қорытады автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG