Accessibility links

Талапкерде жерленген белсендімен бірнеше қалада қоштасты. Нұр-Сұлтанда наразыларды ұстады


Белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:15 0:00

Тергеу абақтысында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділмен Талапкер ауылында өткен қоштасу рәсіміне мыңнан аса адам қатысты. Бірнеше қалада марқұмды еске алуға жиналғандар билікті айыптады. Нұр-Сұлтанда жиырмадан аса наразыны полиция ұстады.

Ақпанның 27-і күні Ақмола облысындағы Талапкер ауылында жұртшылық Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. 43 жастағы белсендіні ақпанның 24-і күні түнде полиция үйінен күштеп әкетіп, арада бірнеше сағат өткен соң ол Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған еді. Қарлы боранға қарамастан марқұмды жерлеуге мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында жаназаға өзге аймақтардан арнайы келгендер де болды.

Белсенді Дулат Ағаділдің жаназасына жиналған жұрт. Талапкер ауылы, Ақмола облысы. 27 ақпан 2020 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділдің жаназасына жиналған жұрт. Талапкер ауылы, Ақмола облысы. 27 ақпан 2020 жыл.

Мұсылман дәстүрі бойынша жаназа шығару рәсімі бейсенбі күні таңертең Талапкер ауылындағы мешітте өтті. Жаназаға жиналғандардың алдында 2006 жылы ақпанда Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағының өкілдері ұстап әкеткен соң екі серігімен бірге қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай сөйледі. Ол белсенді Дулат Ағаділдің қазасына жауапкершілік "назарбаевтық жүйеге" жүктелетінін айтты.

- Билік жүйесі Қазақстанды тұтас түрмеге айналдырғысы келеді. Дулат оған қарсы шықты. Біз де келіспейміз. Оның ажалына кінәлілердің барлығы жауапқа тартылуы керек. Біз осы қылмысты жасағандарды және жасатқандарды жазалатуға тиіспіз. Жазалатамыз деп ант беруіміз керек. Қош бол, бауырым! - деді Рысбек Сәрсенбай.

Жаназа шығарылған соң жиналған жұрт мәйітті иыққа салып, кезек көтеріп, ауыл шетіндегі зиратқа дейін жаяу барды.

Белсенді Дулат Ағаділдің қабірінің басында. Талапкер ауылы, Ақмола облысы. 27 ақпан 2020 жыл.
Белсенді Дулат Ағаділдің қабірінің басында. Талапкер ауылы, Ақмола облысы. 27 ақпан 2020 жыл.

Марқұмды жерлеуге бара жатқан көптің арасынан бір адамның "Шал, кет!" деп ұран тастауы сол екен, өзгелері оны қолдап, бірге айғайлады. Бұл талап соңғы бір жылда елде өткен түрлі наразылық шерулерінде Қазақстанды отыз жылға жуық үздіксіз басқарған соң былтыр наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарған, бірақ Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығын иеленіп, әлі күнге билікке ықпал етіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевқа қарсы жиі айтылатын.

43 жастағы Дулат Ағаділдің тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы суық хабарды билік ақпанның 25-і күні таңертең таратқан. Полиция ақпаратында "масаң күйде" тергеу абақтысына жеткізілген белсендінің "жүрегі қысып қайтыс болған" деген алдын ала болжам жасалғаны айтылған. Ақпанның 24-і күні кешке Талапкер ауылына келген қарапайым киімдегі бірнеше адам үйінде жатқан Дулат Ағаділдің қолына кісен салып, күштеп алып кеткені туралы сол күні әлеуметтік желіде видео тараған еді. Кейін Қазақстан ішкі істер министрлігі "сотқа құрмет танытпаған" белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол "тергеу орындарына келмеуіне байланысты тұтқындалғанын" хабарлаған.

Жақтастары Дулат Ағаділдің тергеу орындарынан жасырынбағанын, "ешқайда кетпейтіні" туралы берген қолхат шартын бұзбағанын, спирттік ішімдікке әуесі жоғын және жүрегі ауыратыны туралы ешқашан шағымданбағанын айтады. Олар белсендінің қазасы жайлы биліктің ресми ақпаратына күмән келтіреді.

Билік жұртшылықты тұтқындалған азаматтың ажалы туралы "асығыс қорытынды жасамай, тергеу қорытындысын күтуге" шақырған. Дулат Ағаділдің қазасына байланысты қозғалған істі Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы тексеріп жатыр.

НҰР-СҰЛТАНДА НАРАЗЫЛАРДЫ ПОЛИЦИЯ ҰСТАП ӘКЕТТІ

Ақпанның 27-і күні түстен кейін Нұр-Сұлтандағы "Астана" концерт залының маңында полиция жиырмадан астам адамды ұстады. Бейсенбі күні таңертең Талапкер ауылында Дулат Ағаділдің жаназасына қатысып, түстен кейін осында келген ондаған азамат концерт залының алында жиналып, осыдан екі күн бұрын Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда өмірден өткен белсендінің өлімін зерттеу бойынша тәуелсіз комиссия құрып, оның құрамына қоғам белсенділерін кіргізуді талап етпекші болған. Полиция оларды әр жерден ұстап, автобусқа күштеп салып, алып кетті. Ұсталғандардың арасында белсенді Бибігүл Тұяқова, саясаткер Серікбай Әлібаев бар деп хабарлады ҚазТАГ агенттігі.

Дулат Ағаділдің тергеу абақтысындағы қазасы туралы биліктің ақпаратына сенбейтіндерін мәлімдеген наразыларды полиция жасағы ұстап, әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2020 жыл.
Дулат Ағаділдің тергеу абақтысындағы қазасы туралы биліктің ақпаратына сенбейтіндерін мәлімдеген наразыларды полиция жасағы ұстап, әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 27 ақпан 2020 жыл.

Белсенділер өздерін Алматы және Сарыарқа аудандық полиция басқармасына апарғанын әлеуметтік желі арқылы хабарлады. Бибігүл Тұяқова полицияның өзімен бірге жеті азаматты бір көлікке салып әкеткенін, ұсталғандардың аты-жөнін де атап жазды.

Азаттық тілшісі азаматтардың қандай себеппен ұсталғаны жайлы сұраққа полициядан түсініктеме ала алмады. Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі "деректі анықтап жатырмыз" дегенімен, нақты қанша адам ұсталғанын айтпады.

ҚАРАЛЫ АКЦИЯДАҒЫ ТАЛАПТАР

Туыстары мен жиналған жұрт Талапкер ауылында Дулат Ағаділді соңғы сапарға шығарып салған күні Қазақстанның бірнеше қаласы - Алматы, Ақтөбе, Орал, Шымкент пен Таразда белсенділер жиналып, марқұмды еске алу акциясын өткізді.

Видео: Алматыдағы қоштасу рәсімі

Алматылықтар Дулат Ағаділмен қоштасқан соң прокуратураға, әкімге талаппен барды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:24 0:00

Алматыда Тәуелсіздік ескерткіші алдына жиналған жүзден астам адам марқұмға бағыштап құран оқыды. Азалы акцияда сөйлегендер "елде отыз жылдан бері адам құқықтарын таптап, азаматтардың бостандығын шектеп, халықтың байлығы мен билікті отбасымен иемденіп алды" деп Қазақстанның бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрcұлтан Назарбаевты сынап, оның өзі мен үлкен қызы, парламент сенатының спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

Наразылар белсенді Дулат Ағаділдің қазасына кінәлілер жазалануы тиіс деп мәлімдеді. Оппозициялық белсенді Жасарал Қуанышәлин Дулат Ағаділ "режим жендеттерінің құрбаны болды" деп айтты.

Белсенділер Сақып Жаңабаева (сол жақта алдыңға қатарда), Жасарал Қуанышәлин (ортада) мен Балташ Тұрсымбаев (оң жақтан екінші) Дулат Ағаділді еске алу акциясында тұр. Тәуелсіздік ескерткіші, Алматы, 27 ақпан 2020 жыл.
Белсенділер Сақып Жаңабаева (сол жақта алдыңға қатарда), Жасарал Қуанышәлин (ортада) мен Балташ Тұрсымбаев (оң жақтан екінші) Дулат Ағаділді еске алу акциясында тұр. Тәуелсіздік ескерткіші, Алматы, 27 ақпан 2020 жыл.

- Азамат таймай күресетін болса, оның көретіні, барлығының басына келетіні - осы деген биліктің доғы, қорқытып, үрейлендіруі бұл, - деді Қуанышәлин. Одан кейін сөз алғандардың бірі "біз шегінбейміз, қайтпаймыз, бәрімізді бірдей құрта алмайды, назарбаевшылдықты жеңбей тынбаймыз" деп мәлімдеді.

Шарада сөйлегендер туған елінің жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, жанын құрбан еткен белсендінің есімін мәңгі есте қалдыру үшін елді мекендерде оған көше атын беруді ұсынды. Кейбіреулер Дулат Ағаділдің артында қалған жесірі мен алты баласына моральдық және материалдық қолдау көрсетуге шақырды.

Тәуелсіздік ескерткіші алдындағы еске алу акциясынан кейін оған қатысушылар Алматы прокуроры Берік Жүйріктаевпен кездесуді талап етіп, қалалық прокуратураға барды. Осыдан бір күн бұрын, ақпанның 26-сы күні де прокурормен кездесуді талап етіп барған белсенділер оған жолыға алмай қайтқан еді. Олар ақпанның 22-і күнгі наразылық кезінде және оған дейін ұсталған азаматтарды босатуды және ашық тергеу жүргізуді талап етіп барған болатын. Жергілікті белсенділердің есебі бойынша, Алматыдағы әкімшілік сот жауапқа тартқандарды ұстайтын мекемесінде наразылық шеруіне байланысты ұсталған кемінде 18 азамат қамауда отырған болуы мүмкін. Бейсенбі күні наразылармен кездесуге қала прокуроры емес, оның орынбасары шықты. Бірақ оның сөзін бөлген наразы топ прокурордың өзі шығуын талап етті. Осы жерде екі сағаттай тұрған жұрт Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевқа баруды ұйғарды. Қала әкімдігінің алдына жаяу барған олар әкімнің шығуын талап етіп, "Сағынтаев, сыртқа шық!" деп айғайлады. Алайда әкім де шықпады. Ол жерде біраз тұрған соң адамдар тарап кетті.

Дулат Ағаділдің абақтыда көз жұмғаны туралы хабардан кейін, ақпанның 25-і мен 26-ы күндері наразылық акциясына шыққан адамдар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қызметтен кетуін талап еткен.

Сейсенбі күні Нұр-Сұлтанда Ағаділдің қазасының жай-жапсары туралы барлық шындық айтуын талап етіп, ішкі істер министрлігіне барған, басшылықтан ешкім шықпаған соң көшедегі жолды жаппақ болған ондаған азаматты полиция жасағы ұстап әкетіп, кейін босатқан.

Дулат Ағаділді жерлеген күні Ақтөбе, Орал Шымкент пен Таразда қаралы акцияға жиналған белсенділер марқұмды еске алып, оның өліміне билікті айыптады.

Шымкентте акцияға қатысушылар "Дулат Ағаділ, қош бол!", "Қазақ елі сені ұмытпаймыз" деген жазуы бар плакаттар, Ағаділдің суреттерін ұстап тұрды.

Видео: Бірнеше қалада Дулат Ағаділмен қоштасты

"Билік бұл үшін жауап береді". Бірнеше қалада Дулат Ағаділмен қоштасты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

- Дулат Ағаділдің қазасы бізге өте ауыр тиді. Бұл Тоқаев президент болғалы бері демократия үшін, әділдік үшін, шындық үшін күресіп, қаза болған бірінші азамат. Мұны біз еш уақытта ұмыта алмаймыз. Ел мүддесі үшін азаматтарды қудалауды доғарыңдар! - деді белсенді Жарқынбек Сейтінбек.

Акцияны қарапайым киім киген он шақты полиция қызметкері сырттай бақылап жүрді. Құран оқып жатқан кезде бір полицей суретке түсіре бастап еді, белсенділер оны қуып жіберді.

Ақтөбеде белсенділер "Нұрдәулет" мешітіне жиналып, Дулат Ағаділге құран бағыштады. Олар Ағаділдің әділет үшін күрескен батыл азамат, көп балалы аналарға араша түскен күрескер болғанын айтып, оның өліміне билікті кінәлап, белсенділерді қуғындауды тоқтатуды талап етті. Наразыларды полиция бақылап, видеоға түсіріп тұрды.

Азалы акцияға жиналғандар белсенді Дулат Ағаділдің өліміне билікті айыптады. Ақтөбе, 27 ақпан 2020 жыл.
Азалы акцияға жиналғандар белсенді Дулат Ағаділдің өліміне билікті айыптады. Ақтөбе, 27 ақпан 2020 жыл.

Таразда бір топ белсенді жергілікті Һибатулла Тарази мешітінде марқұм Дулат Ағаділге құран бағыштады.

БЕЛСЕНДІНІҢ ҚАЗАСЫНА ШЕТЕЛДІК ДИПЛОМАТТАР РЕАКЦИЯСЫ

Дулат Ағаділдің тергеу абақтысындағы жұмбақ қазасына байланысты шетелдік дипломаттар, атап айтқанда, АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро жетекшісі өз ұстанымдарын білдірді.

АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша бірінші көмекшісі Элис Уэллс Twitter-парақшасына АҚШ үкіметі Дулат Ағаділдің қазасы туралы іс мұқият тексеріледі деп күтетінін жазды.

"Қазақстанда қамалған белсенді Дулат Ағаділдің қазасына қатты алаңдадық және оның отбасы мен достарына көңіл айтамыз. Толық әрі мұқият тексеріледі деп күтеміз және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бостандықты кеңіту туралы берген уәдесін толық жүзеге асыруға шақырамыз" делінген Элис Уэллстің постында.

Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі Twitter-парақшасында белсендінің тергеу абақтысындағы өліміне аса алаңдаулы екенін айтып, Қазақстан билігін Ағаділдің қазасын тергеудің мұқият әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз етуге шақырды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының директоры Ингибьёрг Сольрун Гисладоттир Twitter-парақшасына "Қазақстандық азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанда қамауда отырғанда қаза болуы мені қатты алаңдатты. Оның өлімін ашық түрде дереу тексеру қажет" деп жазды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тергеу абақтысындағы белсенді қазасына байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Дулат Ағаділ әлеуметтік желіде белсенді блогер ретінде танымал болған. Ол қоғамда резонанс туғызған соттар мен наразылықтардан тікелей трансляция жүргізді. Ағаділ биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаптауды тоқтатуды, азаматтардың бейбіт шеру өткізу бостандығын қамтамасыз етуді және әділ сайлауды талап етіп, наразылық акцияларына қатысты. Билік оны әртүрлі айыппен бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартты. Өткен жылы Дулат Ағаділ бірнеше мәрте әкімшілік сот шешімімен кемінде 60 тәулік қамауда отырып шыққан еді.

Дулат Ағаділ өзіне билік таққан "полицияға қарсылық көрсетті", "сотты құрметтемеді", "заңсыз митингіге шықты" және "әлеуметтік желі арқылы жұртты заңсыз шеруге шақырды" деген айыптарды жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG