Accessibility links

Қазақстанда жыл сайын күн ысып барады. Аптап елдің оңтүстігін әуреге салды


Күн ыстықта аялдамада отырған адамдар. Шымкент, 28 шілде, 2023 жыл.
Күн ыстықта аялдамада отырған адамдар. Шымкент, 28 шілде, 2023 жыл.

Биыл жаздағы аптап Қазақстанның біраз аумағына, соның ішінде оңтүстік өңірлерге ауыр тиді. Түркістан облысының екі ауданында температура 46 градусқа жетті. Ал бүкіләлемдік метеорология ұйымы 2023 жылғы шілде әлемде метеобақылау тарихындағы ең ыстық ай болды дейді. БҰҰ әлемде "ғаламдық жылыну аяқталып, ғаламдық қайнау дәуірі" басталды деп дабыл қақты. Америкалық Berkeley Earth ұйымының зерттеуінен Қазақстанда да жыл сайын ауа райы ысып бара жатқанын байқауға болады.

"АПТАПТА АУА ЖЕТПЕЙ ТҰНШЫҚТЫМ"

Шымкент тұрғыны 43 жастағы Ерлан жүк көлігімен құм тасып жүріп, шілденің шіліңгірінде басы айналып құлап, есінен танып қалған.

– Бізде күнде ауа райы ыстық қой. Мен құлағанда шамамен күннің ыстығы жоқ дегенде 40 градустан асты. Көлікте кондиционер жоқ. Ыстық жел соғып тұрады әрі ауа жоқ. Шамасы күн өтті-ау деймін, көліктен түсіп бара жатқанда басым айналып, көзім қарауытып кетті. Көлікке сүйеніп үлгердім, ары қарай не болғанын білмеймін, – дейді ол.

Ерланның құлап бара жатқанын көргендер дереу жедел жәрдем қызметін шақырған. Осы оқиғадан соң ол уақытша жұмысын тоқтатты.

Шымкенттік 60 жастағы Федор Туркеевич те аптап ыстықта қан қысымы көтеріліп, үйден шыға алмай отыр. Ол бірнеше жылдан бері жүрек-қан тамыры ауруымен дәрігер тіркеуінде тұрады. Үйде желдеткіш қойып денсаулығын күтіп отыр. Соның өзінде ауа жетпей тұншығып, басы айналып, қан қысымы көтерілген.

Жедел жәрдем дәрігері Федор Туркеевичтің қан қысымын өлшеп жатыр. 28 шілде, 2023 жыл.
Жедел жәрдем дәрігері Федор Туркеевичтің қан қысымын өлшеп жатыр. 28 шілде, 2023 жыл.

– Кейінгі он күнде қатты ыстықтан қан қысымым бірнеше рет көтерілді. Күндіз сыртқа шықпауға тырысамын. Күн батқанда ғана есік алдына шығып отырамын. Түнде (27 шілдеде – ред.) тағы үй ысып, ауа жетпей, тұншығып жаттым. Таңертең қан қысымымды өлшеп көрсем, көтеріліп кетіпті. Дәрі іштім де, сақтықта қорлық жоқ деп, жедел жәрдем қызметін шақырдым, – дейді ол.

Қазгидрометтің мәліметінше, 25-26 шілдеде Шымкентте ауа температурасы +42 градусқа, Түркістан облысы Арыс қаласы мен Ордабасы аудандарында +46 градусқа жеткен. Шілдеде Қызылорда облысында да бірнеше рет +42 градус ыстық тіркелген.

Шымкент, Қаратау, Арыс, Ақсу, Леңгір аймағындағы климаттың өзгеруі. Berkeley Earth ұйымының дерегі.
Шымкент, Қаратау, Арыс, Ақсу, Леңгір аймағындағы климаттың өзгеруі. Berkeley Earth ұйымының дерегі.

Америкалық климатология саласына анализ жүргізетін Berkeley Earth үкіметтік емес ұйымының зерттеуінен Қазақстанда және Шымкент аймағында жыл сайын ауа райы жылып бара жатқанын байқауға болады.

ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРҒАНДАР КӨБЕЙГЕН

Шымкент қаласы №1 емханасы жедел жәрдем бөлімінің дәрігері Зарифа Мамырбаеваның айтуынша, шілдеде күн ысығалы қан қысымының көтерілуі, құсу, іш өту, салқын тию сияқты шағыммен хабарласатындар артқан. Емхананың жедел жәрдем бөліміне түсетіндер екі есе көбейген. Мысалы, ауа райы қалыпты кезде емхананың жедел жәрдем бөлімінде тәулігіне шақырту саны 18 адамнан аспаса, күннің ыстығы 40 градустан асқанда 30-дан аса адам көмек сұраған.

Шымкент денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қалада күн ыстығына байланысты жедел жәрдем шақыратындар тәулігіне орташа есеппен 200 адамға көбейіп, 2000-2100 адамға жеткен. Күн ыстығына байланысты қалада ішек инфекциясымен ауырғандар үш есе өссе, салқын сусыннан тыныс алу жолы қабынғандар саны 15 пайызға артқан.

Қазақстандағы климаттың өзгеруі. Berkeley Earth ұйымының дерегі.
Қазақстандағы климаттың өзгеруі. Berkeley Earth ұйымының дерегі.

Ауа температурасы 40 градустан асқан күндері Түркістан мен Шымкент қаласында көшеде жұрт аяғы мен көлік азайғаны байқалды. Көшеге шыққан адамдардың өзі қолшатыр ұстап, бас киім киіп, көпшілігі ауыз су ұстап жүрді. Қоғамдық көлікте сағат 11:00-ден бастап кондиционер қосу міндеттелді. Қалаларда такси бағасы да күрт өсті. Шымкентте тұрғындар әлеуметтік желіде жұмыс күнін қысқарту туралы мәселе көтергенімен, әкімдік Азаттыққа қалада төтенше жағдай жарияланбағанын, төтенше жағдай жарияланбай жұмыс күнін қысқарту заңда көрсетілмегенін хабарлады.

Қазгидрометтің Түркістан облысы бойынша филиалының синоптик-инженері Әсем Нұрлыбаева кейінгі үш жылда Түркістан облысы мен Шымкентте температура жоғарылап бара жатқанын айтады. Маманның Азаттыққа ұсынған дерегінен кейінгі үш жылда Түркістан мен Шардарада температура 44 градусқа, Арыста 45 градусқа, Қызылқұмда 46 градусқа жеткенін байқауға болады.

Ал Шымкентте үш жылдан бері ауа температурасы 42 градус ыстықтан түспей тұр. Одан бұрынғы екі жылда Шымкентте ыстық 38-40 градустан қайтқан.

– Алдағы күндері Түркістан облысының көп ауданында 43 градустық қатты ыстық болуы ықтимал деп күтіп отырмыз. Жалпы шілдеде 26 рет қауіпті құбылыс (+40 градустан асатын ыстық), бір рет апатты қауіпті құбылыс (+45 градустан жоғары ыстық) туралы дабыл қағылды, – дейді синоптик-инженер.

Шымкентте күн ыстықта баққа су сеуіп жүрген жұмысшы. 19 шілде, 2023 жыл.
Шымкентте күн ыстықта баққа су сеуіп жүрген жұмысшы. 19 шілде, 2023 жыл.

Ал Қызылорда облысында да шіліңгір ыстықта жедел жәрдем шақырғандар күрт артқан. Қызылорда облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітова шілдеде 1600 адам жедел жәрдем шақырғанын айтады. Олардың арасында инфекциялық, жүрек-қан қысымы аурулары бар, күн өткені туралы шағым айтып дәрігер көмегіне жүгінгендер бар.

– Ыстыққа байланысты ауырғандардың дені – 4 жасқа дейінгі балалар мен 65 жастан асқан зейнеткерлер. Биыл күн өткендер саны да артты. Мысалы, былтыр шілдеде төрт жағдай тіркелсе, биыл он адам шағымданды. Ол науқастардың қан қысымы көтеріліп, жүрек соғысы жиілеп, дене қызуы көтерілген, – дейді бас дәрігердің орынбасары.

Алматы, Талғар, Боралдайдағы климаттың өзгеруі. Berkeley Earth ұйымының дерегі.
Алматы, Талғар, Боралдайдағы климаттың өзгеруі. Berkeley Earth ұйымының дерегі.

Алматы қаласында да шілдеде бірнеше рет термометр көрсеткіші +40 градустан асып, қатты ысығаны байқалды. Berkeley Earth ұйымының сараптамасында Алматы аймағында да жыл өткен сайын күн ысып бара жатқанын аңғаруға болады.

КҮННІҢ ЫСУЫНА НЕ СЕБЕП?

Қазақстандық эколог, "Eco Fund Tabigat" қорының жетекшісі Тимур Елеусізов елдің оңтүстігінен бөлек шығыс аймақтарында да күннің ысуы байқалғанын айтады. Маман күннің ысуына климаттың өзгеруі мен су ресурстарын дұрыс пайдаланбау себеп деп санайды.

– Қазір шамадан тыс су ресурстарын пайдаланып жатырмыз. Өзен-көлдер тартылып жатыр. Су тартылған сайын ауа температурасы арта береді. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда су тапшылығынан ауа температурасының шамадан тыс көтерілу қаупі жоғары. Сондықтан Қазақстан су қорын сақтап, үнемдеп пайдаланып, көгалдандыру жұмыстарын қолға алған жөн. Әйтпесе кеш болады. Алда қазіргідей су қоры болмай, күннің қатты ысуынан табиғат апаттары болуы ықтимал, – дейді ол.

Ал америкалық Berkeley Earth Қазақстан көмірқышқыл газдардың ауаға тарауын азайтпаса, елде 2100 жылға қарай ауа температурасы 5,2 °C артуы мүмкін деп болжайды. Ұйымның дерегінше, 2020 жылдың өзінде Қазақстанда көмірқышқыл газдардың ауаға тарауынан температура 2,2 °C көтерілген.

Berkeley Earth ұйымының Қазақстандағы климаттың өзгеруіне жасаған болжамы.
Berkeley Earth ұйымының Қазақстандағы климаттың өзгеруіне жасаған болжамы.

Қазақстандық экологтар қауымдастығының жетекшісі Лаура Мәлікова да ғаламдық жылынуға себеп болып отырған көмірқышқыл газы, метан және басқа да парник газдарын азайту керек деп санайды. Маман Қазақстан таза энергия көздеріне, яғни жасыл энергияға көшу, өнеркәсіп орындары мен автокөліктер үшін экологиялық стандарттарды қабылдау керек деп есептейді.

– Табиғи ресурстарды басқаруды жақсартып, ормандар, топырақтар және су ресурстары сияқты табиғи ресурстарды барынша сақтап әрі тұрақты басқаруға назар аудару қажет. Үкімет пен экология министрлігі экстремалды ауа райының әсерін азайтуға көмектесетін климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын әзірлеп, енгізуі тиіс, – дейді Мәлікова.

Ал дәрігерлер ыстықта адам ағзасы әлсіреп, қан қысымы көтеріліп, тыныс алуы нашарлайтынын, бүйрек пен психикалық аурулар асқынуы мүмкін екенін айтады. Сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін мейлінше үйден шықпай, күн астында ұзақ болмаған және шөлдемеген дұрыс дейді мамандар. Жеңіл, жұқа, кең киім мен бас киім киюге, майлы, қуырылған және тәтті тамақ жемеуге кеңес берді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG