Обаның ортасы қазылғанымен, қайта жабылмаған. Қабірлердің ішінде қазір көлік дөңгелектері, сусын бөтелкелері және түрлі қоқыстар жатыр. Археологиялық жұмыстар кезінде қазылған қорғанның бір жақ қабырғасынан кірген-шыққан көлік іздері байқалады.
Өзін Ержан деп таныстырған қорған маңындағы мекемелердің бірінің күзетшісі адамдардың қоқыс төккеніне бірнеше рет куә болған.
- Неше түрлі машинамен келіп төгеді. Бәленің бәрін әкеп тастайды. Мына жерге обал. Желмен ұшып келетін қоқыстарды біз жинап қоямыз. Осы маңға ылғи жас балалар келіп демалады. Олар да ішкен-жегенін тастап кете береді, - дейді күзетші қорған маңын қолымен нұсқап.
Ержан коммуналдық қызметкерлер тек жолдың бойын тазартатынын айтады.
Қорғаннан бір шақырым жерде салынып жатқан автопарк құрылысшысы Бейсен Әбдіманұлының сөзінше, аумақты ешкім бақыламайды.
– Бұл деген өте төмен мәдениетсіздік. Қалай тастап, шашып кетуге болады? Қоқыстар қорғанның ішінде толып жатыр. Машинамен келіп түнде төгеді. Мұнда күндіз ешкім келмейді, - дейді ол.
«ЕСКЕРТКІШТЕРДІ САҚТАУ ҚИЫН БОЛЫП БАРАДЫ»
Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері Арнабай Нұржановтың сөзінше, қазба жұмыстарына лицензия алу оңай, осының салдарынан тарихи ескерткіштер қазылған соң қараусыз қалады. Ол археология институтына бес жылдан бері ешқандай ұйым қай жерде қандай қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлап, есеп бермегенін айтады.
- Бүгінде лицензияны мәдениет және спорт министрлігі береді. Министрліктен лицензия алады да, қаза береді. Бізге есеп те тапсырмайды. Ескерткіштердің кейінгі тағдыры қалай болатынын білмейміз. Мұны қазір қолға алмасақ, Қазақстан жерінде ескерткіштерді сақтау қиын болып барады, - деп алаңдайды археолог.
Археология институтының есебінше, қазір Қазақстанда археологиялық экспедиция жасайтын жүзге жуық жеке меншік ұйым мен мекеме бар. Ғалым ескі қорымдар мен қорғандарды жеке тұлғалар пайда табу көзіне айналдырған деп есептейді.
– Қазіргі Алматының Алатау ауданы аумағы кезінде сақтардың қонысы болған. Бұл аумақтағы қорғандарды қорғау, туристік нысанға айналдыру – Алатау аудандық әкімдігі немесе Алматы қалалық мәдениет басқармасының міндеті. Археологиялық ескерткіштер қаралмағаннан кейін жойылып жатыр. «Қара археологтар» (заңсыз қазба жүргізушілер - ред.) мен іздеудің, зерттеудің мәнін түсінбейтін кейбір [жеке меншік] серіктестіктер қазғаннан кейін қорғандар осындай күйге ұшырап жатыр. Бұл қорғандардың көбінде алтын, күміс металдар бар. Қорғандарды қазғанда құнды заттар табылуы мүмкін. Бірақ кейбіреулер "мұнда ештеңе жоқ, бұл жерді басқа мақсатта пайдалануға болады" деген шешім шығарады. Ғылыми тұрғыдан зерттеген кезде бұлай қалдырмау керек. Қазғаннан соң жауып кету керек. Күл-қоқыс тастайтын орын жасауға болмайды. Бұл – қылмыс. Ол үшін жазаға тарту керек. Ал ол біздің заңда жазылмаған, - дейді археолог.
Арнабай Нұржанов әлі қазылмаған обалар барын айтады. Ғалым бұл обалар пайда табу мақсатында күреліп кете ме деп қауіптенеді. Институт қызметкері жергілікті билік, мәдениет басқармалары, министрлік қорғандарды кім не үшін қазып жатқанын қатаң бақылауға алу қажеттігін айтады. Оның арманы – қорғандардың барлығын жүйелі зерттеп, аспан астындағы мұражайға айналдыру.
ӘКІМДІКТІҢ ЖАУАБЫ ҚАНДАЙ?
Қорған аумағының тазалығына жауапты Алатау ауданы әкімдігі обалардағы қоқыс мәселесіне нақты жауап бермеді. Азаттық тілшісімен тілдескен Алатау ауданы әкімінің орынбасары Берік Әшірбеков қорғандардың тазалық мәселесіне қатысты жауап беруден бас тартып, археологиялық ескерткіштің жағдайына мәдениет бөлімі жауап беретінін айтты. Әкімдіктің өзге қызметкерлері де сақ қорғандары аумағында шашылған қоқыс жайлы пікір білдірмеді.
Бұл қорғандар Алматының тарихи-мәдени ескерткіштертізіміне кіретіні қалалық мәслихаттың 2014 жылғы қыркүйектің 10-ы күні шыққан шешімінде көрсетілген. Бірақ жол шетінде ешқандай белгі орнатылмаған.
Алматы қаласының аумағында мемлекет қорғауындағы 150-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіш бар.
ПІКІРЛЕР