Accessibility links

Киік санағы кейінге қалып, қар барысы төменге түсті. Карантин жануарлар әлеміне қалай әсер етті?


Қазақ даласындағы киіктер. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.
Қазақ даласындағы киіктер. Суретті Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы берді.

Алматы төңірегінде фотоқақпанға түсіп қалған қар барысы Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин кезінде болған ең жағымды тосынсыйдың біріне айналды. Биологтар әдетте өзін сақ ұстайтын басқа жануар түрлері де адамдар мекендейтін аумаққа жақындай бастағанын айтады. Биолог, Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко бұл өзгерістерден жануарларға қандай қауіп келетінін, неге карантин кезінде кейінге қалып, күзге белгіленген киік санағын ақшаны босқа шашу деп есептейтінін және ақбөкендер көшіп жүретін территорияны басып өтетін “Орталық-Батыс” жолының жобасын талқылау қалай жүріп жатқанын айтып берді.

"ЖАНУАР САНЫ ӨСКЕН ЖОҚ"

Азаттық: Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген карантин шаралары Қазақстандағы жабайы жануарлардың өмір сүру аумағы мен көші-қон жолына немесе санына әсер етті ме? Бұған қатысты нақты мысалдарыңыз бар ма?

Сергей Скляренко, Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы қолданбалы биология орталығының директоры.
Сергей Скляренко, Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы қолданбалы биология орталығының директоры.

Сергей Скляренко: Қазақстанда жануарлар әлеміне мониторинг жүргізетін жүйе жоқ, сондықтан нақты мысал келтіре алмаймын. Аң аулаумен айналысатын шаруашылықтар жекелеген жоспарлы есеп жүргізеді. Олардың сапасы әртүрлі, бір жерде жақсы, бір жерде жаман, енді бір жерде мүлде жоқ. Өкінішке қарай, бұл есеп қорытындысы бірыңғай деректер базасына енгізілмейді. Бізде жануарлар әлемінің кадастры мен мониторингі, білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын мониторинг жөніндегі ғылыми бағдарламалар мен мұндай жұмыс жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырыс жоқ. [Сондықтан] карантин шаралары жануарлар әлеміне қалай әсер еткені жөнінде дерек ұсына алмаймын.

Киіктер бұрынғыша жайылып жүр. Олар адамдар тығыз қоныстанған аудандарда тұрмайды, сондықтан бұл жануарларға карантин қатты әсер ете қойған жоқ. Зоология институтының зерттеушілері Алматы төңірегіне қойылған фотоқақпанның көмегімен қар барысы сияқты әдетте өзін өте сақ ұстайтын бірнеше аңның қалаға жақын жерде көзге түскенін анықтаған. Олар бұрын бой көрсетпеген немесе өте аз жүрген жерлеріне жақындай бастаған. Өйткені тауға барушылардың саны азайды.

Пандемия және жабайы аңдар: Карантиннің фаунаға әсері

Пандемия және жабайы аңдар: Карантиннің фаунаға әсері
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:09 0:00

Бірақ бұл аңдардың көбейгенін білдірмейді, мұны ерекше атап өту керек! Олар жай ғана қозғалыс бағытын өзгерткен. Бір жануардың саны өсуі үшін территория босап, жаңа жұптар пайда болып, ұрпақ тарауы керек. Бұған бірнеше жыл кетеді. Бір жыл не бірнеше айда дәл сол жануарлар өздері мекендейтін территория ішінде орын ауыстыруы мүмкін. Ешқандай жануардың, әсіресе ірі аңдар мен құстардың саны өскен жоқ.

Азаттық: Жануарлардың адамдар тұратын мекенге жақындауы олар үшін қауіпті болуы мүмкін бе?

Сергей Скляренко: Бұл қызық сұрақ. Әрине, мысалы, құстар ұя салып үлгерген жерге адамдар келсе, ұяға қауіп төнеді. Әдетте құстар адамдардан қорқады, бұл қиындық туғызуы мүмкін. Бұл құс емес, аң болса, олар тыныш кетіп қалады.

Мұнда тағы бір аспекті бар. Аңдар адамның қасына карантин кезінде ғана емес, басқа уақытта да жақындайды. Кейде әлеуметтік желіде "Түлкі көрдік, бізден еш қорыққан жоқ. Жанымызға жүгіріп келді" деген жазбалар кездеседі. Болмаса, Каспий теңізінің жағалауындағы халықтың итбалықты таяқпен қуғанын алайық. Көбіне мұндай аңдардың жағдайы жақсы болмайды. Қалыпты жағдайда, Қазақстандағы аңдар адамнан оқшау, сақ жүруге тырысады. Түлкі немесе итбалық сияқты сақ аңдар кенеттен өзін ерекше ұстап, адамдарға жақындай бастаса, олар ауруға шалдыққан болуы мүмкін.

Аңдар кенеттен өзін ерекше ұстап, адамдарға жақындай бастаса, олар ауруға шалдыққан болуы мүмкін.

Яғни, адамнан қорықпайтын түлкіні көрсеңіз, одан аулақ жүрген дұрыс. Өйткені кейде құтырған жануарлар кездеседі. Адамнан қорықпау — құтырудың бір белгісі. Кейде адамдар қашықтық сақтамай, қайғылы жағдайға ұшырайды. Бір жануарды сипап, ұстағаннан кейін қолын жумай, аузына салған адамның ауырып қалу ықтималдылығы жоғары. Құс тұмауының осындай мысалдары болған. Бәріміз әртүрлі деңгейде зардабын тартып жатқан коронавирус та біреудің жабайы жануар етін жеуінен басталды. Табиғатта әртүрлі ауру көп. Көп аурудың ошағы Қазақстанда орналасқан. Сондықтан қарапайым сақтық шараларын сақтау керек.

"ДАЛАДА ЖҮРГЕН КИІКТЕРДІ КӨРУГЕ БОЛМАСА…"

Азаттық: Карантин мен пандемия ұйым қызметкерлерінің жұмысына әсер етті ме? Қандай да бір қиындық туған жоқ па?

Сергей Скляренко: Әсер етті. Наурыз-сәуір айларындағы қатаң карантин кезінде облыстарға кіруге мүмкіндік болмай, біраз жұмысты кейінге қалдырып, күш құрылымдары қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған кездесулерді шегеруге тура келді.

Күзде Қазақстанда өтеді деп жоспарланған BirdLife International (құстар мен олардың өмір сүру ортасын қорғау жөніндегі халықаралық ұйым – Ред.) серіктестерінің халықаралық кездесуі болмайды: бұл шараға отыздан астам елден жүзден астам адам келеді деп күтілген еді.

Біздің қатысуымызбен әуеден жүргізілетін киік санағы да кейінге қалды. Бұл санақты жыл сайын Охотзоопром өткізеді. Биыл бұл шара карантин мен облыстар арасында еркін жүру мүмкіндігінің болмауына байланысты өтпей қалды. Жылда сәуірде өтетін санақтың уақытын өзгертуге болмайды. Яғни, биыл киік санағын өткізген жоқпыз. Былтырғы есеп бойынша, киік саны үш мыңнан асатын. Биылғы дерек жоқ. Біз тек киік саны өскенін ғана айта аламыз. Бірақ қаншалықты өскенін білмейміз. Киіктер мекендейтін өңірлерде бірнеше топ жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Үстірттегі киік санына мониторинг жүргізетін шағын топ бар. Жануар саны өскені байқалады. Бізде бұл ең аз популяция саналады. Есеп бойынша, олардың саны бес мыңға жуық. Биыл қанша екенін білмейміз.

Азаттық: Әуеден жүргізілетін киік санағын өткізбеудің қандай салдары болуы мүмкін? Мамырда экология, геология және табиғи ресурстар министрі киік санағы күзде жүретінін айтты. Бұлай жасауға бола ма?

Сергей Скляренко: Киік санағын өткізбеудің ешқандай кері әсері болмайды. Киіктерді бір жыл санамағаннан, оларға еш зиян келмейді. Санақтың мақсаты — жануардың нақты санын анықтау емес, аталған түрді сақтап қалуға арналған шаралардың тиімділігін тексеріп, сандық деректердегі өзгерістер тенденциясын бақылау.

Биыл әуеден жүргізілетін санақ өтпегеніне қарамастан, жерде мониторинг жүргізілді. Охотзоопромның күзет топтары жұмыс істеді. Браконьерлікке қарсы күреспен қатар ақпарат та жиналды. Әрине, бұл деректер негізінде популяция санын бағалау қиын, бірақ жануар саны кемімегендіктен, өсім болғаны анық.

Қазақстан даласындағы киік.
Қазақстан даласындағы киік.

Күзде жүргізілетін санақ еш нәтиже бермейді. Бұл мемлекет қаржысын босқа шашумен тең. Киік санағы сәуірде жүргізіледі. Желтоқсанда киіктер күйлеп, ұрғашы жануарлар буаз болады. Қыста аңдардың бір бөлігі өледі, бұл – табиғи процесс. Көктемге шыққан жануарлар мамырдың басында төлдей бастайды. Біз жануарларды төлдемей тұрып санаймыз. Бұл санақ жүргізуге өте қолайлы кезең, өйткені киіктер көктемде топтасып жүреді және әуеден әлі көгермеген қара жердегі жануарларды санау оңайға түседі. Күзде қиын. Киіктер өте үлкен территорияны мекендейді әрі бұл кезде сарғайған шөптен жануарлар анық көрінбеуі мүмкін.

Оның үстіне, біз бұрынғы жануар санын емес, оларды төлімен қосып есептейміз. Санақ жүргізу әдісі көктемгі есепке арнап жасалған. Күзгі санақ жай ұшып, ақша шашып, далада киік жүргенін көруге болмаса... Ғылым мен мониторинг үшін күзгі есептің еш мәні жоқ. Сондықтан күзгі санақты жүргізбейді деп үміттенемін. Ақылға салып, саналы шешімге басымдық берілуі керек.

"СУДА ЖҮЗЕТІН ҚҰСТАРДЫ АТУҒА БОЛМАЙДЫ"

Азаттық: Пандемия кезінде заңсыз аңшылық фактілері азайды ма?

Сергей Скляренко: Жаңалықтарға қарағанда, бәрі бұрынғы қалпында қалғанға ұқсайды. Халықаралық серіктестерден келген қызық деректер бар. Жақында бізде ителгі (сұңқар тектес жыртқыш құс – Ред.) туралы виртуалды кездесу өтті. СИТЕС (жойылып кетудің алдында тұрған жабайы фауна мен флора түрлерінің халықаралық саудасы туралы Конвенция – Ред.) дерегінше, жануарлардың заңсыз тасымалы артқан. Заңсыз аңшылық азаймаған. Көбіне бұл ұйымдасқан қылмысқа қатысты болады. Браконьерлік туралы айтқанда, оның үш түрге бөлінетінін білу керек. Бір адам барып, қырғауыл немесе елік атып жесе, бұл жергілікті халықтың браконьерлігі деп аталады. Бұл бұрыннан бар және болашақта да болатын нәрсе. Оған қарсы күресу өте қиын. Бірақ одан көп шығын келмейді. Біздің елде жануардың бәрін жеп қоятындай халық көп емес.

Сауық құру мақсатында сирек кездесетін жануарларды атуға негізделген браконьерлік бар. Көбіне, мұндай ермекпен қалада тұратын, ақшасы көп азаматтар айналысады. Олар "Қызыл кітапқа" енген тауешкі, қарақұйрық сияқты аңдарды атады. Жергілікті тұрғындар ондай аңдарға тиюге қорқады, өйткені ұсталып қалса, ұзақ жылға түрмеге түсуі мүмкін. Сауық үшін жасалатын браконьерліктің мақсаты тамақ табу емес, аң ату ғана. Бұл жергілікті жердегі сирек кездесетін жануарларға зиян келтіреді.

Браконьерліктің ең қауіпті түрі – ұйымдасқан коммерциялық мақсаттағы аңшылық. Қазақстанда бұл мақсатты көздеген браконьерлер жануарларды бірнеше түріне өте үлкен қауіп төндіреді. Олар киікті көбіне мүйізі үшін атады. Бұл жерде тауарды шетелге шығару жолдары, өткізетін нарығы бар ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істейді. Ителгі де дәл осындай нысаналардың бірі. Мүйізді көбіне Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиға сатса, ителгіні араб елдеріне жібереді.

Азаттық: Қазақстанда жойылып кетудің алдында тұрған жануарлар популяциясын қалпына келтіру үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр? Бұл шаралар жеткілікті ме? Тағы не істеу керек деп ойлайсыз?

Сергей Скляренко: Қазақстанда жүзеге асқан қызық дүниелердің біріне киік санын қалпына келтіру тәжірибесі жатады. Бұл мемлекет тарапынан жануарлар әлемін қорғау бойынша жасалған жұмыстың сәтті үлгісі. Кең даладағы браконьерлікке қарсы күрес. Осыдан өзі қаласа, мемлекеттің қолынан көп нәрсе келетінін көруге болады. Охотзоопромның арнаулы күзет қызметі құрылды, ол әлі күнге жұмыс істейді. Яғни, ақша далаға кеткен жоқ, киік саны бұрынғы қалпына келді. Охотзоопром болмаса, қазақ жерінен киік жоғалып кетер еді.

Қазақстанда құлан санын қалпына келтірудің әлемдік деңгейдегі үлгісі бар. Бұл тамаша қазақстандық бағдарлама болды. Әлемде бізден басқа тағы қандай мемлекет осындай деңгейде жұмыс атқарғанын білмеймін. Қазақстанда құлан болмаған. Олар жиырмасыншы ғасырдың басында жоғалып кеткен. Елуінші жылдардың соңында Барсакелмес аралына Түркіменстаннан 12 құлан әкелінді. Осы 12 құланнан қазірге дейін төрт мыңға жуық жануар тарады. Бұл түркімен тектес құланның ең үлкен популяциясы. Бәрі жоқ жерден жүзеге асты.

Қазір бізде тұрақты үш топ: Алтынемелде үш жарым мың, Барсакелместе бес жүз құлан бар. Жамбыл облысында да құланның шағын бөлігі кездеседі. Ақтау мен Маңғышлақта болған популяцияны адамдар жеп тауысты.

Біз (Қазақстанның биоалуандығын сақтау қауымдастығы) Орталық Қазақстанда құландардың тағы бір популяциясын қалыптастыра бастадық. Ол жақта жұмыс енді басталды. Жалпы саны онға жуық аң апардық. Қазір тікұшақпен тасымалдау бағасының күрт қымбаттауына байланысты жұмыс тоқтап қалды.

"Орталық – Батыс" автожолы

2026 жылға дейін Қазақстан жолдарын модернизациялау мақсатында қабылданған, жалпы бюджеті 1,2 триллион теңге деп бекітілген "Нұрлы Жол" жобасының бір бөлігі. Автожол астана мен Атырау қаласының арасына салынады. Шамамен 600 километр жол төселеді. Қазіргі жоспар бойынша, жолдың үш бөлігі киіктер көшіп жүретін территорияларды басып өтеді. Экологтардың пікірінше, бұл Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген Бетпақдала киігінің популяциясына орны толмас шығын келтіреді. Жолдың (Торғай – Ырғыз) бөлігі табиғи резерваттарға жақын салынып, киіктің негізгі тобы мекендейтін Торғай жазығы мен Торғай мемлекеттік табиғи қорықшасын басып өтеді.

Тағы бір жарқын үлгіге Бұхар бұғысын әкелу тәжірибесі жатады. Бұл жануар түрі де Қазақстанда бұрын болған, бірақ жоғалып кеткен. Кейін аңшылықпен айналысатын Қарашіңгіл шаруашылығына оннан астам аң әкелінді. Қазір олар көбейіп, саны жеті жүзге жетті. Ол жақтан жануарларды Сырдария ормандарына алып кетті. Енді Сырдарияда тұрақты бұғылар тобы бар. Бұл да белгілі бір жануар түрін өсірудің жақсы мысалы.

Қазір жолбарысқа қатысты қандай да бір жұмыс бастауға тырысып жатыр. Бұл бүкіләлемдік жабайы табиғатты қорғау қорының Ресейдегі өкілдігінің бастамасы. Іле-Балқаш резерватының бірнеше учаскесін база ретінде қолданбақ. Бірақ әзірге тек дайындық жұмыстары ғана жүріп жатыр. Өйткені жолбарыс әкелмес бұрын, оның тұрғылықты мекені мен азық болуға жарайтын жануарлар дүниесі қалыптасуы керек. Жолбарыстың негізгі азығы саналатын қабан саны қалпына келіп, тоғай орманының жағдайы жақсармайынша, ол жаққа жолбарыс жіберілмейді.

"ОРТАЛЫҚ – БАТЫС" ЖОЛЫНЫҢ МӘСЕЛЕСІ

Азаттық: Жабайы табиғатты қорғау саласындағы жағдайды жақсарту үшін қоғам не істеуі керек?

Сергей Скляренко: Қоғам жануарды заңсыз иемдену мен саудаға шығару фактілері туралы полицияға хабар бере алады. Мысалы, киіктің мүйізін сатып алуға тыйым салынған. Қылмыстық кодексте "Қызыл кітапқа" енген жануарларды қолға алу, тасымалдау мен сатуға тыйым салатын 339-бап бар.

Қоғам жануарлардың өмір сүру ортасын бұзу фактілерін көрсе, бұл туралы жазып, мемлекет назарын аудара алады. Қазір халық онсыз да қоршаған ортаның бүлінуін қынжылыспен қабылдайды. Бұл жануарлар әлеміне де қатысты. Қоғам бір жерде ағаш кесілгені туралы дабыл қақса, осы арқылы жануарлар әлеміне көмектеседі. Өйткені жануарларды қорғау үшін олардың өмір сүру ортасын қорғау керек.

Лақтарымен бірге жүрген ұрғашы киіктер.
Лақтарымен бірге жүрген ұрғашы киіктер.

Бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды. Мемлекетте мүмкіндік пен ресурстар бар. Оларды дұрыс бағытқа жұмсаса, тамаша нәтижелерге қол жеткізуге болады. Әрине, кей мәселеге келгенде, дауласуға тура келеді. Өйткені мүдделер қайшылығы болады. Мемлекет деген абстракция емес қой. Мысалы, көктемгі аңшылыққа қатысты жағдайды айтайын. Көктемгі аңшылықты сақтауға мүдделі адам көп. Өйткені олар осы арқылы ақша табады немесе өздері де көктемде аң атқанды жақсы көреді. Қазақстанда көктемгі аңшылыққа тыйым салынған болатын, бірақ қазір ұзақ талқылаудан соң оны алып тастады. Біз көктемгі аңшылыққа қарсы күресімізді жалғастырамыз. Тым құрығанда, суда жүзетін құстарды атуды тоқтатуға тырысамыз. Өйткені бұл моральдық тұрғыдан мүлде дұрыс емес.

Қазір киіктер мекендейтін территорияларды басып өтетін "Орталық-Батыс" жолының мәселесін талқылап жатырмыз. Автожолға қарсы емеспіз, бұл қажет жоба деп есептейміз. Бірақ кей учаске тұсында жол басқаша жүріп, киіктер көшіп жүретін жерлерді айналып өтуі керек. Өйткені жол қазіргі күйінде қалса, популяцияға шынымен қауіп төнеді.

Киік қырылған дала

Азаттық: Бұл мәселе бірінші жыл талқыланып жатқан жоқ. Қазір жобаны талқылау қай кезеңге келді? Жол жобасына өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар деп ойлайсыз ба?

Сергей Скляренко: Қазір орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті құжаттарды қарап, жолдың әртүрлі учаскесі қай кезеңде тұрғанын және қайда келісілгенін зерттеп жатыр. 2015 жылы құрылыстың экономикалық негіздемесінің техникасы талқыланып, жол түрін таңдауға келгенде түсініксіз жағдай болған. Қазір бәрі неге дәл осы жол таңдалғанын анықтауға тырысып жатыр. Ол жерде кемі төрт нұсқа болған. Таңдау кезеңі белгісіз себеппен елеусіз өтіп кетті. Осыдан кейін әр учаске жеке келісілді, сондықтан ешкімнің қолында толық картина болған жоқ.

Қазір комитет бәрін анықтап жатыр. Осыдан кейін белгілі бір позиция дайындалатын шығар. Жолдың 80 пайызының жобалық-сметалық құжаттамасы аяқталған. Жолды қаншалықты өзгертуге болатынын білмейміз, бірақ құрылыс басталмай тұрып, әлі де өзгеріс енгізуге мүмкіндік бар.

  • 16x9 Image

    Жанара ҚАҢТАРБАЙ

    Жанара Қаңтарбай Азаттық радиосымен 2020 жылдың маусымынан бері әріптес. 2020 жылы наурыз-мамыр айында Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде іс-тәжірибеден өткен. Алматыдағы Абылай хан атындағы шет тілдер университетін аймақтану мамандығы бойынша бакалаврды тәмамдаған. Қазір Глазго университеті мен Тарту университетінде "Орталық-Шығыс Еуропа, Ресей және Еуразияны зерттеу" бойынша магистратурада оқиды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG