Accessibility links

"Лас ақша", тіл мәселесі және киік қырғыны


Лондондағы жеке үй. Көрнекі сурет
Лондондағы жеке үй. Көрнекі сурет

Батыс баспасөзі шетелдік "лас ақшаның" ізін жасыру әрекеттеріне қатысты Ұлыбританияда жүргізілетін алғашқы тексеру "ортаазиялық саясаткерден" басталғаны, Қазақстандағы тіл мәселесі мен киік қырғыны туралы жазған.

ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЖАҢА ШАРА

Британдық Financial Times газеті "Ұлыбританияда азиялық саясаткер лас ақшаның [ізін жасыруды тексеруге] ілікті" деген мақаласында қаңтардың аяғында Ұлыбританияда заңсыз жолмен алынған ақшаның ізін осы ел арқылы жасыру әрекеттерін тексеретін жаңа процедура қолданысқа енгізілгені туралы жазған.

"Ұлыбританиядағы екі элиталық жылжымайтын мүлік пен ортаазиялық саясаткер" түсініксіз байлықты тексеру үшін берілетін ордердің" (UWO) алғашқы нысанына айналды. UWO – Лондон арқылы заңдастырылып жатқан лас ақша легін тоқтатуға тырысқан жаңа амал. Өткен сәрсенбі күні ұлттық қылмыспен күрес агенттігі 22 миллион фунт стерлингке UWO салуға және түпкі қожайыны "белгілі саяси тұлға" саналатын екі жылжымайтын мүліктегі активтерді сақтық шарасы ретінде бұғаттауға қол жеткізгенін жариялады, бірақ бұдан өзге ешқандай қосымша жайттарды хабарлаған жоқ" деп жазған Financial Times.

UWO истеблишментке, яғни Еуропа экономикалық кеңістігіне кірмейтін елдерден келген шетелдік саясаткерлер мен олардың отбасылары немесе ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар деген күдікке іліккендерге қатысты ықпал ету шарасы ретінде қолданылатын болады. Шын мәнінде, бұл ордердің арқасында енді күдіктілер кіріс көлеміне сай еместігі анық байқалатын активтерінің қайдан келгенін түсіндіруге мәжбүр болады, ал тергеушілер оны дәлелдеу ауыртпалығынан құтылады. Құқық қорғаушылардың көбі оны "коррупцияға батқан шенеуніктерге енді олардың активтері Ұлыбританияда қамсыз-қаперсіз жатпайтынын ескертетін жолдау" деп атап, шараны құптап жатыр.

ОРЫС ТІЛІ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР

Наурыздың 1-і күні Ұлыбританияның Reuters жаңалықтар сайтында "Ақыры Қазақстан үкіметте орыс тілін қолдануға тыйым салынған жоқ деп шықты" деген мақала жарияланды. Онда "парламент пен үкіметтің қызметі тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс" деп, ал оны жетік білмейтіндер үшін ілеспе аударма жасауды ұсынған Қазақстан президентінің осы аптаның басындағы мәлімдемесіне қатысты комментарий жазған.

"Ертеңінде тікелей эфирден көрсетілген апта сайынғы жиынында кабинеттің бір мүшесінен өзгесінің бәрі қазақша сөйледі. Бірақ ішінде сенат депутаты әрі Назарбаевтың қызы Дариға да бар жоғары лауазымды тұлғалар [президент] нұсқауын "жұрт дұрыс түсінбей қалған, ол орыс тілін қолдануға тікелей тыйым емес болатын" деп мәлімдеп шықты. […] Бұған қоса, Назарбаев әкімшілігі де ресми мәтінді түзетіп – оның мемлекеттік істердің бәрі "тек мемлекеттік тілде жүргізілсін" деп бұйырған сөзінен "тек" деген сөзді алып тастап жариялады" деп жазған Reuters.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты (сол жақта) қабылдап отыр. Астана, 26 ақпан 2018 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты (сол жақта) қабылдап отыр. Астана, 26 ақпан 2018 жыл

"Назарбаевтың нұсқауын қазақ тілді [азаматтардың] көбі құптап, әлеуметтің жағымсыз реакциясы онша байқалмағанымен, Ресейдегі кей ақпарат құралдары бұл қадамды этникалық орыстардың құқығын шектеу ретінде сынап жатыр" деп жазған Reuters.

Бұған дейін, ақпанның 27-інде Reuters сайты "Аудармада жоғалып кетті ме? Қазақстан басшысы [министрлер] кабинетінің орысша сөйлеуіне тыйым салды" деген мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың әуелгі сөзіне қатысты реакция жайлы жазған болатын.

"Министрлер кабинеті жиындарында орысша сөйлеуге салынған тыйым күшіне енген сейсенбі күні Қазақстан Мәскеудегі бұрынғы саяси қожайындарымен мәдени байланысын тіпті азайтты. Бірақ министрлердің көбі ана тілі – қазақ тілінен гөрі осы тілін артық көреді" деп жазған Reuters.

Ағылшын тілінде шығатын EurasiaNet сайты "Қазақстан: тіл мәселесіне президенттің қызы араласты" деген мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың әлгі сөзіне қатысты комментарий жазған.

ВИДЕО: Дариға Назарбаева тіл мәселесі туралы (1 наурыз 2018 жыл):

Дариға Назарбаева: Орыс тілін ешкім жойған жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:23 0:00

"Орыс тілінің рөлі туралы қоғамдық пікірталасқа Қазақстан президентінің өзі де, жоғары лауазымды саясаткер қызы да араласты. Оның наурыздың 1-інде орыс тілін қорғай сөйлеген сөздері өткен айдың аяғында президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан "парламент пен үкімет қызметі тек қазақ тілінде жүргізілуі тиіс" деген сөзге жауап болды" деп жазған сайт. Бұдан әрі мақалада Дариға Назарбаеваның қазақстандық Tengrinews агенттігіне айтқан: "Орыс тілін әлі ешкім жойған жоқ.[…] Ұлтаралық келісімді де жойған жоқ. Еліміздің территориясында жұмыс істейтін, оның ішінде мемлекеттік органдарда қолданылатын тілдер ел конституциясында бекітілген" деген мәлімдемесін келтірген.

КИІК ҚЫРҒЫНЫ МЕН ҒАЛАМДЫҚ ЖЫЛЫНУ

Ұлыбританиялық Guardian газеті "[Жануарлардың] тұтас бір түрінің жойылып кетуіне ұласатын жан түршігерлік феномен" деген мақаласында кейінгі жылдары теңіз жұлдызы, жарғанат, коралл рифтері, сардина тәрізді кей жануарлардың және Қазақстандағы мыңдаған киіктің жаппай қырылуының ықтимал себептерін талдаған. 2015 жылы Қазақстанда 200 мың бас ұрғашы киік – әлемдегі киік популяциясының 60 пайызы – кенеттен қырылып, жануарлардың бұл түрінің тұқымы мүлде жойылып кетуге шақ қалған болатын.

Түз далада белгісіз себептен қырылған киік өлекселерін жинап жүрген адамдар. Батыс Қазақстан облысы, 22 мамыр 2010 жыл
Түз далада белгісіз себептен қырылған киік өлекселерін жинап жүрген адамдар. Батыс Қазақстан облысы, 22 мамыр 2010 жыл

Қазақстанға келген ғалымдар жануарлар әдетте зиянсыз аналатын Pasteurella multocida бактериясымен уланып, жаппай қырылған деген ұйғарым жасаған. Бірақ бактерияның қанға тез тарап, оның улануына жауын-шашынның мол түсуі мен айрықша ыстық температура әсер еткен. Ғалымдар ғаламдық жылыну құбылысы климаттағы көптеген күрт өзгерістерге ұласады, сондықтан жануарлардың бұлай жаппай қырылуы алда тағы талай қайталануы мүмкін деп ескертеді.

Америкалық Forbes журналы палеонтолог және зоолог мамандардың үлкен тобы жүргізген жуырдағы халықаралық зерттеуді сипаттаған "Жабайы жылқының бәрі қайда жоғалып кетті?" деген мақала жариялаған. Ғалымдар Пржевальский жылқысы Ботай мәдениеті болған жерде қолға үйретілген ең ежелгі жылқылардан тараған болуы мүмкін деген ұйғарымға келген. Зерттеу барысында үй жылқыларының қаңқаларына көптеген ДНК-тест жасалған. Сараптама нәтижелері Пржевальский жабайы жылқылары Ботай мәдениеті жылқыларының ұрпақтары болуы мүмкін екенін көрсетеді деп жазады басылым.

XS
SM
MD
LG