Accessibility links

Бельгияда Қазақстанға сатқан тікұшақтар жайлы тексеру қайта жаңғырды


Франция президенті Николя Саркози (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қазан 2009 жыл.
Франция президенті Николя Саркози (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қазан 2009 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстанға француз тікұшақтарын сатуға қатысты даулы мәмілені тексеру, Ресей арнайы қызметінің тапсырысымен жасалған кибершабуылдарға Кәрім Баратовтың қатысын ата-анасы жоққа шығарғаны туралы жазған.

ТІКҰШАҚ, НАЗАРБАЕВ ПЕН ОЛИГАРХТАР «ҮШТІГІ»

International Business Times (IBTimes) жаңалықтар басылымында жарияланған мақаласында журналист-зерттеуші Ник Кочан Брюссельдің парламенттік комитетінде «Джон Ле Карренің тыңшылар туралы романына сюжет болуға лайық драма» жүріп жатқаны жайлы жазған. Мақала авторының айтуынша, парламенттің 17 өкілі 2010 жылы бір топ қазақстандық бизнесменнің бастамасымен Франциядан тікұшақтар сатып алуға қатысты жайттарды тексеріп жатыр. Әлгі мәміле Бельгия оларға қатысты заңсыз жолмен алынған ақшаның ізін жасыру ісін тексеріп жатқанда жасалған.

Бұл 17 депутат - елді, оның демократиясын және сот төрелігін масқаралайтын оқиғаларды Бельгия федералдық парламентінің қолдауымен тексеретін партияаралық комитет мүшелері.

Осы іс бойынша 2011 жылы қазақстандық олигарх Патох Шодиевтің «параға сатып алу» және «заңсыз ақшаның ізін жасыру» айыптарынан құтылып кетуіне көмектесетін заңды қабылдауды тездету үшін Бельгия парламентіне қысым жасаған деп болжанған Францияның бұрынғы президенті Николя Саркози күдікке ілінген болатын.

Франция полициясының тергеу материалдарында 2010 жылы Николя Саркози Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бизнесмендер Патох Шодиев, Александр Машкевич және Алиджан Ибрагимовті Бельгиядағы айыптаулардан аман алып қалуды ұйымдастыру жайлы өтінішін орындауға келіскені жайлы айтылады. Бұл үштік - Люксембургте тіркелген Eurasian Resources Group компаниясының қожайындары. Қазір Лондондағы аса ірі көлемдегі алаяқтық істерді тексеру бюросы осы компанияның Африкадағы қызметін тексеріп жатыр.

ENRC корпорациясы иелерінің бірі Александр Машкевич шетелдік инвесторлар кеңесі жиыны кезінде. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.
ENRC корпорациясы иелерінің бірі Александр Машкевич шетелдік инвесторлар кеңесі жиыны кезінде. Астана, 18 мамыр 2011 жыл.

Қазақстан жағы әлгі өтінішінің өтеуіне екі миллиард долларға, арасында Eurocopter компаниясының 45 тікұшағы бар, француз тауарларын сатып алуға уәде еткен. Бірақ 2014 жылғы желтоқсанда Франция президенті Франсуа Олландтың Астанаға келген сапарына арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан президентінен «Шодиев пен қазақстандық төлқұжаты бар өзге екі олигархқа көмектесу үшін Саркозиге өтініш айттыңыз ба, өтеуіне тікұшақтар сатып алған деген сөз рас па?» деп сұрағанда Назарбаев: «Ешкімнен, Саркози мырзадан да ештеңе өтінген жоқпын. Мұның бәрі мен танымайтын әлдебір адамдардың ойдан шығарған өсегі» деп жауап берген.

IBTimes басылымы наурыздың 28-сі күні жариялаған мақаласында әлгі үштік - Машкевич, Шодиев пен Ибрагимов заңсыз алынған ақшаның ізін жасыру айыбынан «Бельгиядағы саяси аласапыранның» арқасында құтылып кетті деп жазады. Экологиялық партия мүшесі Джордж Джилкиненің сөзінше, «олар шапшаң әрекет етеді, заңды өзгерту үшін қажет адамдарды біледі әрі оларды пайдаланады және мұны рекордты қысқа мерзімде іске асырады».

Парламенттік комиссияны басқаратын оппозициялық депутат Дирка ван дер Маеленнің сөзінше, әлгі іске қатысы бар адамардың көбі Бельгияда әлі жоғары қызметте отырғандықтан бұл жанжалды тексеру тым ұзаққа созылып кетті. Оның айтуыша, бұған сот төрелігі жүйесіндегі саяси қысым кінәлі, «өйткені үкіметті бақылайтын Либералдар партиясында бұған мүдделі ықпалды адамдар көп».

Беларусь шекара қызметі сатып алған француздың «Еврокоптер» тікұшағы.
Беларусь шекара қызметі сатып алған француздың «Еврокоптер» тікұшағы.

Әйткенмен, IBTimes басылымының жазуынша, коррупцияға қарсы Anticor үкіметтік емес ұйымы (ҮЕҰ) тексеру сәтті аяқталған жағдайда, оның зардаптары ауыр болуы мүмкін деп болжайды.

IBTimes басылымы Anticor ҮЕҰ өкілінің «Бельгия үкіметінің биліктен кетуі күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Мұның бәрі премьер-министрдің кеңесшілеріне тікелей қатысы бар» деген сөзін келтірген.

Мақала соңында басылым куәгерлер бельгиялық комиссияға түсінік бере бастайтын таяу апталарда көп жайттар анықталатынын хабарлаған. Сондықтан кей адамдар Қазақстан өкілдерімен жасалған мәміле Бельгия саясаткерлері мен үкіметінің абыройына кір келтіруі мүмкін деп топшылайды. Лондонда тұратын журналист-зерттеуші Ник Кочан мақаласын «бірақ комиссия Бельгияның абыройын құтқару ісінде тым кешігіп қалды» деп аяқтаған.

КӘРІМ БАРАТОВҚА АТА-АНАСЫ АРАША ТҮСТІ

Канадалық Calgarysun газетінің хабарлауынша, Ресей арнайы қызметінің тапсырысымен кибершабуылдар жасады деген айыппен ұсталған 22 жастағы Қазақстан тумасы әрі Канада азаматы Кәрім Баратовтың ата-анасы оның кінәсі жоқ деп мәлімдеген.

Шалқыған өмірі жайлы - зәулім үйі және қымбат көліктерімен әлеуметтік желілерде мақтанған Кәрім Баратов ақпан айында тұтқындалған. Оған ресейлік екі агентпен бірлесіп Yahoo серверінің 500 миллион қолданушысының аккаунты мен электронды поштасын заңсыз бұзып, парольдерін ұрлаған деген айып тағылған. Жігіттің ата-анасы CNN телеарнасы журналистеріне 2007 жылы - Кәрім 12 жаста, ал оның әпкесі - 17 жаста болған кезде Қазақстаннан Канадаға қоныс аударғандарын айтқан. Жанжалға ілігіп, аты шулаған Кәрімнің әкесі Ахмет Тоқбергенов агроөнеркәсіп бизнесінде кеңесшілік қызметпен айналысқанын айтады. Олар баласының тегін оның атасы Бараттың атына жазған.

Қазақстан тумасы Кәрім Баратовтың ұсталғаны туралы ақпарат жариялаған канадалық CBC News сайтынан скриншот.
Қазақстан тумасы Кәрім Баратовтың ұсталғаны туралы ақпарат жариялаған канадалық CBC News сайтынан скриншот.

«Жас жігіт мұнша ақшаны қайдан алған?» деген сауал – тергеушілер мен өзгелер қоятын негізгі сұрақтардың бірі деп жазады Calgarysun газеті.

Басылым Кәрім Баратовтың әкесі Ахмет Тоқбергеновтің: «Жастар үнемі жетістіктерін көрсетуге және шынайы жағдайынан артығырақ етіп көрінуге тырысады ғой» деген сөзін келтірген.

Күдіктінің ата-анасы балалары қымбат «ойыншықтар» сатып алу үшін несиелер мен ипотека алғанын және бұл оған тек «имидж қалыптастыру» үшін ғана керек болғанын айтады.

Өзге үш күдікті Ресейде деген болжам бар. Полицияның айтуынша, Кәрім Баратовтың атына тіркелген әрі туған күні сәйкес келетін PayPal төлем жүйесі арқылы ресейлік агенттерге 200 мың доллар аударылған. Бұдан өзге ақпараттар да сәйкес келеді деп жазады газет.

Calgarysun дерегінше, АҚШ-та шыққан айыптау актісінде «Баратовтың қандай заңды еңбекпен айналысқанын» тергеушілер әлі күнге дейін анықтай алмай отырғаны айтылған. Оның адвокаты жас жігітті «кәсіпкер» деп атаған.

Кәрім Баратов әлі қамауда отыр әрі оны АҚШ-қа экстрадициялауды сұрайды. Ол сәуірдің 5-і күні өтетін сот тыңдауында кепіл ақшаға босап шығуға тырысып көрмек.

Отбасы болған жағдайдан әлі есін жиған жоқ. Кәрім Баратовтың анасы Динара Тоқбергенова CNN телеарнасына берген сұхбатында бұл жайт «өмірімізді күйретті» деп жыларман болып айтқан.

ГЕННАДИЙ ГОЛОВКИН ЖӘНЕ ЭКСПО

Ұлыбританияның ESPN спорттық телеарнасының хабарлауынша, промоутер Фрэнк Уоррен қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге егер биыл жазда британдық боксшы, WBO белдігінің иегері Билли Джо Сондерспен жекпе-жекке шыққысы келсе, 10 күн ішінде келісім-шартқа қол қоюды ұсынған.

Уоррен маусымның 10-ы күні Қазақстанда Головкинмен кездесу жайлы Сондерске ұсыныс жасап қойған. Калифорнияда тұратын 34 жастағы Головкин Сондерспен жекпе-жекке шығуды армандайды делінген әлгі хабарламада.

Халықаралық бокста жұлдызы жанған спортшылардың біріне айналған Геннадий Головкиннің жоспарланған жекпе-жегі нақты қай күні өтетіні әлі белгісіз, бірақ қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары әлгі оқиғаны ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесімен байланыстырып жазып жатыр. Биыл жазда Астанада өтетін беделді халықаралық көрме ұйымдастырушылары шетелдік туристер көп келеді деп үміттенеді. Ал әлеуметтік желілерде Қазақстанда мұғалімдер мен өзге бюджеттік мекеме қызметкерлерін «тіпті бармаса да ЭКСПО-2017 көрмесіне билет сатып алуға мәжбүрлеп жатыр» деген шағымдар пайда болды. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының қоғаммен байланыс департаменті директоры Сергей Куянов «Астанада Геннадий Головкиннің жекпе-жегін ұйымдастырумен айналыспаймыз» деп мәлімдеді. Бірақ көрме ұйымдастырушылары Геннадий Головкинді ЭКСПО-ның ресми елшісі деп атайды.

XS
SM
MD
LG