Биыл қарашаның бас кезінде француз ақпарат құралдары Францияда құрастырылған тікұшақтар Қазақстанға заңсыз жолдармен берілгені, ал Францияның бұрынғы президенті Саркози Назарбаевтың өтінішімен Қазақстанның Бельгиядағы «үш олигархына» көмектескені» жайлы жазған еді.
Vlast.kz басылымының жазуынша Франция президенті Франсуа Олландпен келіссөз қорытындылары бойынша өткен баспасөз мәслихатында француз журналисі Қазақстан президентіне осы жайлы сұрақ қойған. Журналист «Назарбаевтың аты-жөні жемқорлыққа қатысы бар әртүрлі дауларда жиі аталатынын» айта келе, одан Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозиге «үш досын» сот ісінен құтқару жөнінде өтініш жасаған-жасамағанын сұраған.
Назарбаев жауабында Eurocopter тікұшағын құрастыру жөнінде Қазақстан мен Франция арасында ынтымақтастық бар екенін және оны әрі қарай жалғастыруға мүдделі екенін айтқан.
«Қандай да бір қылмыстық іс туралы білмейміз. Егер қылмыстық жайт барын білсе, біз оны нақтырақ тексеріп, Францияның құқық қорғау органдарына жауап қайтарар едік. Ал бізде ондай ештеңе де жоқ, Саркозмен онай әңгіме де болған жоқ» деп жауап берген Назарбаев «Бельгиядағы үш досының» аты-жөнін атауды сұраған».
Журналист сөздің ENRC корпорациясының негізін қалаушы Патох Шодиев туралы екенін нақтылаған. Назарбаев оған «Біріншіден, Патох Шодиевтің тікұшаққа еш қатысы жоқ. Ол – Қазақстанның шикізат ресурстарында жұмыс істейтін шетелдік компания жетекшілерінің бірі ғана. Ешкімнен, соның ішінде Саркози мырзадан да ештеңе сұраған емеспін. Бұл әңгімені әлдекімдер ойдан шығарған» деп жауап берген.
Биыл қараша айында Батыс ақпарат құралдары Астана мен Париж арасындағы күмәнді келісімдер бойынша Францияда тергеу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған еді. Le Monde газеті таратқан ақпаратқа қарағанда, Қазақстанға 45 Eurocopter тікұшағын жеткізу жөнінде келісім жасасқаннан кейін Саркозидің айналасындағы адамдар заңсыз қаржыға ие болған. Газеттің жазуына қарағанда, Саркози тиімді келісімнің есесіне Бельгиядағы қазақстандық олигархтардың қылмыстық қуғындаудан құтылып кетуіне жағдай жасауы тиіс болған.