Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозидің кеңесшісі болған Жан-Франсуа Этьен де Розе атышулы "Қазақгейт" дауында негізгі рөл ойнағанын мойындады. Де Розенің қорғаушысы франциялық журналистерге бұрынғы кеңесшінің басы дауға қалған қазақстандық олигархпен байланыста болғанын және «істеген әрекеті үшін толық жауап беретінін» айтты. Бұл жаңалық Францияның ұлттық арнасында қыркүйектің 7-сі күні көрсетілген екі сағаттық «Cash Investigation» ("Қаржы туралы зерттеу") хабарында айтылды.
ҚАЗАҚСТАНҒА САТҚАН 45 ТІКҰШАҚТЫҢ ДАУЫ
Француз соты 2010 жылы Саркози президент болып тұрғанда қаржының ізін жасыруға және Қазақстанға 45 тікұшақ сатуға қатысты жемқорлық оқиғасын жабуға қатысты айыпты тексеріп жатыр. Тергеушілердің болжамынша, Саркози билігі кезінде шенеуніктер Бельгия депутаттарына қысым жасап, 2011 жылы қазақстандық олигарх Патох Шодиевтің заңсыз иемденген қаржысының ізін жасырды деген айыптан құтылуына жағдай жасаған.
Нұрсұлтан Назарбаев жақын адамы саналатын Шодиевке қарсы іс қозғауды тоқтату үшін өз елінің атынан француздық тікұшақтарды сатып алған деген күдікке ілінген.
Ал Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жақын адамы саналатын Шодиевке қарсы іс қозғауды тоқтату үшін өз елінің атынан француздық тікұшақтарды сатып алған деген күдікке ілінген. Француз тергеушілерінің анықтауынша, құпия құжатты Саркозидің бұрынғы кеңесшісі Жан-Франсуа Этьен де Розе мен Орталық Азия жөніндегі кеңесшісі Дамиан Лорас әзірлеген. Басында француздың Liberation газетіне және бельгиялық Le Vif басылымына шыққан құжатқа қарағанда, бұл екі адам Бельгия парламентіне қысым жасауға тиіс топты жасақтаған деген күдікке ілінген.
Де Розе денсаулық жағдайына байланысты «Cash Investigation» бағдарламасына сұхбат беруден бас тартқан. Бірақ ол адвокаты арқылы «тікұшақтарды сатудың астарында саяси мән болғанын» және Шодиевпен екі рет кездескенін мойындаған. «Ол Патох Шодиевпен екі рет кездесіпті - бір рет Елисей сарайында, екіншісі есінде жоқ, мейрамхана немесе қонақүй болса керек. Де Розенің бұл істегі міндеті - бельгиялық заң шығарушылармен келіссөздердің қашан бітетінін және нәтижесі қаншалықты оң шешілетінін анықтау болған» деді оның адвокаты Пьер Копп француз журналистеріне.
Де Розе сыбайлас жемқорлыққа қатысы болған, лауазымын асыра пайдаланған және қылмысты жасырмақ болған деген күдікке ілінген. Бірақ оның адвокаты де Розе Шодиевтен "ақы алды" деген айыпты жоққа шығарады.
«Cash Investigation» бағдарламасы де Розе олигархтан оның француздық қорғаушысы Катерин Дегуль арқылы "қомақты қаржы алғаны" жайлы айтылып, банк анықтамасын көрсетті. Бағдарламадағы дереккөздің айтуынша, де Розе Шодиевтен жиыны 1 миллион еуро алған. Де Розе айыпты деп танылса, 10 жылға сотталады. Қорғаушысы бұл қаржыны де Розе Гвинея-Бисаудан кешью жаңғағын импорттау туралы берген кеңесі үшін алды деп мәлімдеп, анық-қанығын түсіндіруден бас тартты.
Тағы бір тергеуге алынған тұлға – Шодиевтің қорғаушысы болған Катерин Дегуль де телебағдарламаға сұхбат беруден бас тартқан. "Қазақгейт" ісінде «толық жауапкершілікті» мойнына алғанына қарамастан де Розе қорғаушысы арқылы Саркозидің басқа кеңесшісі Дамиан Лорастың тапсырмасын орындағанын айтқан.
Француз телеарнасы хабарынша, Лорас Шодиевтен сыйлық ретінде құны 88 мың еуро болатын екі бағалы сағат алғанын мойындаған. Бірақ Лорас Саркозидің кеңесшісі лауазымынан кеткенде сағаттарды Елисей сарайында қалдырғанын айтып, журналистерге сұхбат беруге келіспеген.
Бағдарламада тағы бір лауазымды тұлға – Саркозидің тағы бір кеңесшісі Аймери де Монтескье "Қазақгейт" ісіндегі еңбегі үшін олигархтан 320 мың еуро алғаны айтылған. Монтескье бұл іске қатысы болғаны үшін биыл депутаттық дербес құқығынан айырылған. Полицияның қолына түскен және хабарда көрсетілген құжаттарда бұл қаржының негізгі бөлігі сирек шараптың бірнеше шөлмегін сатқаннан түскен ақша делінеді. Бірақ шарап сарапшылары оның ақылға қонымсыз баға екенін айтады. Монтескье де «Cash Investigation» бағдарламасының тілшілерімен кездескісі келмеген.
Саркозидің кеңсесіне жіберген сұрауға мүлдем жауап болмаған. Тілшілер тобы Шодиевтен те сұхбат алуға тырысып, оның Бельгиядағы сәулетті вилласына да барған. Бірақ одан еш нәтиже болмаған, күзетшілері Шодиевтің шетелде екенін айтып, журналистердің ол жерден кетуін талап еткен.
Бірақ журналистер Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл даулы оқиға туралы жауабын естіген. 2014 жылдың желтоқсан айында Франция президенті Франсуа Олланд Астанаға келгенде өткен баспасөз мәслихатында француз тілші Назарбаевтан «Шодиев пен өзге екі олигархқа көмектесу үшін Саркозиге өтініш айттыңыз ба, сіздер ол істің қарымтасына тікұшақ сатып алды деген сөз рас па?» деп сұрады.
Ұзақ уақыт үнсіздіктен соң Назарбаев: «Көптеген президенттер туралы небір әңгімелерді естіп жатамыз. Біреу анаған, екіншісі мынаған араласыпты деген сыбыс көп. Бар айтарым: біз Eurocopter-мен жұмыс істейміз, бұл келісімшарт біз үшін өте маңызды. Ал әлгі үш "досымның" атын атасаңыз, сауалыңызға жауап беру жеңілдейтін еді» деді.
Тілші Шодиевтің есімін атаған соң Назарбаев олигархтың тікұшақтарға еш қатысы жоқ екенін айтты. «Саркози мырзаға ешқашанда жеке өтініш айтқан емеспін. Бұның бәрі өсек» деген Қазақстан президенті. Ал Олланд «француз соты жұмыс істеп жатыр, басқа пікір айта алмаймын» деп қысқа қайырған.
Астанада журналистер Еуропа аэроғарыш және қорғаныс концернінің (EADS) халықаралық даму жөніндегі директоры Жан Пьер Таламонимен де сөйлескен. Бұл концерн - Қазақстанға тікұшақ сатқан Eurocopter компаниясының еншілес компаниясы. Кейін EADS атауын Airbus Group деп, ал Eurocopter Airbus Helicopters деп өзгерткен. Таламони Шодиевпен бірнеше рет кездескенін мойындағанымен, тікұшақ сату туралы келіссөз жайлы әңгімеден бас тартқан. Ол "Қазақстандық олигархпен қандай байланысыңыз бар?" деген сауалға "Етене байланыста болдым" деп күле жауап берген.
ВИДЕО: "Cash investigation" хабары
Азаттық тілшісінің мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.