Франция президенті Франсуа Олландтың қазақ шапаны мен бөркін киіп түскен суреті әлеуметтік желілерде әжуаға себеп болды. Оның жанында тұрған сыйлық иесі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев суретке қаракөк костюм киіп, көк галстук тағып түскен.
Елисей бұл суретті таратқысы келмесе де, ол Назарбаевтың Instagram желісіндегі ресми парағында жарияланып, Франсуа Олландтың өтініші бойынша тезірек алынып қалған.
Француз президентінің бұл фотосын сынаушылар оның суретіне әртүрлі киім "кигізіп", Франсуа Олландты Санта-Клаус, Астерикс, тіпті Францияның 2015 жылғы аруы ретінде бейнеледі.
Кремль қаржыландыратын RT телеарнасы да Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге Мәскеуге барған Франсуа Олландты мысқылдайды.
Бұл фото Олландтың басқа киімдері туралы әзілге ұласты...
... Назарбаев ол киімді киіп суретке түскені үшін Олландқа не бермек болды екен деген сауалға да себеп болды.
Бұл сурет британиялық комик Саша Барон Коэн ойлап тапқан Борат есімді кейіпкермен салыстыруға ұласты.
"Бұл - президент Франсуа Борат!" деп жазады Ұлыбританиядағы таблоид.
Бұл Олландтың жұртты шулатқан алғашқы фотосы емес.
Биыл Елисей сарайы маңында 42 жастағы актрисамен кездесуден қайтып бара жатқан, скутер мініп, шлем киген француз президентінің суреті жасырын түсірілген еді. Бұл суреттің ақыры Олланд пен оның серігі журналист Валери Триервейлер екеуінің ажырауына ұласқан. Триервейлер кітабында Олландты жұртты елітуші және өтірікші ретінде сипаттаған.
Франсуа Олланд төмендегі суретке былтыр мектепке барған кезде түскен. AFP мен Reuters мұны өшірген кезде Францияда қарсылық туған.
Олландтың еліндегі танымалдылық рейтингі қазір 12 пайыз шамасында. Бұл - француз президенті сауалнамасы тарихындағы ең төменгі көрсеткіш.
(Мақала авторы - Азаттық тілшісі Клэр Бигг).