Accessibility links

"Шектеу мен қудалау тыйылмады". Сарапшылар Қазақстандағы адам құқығының ахуалы жайлы


Полиция көшеге наразылық акциясына шыққан адамдарды әкетіп жатыр. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.
Полиция көшеге наразылық акциясына шыққан адамдарды әкетіп жатыр. Алматы, 6 маусым 2020 жыл.

10 желтоқсан – халықаралық адам құқығы күні. 72 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында адамның қорғалуы тиіс негізгі құқықтары мен бостандықтары жария етілген. Декларацияны 1992 жылы бекіткен Қазақстанда осы құжаттың нормалары қалай орындалып отыр? Азаттық сарапшылардан сұрап көрді.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы жариялаған адам және оның құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына екені Қазақстан Конституциясында да жазылған. Негізгі заңда азаматтық және саяси құқықтармен бірге экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтардың қорғалуына мемлекет кепілдік беретіні де айтылған.

Конституцияда азаматтардың құқығы мен бостандығын саяси себеп бойынша шектеуге жол берілмейді, ешкімді азаптауға, адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды деп жазылған. Бірақ іс жүзінде елдегі жағдай мүлде басқаша қалыптасып отыр дейді қазақстандық құқық қорғаушылар.

САЯСИ ТҰТҚЫН КӨБЕЙДІ

Өткен айдың соңында қазақстандық құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі елде саяси тұтқын деп танылғандар тізіміне сегіз адам қосылғанын хабарлады. Тізімге жаңадан енгендердің көбіне "Тыйым салынған ұйымға қатысты" (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) деген айып тағылған.

"Qaharman Kz" құқық қорғау ұйымының 7 желтоқсандағы дерегінше, Қазақстанда саяси тұтқындар саны 28 адамға жеткен. Кемінде 95 белсенді мен құқық қорғаушыға қарсы қозғалған істің саяси астары бар, 9 адам үйқамаққа алынып, 71 адамға қамалу қаупі төніп тұр дейді ұйым. Олардың басым көпшілігіне Қылмыстық кодекстің 405-ші және 182-бап ("Экстремистік топ құру немесе оның әрекетіне қатысу") бойынша айып тағылған. 14 белсендінің үстінен екі бап бойынша іс қозғалған.

Наразылық митингісінде биліктен саяси тұтқындарды босату, саяси қудалауды тоқтату және саяси реформа жасауды талап еткен жазу ұстап тұрған адам. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Наразылық митингісінде биліктен саяси тұтқындарды босату, саяси қудалауды тоқтату және саяси реформа жасауды талап еткен жазу ұстап тұрған адам. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

Құқық қорғау ұйымы ақпаратында елде ресми тіркелмеген екі ұйым – "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы мен "Көше партиясына" қолдау білдіргені үшін 85 адам қудалауға түскені айтылған.

Ал ресми Нұр-Сұлтан "елде азаматтар саяси ой-пікіріне бола қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтады. 2018 жылы наурызда Қазақстан соты билікті сынап жүрген қуғындағы оппозиционер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Биыл мамырда сот "Көше партиясын" ҚДТ қозғалысымен бір ұйым деп, оның да қызметіне тыйым салды. Ал Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы резолюциясында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Қазақстан билігі ҚДТ мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы шешімін көпшілікке жариялаған жоқ. Құқық қорғаушылар ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі шешімде қайшылық бар деп санайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзі ұйымдастырған митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзі ұйымдастырған митингіде сөйлеп тұр. Алматы, 31 қазан 2020 жыл.

"Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарды саяси құқықтан ажыратып қарауға болмайды.

– Ең әуелі өз ой-пікіріңді, наразылығыңды ашық білдіру еркіндігі, сайлау және сайлану құқығы сақталуы қажет. Өзге құқықтардың бәрі осылармен тікелей байланысты. [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаев мырза "алдымен экономика, содан кейін саясат" дегенді үнемі айтады. Алайда саяси құқық болмай экономика орнына келмейтінін өмірдің өзі көрсетті. Қазір елде азаматтар саяси құқығын пайдалана алмай отырғандықтан барлық салада – білім беру, денсаулық сақтау, экономика мен мәдениеттің жағдайы мүшкіл, – дейді құқық қорғаушы.

АЗАМАТТЫҚ ҚҰҚЫҚТАР МЕН САЯСИ БОСТАНДЫҚТАР

БҰҰ Бас Ассамблеясы адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылданғаннан кейін арада жарты ғасыр өткенде, 1998 жылы құқық қорғаушылар декларациясы да қабылданған. Сондықтан 10 желтоқсан – адам құқығы күнін тек адам құқығының сақталуы ғана емес, осы құқықтың сақталуын қадағалайтын құқық қорғаушылардың да жағдайына қарай бағалау қажет дейді адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Кейінгі жылы айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Біздегі жағдай үнемі әртүрлі болады, ал адам құқықтары мен азаматтық бостандықтарға келгенде, жарқын жағынан күңгірт тұсы көп. Яғни жақсысынан жаманы басым. Әйткенмен, жағымды жаңалық ретінде мүгедектердің құқығын қамтамасыз етуді көздейтін қадамдар жасалғанын атап өткен жөн. Әлеуметтік көмек көрсету, пандустар орнатуды қолға алып, Орталық сайлау комиссиясы жанары көрмейтін азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін сайлау бюллетеньдерін Брайль тіліне аударып жатыр. Сол сияқты "Қоғамдық бақылау туралы" заң жобасын да оң қадамға жатқызуға болады, – дейді ол.

Алайда Жовтис елдегі сайлау еркіндігі мен саяси партияларға байланысты жағдай нашарлай түсті деп санайды.

– Биліктің тіркелмеген "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салуы, Демократиялық партияны тіркеуден бас тартуы, бірмандатты округтер бойынша сайлау жүйесінің жойылып, оппозицияның сайлаудан бас тартуы соған дәлел. Енді оны сайлау деуге келмейді, бұл – депутаттарды тағайындау. Жаңадан қабылданған "Бейбіт жиын туралы" заң халықаралық стандарттарға сай емес, тіпті кей тұсы 1995 жылғы бұрынғы заңнан да сорақы. Ал ең соңғы "жаңалық" – құқық қорғаушы үкіметтік емес ұйымдарға еш себепсіз шүйлігіп жатыр. Соның кесірінен 10-13 ұйым қазір құқық қорғау немесе қоғамға пайдалы басқадай іспен айналысудың орнына салық органдарының шабуылынан қорғанып әбігер болып жүр. Бұның бәрі сайлауға байланысты екені түсінікті, – дейді Жовтис.

КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ШЕКТЕЛГЕН СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ

"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова Қазақстанда биыл көктемде енгізілген коронавирус пандемиясына байланысты шектеулер елдегі азаматтық және саяси құқықтарға да әсер еткенін айтады.

Заңгер Гүлмира Біржанова.
Заңгер Гүлмира Біржанова.

– Инфекцияға қарсы күрес Қазақстандағы ой еркіндігін шектеуді заңдастырды дер едім. Оның ішінде интернетте де шектеу болды. Мемлекеттік органдар қызметі жайлы ақпаратқа қол жеткізе алмадық, мемлекеттік орган брифингтері журналистердің қатысуынсыз, онлайн өтті. Сот процестеріне қатысу қиындап, азаматтық белсенді, блогер мен журналистерге қылмыстық іс қозғап, қудалау жиіледі. Мәселен, "Жалған ақпарат тарату" бабын (Қылмыстық кодекстің 274-бабы) биыл жиі қолданды, – дейді құқық қорғаушы.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының биылғы "Интернеттегі еркіндік" (Freedom on the Net-2020) рейтингінде Қазақстан 100 баллдан 32 балл алып, "интернеті еркін емес ел" деп танылған. Ұйым Қазақстанды "интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын", "саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін", "блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылар немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын, шабуылға ұшырайтын" елдер қатарына енгізген.

Біржанова Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалы да былтырғымен салыстырғанда нашарлағанын айтады. "Шекарасыз тілшілер" (RSF – Reporters without border) халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымының есебінде "баспасөз еркіндігі қиын жағдайдағы" елдердің қатарына енген Қазақстан 180 мемлекеттің арасында 158-орында тұр.

– Өкінішке қарай, биыл Қазақстанда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің әрбір адам өз ой-пiкiрiн еш кедергiсіз ұстануға және еркiн бiлдiруге құқылы екені жазылған 19-бабы үнемі бұзылды, – дейді Гүлмира Біржанова. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жала жабу бабын декриминализациялау туралы заңға қоюын осы саладағы оң өзгеріс деуге болады. Ал қауіпсіздік сертификаты, журналистер Сәния Тойкен, Ботагөз Омарова, Хадиша Ақаеваларға жасалған шабуыл, белсенді Әлнұр Ильяшев пен журналист Зәуре Мырзақожаеваға қарсы қылмыстық іс, ақыр соңында оннан аса тәуелсіз үкіметтік емес ұйымға салық органдарының "шабуылы" – жылдың сорақы оқиғалары, – дейді құқық қорғаушы.

ДЕНСАУЛЫҚ САЛАСЫ: ҚҰҚЫҚТАН ГӨРІ МІНДЕТ БАСЫМ

Азаматтық белсенді әрі дәрігер Қайырғали Көнеевтің пікірінше, елде азаматтардың медициналық көмек алу құқығы биыл қабылданған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінде декларативті түрде жазылғанымен, іс жүзінде азаматтардың құқығынан міндеті басым.

Белсенді, дәрігер Қайырғали Көнеев өзі ұйымдастырған митингіде "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы" кодекстің кей нормаларымен келіспейтінін айтып тұр. Алматы, 18 қыркүйек 2020 жыл.
Белсенді, дәрігер Қайырғали Көнеев өзі ұйымдастырған митингіде "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы" кодекстің кей нормаларымен келіспейтінін айтып тұр. Алматы, 18 қыркүйек 2020 жыл.

– Азаматтарға вакцина салу міндеттелген. Әрине, оның пайдасы бар. Дегенмен адамда таңдау болуы тиіс. Ал таңдау жоқ болса, денсаулық сақтау саласында жемқорлыққа жол ашылады. Мәселен, биыл қабылданған жаңа кодексте скрининг жасату құқығы бар, бірақ жұмыс берушіге қызметкерлерін скринингтен өткізу міндеттелген, өйтпеген жағдайда жұмыстан шығарып жібере алады. Бір жағынан дұрыс көрінеді, бірақ олар адамның құқығы мен еркіндігін шектеп отыр, – дейді Көнеев.

Ол 2020 жылы медицина саласындағы жемқорлықтың әшкере бола бастағанын жақсылықтың нышанына балайды. Сөзінше, денсаулық саласын қоғам бақылауына алса жақсы нәтиже бермек. Алайда коронавирус елдегі медицина жүйесінің тым осал екенін көрсетті дейді дәрігер-белсенді.

– Ресми ақпарат бойынша екі мың, ал бейресми есеп бойынша 15 мыңға жуық адамның өмірін қиған коллапс – ең ауыр жайт болды. Бұл орны толмас қаза. Тұрғыны шамалы еліміз үшін бұл сан – үлкен апат, – дейді Қайырғали Көнеев.

ҚАМАУДАҒЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ

Қамауда отырған азаматтардың құқығын қорғаушы Елена Семенова құқығы бұзылғанын дәлелдеп, әділдікке жету – еркіндікте жүрген адамның өзіне оңай шаруа емесін, ал қамаудағылардың жағдайы одан да қиын екенін айтады.

Қамау орындарындағы азап пен қорлыққа шыдамағандар басындағы жайтқа қоғамның назарын бұру үшін өзін жарақаттап, түрлі әрекетке барады. Былтыр Қазақстандағы қамау мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарды қинап, азаптағаны туралы ондаған видео YouTube арнасында жарияланды.

Олардың бірінде Алматы маңындағы Заречный кентінде орналасқан ЛА-155/8 түзеу колониясына ұқсайтын мекемеде жазасын өтеушіні түрме қызметкерлерінің қалай азаптағаны бейнеленген. Осы оқиғадан кейін Заречныйдегі колонияның басшысы мен бірнеше қызметкері жұмыстан босатылды. Бірақ олар "тұтқындардың ар-намысын қорлағаны үшін тым жеңіл жаза алды" дейді құқық қорғаушылар.

Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандарды азаптау фактісін үнемі жария етіп отыратын Елена Семенованың өзі қазір бірнеше колониямен соттасуға мәжбүр. Колония басшылығы тұтқындардың азап пен қорлық көргені туралы шағымдарын жариялап жүрген Семенованы "мекеменің беделіне нұқсан келтірді" деп сотқа берген.

Құқық қорғаушы Елена Семенова (оң жақта) Заречный кентіндегі түрменің (ЛА-155/12 мекемесі) алдында тұтқындардың туыстарымен бірге тұр. Алматы облысы, 23 сәуір 2018 жыл.
Құқық қорғаушы Елена Семенова (оң жақта) Заречный кентіндегі түрменің (ЛА-155/12 мекемесі) алдында тұтқындардың туыстарымен бірге тұр. Алматы облысы, 23 сәуір 2018 жыл.

– Кейінгі бес жылда колонияларда тінту кезінде болатын жаппай ұрып-соғу, этаппен келгендерді "күтіп алу" (басқа колониядан жеткізілгендерді әдетте колония қызметкерлері я ондағы әкімшілікке жұмыс істейтін сотталғандар ұрып-соғады) және "карантиннен өту" (этаппен келгендер бірнеше күн құжат толтырып, медициналық тексеруден өтіп, орны белгіленгенше карантинде болады, әдетте сол кезде оларға қысым жасалады) біршама азайғанын атап өту керек, – дейді Семенова.

Бірақ құқық қорғаушының сөзінше, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті басшылығының "сотталғандардың барлық арыз-шағымы мекемеден тиісті орындарға заңға сәйкес жіберіледі" деуі – шындыққа сай келмейді.

Кей мекемелерде азаптап, ұрып-соғу әлі де тыйылмай отыр.

– Бұған биыл елдегі адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың Атбасар колониясына сапарында оған жолыққысы келген тұтқынға күш қолданып, кездестірмей қойғаны немесе ауыр дертке шалдыққан жазасын өтеушінің мерзімінен бұрын шығуға бірнеше мәрте өтініш жазғанына қарамастан, оны соңғы сәтке дейін босатпай, кейін түрмеден шыққан соң ауруының асқынуына байланысты көз жұмғаны осы айтылғандарға дәлел. Кей мекемелерде азаптап, ұрып-соғу әлі де тыйылмай отыр, – дейді Елена Семенова.

Қылмыстық атқару жүйесі комитеті қарайтын Ішкі істер министрлігінің басшысы Ерлан Тұрғымбаев былтыр жазда елде түрмеде отырғандар саны азайғанын (ресми мәліметке сай, кейінгі сегіз жылда 50 пайызға кеміп, Қазақстан әлемде тұтқын саны бойынша үшінші орыннан 95-орынға түскен) және түрме саны қысқарғанын хабарлаған.

Бірақ құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелерінде жазасын өтеп жатқандарды азаптау мен тұтқындардың өз-өзіне зақым келтіру фактілері азаймай отырғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG