Accessibility links

Өлім жазасын жою. Конституция бабына келгенде пікір екіге жарылды


"Қазақстан Республикасында адам және оың өмірі, құқықтары мен бостандықтары - ең қымбат қазына" құндылық деген жазу ұстап тұрған қыз. Көрнекі сурет.
"Қазақстан Республикасында адам және оың өмірі, құқықтары мен бостандықтары - ең қымбат қазына" құндылық деген жазу ұстап тұрған қыз. Көрнекі сурет.

Қазақстанның өлім жазасынан бас тарту туралы халықаралық маңызды құжатқа қол қоюын халықаралық ұйымдар құптады. Ұлттық заңда оннан астам қылмыс түріне, соның ішінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қастандық жасаушыға да өлім жазасы қарастырылған. Құқық қорғаушылар өлім жазасы туралы бап жазылған "Конституцияға өзгерту енгізу қажет емесін" айтқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен келіспейді.

СІМ МЕН ТОҚАЕВТЫҢ КЕРЕҒАР ТҮСІНІКТЕМЕЛЕРІ

25 қыркүйекте Алматыға жұмыс сапарымен келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасына қосылуы жөнінде түсініктеме берді. Өлім жазасына мораторий енгізгеніне 16 жылдан асқан Қазақстанның халықаралық құжатқа қосылу жайлы шешім қабылдағанын Тоқаев өткен аптада БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясындағы саяси пікірталас кезінде мәлімдеген.

Жұма күні түстен кейін жергілікті басылымдар Тоқаевтың "Конституцияға өзгеріс енгізу қажет емес" деп айтқан сөзін жариялады.

Елімізде өлім жазасы жоқ. Конституцияда қарастырылған екі кішігірім ерекшелік факультативті хаттама рухына толық сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев

"Бұл хаттамаға қосылуымыз Конституцияға толық сәйкес келеді және Негізгі заңға ешқандай өзгеріс енгізудің қажеті жоқ. Өлім жазасы кезінде тұңғыш президентіміз жариялаған мораторийде қарастырылған. Шын мәнінде елімізде өлім жазасы жоқ. Конституцияда екі кішігірім ерекшелік қарастырылған және бұл факультативті хаттаманың рухына толық сай келеді", – деген Тоқаев.

Президенттің бұл сөзі соның алдында Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) таратқан түсініктемеде айтылғанға кереғар шықты.

"Хаттаманың күшіне енуі үшін елдің Негізгі заңына тиісті түзетулер, сондай-ақ ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізіліп, парламент құжатты міндетті түрде ратификациялауы қажет" деп хабарлаған еді бейсенбіде СІМ. (Жергілікті БАҚ жариялаған СІМ хабарламасындағы бұл сөздерді министрлік сайтындағы ақпараттан алып тастаған – ред.)

Президент Тоқаев пен бір кездері ол басқарған министрліктің екі түрлі түсініктеме беруі билік хаттамаға қосылатыны жайлы әлемге жар салып айтқанмен, заңның қай бабын өзгерту керек деген мәселеде әлі екіұдай күйде отырғандай әсер қалдырды.

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасының 1-бабының 1-тармағында "хаттамаға қатысушы мемлекеттің сот қарауындағы ешбір адамды өлім жазасына кесуге болмайтыны" айтылған.

Адам құқығы саласындағы халықаралық маңызды хаттамаға жаңадан қосылған мемлекетке қойылатын талап қандай? Бұл құжат бойынша, ұлттық заңнамаға қандай өзгертулер енгізілуі тиіс? Азаттық бұл туралы Қазақстандық адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі, белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтистен сұрады.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

– Шындығында, екінші факультативті хаттаманың 2-бабында мемлекеттің құжатқа қосылу немесе ратификациялау сәтінде соғыс уақытында өлім жазасын әскери сипаттағы аса ауыр қылмыс жасағаны жөнінде кінәсін мойындағаннан кейін қолдануды көздейтін жалғыз ғана ескертпе жасай алатыны айтылған. Бұған қоса соғыстың басталғаны және аяқталғаны туралы БҰҰ Бас хатшысына хабарлауы тиіс. СІМ хаттамаға қол қойылғаны туралы хабарлағанда ондай ескертпе жайлы ештеңе айтпады. Екіншіден, Конституциямызда әскери қылмыстарға қоса террорлық қылмыстар да көрсетілген, ал хаттамада ондай ескертпе жасауға болмайды деген талап бар. Бізде әскери қылмыстар немесе соғыс кезіндегі қылмыстар үшін өлім жазасы қарастырылған он бап бар, ал одан бөлек, жалдамалы болғаны (тіпті бейбіт уақытта да), тұңғыш президент пен президенттің өміріне қол сұғу, диверсия, террорлық акт сияқты қылмыс жасағандарға өлім жазасы қарастырылған. Сондықтан, тіпті әлі ешкім жарияламаған ескертпе болған күннің өзінде де, Конституция мен заңдарға да өзгертулер енгізу керек болады, – дейді Жовтис.

Қазақстан Қылмыстық кодексіндегі өлім жазасы қарастырылған баптар

160-бап. Басқыншылық соғысты тұтандыру немесе жүргiзу;

163-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық шартында тыйым салынған жаппай қырып-жою қаруын қолдану;

164-бап. Соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзып адам өлтіру;

168-бап. Соғыс уақытында жасалған геноцид;

170-бап. Жалдамалы ретінде қарулы қақтығысқа, соғысқа немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе оған нұқсан келтіруге бағытталған өзге де күш қолдану әрекетіне қатысып не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзып, адамдардың қаза табуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет;

177-бап. Қазақстан Республикасы тұңғыш президентi – елбасының (Нұрсұлтан Назарбаевтың - ред.) өмiрiне қол сұғу;

178-бап. Қазақстан Республикасы президентiнiң өмiрiне қол сұғу;

184-бап. Диверсия;

255-бап. 255-бап. Терроризм актісі;

437-бап. Соғыс уақытында бұйрыққа бағынбау немесе оны өзгедей орындамау;

438-бап. Соғыс кезінде бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтiк мiндеттерiн бұзуға мәжбүрлеу;

439-бап. Соғыс кезінде бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi;

442-бап. Соғыс кезінде әскерден қашу;

443-бап. Соғыс кезінде әскери қызметті атқарудан жалтару немесе бас тарту;

444-бап. Ұрыс жағдайында не соғыс кезінде жауынгерлiк кезекшiлiктi атқару қағидасын бұзу.

Құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова.
Құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова.

Қазақстан билігін өлім жазасынан бас тартуға үндеп жүргеніне ширек ғасыр болған "Адам құқықтары хартиясы" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетованың пікірінше, мемлекет енді заңнамасын халықаралық құжаттарға сәйкестендіріп, көптеген заңға өзгеріс енгізуі тиіс.

– Осыны аяғына дейін жеткізіп, ратификациялаған жағдайда Қазақстан өлім жазасынан біржолата бас тартып, тарихында бұрын болмаған жаңа деңгейге көтеріледі. Бірақ оған дейін әлі Қылмыстық кодекстегі өлім жазасы бар баптарға тиісті өзгерту енгізу, сол сияқты мораторий жарияланғандықтан орындауға тоқтау салынған үкімдерді қайта қарау және т.б. көптеген шара атқарылуы керек, – дейді Жеміс Тұрмағамбетова.

МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамаға қосылу туралы шешімін "өлім жазасын жою жолындағы маңызды қадам" деп бағалады.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы әлем елдерінің жартысынан көбі өлім жазасынан бас тартқанын айтады.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы әлем елдерінің жартысынан көбі өлім жазасынан бас тартқанын айтады.

"Қазақстанды жазаның масқара түрінен арылған әрі қатары үнемі көбейіп келе жатқан елдердің қатарына қосылуына жақындата түскен бұл жаңалық бізді шабыттандырды. Енді Қазақстанға соңғы қадам жасау қалды – [ұлттық] заңындағы түрлі қылмыс үшін көзделген өлім жазасын түгелдей жойып, факультативті хаттаманы сөзсіз ратификациялауы керек", – деді халықаралық ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.

Постсоветтік елдер арасында Ресей, Тәжікстан мен Беларусь қана екінші факультативті хаттамаға әлі қосылған жоқ. Беларусь – Еуропадағы өлім жазасы туралы сот үкімі орындалатын жалғыз мемлекет.

– Біз Қазақстан мен өлім жазасы әлі бар өзге елдердің барлығын одан толықтай, тіпті әскери қылмыстар үшін де ондай жазадан мүлдем бас тартуға үндейміз, – деді AI ұйымының Орталық Азия бойынша сарапшысы Хэза Макгилл Азаттыққа.

Amnesty International ұйымының сарапшысы Хэза Макгилл.
Amnesty International ұйымының сарапшысы Хэза Макгилл.

Құқық қорғаушы Нұр-Сұлтанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қосылу процедурасын тым ұзаққа созбай, тиісті шараларды атқарған соң ратификациялайды деп үміттенетінін айтты.

– Қазақстанның бұл маңызды қадамын құптап, үкіметтің өлім жазасынан бас тартуға міндеттеме алғанын атап көрсетеміз. Қазақстанның осы хаттаманы ратификациялауын халықаралық деңгейде үнемі көтеріп, талап ететін боламыз. Бұған қазақстандық құқық қорғаушылар да үлес қосады деп ойлаймын, – дейді Хэза Макгилл.

Қазақстан қосылған халықаралық пактілер

Қазақстан 2003 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті мен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіге қол қойып, тек екі жылдан кейін, 2005 жылы ратификациялаған.

2007 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің бірінші факультативті хаттамасына қол қойып, 2009 жылы ратификациялады. Бұл хаттамаға сәйкес, Қазақстан азаматтары жеке арыз-шағыммен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Комитетіне жүгіне алады.

БАС ТАРТҚАН ДҰРЫС ПА, ҚАЛДЫРҒАН ЖӨН БЕ?

Қазақстан өлім жазасына мораторий жариялағаннан кейін екі қылмыстық іс бойынша сот өлім жазасы туралы үкім шығарған. 2006 жылы оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын екі көмекшісімен бірге қастандықпен өлтіруге айыпты деп танылған бұрынғы полиция офицері Рустам Ибрагимовті сот өлім жазасына кескен. Кейін өмірлік түрме жазасына ауыстырған. 2016 жылы Алматыда полиция бөлімі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне қарулы шабуыл жасап, он адамды өлтірген деп айыпталған Руслан Күлекбаевқа сот өлім жазасы туралы үкім шығарған.

Мораторий жарияланғанға дейін елде, кей мәлімет бойынша, өлім жазасы туралы 536 үкім орындалған. Соңғы рет ондай үкім 2003 жылы, мораторий туралы жарлыққа қол қойылмай тұрып орындалған. Соған қарамастан, қоғамда өлім жазасы туралы қызу пікірталас толастаған емес.

Адвокат Жохар Өтебеков.
Адвокат Жохар Өтебеков.

Алматылық адвокат Жохар Өтебеков өлім жазасынан бас тартуды неге жақтайтынын былай түсіндіреді:

– Біріншіден, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ, сондықтан тіпті қоғамға қарсы ең жексұрын қылмысқа барған жиіркенішті адамдарды да өлтіруге болмайды деп санаймын. Екіншіден, әрине, сот және құқық органдарының қателік жіберуі ықтимал деген дүдәмал ой. Елімізде өлім жазасынан бас тартуды қолдайтындардың көбі қателік жіберілуі мүмкін деп қорқатындықтан осы дәлелді алға тартады. Бұл билікке, атап айтқанда, құқық қорғау және сот жүйелеріне деген сенімсіздікке байланысты.

Педофилдерге өлім жазасын қолдануды талап еткен акцияға қатысушы. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.
Педофилдерге өлім жазасын қолдануды талап еткен акцияға қатысушы. Нұр-Сұлтан, 3 тамыз 2020 жыл.

25 жылға жуық судья болған, адвокат Белгібай Сақалиев аса ауыр қылмыс жасағандарды мемлекеттің есебінен ұзақ уақыт түрмеде ұстауды орынсыз шығынға жатқызады.

– Өлім жазасының сақталғаны белгілі бір жағдайда керек деп санаймын, өйткені адамды айуандықпен, жантүршігерлік қатыгездік танытып өлтірген, кейде тіпті мойнында бірнеше адамның қаны бар қылмыскерді қанша ұзақ мерзімге соттаса да, әділетті, лайықты жазасын алмағандай көрінеді. Сондықтан өлім жазасы бар елдердің қатарында болғанымыз дұрыс шығар деп ойлаймын, – дейді бұрынғы судья.

Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбай Қазақстанда өлім жазасынан бас тартуға әлі ерте деген пікірде.

Рысбек Сәрсенбай.
Рысбек Сәрсенбай.

– Қылмыстың, соның ішінде адам өлтіру қылмысы әрқилы жағдайда жасалатынын білеміз. Біреу абайсызда кісі өлтіріп алса, енді біреу зұлымдыққа, тіпті жауыздықпен қан төгуге саналы түрде барады. Мәселен, жас баланы азаптап, қинап өлтіру қылмысы қоғамда әр кезде ерекше ашу-ыза тудырады. Немесе кейде кек алу мақсатымен адамды қасақана өлтіреді. Ондай қылмыстың соған барабар жазасы болатынын әркім білгені дұрыс, – дейді Рысбек Сәрсенбай.

Алайда ол тергеу органдары мен сот-әділет жүйесінің қателігінен кейде бұрыс шешім қабылданып, бейкүнә адамның жазаға ілігіп кетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Рысбек Сәрсенбай ондай орны толмас қателікке жол бермеу үшін қылмыстық-атқару заңында өлім жазасы туралы сот үкімі ұзақ уақыттан кейін ғана орындалатыны туралы норма болғаны жөн деп есептейді.

Белгібай Сақалиев те, Рысбек Сәрсенбай да заңда аса ауыр қылмыс түрлеріне өлім жазасы қарастырылған болса, бәзбіреу ондай қылмысқа бармас бұрын ойланатын болады деп санайды. Бірақ құқық қорғаушылар мұндай пікірмен мүлде келіспейді.

Жеміс Тұрмағамбетованың сөзінше, мораторий енгізілген 2004 жылдан бері Қазақстанда бұрын өлім жазасы қолданылып келген қылмыс түрлерінің азайғаны байқалған. Ауыр қылмыс түрлері көбеймеген.

– Мұндай жаза түрінен арылған елдерде жүргізілген зерттеу қорытындысы өлім жазасынан бас тарту зорлық-зомбылық қылмыстардың көбеюіне ешқандай әсер етпегенін көрсетті, – дейді Amnesty International сарапшысы Хэза Макгилл.

Иранның өлім жазасын қолдануына наразылық білдіріп, Иранның Бельгиядағы елшілігі алдында акцияда тұрған адамдар. Бельгия, 10 қазан 2019 ж.
Иранның өлім жазасын қолдануына наразылық білдіріп, Иранның Бельгиядағы елшілігі алдында акцияда тұрған адамдар. Бельгия, 10 қазан 2019 ж.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис өлім жазасынан бас тартуға үш негіз барын айтады:

– Біріншіден, бұл – жазаның қайтымсыз жалғыз түрі, сот бейкүнә адамға өлім жазасын кесіп, үкім орындалып кеткен соң нағыз қылмыскер табылып жатса (ондай жайттар болған), соттың қателігінен жазықсыз жазаланған әлгі адамды ешкім өмірге қайтара алмайды. Екіншіден, жазаның бұл түрі қылмыстың алдын алуға мүлде еш әсер етпейді, сондықтан күллі Еуропа (Беларусьты айтпағанда) одан бас тартқан. Үшіншіден, мемлекет жазалаушы һәм жендет міндетін атқармауы тиіс. Әрине, әркімнің эмоциясын білдіріп, кез келген реакция танытуына хақы бар. Бірақ біз соттау құқығын мемлекетке тапсырғандықтан, мемлекет оны баршаға, соның ішінде тіпті осындай адамдарға да бірдей қарау принципіне сүйеніп атқаруы тиіс.

Біз соттау құқығын мемлекетке тапсырғандықтан, мемлекет оны баршаға, соның ішінде тіпті осындай адамдарға да бірдей қарау принципіне сүйеніп атқаруы тиіс.

Құқық қорғаушы осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын Өскеменде төбелес үстінде кісі өлтірген деген айып тағылып, кейін адвокатсыз өткен тергеу барысында тағы бір кісіні "өлтіргенін мойындауға" мәжбүр болғанын мәлімдеген Олег Горозашвилидің ісін мысалға келтірді.

– Оның жатақханадағы төбелес кезінде адам өлтіргені сотта дәлелденген. Бірақ екінші "қылмыс" жасағанына еш айғақ-дәлел болған жоқ. Алайда, соған қарамастан сот оны екі адамның қазасына айыпты деп танып, өлім жазасына кесті, – дейді Жовтис.

Билік Горозашвилидің кінәлі екеніне айғақ-дәлелдің жоғына, сот қателігі жайлы күмәнға, мемлекеттік тергеудің істі ары қарай қарағанға дейін өлім жазасын кейінге қалдыра тұруға ниет танытуына, Amnesty International мен өзге де халықаралық ұйымдардың бірнеше мәрте берген өтінішін елеусіз қалдырған. 1997 жылы сәуірдің соңына қарай үкім орындалған. Халықаралық ұйымдар Қазақстанның бұл ісін сынаған.

ЗАҢНАМАНЫ ІЗГІЛЕНДІРУГЕ ҚОҒАМНЫҢ КӨЗІН ЖЕТКІЗУ

Қоғамда өлім жазасынан бас тарту немесе оны заңда қалдыру мәселесін қоғам талқысына ұсынып, бүкілхалықтық референдум жолымен шешу қажет деп санайтындар бар. Құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова оған қарсы уәж айтады:

Бұл ең алдымен мемлекет атынан адамды өмірінен айыруға болмайтыны жайлы гуманистік мәселе.

– Өлім жазасынан бас тарту – саяси гуманистік шешім. Және ол тек қана мемлекет басшысының айрықша құзыретіне жатады. Әлемде [өлім жазасынан бас тартқан] ешбір елде мұндай шешім ешқашан плебисцит жолымен қабылданған емес. Бұл ең алдымен мемлекет атынан адамды өмірінен айыруға болмайтыны жайлы гуманистік мәселе, – дейді Жеміс Тұрмағамбетова.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Қазақстан демократиялық, өркениетті елдер қатарынан орын алғысы келсе, өлім жазасынан бас тартуы тиіс екенін айтады. Оның сөзінше, әлемде жазаның бұл түрінен бас тартпай отырған мемлекеттер саны жыл өткен сайын азайып барады.

– Мысалы, Латын Америкасындағы Коста-Рикада өлім жазасының жойылғанына 200 жыл болды. Адамдар өлім жазасы ешбір проблеманы шеше алмайтынын, ал ұзақ мерзімге немесе өмір бойына бостандығынан айыру – ауыр жаза екенін ұққан жөн, – дейді Жовтис.

Беларусьтегі өлім жазасы туралы көрмеге келген адамдар. Беларусь - Еуропадағы әлі күнге дейін өлім жазасын қолданып келе жатқан жалғыз мемлекет.
Беларусьтегі өлім жазасы туралы көрмеге келген адамдар. Беларусь - Еуропадағы әлі күнге дейін өлім жазасын қолданып келе жатқан жалғыз мемлекет.

– Үкімет өз азаматтарына әр адамның өмірі ең жоғарғы құндылық саналатын және ешкім де, ешқандай желеумен одан айыра алмайтын, өркениетті, анағұрлым гуманистік қоғамға бастар жолды көрсетуі керек. Және үкіметте осындай маңызды қадам қажет екеніне азаматтарының көзін жеткізе алатындай батылдық пен сенім болуы тиіс, – дейді Amnesty International ұйымының Орталық Азия бойынша сарапшысы Хэза Макгилл.

Amnesty International әлемдегі өлім жазасы туралы 2019 жылға арналған есебінде осы жаза түрін жиі қолданған он елдің қатарына Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Ирак, Египет, АҚШ, Пәкістан, Сомали, Оңтүстік Судан енген.

Үкімет өз азаматтарына әр адамның өмірі ең жоғарғы құндылық саналатын және ешкім де, ешқандай желеумен одан айыра алмайтын, өркениетті, анағұрлым гуманистік қоғамға бастар жолды көрсетуі керек.

Ұйым дерегінше, өткен жылы әлемнің 20 елінде барлығы 657 өлім жазасы орындалған, яғни алдыңғы жылғымен салыстырғанда 5 пайызға азайған. Бұл – кейінгі он жылдағы ең төмен көрсеткіш. Бірақ әлемдегі осы тенденцияға қарамастан, Сауд Арабиясы, Ирак, Оңтүстік Судан мен Йеменде өлім жазасы күрт көбейген.

Былтыр Нью-Гэмпшир штаты барлық қылмыс түрі бойынша өлім жазасын қолданудан бас тартты. Осылайша АҚШ-та жазаның бұл түрін жойған штат саны 21-ге жетті. Ал өлім жазасына кесілгендер саны бойынша АҚШ-та бірінші орында тұрған Калифорния штаты өлім жазасын орындауға ресми түрде мораторий жариялады.

Барбадос Конституциясынан өлім жазасы туралы бапты алып тастады. Гамбия, Қазақстан, Малайзия, Ресей мен Тәжікстанда өлім жазасына жарияланған мораторий әлі күшінде.

Amnesty International ұйымының 2019 жылдың соңындағы мәліметі бойынша, әлемде 106 мемлекет барлық қылмыс түрі бойынша өлім жазасын жойған. Ал 142 елде өлім жазасынан заң жүзінде де, іс жүзінде де бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG