Accessibility links

"Мемлекетке қарсы дауда әділдікке қол жеткізу өте қиын"


Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.
Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.

Заңгер Джохар Өтебеков Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстандағы алқа билер сотының жұмысы, сот жүйесін реформалау және қазақстандық судьялардың айыптау үкімін не себепті көп шығаратыны туралы айтып берді.

Азаттық: Сіз қазақстандық судьялардың шешімін жиі сынап (мысалы, судялардың VIII съезі туралы соңғы жазбаларыңызды алайық), ескерту айтып, олардың жұмысынан мін тауып отырасыз. Қазір Қазақстанның сот жүйесінде қандай мәселелер бар? Оларды қалай шешуге болады?

Джохар Өтебеков: Сот жүйесіндегі бірінші мәселе – сот билігінің атқарушы билікке тәуелдігі. Бұл саяси режим мен қоғамдағы жағдайдың әсерінен болып отыр. Аталған мәселені саяси жолдан басқа тағы қандай әдістермен шешуге болады? Мысалы, мен техникалық әдіс ұсынар едім. Бірінші кезекте (айтпақшы, бұл туралы судьялардың VIII съезінде президент те айтты), судьялардың сот төрағасына тәуелдігін жою керек. Қазіргі қалыптасқан жағдай дұрыс емес, өйткені сот төрағасы деген – бар болғаны өзара тең адамдардың ішінде бірінші тұрған тұлға ғана. Ол да – сот істерін қарайтын қатардағы судья. Батыстық жүйелерде олар өкілдік қызметін тек қажет кезде ғана атқарады. Мысалы, Қытайдан судьялардың делегациясы келді делік. Қонақтарды сот төрағасы күтіп алады. Әдетте бұл қызметке өкілдік қызмет атқаруға қабілетті, тәжірибесі мол адамды тағайындайды.

Азаттық: Оқырмандарға Қазақстанда сот төрағасы қандай қызмет атқаратынын түсіндіріп бере аласыз ба?

Сот төрағасы өзімен бірге істейтін судьяларға үлкен ықпал жасап, қысым көрсете алады.

Джохар Өтебеков: Бірден ескертемін: қазақстандық сот төрағаларына мүлде ақылға қонбайтын әкімшілік-шаруашылық қызметтер жүктелген. Неге екені белгісіз, біздің елде сот төрағалары қызметкерлерді сот ғимаратына кіргізу режимі мен жылыту жүйесінен бастап, кәріз жүйесі мен қызметтік көлікке дейінгі әртүрлі ұйымдастыру істерімен айналысады. Бұл – дұрыс емес. Мүмкін бұл сот төрағасының мәселесі шығар. Ол мұндай жүктемеден босатылуы керек. Өйткені сот төрағасы әкімшілік-шаруашылық істерімен айналысып жүріп, кәсіби дағдыларын жоғалта бастайды. Бірақ ең үлкен мәселе мынада: сот төрағасы өзімен бірге істейтін судьяларға үлкен ықпал жасап, қысым көрсете алады. Облыстық сот деңгейінде судьяларға іске қатысты маңызды шешімдерді сот төрағасымен келісу тапсырылады. Сот төрағасы судьядан белгілі бір іске қатысты түсініктеме беруді талап етіп, тапсырма жүктеп, ақыл айтып, оның кәсіби мансабына әсер ете алады. Өзіне ұнамаған судьяның үстінен облыстық сотқа шағым беруі де мүмкін.

Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.
Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.

Азаттық: Кәдімгі бастық…

Джохар Өтебеков: Иә, бірақ оны жүз пайыз бастық деп атау қиын, өйткені Конституцияға сәйкес, ол судьяларды тәртібі үшін жазалап не жұмыстан шығара алмайды.

Азаттық: Дегенмен ол судьялардың шешіміне ықпал ете алады.

Джохар Өтебеков: Оның билігін аудан әкімінің қол астындағы қызметкерлерге қатысты құзыретімен салыстыруға келмейді. Бірақ бәрібір бұл – өте сезімтал тақырып. Бізде судьялар тәуелсіз және олар өз шешімі үшін біреуден рұқсат алуға міндетті емес. Президенттің де осы мәселені көтергені қуантады, бірақ оның қалай жүзеге асатыны маңызды. Президент сөзінің орындалуы күмән туғызады. Өйткені билік сот төрағаларының қауқарлы болуына мүдделі. Сонда бұл жерде парадокс туады: жылан өз құйрығын кесе алмайды.

"КАДРЛЫҚ РЕФОРМАСЫЗ ТОЛЫҚ СОТ ЖҮЙЕСІН ҚҰРУ МҮМКІН ЕМЕС"

Азаттық: Адвокаттар коллегиясы Қазақстанда сот реформасын жүргізу керегін жиі айтады. Елге қандай реформалар мен өзгерістер керек?

Джохар Өтебеков: Мен президент атаған өзекті мәселеден бастадым. Судьялардың сот төрағаларына тәуелдігі белгілі бір деңгейде азайғаны байқалады. Бірақ шын мәнінде кадрлық реформасыз толық сот жүйесін құру мүмкін емес. Біз заңды білуі, кәсібилігі мен адами қасиеттері жағынан сот қызметінде жұмыс істеуге лайықсыз судьяларды жинап алғанбыз. Сондықтан судьялардың қатарын кадрлық тазартудан өткізу керек. Саяси режим өзгермейінше, өкінішке қарай, басқа дайын ұсынысым жоқ.

Азаттық: Яғни, бұл процесс революциялық емес, эволюциялық жолмен жүзеге асуы керек.

Утебеков: Иә, бәрін бірдей жұмыстан шығара алмайды. Өйткені жаңа судья табу қиынға соғады. Сондықтан кадрларды тазарту жұмысын өте ұқыпты жүргізу керек. Екінші мәселе – жаңа судьяларды қызметке алу. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың бұл мәселені қолға алғаны байқалады. Мысалы, сот емтиханы күрделеніп, оны тапсыру шынымен қиындады. Сот қызметіне тұруға үміткер азаматтардың тізімі жариялана бастады, өз пікірін айтуға мүмкіндік туды. Өкінішке қарай, бос жұмыс орындарына судьяларды тағайындау процесі әлі де ашық емес. Өз блогымда және ақпарат құралдарында беделді саналатын соттарға судьяларды тағайындау процесінің ашық жүрмейтінін үнемі айтып жүрмін. Мұнда Алматы немесе Нұр-Сұлтан сияқты қалалардағы соттарды меңзеп отырмын, өйткені шалғай аудандар мен ауылдарда жұмыс істеуге көп адам құлықты емес.

Аудан орталығындағы судьялардың көбі облыс орталығына көшкісі келеді. Онда қаралатын істер де қызық, карьералық мүмкіндіктер де көп, балалары да сонда көшіп кеткен, судьялардың экономикалық мүддесі де сонда. Олардың орталыққа ауысуды қалауы – қалыпты нәрсе, бірақ белгілі бір судьяның облыстық сотқа қалай қызметке тұрғаны түсініксіз.

Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.
Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.

Азаттық: Яғни, бұл процесс мүлде жабық.

Джохар Өтебеков: Иә. Мысалы, Петровтың орнына Ивановты неге алғаны мүлде түсініксіз. Судьялардың карьерасына қатысты да дәл осындай сұрақ туады: судья Мырқымбаевтың аудандық соттан облыстық сотқа қалай ауысқанын білмейміз. Неге бұл қызметке басқа судья тағайындалмады? Облыстық және жоғарғы сот сияқты инстанцияларға судьялар мен сот төрағаларын тағайындауда да осындай мәселе бар.

Азаттық: Судьяларды тағайындау қалай жүретінін шамалап білетін сияқтымын, бірақ мұны диктофонды өшіріп, бейресми әңгімеге көшкенде айтқан дұрыс сияқты…

Қылмыстық және әкімшілік сот істеріндегі маңызды мәселенің бірі – судьялардың айыптау үкімін шығаруға бейіл болуы.

Джохар Өтебеков: Жалпы айтқанда, бұл – судьяларды тағайындау процесін ашық әрі қатаң жүргізіп, талапқа сай келмейтін судьяларды жұмыстан шығаруды қамтитын кадрлық реформа. Қылмыстық және әкімшілік сот істеріндегі маңызды мәселенің бірі – судьялардың айыптау үкімін шығаруға бейіл болуы. Сот барлық кезде дерлік прокурор, тергеуші және мемлекеттік орган өкілдерінің айтқанымен келіседі. Қазақстанда айыпталушыны ақтайтын үкім өте аз шығарылады.

Азаттық: Айыпталушыны ақтайтын үкім көбіне қылмыстық істерде аз кездесе ме?

Джохар Өтебеков: Иә, қылмыстық істерде аз кездеседі. Бірақ бұл азаматтық сот істеріне де қатысты: бізде мемлекетке қарсы дауда әділдікке қол жеткізу өте қиын. Бірінші кезекте, мұны салық, монополияға қарсы және кедендік дау бойынша сот істерімен жүрген бизнес өкілдері сезінеді. Өкінішке қарай, судья олардың ісін өзіне жалақы төлеп отырған қасиетті мемлекеттік бюджетке қол сұғу деп қабылдайды. Судья бизнестің пайдасына дұрыс шешім шығарса, жемқорлық айыбына ілігемін деп қорқады. Дәл осы сияқты азаматтық процесте мемлекеттік машинаның зардабын кез келген азамат көруі мүмкін. Мұның жаңа мысалына Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық департаментінің ғимаратын кеңейту үшін азаматтарды көшіру оқиғасы жатады. Олар бұл ғимаратта ондаған жыл бойы отбасымен тұрып келген. Азаматтарға салық аударымдары мен жер дауының да әсері болуы мүмкін. Өкінішке қарай, мемлекетке қарсы күресу өте қиын. "Мемлекеттікі әрдайым дұрыс, кез келген сот ісінде мемлекетке басымдық беріледі" деген парадигманы өзгерту керек.

Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.
Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.

"АЛҚА БИЛЕР СОТЫНА АЙЫПТАЛУШЫНЫ АҚТАЙТЫН ҮКІМ ШЫҒАРУ ӨТЕ ҚИЫН"

Азаттық: Қазақстандағы алқа билер соты туралы сөйлесейік. Жақында Шығыс Қазақстан облысындағы алқа билер соты педофилия бабы бойынша айыпталған азаматты ақтайтын үкім шығарды. Бұл интернетте үлкен наразылық туғызды. Мұндай кездерде алқа билер сотының қызметіне қатысты сұрақтар туа ма? Қазақстандағы алқа билер сотының жұмысын қалай бағалайсыз?

Мен екі кәсіби судьяға қарағанда, қатардағы жиырма азаматқа көбірек сенемін.

Джохар Өтебеков: Мен – алқа билер сотын қолдаушылардың бірімін. Сондықтан бұл жағдайда да алқа билер сотын жақтаймын, бұл объективті шығар деп үміттенемін. Мен екі кәсіби судьяға қарағанда, қатардағы жиырма азаматқа көбірек сенемін. Көбі назардан тыс қалдырған тағы бір нәрсені түсіну керек. АҚШ-та алқа билер эмоцияға беріліп немесе адвокаттың шешендігіне еріп, қате шешім шығарған шығар деп күдіктенуіміз мүмкін. Ал бізде алқа билерге айыпталушыны ақтайтын үкім шығару өте қиын, өйткені сот жүйесінде айыптау үкімі көп кездеседі. Мұны сот және құқық қорғау жүйесінің арасындағы тығыз байланыспен, соттың мемлекетті қолдауымен, судьялардың саналы тұрғыда осындай шешім қабылдауға бейім болуымен түсіндіруге болады. Олар заңға қызмет ететінін түсінбейді. Саналы түрде өздерін бірінші кезекте мемлекеттік қызметкер сезінеді. Алқа билер айыпталушыны ақтайтын үкім шығармауы үшін судьяның оларға қысым көрсеткен кездері де болды. Мұны жеке тәжірибемнен және алқа билердің қатарында болған таныстарымның әңгімесінен білемін. Өкінішке қарай, біздің елімізде бәрі голливуд фильміндегідей емес. Бізде судья алқа билермен бірге ақылдасатын бөлмеге барып, оларға қысым көрсетеді. Бұл – өте орынсыз нәрсе.

Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.
Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.

Азаттық: Судьяда мұндай құқық бар ма?

Джохар Өтебеков: Қылмыстық-процессуалды кодексте қарастырылған. Бұл мүлде ақылға сыймайды. Әлемде судьяға алқа билерді бақылауға алуға мүмкіндік беретін осындай жүйе барын естіген емеспін. Сондықтан алқа билер айыпталушыны екі рет ақтаса, олар азаматтық ерлік жасаған болуы да мүмкін. Мен оларға көбірек сенемін және ел азаматтарының неге бұл жағдайда құқық қорғау жүйесіне неге ерекше сенім артып отырғанын түсінбеймін.

Азаттық: Мүмкін педофилия айыбының өзі адамның кінәлі екеніне қатысты күмән қалдырмайтын шығар?

Джохар Өтебеков: Өкінішке қарай, әлем тарихында, оның ішінде дамыған елдер тәжірибесінде құқық қорғау және сот органдарының осындай қателікке жол берген кездері болған. Ал азаптау көп кездесетін біздің елде мұндай қателіктердің болғанына мүлде таңғалуға болмайды. Алқа билерге қарсы айтылған сынның бұл институтқа кері әсер еткенін қаламаймын. Өйткені алқа билер сотын кеңейтіп, оны ары қарай нығайту керек. Айыптау үкімін көп шығаратын мемлекеттік судьяларға тек алқа билер ғана бәсекелес бола алады. Біздің жағдайда алқа билер болған кезде ғана әділдікке үміт артуға болады. Осы мәтінді оқыған әрбір азамат өзін аса ауыр қылмыс жасады деген әділетсіз айыппен қалған өмірін түрмеде өткізудің алдында тұрған адамның орнына қойып көрсе деймін. Мұндай жағдайда сізге кім үкім шығарғанын қалар едіңіз: мемлекеттік судья ма, әлде ондаған азаматтан тұратын алқа билер соты ма?

"ӘСИЯНЫҢ ҮКІМІ АЛДЫН-АЛА БЕЛГІЛІ БОЛДЫ"

Азаттық: Әсия Төлесованың соты мен оның ісі бойынша шығарылған бір жарым жылға бостандығын шектеу жазасына келсек: апелляция бердіңіздер ме? Қазір жағдай қалай болып жатыр?

Джохар Өтебеков: Иә, біз сот үкіміне қатысты шағым бердік. Бірақ интернетте айтылғандай, апелляцияның соңы немен аяқталатыны алдын-ала белгілі. Өйткені Алматы қалалық соты Медеу аудандық №2 сотының үкімін қалдырды. Қазір Жоғарғы сотқа кассация беруді ойлап отырмыз.

Азаттық: Сот процесі мен судья шығарған үкім туралы қандай пікірдесіз?

Қатардағы қарапайым істердің өзінде айыптау үкімі көп, ал саяси іс бойынша айыпталушыны ақтап алуға мүлде мүмкіндік болмады.

Джохар Өтебеков: Әсияға қандай үкім шығаратыны алдын-ала белгілі болды. Тағы да қайталаймын, қатардағы қарапайым істердің өзінде айыптау үкімі көп, ал саяси іс бойынша айыпталушыны ақтап алуға мүлде мүмкіндік болмады. Кей адамдардың "ақталу дегені несі?" деп, біздің позициямызға таңғалғанын байқадым. Сондықтан түсіндіріп өтейін: біз сотта Әсияның полицияның қалпағын қағып түсіру арқылы этикаға қайшы келетін, дұрыс емес әрекет жасағанын мойындадық. Бірақ бұл ары кетсе әкімшілік құқықбұзушылық деп танылуы керек. Өйткені мұнда құқық қорғау органы қызметкеріне қарсы күш қолдану емес, оның жұмысына кедергі келтіру туралы сөз болып отыр. Полиция қызметкеріне күш көрсетілген болса, ол физикалық ауырсыну сезініп, бұл ұрып-соғудың белгілі бір санатына жатқызылуы керек еді.

Азаттық: Бірақ сотта полиция қызметкерлерінің бұл оқиғаны ауыр қабылдағаны, олардың өте сезімтал, жұмсақ адамдар екені анықталды.

Джохар Өтебеков: Судьялардан да өткен мемлекеттік қызметкер саналатын полицейлерден осындай әрекет күтуге әбден болады. Қаласа да, қаламаса да, оларға Әсияға қарсы айыптауды қолдап, бүкіл елдің алдында бір қыздан көрген физикалық және моральдық жәбірі туралы айтуға тура келді.

Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.
Заңгер Джохар Өтебеков. Алматы, 4 қараша 2020 жыл.

Азаттық: Неге Қазақстанда бейбіт жиындар мен митингілер кезінде күш қолдануға байланысты қылмыстық істер қозғалмайды? Заңда мұндай әрекеттер үшін жаза қарастырылған ба?

Джохар Өтебеков: Бұл бірнеше факторға байланысты. Әрине, полицияның қолында шексіз құзырет болмаса да, биліктің ашық айтылмаған, митинг қатысушыларына белгілі бір деңгейде күш қолдануға мүмкіндік беретін рұқсаты бар. Билік бүгін митинг қатысушыларына күш қолданған полиция қызметкерлерін жазалауды қолға алса, ертең жағымсыз тапсырма орындағаны үшін қоғамның сынына қалудан бөлек, өзіне бұйрық бергендердің тарапынан жауапқа тартылуға ешкім келіспейтінін жақсы түсінеді. Өкінішке қарай, көбіне наразылық акциясына қатысушылар қысым мен қудалауға көп ұшырайтын, экономикалық тұрғыдан әлсіз топқа жатады. Оларға жұмыс табу қиын, ал бизнес өкілдері саяси себептер бойынша қудалауға ұшыраған болуы мүмкін. Сондықтан олардың қолында күш қолданғандарды құқықтық тұрғыдан жауапқа тартуға қажетті ақша мен мүмкіндік жоқ.

Біздің жалпыға ортақ мәселеміз – азаматтық белсенділерге қысым көрсету және физикалық күш қолдану сияқты мәселелерге назар аудармау.

Бұл жерде митинг қатысушыларының табандылығы мен адамдарды дөрекі формада ұстап, ұрып-соғу мәселесіне қоғамның назар аударғаны да маңызды. Біздің жалпыға ортақ мәселеміз – азаматтық белсенділерге қысым көрсету және физикалық күш қолдану сияқты мәселелерге назар аудармау. Бізде үкіметтік емес ұйымдар саны аз, олардың қызметіне қаржылай қолдау көрсетпейміз. Бұл – терең әрі жүйелі мәселе. Менің ойымша, қоғам әлі үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға дайын емес.

Азаттық: Бейбіт жиындарда азаматтарды күшпен ұстап, оларға моральдық және физикалық зиян келтірген жағдайда полицияның әрекетін реттейтін ережелер болуы керек пе?

Джохар Өтебеков: Шын мәнінде, ішкі істер органы қызметкерлерінің құзыреті туралы қазіргі заңдардың өзінде физикалық күш қолдануға қатысты жеткілікті шектеу бар. Осы заңдар жұмыс істесе де, жаман болмас еді. Бірақ өкінішке қарай, прокуратура, құқық қорғау органдары мен ішкі қауіпсіздік қызметі белсенділер мен митинг қатысушыларының шағымына назар аудармайтынын көріп отырмыз. Билік физикалық күш қолдануға көз жұмып қарап отыр.

Видеодан Әсия Төлесованы бірінші құқық қорғау органы қызметкерлерінің жерге құлатқанын көрдік. Бірақ бұл үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ. Полиция қызметкерлерімен салыстырғанда, Әсияның денесінде физикалық күш қолданудан қалған көгерген іздер бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG