Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы баспасөз жиынына қатысуға келген Азаттық пен ҚазТАГ және Алматы телеарнасы журналистеріне бір топ белгісіз әйел шабуыл жасады.
Ғимарат дәлізінде Азаттықтың түсірілім тобына белгісіз бес әйел тарпа бас салды. Олар Азаттық операторы Тоқмолда Құсайыновқа шабуылдап, оның қолындағы видеокамераны сындырып, аккумуляторын суырып алды. Болған оқиғаны смартфонға түсіріп алмақ болған тілші Нұргүл Тапаеваға қол жұмсады.
Азаттық журналистері адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросында таңертеңгі сағат 11-де "Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр" деген тақырыпта өтуі тиіс баспасөз жиынына барған болатын. Бұл жиынды ұйымдастырушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қызметіне қатысы бар деген күдікпен шілденің 4-і күні тұтқындалған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істердің мән-жайын айтпақшы болған еді. Бұл үш әйелді биыл мамыр айында үкіметке қарсы "рұқсат етілмеген шеруге қатысты" және "шеру өткізбекші болды" деген уәжбен полиция екі рет ұстаған.
Журналистерге шабуыл жасағандардың қатарында болған, бірақ «нақты қол жұмсаған әйелдерді танымаймыз» деген бірнеше әйел кеше – 23 шілдеде Азаттық редакциясына келіп, «жауапкершілікті мойнымызға алмаймыз, алайда болған іске өкінеміз» деп, кешірім сұрап кетті.
Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған.
Азаттық осы мәселені журналист, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлымен талқылады.
ПІКІРЛЕР