Биылғы балалар арасындағы Eurovision (бірқатар ТМД елдерінде орысша «Евровидение» деп аталып жүр – ред.) конкурсы қарашаның 25-і күні Минск қаласында (Беларусь) өтеді. Еуропалық хабар тарату одағы (European Broadcasting Union – EBU) биылғы байқауға 19 ел қатысатынын, олардың ішінде Қазақстан мен Уэльс сияқты дебютанттар бар екенін мәлімдеді.
EBU-дің Азаттыққа хабарлауынша, Қазақстан балалар арасындағы Eurovision байқауына қатысу үшін маусымның 29-ына дейін өтініш жіберген. Бақылаушы топ Қазақстанның өтінішін қарап қабылдаған.
БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ EUROVISION
Ережеге сай, балалар арасындағы Eurovision (Junior Eurovision) мен негізгі Eurovision (Eurovision song contest) конкурсына Еуропа хабар тарату аймағына кіретін елдер ғана еш кедергісіз қатысады. Ал Еуропадан тысқары елдер EBU құрамына серіктес мүше бола алады. Қазақстан және мемлекеттік «Хабар» телеарнасы 2016 жылы Еуропалық хабар тарату одағына серіктес мүше ретінде кірген. Қазақстан бұл одаққа мүше болмай тұрып-ақ, Eurovision байқауын көрсете бастаған.
Серіктес мүшелер Eurovision байқауларына тұрақты түрде қатыса алмайды. Қатысу үшін EBU тарапынан шақырту алып, байқау жарнасын және телетрансляция қаржысын төлеу керек. Қазірге дейін Қазақстан EBU тарапынан тек балалар арасындағы байқауға шақырту алды.
EBU мүшесі саналатын қазақстандық «Хабар» арнасының бас редакторы Ерлан Игісіновтің айтуынша, Минск қаласына баратын қатысушы конкурс арқылы таңдалады. Іріктеу шарттары тамыздың басында жарияланады.
- Қатысуға жыл сайын өтініш жібереміз. Қатысуға шілденің 25-і күні шақырту алдық. Биылғы конкурсқа қатысып, жақсы орын алсақ деп үміттенеміз. Қазақстанда бұл байқауға қатысуға лайықты балалар жеткілікті. Ал ересектер арасындағы Eurovision байқауына қатысу туралы айту әлі ерте, - дейді телеарна өкілі.
Қазақстандық сарапшы, өнертану магистрі Нұрлан Қамбаров балалар арасындағы Eurovision байқауына қатысу негізгі Eurovision конкурсына жол ашады деп санайды.
- Балалар арасындағы байқауға көп ел қатыспайды. Биыл Минскте өтетін байқауға 19 ел қатысады. Бұл – балалар арасындағы Eurovision үшін рекорд. Қазақстанның балалар арасындағы конкурсқа қатысуы арқылы негізгі ересектер арасындағы Eurovision байқауына шақырту алуға мүмкіндігі бар. Eurovision байқауының аудиториясы көп. Сондықтан оған қатысу – елге жарнама, - дейді ол.
Еуропалық хабар тарату одағының серіктес мүшесі Австралия 2015 жылы балалар арасындағы Eurovision конкурсына және негізгі ересектер арасындағы Eurovision байқауына шақырту алып, бірнеше жылдан бері қатысып келеді.
«ҚАТЫСУ ӨТЕ ҚЫМБАТ»
Қазақстан ересектер арасындағы негізгі Eurovision конкурсына қатысуға да бірнеше рет ұмтылып көрген. Бірақ Еуропалық хабар тарату одағы (EBU) әзірге Қазақстанды ересектер арасындағы негізгі Eurovision байқауына шақырған жоқ.
Музыка сыншысы, Қазақстан телеарналарында Eurovision байқауларында комментатор болған Роман Райфельдтің пайымдауынша, EBU ұйымдастыратын байқауларына қатысу тым қымбатқа түседі.
Трансляция үшін де, қатысу үшін де қомақты қаржы төлеу керек.
- Негізгі Eurovision байқауы – коммерциялық жоба. Трансляция үшін де, қатысу үшін де қомақты қаржы төлеу керек. Мұндай шартпен ақша таппаса, бұл байқауы тоқтап қалатын еді. Дәл қазір Қазақстанның Eurovision байқауларына қатысып, ақша шашуы қисынға келмейді. Ал бюджеттен қаржы шығармай, өз қалтасынан ақша төлеймін дейтін демеушілер елден табыла қоймас, - дейді музыкалық журналист.
Халықаралық басылымдардың жазуынша, негізгі Eurovision байқауына қатысу үшін шамамен 300-500 мың еуро көлемінде қаржы қажет. Бұл ақшаның жартысы Еуропалық хабар тарату одағына беріледі. Жартысы делегацияның қонақ үйі, сахна безендіру, қатысушыны бояндыруға жұмсалады.
Продюсер, шоу-бизнес саласындағы журналист Асхат Садырбай Eurovision сынды қымбат конкурс Қазақстанда аса танымал емес деп санайды.
- Қазақстанда балалар арасындағы Eurovision мен ересектер арасындағы Eurovision конкурсына деген қызығушылық төмен. Осыдан бес-алты жыл бұрын қазақстандық тыңдармандар бұл конкурстарды ынтамен, қызығушылықпен көретін. Қай елден қай әнші қатысатынын жіті бақылайтын. Соңғы жылдары қызығушылық төмендеген. Басқа халықаралық байқауларға көңіл бөле бастады. Мысалы, Димаш Құдайберген қатысқан I am a singer байқауы Қазақстанда танымал бола бастады, - дейді продюсер.
Еуропалық хабар тарату одағының Азаттыққа берген жауабында: «Eurovision байқауына тек EBU мүшелері ғана қатысады. Ал бақылаушы топ серіктес мүшелердің өтінішін қарап, «қонақ» ретінде шақыра алады. Бұған дейін Австралия «қонақ» ретінде шақырылған. Осы ережемен басқа да серіктес мүшелерді байқауға шақыру жоспарда бар» деп жазды.
Қарашаның 25-і күні Минскіде өтетін балалар арасындағы Eurovision байқауына былтырғы жеңімпаз Ресей, үш рет жеңіске жеткен Грузия, екі рет жеңген Мальта және Әзербайжан, Франция сынды елдер қатысады.
Ал ересектер арасындағы кезекті Eurovision 2019 жылы Израильде өтеді. Биыл Португалияда өткен байқауда израильдік Нетта Барзилай жеңіске жеткен.
ПІКІРЛЕР