Accessibility links

"Бесобаға" ақша салғанымен үйсіз қалды


"Бесоба" кешені орнындағы салынып жатқан және құрылысы біткен көп қабатты үйлер. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.
"Бесоба" кешені орнындағы салынып жатқан және құрылысы біткен көп қабатты үйлер. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.

Қарағандыдағы "Бесоба" тұрғын үй кешеніндегі көп қабатты үйдің біреуі жеті жыл бұрын құлаған соң билік қалғанын да бұзып тастады. Құрылысқа жартылай ақша салған үлескерлер пәтерсіз қалды. Билік оларға басқа тұрғын үй қарастырылмағанын айтады, үлескерлер онымен келіспейді.

МАЙҚҰДЫҚТАН КӨШІП КЕТІП, ҚАЙТА ОРАЛУ

Наталья Дранова 12 жыл бұрын Қарағандының шетіндегі Майқұдықтағы бір бөлмелі пәтерін сатып, жаңадан салынып жатқан "Бесоба" кешенінен үш бөлмелі пәтер алуға ақша салды. Баспанасын жаңартып, қала орталығына жақындау үшін Наталья банктен несие алып, үй салушыларға жиған-тергенін апарып берді. Ақшаны талап етілген уақытта өткізіп, пәтерін күтті. Бірақ армандаған үйіне әлі күнге қол жеткізе алмады.

Басында үй салып жатқандар қашып кетіп, құрылыс тоқтап қалды. Кейін төтенше жағдай болды. Үш жыл тұрған "Бесобаның" көп қабатты үйлерінің бірі құлады (бір жақсысы, тұрғындар аман, үй құлар алдында оларды көшіріп үлгерді).

"Бесоба" тұрғын үй кешені үлескері Наталья Дранова. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.
"Бесоба" тұрғын үй кешені үлескері Наталья Дранова. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.

Билік кешеннің барлық үйлерін сүріп, жаңасын салып, тұрғындарды сонда көшіруді ұйғарды. Бірақ пәтер құнының 80-90 пайызын төлеп үлгерген Наталья Дранова сияқты оншақты үлескер (шарт бойынша соңғы жарнаны үйді пайдалануға берген соң құю керек) бәрінен құр қалды. Билік оларды "Бесобаның" орнына салынып жатқан "Шапағат" тұрғын үй кешеніне үміткерлер тізімінен алып тастапты.

- Үй құлаған соң тұтас тұрғын үй кешенін бұзған билік бізден "үйлеріңді бұзуға бола ма?" деп сұрамады. Мемлекет бізді жапа шегуші деп таныды, ресми қорытындысы бар. Содан бері қаншама әкім ауысты. 2017 жылдан бері бізге ақысын толық төлемедіңдер деп келеді. Біз қалған соманы құюға дайынбыз деп әкімдікке жаздық. Республикалық немесе қалалық бюджетке салуға әзірміз. Құрылысты аяқтауға сол сома көмектесер еді. Әкімдік сол мәселені неге шешпейді? - дейді Наталья Дранова.

Наталья сегіз жылдан астам уақыт пәтер жалдап тұрды. Былтыр туыстарымен бірге қайтадан Майқұдықтан пәтер сатып алды. Бір бөлмелі пәтерде жеті адам: Наталья, қызы мен күйеу баласы және жиендері бірге тұрады.

ТІЗІМНЕН ШЫҒАРЫЛҒАНДАР

Азаттық тілшісі "толымсыз үлескер" саналатын, яғни "Бесобадағы" пәтер құнын толық құймаған бастамашыл топтың біразымен кездесті. Олардың айтуынша, үйді пайдалануға бермегендіктен қалған соманы төлемеген, ал үй құлаған соң қайда салу керектігін білмеген.

Үлескерлер заңды бұзбағандарын айтады. Олар енді "Бесобаның" орнына үй салып жатқан ұйыммен шартқа отырып, қалған қаржыны құюға әзір.

"Бесоба" тұрғын үй кешені үлескерлері бастамашыл тобының мүшелері. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.
"Бесоба" тұрғын үй кешені үлескерлері бастамашыл тобының мүшелері. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.

- Сондай арсыз құрылысшыға рұқсат берген әкімдік кінәлі. Шенеуніктер пәтерді барлықтарыңа береміз деген болатын. 2017 жылдан бастап әкімдіктің ұстанымы өзгере қалды, аяқ астынан бір қаулы шықты. Енді билік "сотқа барыңдар" дейді. Бірақ соттан ештеңе өзгермейді. Мәжіліске хабарласқанымда әкімдіктің бас тарту себебін құжатпен негіздеу керек деді. Бірақ әкімдік бізге еш құжат бермеді, - деді Азаттық тілшісіне бастамашыл топ мүшесі Дина Құсайынова.

Осыған дейін ері мен әкесі дүние салыпты, қазір Дина баласына жалғыз қарап отыр.

Адамдар биліктің әуелгі сөзінен айнып, "ақшасын толық төлемедіңдер" дегенді желеу еткенімен келіспейді. Үлескерлердің айтуынша, олар түрлі деңгейдегі билік өкілдеріне бірнеше рет хабарласқан.

– Комиссия келіп, бізді шақырып, үйді көрсетті, құрылыс аяқталады деп уәде берді. Біз үміттеніп жүрдік. Пәтерімізді алғымыз келеді. Сүрілген үйдің орнына үй салу үшін қомақты қаржы бөлінді, енді бізді қажетсіз элемент тізіміне қосып қойыпты. Билік бізді естісе деймін, - деді Азаттыққа үлескер Валентина Пастущак.

Ол 300 мың теңгеге жуық соңғы жарнасын салуға үлгермей қалыпты.

Бір айдан астам уақыт бұрын "толымсыз" үлескерлер Қарағанды әкімі Нұрлан Әубәкіровке қайтадан хабарласты. Олар "өтінімді әзірлеу кезінде қалған үлескерлерге пәтер беру мәселесі неліктен есепке алынбады?" деген сұраққа жауап іздейді.

Үлескерлер айыптыларға талап қою құқығын әкімдікке қайта беруді талап етеді, әкімдік пайдасына айыптылардан соманы өндіріп алу талабы ішінде 100 пайыз толық төлегендермен қатар "толымсыз" үлескерлердің де талабы бар дейді. Билікке жасаған үндеулерінде олар "әлеуметтік шиеленіске жол бермеу үшін жағдайды сындарлы шешуге" шақырады. Әзірге еш жауап жоқ.

Үлескерлер бұған дейін билік өздерін осы үйге орналастыруға уәде еткенін айтады. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.
Үлескерлер бұған дейін билік өздерін осы үйге орналастыруға уәде еткенін айтады. Қарағанды, 17 наурыз 2019 жыл.

БИЛІК: "ТОЛЫМСЫЗ" ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ ЕШТЕҢЕ ЖОҚ

Қарағанды тұрғын үй қатынастары бөлімі үлескерлерге берген жауабында "Шапағат" тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер 100 пайыз төлем жасаған азаматтарға пайдалануға берген соң үлестіріледі" деген.

Төтенше жағдай кесірінен пәтерсіз қалған "толымсыз" үлескерлерге пәтер беру мәселесін қарастыру мүмкін емес. "Қарағанды тұрғын үй қатынастары бөлімі" мемлекеттік мекемесі басшысы Мұрат Қамалиевтің қолы қойылған хатта "Бесоба" тұрғын үй кешенінен жапа шеккен азаматтарға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы бөлуде үлестік құрылысқа 100% жарна салған азаматтарға пәтер беру мәселесі есепке алынды" делінген.

Жеті жыл бұрын сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешені орнына әлі күнге салынып жатқан "Шапағат" кешені.
Жеті жыл бұрын сүрілген "Бесоба" тұрғын үй кешені орнына әлі күнге салынып жатқан "Шапағат" кешені.

Жалпы есеппен жүзден астам адам әлі күнге дейін "Шапағат" кешенінен пәтер алу кезегінде тұр. Олардың 51-і меншік құқығына сай сол жерде бұрын тұрғандар. Тағы 65 адам – пәтердің 100 пайыз құнын төлеп үлгерген үлескерлер. "Толымсыз" үлескерлер туралы ештеңе айтылмайды.

- Бұрын әзірленген құжаттарға сәйкес 100 пайыз жарна салған үлескерлерге ғана қаржы бөлінді. Ескі "Бесобаның" орнына "Шапағат" ықшам ауданы салынып жатыр, басқа тұрғын жай қарастырылмады, - деді Азаттық тілшісіне "Қарағанды тұрғын үй қатынастары бөлімі" мекемесінің басшысы Мұрат Қамалиев.

Уақыты аз екенін желеу еткен Қамалиев басқа мәселелер бойынша қармағындағы қызметкерге жіберді, ол "толымсыз" үлескерлер саны 27 адам екенін айтты.

– Олардың неліктен тізімге кірмей қалғанын білмеймін. 100 пайыз төлем жасаған үлескерлермен жұмыс жасап жатырмыз, шарт жасаймыз, одан соң пәтерлерді үлестіреміз. Олар бізге құқығын береді, біз жауапкерден өндіріп аламыз. Толық төлем жасамағандар бас тартып, сот тәртібіне сай бізге міндеттесе болады. Егер сот әкімдікті басқа тұрғын үй беруге міндеттесе, шешімді орындаймыз. Егер олар біздің жауапқа келіспесе, шағымданулары керек, - деді тұрғын үй секторы меңгерушісі Әсет Алдабергенов.

Бұған дейін, ақпан айында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов үлескерлердің бастамашыл тобы мүшесінің сұрағына берген жауабында толық ақысын төлегендер туралы ғана айтты, жартылай төлем жасағандар мәселесін қозғамады.

- Ренішті екендеріңізді білеміз. "Шапағат" салынып жатқаны жеті жыл болды. Алғашқы блок-секцияны желтоқсанда өткіздік. Онда 32 пәтер бар. Енді үш блок-секция қалды, биылғы жылдың екінші тоқсанында беріледі. Қазіргі таңда қаржы бөлуге қатысты мәселе жоқ, - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Қирап қалған "Бесоба" тұрғын үй кешені. Қарағанды, 6 сәуір 2012 жыл.
Қирап қалған "Бесоба" тұрғын үй кешені. Қарағанды, 6 сәуір 2012 жыл.

2012 жылы "Бесоба" тұрғын үй кешенінің көп қабатты үйі құлап қалды. Оған топырақтың жұмсарып, іргетастың шайқалуы себеп болған деседі. Билік басқа үйлер де құлауы мүмкін деп салынып бітпеген үйлерді де сүріп тастады.

Үйлерді қиратуды бастағанда өз үйлері берік тұр деп санаған бірқатар тұрғындар кеткісі келмеді. Бірақ бәрін көшіріп, үйлерді бұзды. Құрылысшылардың сапасыз жұмысы кесірінен жүздеген миллион теңге шығын келді. Шенеуніктер оны дұрыс бақыламаған, әкімдік бұл соманы сот арқылы өндіруді бастады.

"Бесобаны" қабылдап алған бұрынғы төрт шенеунік немқұрайлы қарағаны үшін айыпты деп танылды, кейін оларға рақымшылық жасалды. Үйіндіден тазартылған алаңға жаңа "Шапағат" тұрғын үй кешені салынып жатыр, оның құрылысы әлі біткен жоқ. Кейбір үйлерге адамдар қоныстанған, бірақ аумағы толық жасалып бітпеген, біразы бос тұр.

Ал ақшасын толық төлемеген үлескерлер өздерін 2012 жылғы үкіметтік төтенше комиссияның шешімімен және сот шешімімен жапа шегуші деп танып, үміткерлер тізіміне ендіруді сұрайды. Сондай-ақ олар билік айыптыларға талап қою құқығын әкімдікке қайта беретін шарт аясында борышты өтеу тетігін ұсынса дейді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG