Accessibility links

"Бізге назар бұрыңыз". Ескі Жәйрем халқының Тоқаевқа хаты


Ескі Жәйрем кентіндегі үйлер. Қарағанды облысы, 27 желтоқсан 2019 жыл.
Ескі Жәйрем кентіндегі үйлер. Қарағанды облысы, 27 желтоқсан 2019 жыл.

Полиметалл кен орнына жақын орналасқан Ескі Жәйрем кентінің халқы өздерін өндіріс аумағынан алыс жерге көшіру мәселесін қайта көтерді. Кен орнын игеруші компания кентте экологиялық ахуал тұрақты деп санайды және алдағы уақытта өндіріс қуатын арттыруды көздеп отыр. Тұрғындар мәселені шешуді сұрап, Ақордаға хат жазды.

"БҰДАН ӘРІ ШЫДАУ МҮМКІН БОЛМАДЫ"

Бибіжан Байсейітованың отбасы екі жылдан бері Ескі Жәйрем кентіндегі үлкен үйін сатып, бұл өңірден біржола қоныс аударуға тырысып келеді. Кен өндірілетін орынға жақын аумақта тұруды қауіпті көретін Байсейітовтер отбасы бұл елдімекенде қалғысы келмейді. Бірақ үйді сатып алуға ниетті адам табылмай отыр.

- Тұрғындар жарылыс жұмыстарынан кейін діріл байқайды: ол кейде әлсіз әрі елеусіз өтсе, кейде есік сықырлап, терезе мен жиһаз қозғалады. Жарылыс болғанын біз анық сездік, есіктер дірілдеді. Басқа өңірге көшкіміз келеді. Бірақ үй сатып алатын ақша жинауға шамамыз жоқ. Үйімізді сатуға тырысып жатырмыз. Алайда адамдар қай жерде тұратынымызды білген бойда бірден бас тартады, өйткені мұнда кен орны барын бәрі біледі. Екі не үш миллион теңгеге де ешкім бұл жерден үй алғысы келмейді, - дейді Азаттық тілшісімен сөйлескен Бибіжан Байсейітова.

Ескі Жәйрем кентінде тұратын Бибіжан Байсейітова. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.
Ескі Жәйрем кентінде тұратын Бибіжан Байсейітова. Қарағанды облысы, 20 мамыр 2019 жыл.

Ескі Жәйремнен көшкісі келетіндер көп, бірақ бұған бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Кей тұрғындар есік, терезесін бекітіп, үйін қалдырып кетеді. Кентте ондаған жыл бойы тұрған бір отбасы осылай үйін тастап, басқа елдімекенге көшкен. Жаңа жерде несиеге үй сатып алған.

- БелАЗ көлігінің дауысына, жарылыс, шаң, карьер мен үйінділерге бұдан әрі шыдау мүмкін болмады. Онда өмір сүру мүмкін емес. Адамдар көшкісі келеді, бірақ бәрінің бірдей, әсіресе қарттардың мүмкіндігі жоқ. Бәрін тастап, кетіп қалу оңай емес: халықтың жылдар бойы жинаған дүние-мүлкінің бәрі осында. Көшеміз деп қарызға белшемізден баттық. Сонда қалуға мәжбүр адамдарды аяймын, - дейді аты-жөнін атамауды өтінген кент тұрғыны.

Биыл кентте жаңа кен байыту фабрикасы ашылады деген жаңалық тұрғындардың қорқынышы мен қаупін күшейткен. Халық комбинат жұмысына қарсы емес. Тұрғындар жаңа жоба жұмыс орындары пайда болып, өңір экономикасының дамуына үлес қосатынын жақсы түсінеді. Бірақ биліктен бір ғана мәселені шешуді – Ескі Жәйрем тұрғындарын кен өндіру аумағынан алысқа көшіруді сұрайды.

Басқа елдімекенге көшкен тұрғындардың есік-терезесін бекітіп кеткен үйі. Ескі Жәйрем кенті, Қарағанды облысы, 2019 жылдың мамыр айы.
Басқа елдімекенге көшкен тұрғындардың есік-терезесін бекітіп кеткен үйі. Ескі Жәйрем кенті, Қарағанды облысы, 2019 жылдың мамыр айы.

Ескі Жәйрем тұрғындары билікке кезекті рет хат жазды. Бұл жолы хатты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдады. Тұрғындар бірінші тапсырыс хат жіберген, бірақ екі ай өтсе де, жауап алмаған. Өткен жылдың соңында тұрғындар қайта хат жолдаған.

Ескі Жәйрем тұрғындары президентке хатында "Қандай ауыр металдармен тыныс алуға мәжбүр болып отырғанымызды елестетіп көріңізші! Кентке жақын жерде бірнеше жылдан бері бұрғылау және жарылыс жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның салдарынан бәрі бүлінді. Көшеде ұзақ жүру мүмкін емес. Жарылыс кездері қорқып кетеміз. Халық арасында әртүрлі, әсіресе, аллергиялық дерт көп. Қатты жарылыстардан терезе мен үй қабырғасында жарықтар пайда болды. Тұрғын үйлерден бір шақырым жерде тағы бір қорғасын байыту фабрикасы салынып жатыр. Мырыш адам ағзасынан кетпейді, бұл өте қауіпті! Қазір осыған дейін жабылған "Үшқатын" карьерін (темір марганец кен орны) сату мәселесі қарастырылып жатыр. Ол кен орны да іске қосылса, бізге бұрынғыдан да көп зиян келеді" деп жазған.

Хатқа қол қойған 200-ден астам отбасы бұрын жергілікті билік пен Жәйрем тау-кен байыту комбинаты басшылығына шағынып, өздерін кен өндіру аумағынан алыс жерге көшіруді немесе басқа өңірден үй сатып алуға ақша жинауға мүмкіндік беретін өндіріс зардабы үшін өтемақы төлеуді сұраған.

Тұрғындар "халық үніне құлақ асатын мемлекет" құру бастамасын көтерген президентке жазған хатында:

"Бұл жағдайдан шығатын жол барына сенеміз. Ол үшін мәселеге жоғарыда отырған билік өкілдері араласуы керек. Құрметті президент мырза, біздің мәселемізге назар аударыңыз. Сізден халыққа көмек көрсетуді, Ескі Жәйрем тұрғындарын қауіпті қазба орнынан басқа аумаққа көшіру үшін қажет шаралар қабылдауды сұраймыз. Бізді мұндай экологиялық залал аумағында қалдырмаңыз" делінген.

"ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ"

Азаттық тілшісі Жәйрем тау-кен комбинатына иелік ететін "Қазмырыш" компаниясынан пікір сұрады. Компания дерегінше, "Жәйрем полиметалы. Жұмыс істеп тұрған өндірісті модернизациялау" жобасының аясында, Западный және Дальнезападный учаскелерінде кен өндіру есебінен Жәйрем тау-кен комбинатының қуатын арттыру және жаңа кен байыту комбинатын іске қосу қарастырылған. Азаттық тілшісінің "Ықтимал қауіп есепке алынды ма?" деген сұрағына компания өкілдері "ешқандай кері әсер жоқ" деп жауап берді.

Ескі Жәйрем кенті маңындағы қазылған кен орны. Қарағанды облысы. 20 мамыр 2019 жыл.
Ескі Жәйрем кенті маңындағы қазылған кен орны. Қарағанды облысы. 20 мамыр 2019 жыл.

"Жоба заң талаптарына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтіп, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарының рұқсатын алды. Сараптама қорытындылары кен өндіру кезінде зиянды заттар бөліну және кент тұрғындарының денсаулығына кері әсер ету ықтималдығы жоғын көрсетті. Одан бөлек, Жәйрем тау-кен комбинаты әр тоқсан сайын қоршаған ортаның жағдайына өндірістік мониторинг жүргізеді. Экологиялық ахуал тұрақты, көрсеткіштер белгіленген мөлшерден аспаған" деді "Қазмырыш" компаниясының өкілі.

Компания дерегінше, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өндірістік қауіпсіздік комитеті Ескі Жәйрем тұрғындарының сұрауымен комбинатта жоспардан тыс тексеру ұйымдастырған.

"Комиссия тексеруі кезінде заңбұзушылық анықталған жоқ. Жарылыс жұмыстары эпицентрінен тұрғын үйлерге дейінгі қашықтық 1000 метрден асады. Бұл санитарлық-қорғау аумақтарына қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Одан бөлек, Жәйрем әкімдігімен қосымша мониторинг жүргізу келісілген. Жарылыс жұмыстарын жүргізу аумағындағы сейсмикалық толқуларды бақылауға арналған орындар бекітілді. Мұндай бақылау жылжымалы аспаптардың (датчиктер) көмегімен жүргізілді. Қосымша мониторинг кезінде де ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ" дейді "Қазмырыш" компаниясының қоғаммен байланыс басқармасының бастығы Евгений Фоминых.

Азаттық тілшісінің "Халықты басқа аумаққа көшіру немесе оларға өндіріс зардабы үшін өтемақы төлеу (мұндай шараны кент тұрғындары сұрап отыр) мүмкіндігі қарастырылып жатыр ма?" деген сұрағын жауапсыз қалдырған компания өкілдері мұны "басшылық жауаптың тек осы үлгісіне ғана келісім берді" деп түсіндірді.

ЭКОЛОГ: "МӘСЕЛЕДЕ МӘН БЕРЕТІН ТҰСТАР КӨП"

Жазда Ескі Жәйремге келген, тұрғындардың кен орны мен жарылыс жұмыстарына байланысты шағымынан кейін құрылған, бірнеше облыстық департамент шенеуніктері мен Жәйрем тау-кен байыту комбинаты өкілдерінен тұратын комиссия "кен орнының халық денсаулығына кері әсері жоқ" деген қорытындыға келген. Қарағанды облыстық тауарлар мен қызметтер сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің дерегінше, жарылыс жұмыстары кезінде Ескі Жәйрем кентінде тұрғын үй аумағындағы екі жерден ауа сынамасы алынып, құрамындағы күкірт диоксиі мен азот, шаң, көмірқышқыл оксидінің мөлшері тексерілген. Комиссия қорытындысына сәйкес, қоршаған ортаны ластайтын заттардың белгіленген мөлшерден артық көлемі тіркелмеген.

Тұрғындар тексеру қорытындысына күмәнмен қарайды. Олар тексеріс жүргізілген күндері жел кентке қарай соқпағанын, жарылыс қуаты аз болғанын айтады.

Тәуелсіз эколог, "Қарағанды экомузейі" қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков мәселеде мән беретін тұстар көп деп есептейді.

- Халық жарылыс жұмыстары жүргізілетін карьерге шағынып отыр. Ол Ескі Жәйремнің солтүстік-батысында орналасқан. Ал сынама оңтүстік-шығыс жағынан, яғни басқа тараптан жел соққан кезде алынған. Карьер бір жағында қалған, ал жел 90 градустық бағыттан соққан. Мұндай жел кезінде карьердің ластануын анықтау мүмкін емес. Желдің жарылыс орнынан кентке қарай соғатын кезін күтіп, тексеруді сол кезде жүргізу керек, - дейді Дмитрий Калмыков.

"Қарағанды экомузейі" қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков. Теміртау қаласы, Қарағанды облысы, 31 қазан 2019 жыл.
"Қарағанды экомузейі" қоғамдық бірлестігінің директоры Дмитрий Калмыков. Теміртау қаласы, Қарағанды облысы, 31 қазан 2019 жыл.

Эколог Ескі Жәйремде қоршаған ортаның ластануын шаң бөлшектері арқылы тіркеп, тәулік бойы онлайн-мониторинг жүргізетін құрылғы орнату керек деп есептейді. Оның сөзінше, мұндай құрылғылар Қарағанды, Жезқазған, Теміртау мен Балқашта бар. Калмыков Ескі Жәйремге де осындай құрылғы орнатылса, обьективті деректер алып, тексеру жүргізуге қол жеткізуге болады деп сенеді.

- Бір жағынан, үйлердің жұмыс істеп тұрған, жарылыстар мен үйінділер ошағы саналатын карьерге жақын орналасқаны жаман. Үйлердің артында үйінділер жатқаны көрініп тұр, осыдан шаң-тозаң болады. Бірақ заң тұрғысынан алғанда, кәсіпорын айналасында санитарлық-қорғау аумағы белгіленеді. Ол жерде ешкім тұрмауы керек. Аталған аумақты әртүрлі белгілеуге болады: шекараны есептеу кәсіпорынның өндірістік алаңынан немесе ластанудың негізгі көзі – жарылыс орнынан жүргізілуі мүмкін. Жер серігінен түсірілген суретте тұрғын үйлерден карьер мен үйінділерге дейінгі санитарлық қорғау аумағы деп көрсетілген қашықтық бір шақырымнан да аз екені көрініп тұр. Арасы шамамен 800 метр. Жер серігінен түсірілген суретке қарасаңыз, карьердің белсенді қазылып жатқан бөлігінен осы жерге дейін мың метрден көп. Сондықтан есептеуді ластану көзінен, әлде кәсіпорын шекарасынан бастап жүргізгені белгісіз, - дейді ол.

ОБЛЫС ӘКІМДІГІ: ХАЛЫҚ КӨШІРІЛМЕЙДІ

Азаттық тілшісі Қарағанды облысы әкімдігінен Ескі Жәйрем тұрғындарының басқа аумаққа көшіру туралы талабына қалай қарайтынын сұрады. Бұрын бұл жағдай жайлы тек кент әкімдігі ғана жауап берген. Жергілікті билік халықты көшіруге негіз жоғын, жазда жұмыс істеген комиссия экологиялық және санитарлық нормалар бұзылмаған деген қорытындыға келгенін айтқан. Облыс әкімдігі де бұл мәселе жайлы жауабын қысқа қайырды:

- Осыған дейін халыққа жағдайды түсіндірген. Белгіленген норма бойынша, жарылыстың тұрғындар өміріне кері әсері жоқ. Кент тұрғындарының өміріне қауіп болмағандықтан, халық көшірілмейді, - деді Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ескі Жәйрем кентіндегі мал. Қарағанды облысы, 27 желтоқсан 2019 жыл.
Ескі Жәйрем кентіндегі мал. Қарағанды облысы, 27 желтоқсан 2019 жыл.

Бірақ мұндай жауапқа тұрғындардың көңілі толмайды. Олар шағым жазуды жалғастырып, биліктің бұл мәселеге назар аудармай отырғанын айтады.

Кент билігінің дерегінше, Жәйремнің болашағы зор – жер қойнауындағы пайдалы қазбалар ондаған жылға жетеді. Ал өздерін басқа аумаққа көшіруді талап етіп отырған жергілікті тұрғындарды кен игеру көлемін ұлғайту және өндіріс қуатын арттыру жоспары алаңдатып отыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG