"БАРЫНША ҮНЕМДЕЙМІЗ"
Шахан кентінің 82 жастағы тұрғыны Галина Осипованың пәтерін орталық қазандыққа қосуды армандап келе жатқанына 20 жыл болды. Суық түскенде зейнеткер жан сақтау үшін төртінші қабатқа даладан көмір тасып, пәтерінде от жағып, күлін қайта көшеге шығарып күнелткен. Қарт әйел үшін бұл ауыр жұмыс, шығынды да көп қажет етеді. Биылғы жылу маусымында Галина Осипова бес тонна көмірге 54 мың, ағашқа – 11 мың теңге жұмсаған. Тұрғын баспанасын жылыту үшін тәулігіне 40-45 килограмм көмір жағатынын айтады.
Биыл жүріп-тұруы қиындаған қарт әйел далаға шығудан қалған. Қазір үй шаруасы қолында тұрып жатқан ұлының мойнында. Галина Осипованың сөзінше, ол қазандықтан (қазандық сызбасы бекітіліп, құрылысқа ақша бөлінген) пәтеріне жылу құбырын тартуға қажетті ақшаны жинап үлгермеген. Өйткені қазір ол тұратын үйдің тұрғындары өз ақшасына шатырды күрделі жөндеуден өткізгелі жатыр. Қарт әйел орталық жылу жүйесіне қосылу шығынын тұрғындардың өздері көтеріп алуы керек дегенді естігенін айтады.
- Бізге "ақша жинаңдар" деді. Менің есебім бойынша, бұл жұмысқа шамамен 150 мың теңге жұмсалады. Бұрын қазандықта жұмыс істегендіктен оның жұмысы мен шығындарын жақсы білемін. Жеңілдік жайлы ештеңе айтқан жоқ. Зейнеткерлерге жеңілдік жасалса, зор көмек болар еді. Барынша үнемдеуге тура келсе де, орталық жылу жүйесіне қосылғым келеді, - дейді Галина Осипова.
Шахан кенті қоғамдық кеңесіне мүше тұрғындар үйлері орталық қазандыққа қосылса жылу жүйесі қауіпсіз болады және ыстық су мәселесі де шешілер еді дейді.
- Біздің үйдегілермен әлі жиналыс өткізген жоқ, сондықтан орталық жылу жүйесіне қосылуға қаншадан жинау керегін білмейміз. Бірақ көпшіліктен қалмаймыз, - дейді Жаңагүл есімді тұрғын.
- Жалақысы аз отбасылар мен мардымсыз зейнетақы алатын қарттар бар. Оларға ақша жинау қиынға соғады. Қаншама пәтер бос тұр! Бірақ ас-cусыз отырсам да, жылусыз қалмауға тырысамын. Соңғы тиынымды беруге әзірмін. Өйткені көмір мен күл толы шелек тасудан қажыдым. Біздің үйге жылу жүргізу басқалармен салыстырғанда қымбаттау болуы мүмкін. Үйіміз ленинградтық жобамен салынған, ғимарат Г әрпіне ұқсайды. Жертөледегі құбырдың сау қалғаны жоқ, бәрі тозып, шіріген. Бүкіл жүйені басынан істейтін мамандар жалдауға тура келеді. Көршілеріміздің пәтерінде су айналатын құбыр да жоқ: бұрын қажет емес деп алып тастаған, - дейді 69 жастағы Халима Мавлютова.
Шахан кентінде сегіз мыңға жуық адам тұрады. Олардың үш жарым мыңы экономикалық белсенді халық саналады. Зейнеткер саны көп. Бұрын кентте 30 мың адам тұрған, басым бөлігі шахтер еді. Олар Совет одағы тарағанға дейін жұмыс істеп тұрған шахталарда еңбек еткен. 1990-жылдары Шаханнан халық көше бастаған. Сөйтіп тұрғын саны бірнеше есеге қысқарған.
"АҚША ЖИНАҢДАР"
Шаханда орталық жылу жүйесін салу туралы уәдені кент тұрғындары 2012 жылдан бері естіп келеді. 2017 жылы бес қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде қазандық жарылып, тоғыз адам опат болған. Осыдан кейін халықтың орталық жылу жүйесін салу туралы талабы күшейген.
Кент әкімі Ғалым Өмірбековтің сөзінше, орталық жылу жүйесі құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен екі миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген. Әкімдік есебі бойынша, қазандық бүкіл кент тұрғындарының мәселесін шешіп, 117 көпқабатты және 800 жеке үйді қамтуы керек. Қазір 117 көппәтерлі үйдің 21-іне 14 автономды жүйеден жылу беріледі. Ал қалған үйлерде тұрғындар от жағады немесе электр қуатымен істейтін қазандық пайдаланады.
Шахан әкімі мұндай үйлерді орталық қазандыққа тұрғындар есебінен қосу жоспарланып отырғанын растады: бұл ақша үйлердің арасына, жертөлеге және үй ішіне құбыр жүргізу жұмыстарына жұмсалмақ.
- Қазір халықпен кездесіп, "дайындалсын, ақша жинасын" деп түсіндіріп жатырмыз. Тұрғындар бұл жаңалықты әртүрлі қабылдады: біреу дұрыс көреді, енді біреу жылу жүйесін мемлекет есебінен тарту керек деп санайды. Жастарға қарағанда, зейнеткерлер көбірек түсінеді. Тендер өтті, маусымда жұмысты бастау керек. Қазандық Шаханға кіреберістен 700 метр жерде болады деп белгіленді. Жанында су құбыры, сорғы станциясы мен Шахандағы қосымша станция бар. Ол жерден құбыр тарту оңай әрі арзан. Барлық жұмыс екі жылда аяқталуы керек. Әзірге қазандық құрылыс бөлімінің балансында болады. Ары қарай қалай болары кейін шешіледі, - дейді Шахан кентінің әкімі Ғалым Өмірбеков.
Әкімнің дерегінше, бесқабатты үйді орталық жылу жүйесіне қосу шамамен 1,3 миллион теңгеге түсуі мүмкін (шамамен 3420 доллар). Бұл сома әлі нақты емес, баға уақыт пен инфляцияға байланысты өзгеруі мүмкін. Пәтер көлемі неғұрлым үлкен болса, жылу жүргізу құны да соғұрлым қымбатқа түседі.
1997 жылы орталық қазандық жабылып, Шахандағы көпқабатты үй тұрғындары орталықтандырылған жылу жүйесінсіз қалған. 2017 жылы қаңтардың 1-і күні бесқабатты үйде сумен жылитын қазандық жарылып, адамдар мерт болған соң, басқа үйлердің жертөлесінде орналасқан қазандықтар алынып тасталған. Осы төтенше жағдайдан соң билік Совет одағы тарағаннан кейін орталық қазандықтан жылитын желісіз қалған тұрғын үйлердің жағдайына назар аударған. Қарағанды облысының билігі Шахан, Ақтау, Ағадыр кенттері мен Саран қаласындағы көпқабатты үйлерді орталық жылу жүйесіне қайта қосуды қолға алды.
Дәл сол 2017 жылы Қазақстан астанасында "Болашақтың энергиясы" тақырыбында EXPO көрмесі өтті. Онда баламалы энергия көздерінің мүмкіндіктері туралы көп айтылды.
Ranking.kz сарапшылары EXPO көрмесін өткізуге екі миллиард доллардан астам қаржы кеткенін есептеп шығарды. Халықаралық көрмеден кейін екі жыл өтсе де, ел астанасы бұрынғыша көмір жағып отыр. Жергілікті әкімдіктің айтуынша, Шахандағы жаңа қазандық та көмірмен жұмыс істейтін болады.
ПІКІРЛЕР